Жолбарыс хан

Жолбарыс Абдуллаұлы (1690–1740) – Ұлы жүз ханы. 1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін қазақ хандарының бір орталыққа бағындырғысы келген мақсаттары жүзеге аспай қалды. Қазақ хандығы ауыр дағдарысқа ұшырап, елдің бірлігі бұзылды, бытыраңқылық етек алып өзара егес шегіне жетті. Тәукенің орнына отырған баласы Болат ханның тек атағы ғана болды. Осы кезде жүздерді билеген кіші хандар өз алдына дербестеніп, қазақ хандығы саяси жақтан бөлшектенді. Орта жүзді Сәмеке хан, Ұлы жүзді Жолбарыс хан, Кіші жүзді Әбілхайыр хан биледі. 1730 жылы Тәуке ханның баласы Үлкен Орда иесі Болат хан қайтыс болып, таққа талас басталды. Болат ханның інісі, Орта Жүздің ханы Сәмеке (Шахмұхамед) тақтан негізгі үміткер болды. Сондай-ақ қалмақты қыруда үлкен ерлік танытқан және аса зор бедел жинаған Кіші жүз ханы Әбілхайыр да тақтан дәмеленді. Алайда аға хан болып Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбет сайланды. Әбілхайыр бұған наразы болып, майдан шебінен әскерін алып кетті. Хандықтың заңды мұрагері болуға лайық Сәмеке де Шу бойымен Бетпақдалаға қарай өз әскерімен шегінді. Бұл реніштердің салдарынан жоңғарларға қарсы майдан шебі әлсірей бастады. Ұлы жүз ханы Жолбарыс өзі билеген қазақ рулары мен Ташкент тұрғындары атынан Жоңғар хандығына тәуелділігін мойындап, жоңғар әскербасына алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болды. 1733 жылы Ұлы жүз ханының елшілері Аралбай мен Оразкелді Кіші жүздегі Ерәлі сұлтанмен бірге Ресейге барып, патшайым Анна Иоановнаға Ұлы жүздің Төле би, Қодар, Сатай, Хангелді, Бөлек сынды батырларының атынан жазылған хатын тапсырды. 1738 жылы Жолбарыс хан Ресей бодандығын қабылдау ниетін білдіріп, Ресей үкіметіне хат жазды. 1738 жылы қыркүйекте Анна Иоановна Жолбарыс ханның атына арнайы грамота жолдап, оның тілегінің қабылданғанын мәлімдеді. Бірақ жоңғар билеушілерінің қарсылығы және Ресей мен Ұлы жүз хандығы арасында саяси қарым-қатынастардың қалыптаспауы себепті Жолбарыс ханның саясаты жүзеге аспады. Жолбарыс Абдуллаұлы 1739 жылы Абылай ханмен тізе қоса отырып, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес ұйымдастырды. Соның нәтижесінде Ташкент, Сайрам қалалары жоңғар әскерлерінен азат етілді. 1740 жылы сәуірде Жолбарыс хан Ташкент тұрғындарының қолынан қаза тапты. Орыс тарихшысы А. Левшин өзінің қазақтар туралы тарихи еңбегінде Жолбарыс хан қайтыс болған соң Төле бидің Ташкентті алты жыл бойы үздіксіз билегенін айтады. Жолбарыс ханның барлық іс-әрекеті қазақ мемлекетінің құрылу, даму кезеңдерінде зор маңызға ие болды. Ол тарихқа XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы тәуелсіз билеушілердің бірі ретінде енді.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Жолбарыс хан