Тілеуқабылұлы Өтебойдақ (1388-1478 ж.ж)

Тілеуқабылұлы Өтебойдақ (1388-1478 ж.ж)

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы "1388–1478) – қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік-саяси өміріне жүйрік тарихшысы. Райымбек ауданы, Шалкөде жайлауында ғұмыр кешкен. Адам ағзаларында кездесетін кейбір кеселдерді емдеу үшін төрт түлік малға тәжірибе жасап, шипа дарыту амалдарын тапқан. Соның нәтижесінде жазған «Шипагерлік баян» атты еңбегі 7 рет көшірілу арқылы бүгінгі күнге жетіпті деген дерек бар. Бірақ Өтейбойдақтың төл еңбегі екенін дәлелдейтін факсимиляциясы (авторлық қолтаңба нұсқасы) сақталмаған. Кітап тұңғыш рет 1994 жылы Үрімші қаласындағы (ҚХР) «Шыңжаң ғылым-техника» баспасынан жарық көрді. 1996 жылы оны жалын баспасы шығарды. 2002 жылы емшіге Шалкөдеде ескерткіш белгі орнатылған.

Өтейбойдақ өз тұсында Жәнібек хан, Жиренше шешен сияқты тарихи тұлғалармен бастас болып, ел қамы, халық тағдырына қатысты келелі істерге араласқан қоғам қайраткері. Автор «Шипагерлік баян» кітабын Жәнібек ханның тапсыруы бойынша 70 жасында жаза бастағандығы туралы, содан Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы кітапты 85 жасында жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған. Сондай-ақ, Өтейбойдақтың 90 жасқа жақындап, дүние салғаны жөнінде де дерек бар. Демек, Тіеуқабылұлы Өтейбойдақты 1366 жылы дүниеге келіп, 1478жылы дүние салды деп жобалауға болады.

Өтейбойдақ «Шипагерлік баян» кітабында өзі туралы былай дейді: «Өтейбойдақ Тілейқабылдың ұлымын. Ата тегім Ұлыжүз Зарман, Зарманішінде Албан. Мекенім Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым – иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын».

Емшілік, шипагерлік қасиет Өтейбойдаққа ата-тегінен жұғысты болған. Ата-баба әулетінің жинақтаған мол тәжірибесін бойына дарыта білген Өтейбойдақ бұл салаға бар ғұмырын арнап, халық медийинасын ғылыми жүйеге келтірген. Сөйтіп шипагерліктің өз заманындағы биік деңгейіне көтеріле білген. Бұл жолда ол Әл-Фараби сияқты атақ-даңқ, дүние-мүлік, бас құрап, үйлі-баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрк етіп, бүткіл өмірін шипагерліктің қыр-сырын игеруге сарып еткен.

«Шипагерлік баян» бүгінгі күнге Өтейбойдақтың ағайын ұрпақтары арқылы жеткен. Кітап уақыттың алуан түрлі зобалаңынан өтіп, мейлінше көлемді мұраның төрттен бір бөлігі Қытайдағы атышулы «мәдени төңкеріс» кезінде «хуң-уейбиндер» тарапынан өртелген.

Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» кітабы қазақтың дәстүрлі медициналық тәжірибесі туралы мейлінше мол мағлұмат береді. Бұл ретте, автордың мыңнан астам дәрі түрлерін тоғыстыру арқылы 4 мыңнан астам шипалық шаралардың қолданымын (рецепт беру) ұсынуы, оның білікті шипагер, ғұлама ғалым болғанын пайымдатады. Сондай-ақ «Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, метал-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің аталуы,500-ге тарта анатомиялық атаулардың келтірілуі, бұл еңбектің тарихи-этнографиялық мән-маңызының ерекше екенін білдіреді. Теңдесі жоқ «Шипагерлік баян» ол заманда да қазақ тілінің қаншалық тұнық, бай болғанының айқын дәлелі.

«Шипагерлік баян» кітабы арқылы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тек қана ғұлама шипагер ғана емес, сонымен бірге халықтың өмір салтына, дүние танымына, рухани мәдениетіне мейлінше қанық болғаны, өз заманының терең ойлы, ұлтжанды тұлғасы болғаны айқын аңғарылады.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Тілеуқабылұлы Өтебойдақ (1388-1478 ж.ж)