Республика Президенті жайында

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қарасай ауданының (Қаслелең), Шамалған ауылында дүниеге келген. Нұрсұлтан әкесі Әбіш пен анасы Әлжанның тұңғышы.

Мектеп табалдырығын аттағаннан соң барып Сұлтан бала (бала кезінде президентті ел осылай атаған) әке-шешесінің қамқоршысы болды. Басқа балалардай ол да асық ойнап, доп тепті. Мектепте озат оқыған Нұрсұлтан сыныптағы оқушылардың ақылшысы әрі ұйтқысы еді. Әкесінің қамқоры Нұрсұлтан ісіне тындырымды, асықпайтын орнықты, әрі сабырлы, жаңалыққа жаны құмар болатын. Бауырлары Сатыбалды, Әнипа, Болатқа үнемі жанашырлық жасап, көмектесіп жүреді екен. Жасынан пысық, ойлы, талапты жаралған Нұрсұлтан алдағы алар межесін, асатын асуын ерте іздеді. Ол алғашқыда ұшқыш, бірде геолог, енді бірде химик болғысы да келді. Кейінде бұл шешімінен бас тартып, 1958 жылы Днепродзержинск (Украина) техникалық ущилищесіне түсіп 1960 жылы май айында Нұрсұлтан Днепродзержинскіден Теміртауға екінші дәрежелі горновой қара металлургия өндірісінің білікті маманы деген атақпен оралады. 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинатына қарасты жоғары техникалық оқу орнын бітірді.

Еңбек жолын Теміртау қаласындағы «Қазметаллургқұрылыс» тресінің жұмысшысы болып бастаған. Кейін Қарағанды металлургия заводында (Қарметкомбинат) шойын құюшы, домна пешінің көрікшісі, диспетчер, газ айдаушы болды. 1969 – 1976 жылдары Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. «Коммунистік еңбек екпіндісі» деген атаққа да ие болды. Қазақстан комсомолының Х съезіне, БЛКЖО-ның XIX съезіне қатысты. Дүние жүзі жастарының Хельсинки қаласында өткен фестивалына да барды. 1973 – 77 ж. Қарағанды металлургия комбинатының партком жетекшісі, 1977 – 79 жылдары Қарағанды қалалық партия комитетінің хатшысы, 2-хатшысы, 1979 – 84 жылдары Қазақстан КП ОК хатшысы, 1984 – 89 жылдары Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1989–91 ж. Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы әрі Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы (1990 жылдың ақпан – сәуір) болды.

1990 жылы 25 наурызда КСРО-да президенттік басқару институты енгізуіне орай 12-сайланған республика Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы» Заң қабылдады 24 сәуір 1990 жылы және сол күні Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланды. Бірақ президент бағыт-бағдарын белгілеп алғаннан соң барып, 1990 жылы 25 қазанда егемендік туралы Деклорация қабылдады. Сонымен бірге Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы қызметін қоса атқарды.

Мемлекет басшысының алғашқы маңызды заң актілерінің бірі – 1991 жылдың 10 желтоқсанда қол қойылған «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының аталуын өзгерту туралы» заң. Бұл заң бойынша Қазақ КСР-і бұдан былай Қазақстан Республикасы деп аталатын болды.

1991 ж. 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңға қол қойып, 1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық сайлау өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланысымен 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңға қол қойып, жаңа тәуелсіз мемлекеттің егемендігін жариялады.

1995 ж. 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Н. Назарбаевтың президенттік өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Қазақстан Парламентінің шешімімен 1999 ж. 10 қаңтарда өткен сайлаудың нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды.

Мемлекет басшысының алдында елде нарықтық экономиканы қалыптастыру, демократия, саяси тұрақтылық, ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтуға бағытталған кең көлемді шараларды іске асыру міндеттері тұрды.

Назарбаевтың ішкі саясаты, ең алдымен, елдегі демократиялық институттарды дамытуға бағытталған. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құру құқығы, т. б. Азаматтық құндылықтары енгізіле бастады. Жергілікті Өкілетті органдардың өкілеттіліктерін кеңейту бағытында қомақты іс-шаралар жүзеге асырылды.

Назарбаев халық шаруашылық кешенінің құлдырауынан кейін үлкен дағдарысқа ұшыраған Қазақстан экономикасын түбегейлі реформалауға баса назар аударды.

1992 жылдың басында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы стратегиясын» әзірлеп, елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыт-бағдарын айқындады. Қажырлы еңбектің нәтижесінде өнеркәсіпті жандандыру, жекешелендіру, макроэкон. тұрақтану, қаржы-бюджет және салық жүйесін, жинақтаушы зейнетақы жүйесін құру, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылықты реформалау, т. б. іс-шаралар жүзеге асырылды.

Назарбаевтың жетекшілігімен «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» әзірленіп мемлекет дамуының басым бағаттары айқындалды. «Қазақстан – даму стратегиясының» іске асырылуының нәтижесінде 1999 жылдың аяғына таман Қазақстанда экономиканың тұрақты және шапшаң өсімі, өндіріс көлемінің ұлғаюы, қаржы ресурстарын жинақтау үрдісі белгіленді.

1997 ж. 20 қазанда Н. Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды (қ. Астана).

Назарбаевтың экономист және саясаткер ретінде жәке беделі елде қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуына, көптеген мемлекеттермен және халықаралық қаржы институттарымен қарқынды экономикалық ынтымақтасуға игі ықпал етті. Экономиканың қарқынды өсуі мемлекет басшысына ауылды дамыту, кедейшілікпен күрес, тұрғын үй құрылысын дамыту, т. б. шараларды көздейтін ірі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Осы реформалардың нәтижесінде Қазақстан экономикасына 30 млрд. АҚШ долл. көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Президенттің тапсырмасы бойынша Индустриалды-инновацияның даму стратегиясы әзірленіп, инвестициялық және инновациялық қорлар құрылды.

Елдің ішкі саясатында Назарбаев Қазақстан қоғамын демократияландыру мәселесіне мән береді. Қазақстанда демократиялық институттардың дамуы дәйекті жүргізілді, елде саяси плюрализм мен көп партиялық жүйе орнықты.

Назарбаев ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттілікті сақтап қалу ең басты мақсат деп санайды. Оның бастамасымен ұлттық қауіпсіздікті нағайту мақсатында лаңкестікпен, экстремизм мен сепаратизмнің өзге көріністерімен күрестің мемлекеттік бағдарламалары бекітіліп, ТМД мемлекеттерінің лаңкестікке қарсы орталығы құрылды (2000).

Назарбаев қазіргі заманғы әлемдік өзгерістерді және елдегі саяси-әлеуметтік реформаларды ескере отырып, Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасын жасап, оның стратегиялық, мақсат-міндеттерін, негізгі принциптері мен басты бағыттарын айқындады. Өзара байланыс ауқымын кеңейту мақсатында Назарбаев Кеден одағын нығайту, еркін сауда аймағын құру және ТМД органдарын жетілдіру жөнінде бірқатар жаңа бастамалар көтерді. Назарбаевтың 1994 ж. наурызда ұсынған Евразиялық одақ құру туралы идеясы ерекше маңызға ие болды. Оның ойынша, бұл одақ ТМД елдері ықпалдасуының болашақтағы нысаны ретінде Еуразия өркениетіне серпіліс береді.

Назарбаевтың түрлі мәдениеттері, діндер, өркениеттер арасында жүйелі сұхбат орнату бағытында жүргізіп отырған салиқалы саясаты ерекше мәнге ие.

Назарбаев ғылымның дамуына, білім беру жүйесін реформалауды іске асыруға қомықты үлес қосып келеді. Ол Қазақстан халықтары ассамблеясының жетекшісі (1995) және Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төреғасы (1992), сондай-ақ Орта Азия мен Қазақстан халықтарының достығы қорының құрметті төрағасы ретінде елде азаматтық келісім ахуалын орнықтырып, Еуразия кеңістігінде, күллі әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтауға, халықаралық, саяси, экон., мәдени ынтымақтастық аясын кеңейту үлесін қосып келеді.

1992 ж. Назарбаевқа «ТМД-дағы аса маңызды республикалалардың бірінде жаңа саяси, экон. және әлеуметтік жүйені дамытып, нығайтуға сіңірген қомақты үлесі үшін» «Капри сыйлығы» берілді.

1998 ж. Желтоқсанда Түркия Республикасының 75 жылдығына орай «Түркі әлемі халықтарының арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы, 1999 ж. 8 маусымда «Түркі әлеміне қызмет еткені үшін» сыйлығы, 1996 ж. 22 маусымда прогресті дамытуға сіңірген еңбегі үшін Кранс-Монтана халықаралық форумының арнаулы жүлдесі, т. б. табыс етілді. Сондай -ақ Қазақстан Республикасының Президенті Ресейдің жоғары мемлекетінің наградасы – Қасиетті апостол Андрей Первозванный (12.10.1998), Өзбекстанның «Буюк хизматлари учун» (Үздік табыстары үшін), Румын елінің аса мәртебелі наградасы — «Стяуа Ромынией» (Румыния жұлдызы), т. б. ордендермен марапатталды. 1999 ж. 26 қазанда Назарбаевқа «Алтын Атлант» сыйлығы мен халықаралық технология академиясының мүшелік допломы және Ниобий медалі берілді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан мемлекеттігінің қалыптасуы мен қарқынды дамуының және қоғамды жаңаша реформалаудың нақты стратегиялық, концептуалдық үлгісін ұсынып, оны жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсап, саналы ғұмырын арнап келе жатқан ұлы қайраткер.

Бодандықтан бостандыққа қадам басқан жаңа тұрпатты мемлекеттің күрделі кезеңінде Президент еліміздің ертеңі мен болашағы үшін ұлттық мемлекеттің мызғымас негізін қалап, ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың баянды болуы мақсатында тың жол – қазақстандық жолды қалыртастырды.

Елбасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің бай тәжірибесін таразылай отырып, тәуелсіздігін жаңа алған еліміздің жаһандық өркениет көшіне қосылуының бірден-бір дұрыс жолын нұсқап және жүзеге асыруды өз жауапкершілігіне алып, оны жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауларында егжей-тегжейлі баяндап келеді. Сонымен бірге Президент тәуелсіздіктің толыққанды шежіресін жазу міндетін де ұлт зиялыларының алдына талап етіп қойды.

«Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы» көптомдық жас мемлекеттің өміріндегі ұлы өзгерістерді, ұлтты қайта өрлетудегі Елбасының ұлан-ғайыр еңбегін, дүниежүзілік қауымдастықтың осыны қалай мойындап отырғанын дәлелдейтін құжаттарға, дерекнамаларға негізделген.

Кітаптың бірінші томы еліміздің тағдыры үшін және Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке басы үшін орасан зор маңызы болған тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстан Республикасының құрылуы мен орнығу тарихының алғашқы жылдарындағы мемлекеттік мүдде, ұлттық қауіпсіздік, аймақтық және әлемдік шынайы келбеті мен бағыт-бағдары сияқты өзекті мәселелерге арналған.

«Тәуелсіздік шежіресіне» Елбасы қол қойған мемлекеттік маңызы бар құжаттар – Жарлықтар, Заңдар, Өкімдер, Қаулылар енгізілген.

«Елбасы жолдады – елі қолдады» делінетін серияда Президенттің 1996–2008 жылдар аралығындағы Қазақстан халқына Жолдаулары толық қамтылған.

"Елмен сырласу” Елбасының Қазақстан Республикасы Парламенті отырыстарында, баспасөз конференцияларында, ел алдында сөйлеген сөздері, көгілдір экранда тікелей эфир арқылы еліміздің көркеюі жолындағы көкейкесті мәселелерді көтерген баяндамалары, сөздері, ел және шетел журналистеріне берген сұхбаттары жинақталған.