Сырымбетұлы Хангелді (1688-1763 ж.ж)

Сырымбетұлы Хангелді (1688-1763 ж.ж)

Сырымбетұлы Хангелді- жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен атақты батырлардың бірі. Шыққан тегі –Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Көнекөз кәриялардың, батырдың қазіргі ұрпақтарының айтуына қарағанда, оның аты Хангелді емес, Қангелді көрінеді. Бала анадан шыр етіп жерге түскенде, қан шеңгелдеп туғандықтан, оған халық дәстүрі бойынша «Қан-келді» деп ат қойыпты.

Хангелді заманында айтулы батыр болған. Ұлы жүздің ақылшы білікті адамдарымен аралас-құралас жүріп, ел басқарысқан, жау жүрек батырларымен үзеңгілес жүріп, қол бастаған.

Аягөз, Тесіктас жерінде жоңғарлармен болған шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түскен, атақты Аңырақай соғысына қатысқан.

Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте әкесімен тізе қосып, үлкен ұлы Тілеуке мен немересі Райымбек те жауға шапқан. Екеуі де есімін ел таныған батыр болған.

Хангелді батыр сол кездің жағдайына орай Ұлы жүз қазақтарының Роосияға қосылуына ел ағаларымен бірге елеулі үлес қосады. 1733 жылы Төле би, Сатай және Бөлек батырлармен бірге орыс мемлекетінің қол астына қарауға тілек білдіріп, орыстың патша әйелі Анна Ивановнаның (Иоанновнаның) атына хат жазды. Бұл алғашқы хатты Аралбай батыр мен Оразгелді батыр жеткізсе, бір жылдан кейін, яғни 1734 жылы тағы да патша атына жазылған екінші хатты Петерборға тікелей Хангелді мен Төле бидің немере нісі Айтбай екеуі апарады.

Ел аузында Абылай сұлтан жоңғарлар қолында тұтқын болғанда, оны босатуға Төле би бастап барған тоқсан адамның ішінде Хангелді де болған көрінеді. Ол қолбасшылығымен аты танылған кезде еларалық бітімгерлік жұмыстарға да барып, өзінің білікті мәмілегерлігімен де көзге түседі. Қытай деректерінде оның Жауғаш батырмен бірге қытайдың шекара әкімшілігіне барғаны айтылады.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Сырымбетұлы Хангелді (1688-1763 ж.ж)