Мұхаммед Хайдар Дулати

Мұхаммед Хайдар Дулати

Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551) – белгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес облыстардың тарихы жөніндегі аса құнды түпнұсқа болып саналатын «Тарих-и Рашиди», «Джаһаннаме» дастандарының авторы. Ташкентте дүниеге келіп, Үндістандағы Кашмир уалаятында қайтыс болған. Ғалым Жетісудағы Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Ата-бабалары Моғолстан мемлекеті құрамындағы Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның, Қырғызстан мен Түркіменстанның саяси өмірінде белгілі адамдар болған. Дулати — өз заманы үшін жан-жақты әрі аса терең білім алған ғұлама адам. Оған Бабыр, Сұлтан Саид хан сияқты орта ғасырлық аса көрнекті ғұламалар тарих ғылымы, поэзия, музыка, сәулет өнері, зергерлік салалары бойынша дәріс берген.

Хайдар Дулатидің әкесі Мұқамед Хусейн Шайбани ханның қолынан қаза табады. Әкесі қайтыс болған соң 1509 жылы Хайдар Дулати сол кезде Кабул уәлаятын билеп тұрған өзінің туған бөлесі Бабыр патшаның қарамағына барады. Ал Бабыр өзінің атақты «Бабырнаме» атты мемуарлық кітабында Хайдар Дулатидың ақындық талантын, білімділігін, садақ жебесін жасаудағы шеберлігін аса жоғары бағалаған. Сұлтан Саид хан Қашқар елінің билік тағына отырған кезде Хайдар Дулати осында келіп, Қашқар билеушілерінің бірі болады.

Сондай-ақ ол ханның мұрагері Әбу ар-Рашид сұлтанның ұстаз-тәрбиешісі болып тағайындалады. 1533 жылы хан тағына отырған Әбу ар-Рашид дулат тайпасының басшыларынан қауіптеніп, оларды қатты қуғынға ұшыратады. Дулати Үндістанға қашып кетіп, онда Ұлы Моғолдар сарайының әскербасы болады. 1541 жылы Бабыр ұрпақтарының көмегімен Кашмир елін жаулап алып, сонда дербес мемлекетке өзі жеке дара билік жүргізеді. 1551 жылы Хайдар Дулати сондағы тайпалардың бірімен шайқас кезінде мерт болады. «Тарих-и Рашиди» — Хайдар Дулатидің есімін әлемге мәшһүр еткен ең басты шығармасы.

Бұл еңбегінде ғалым ХV-ХVI ғасырларда қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістан аймағында болған аса маңызды тарихи оқиғалар туралы баяндайды. Сондай-ақ дастанда Ауғанстан, Тибет, Үнді елдерінде орын алған кейбір саяси, мәдени, әлеуметтік оқиғалар да қамтылған. Ғалым, сол елдерді мекен еткен ру-тайпалардың, халықтардың тарихын, қоғамдық-әлеуметтік өмірін, әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-санасын зор білгірлікпен жазып қалдырған. Бұл еңбектің ең құндылығы — Хайдар Дулати өз көзімен көрген аса маңызды оқиғаларды өзінен бұрынғы және өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі тарихи құбылыстармен шебер түрде байланыстыра отырып баяндаған.

«Тарих-и Рашиди» — қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Шығыс Түркістан, Ауғанстан, Үндістан, Тибет елдерінің ХV-ХVI ғасырлардағы тарихын, географиясын, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші ғалымдар үшін аса құнды, таптырмас деректер көзі болып табылады. Бұл еңбекте бір кезде ауылы аралас, қойы қоралас болып жатқан күллі түркі халықтарының қоғамдық-әлеуметтік ғұмыры баяндалады. Алайда Хайдар Дулатидің бұл кітабын қазақ халқының төл тарихы, шынайы шежіресі деуге болады. Қазақ тарихы, Хайдар Дулатидің айтуы бойынша, Моғолстан мемлекетінің өмірге келуімен тікелей байланысты. Моғолстан — шығысында Ертіспен, солтүстігінде Балқаш көлімен, батысында — Түркістан және Ташкент шаһарларымен, оңтүстігінде Қағариямен шектесіп жатқан ұланғайыр мемлекет болған. Сонау XIV ғасырдың екінші жартысында Моғолстанның алғашқы хандары Тоғлұқ-Темір мен Ілияс-қожа Мауераннахрды өзіне қарату үшін бірқатар соғыстар жүргізген.

Бертін келе осы мемлекетке қарасты, Жетісу жеріндегі билік әмір Қамараддинге көшкен. Бұл кезде Орта Азияның билеушісі Әмір Темір Моғолстан жеріне қайта-қайта шабуыл жасаумен болған. Моғолстанның билеушілері әмір Қамараддин Дулат, Еңке төре, Қызырқожа хан және Ақ Орда билеушісі Тоқтамыс хан бас қосып, Әмір Темірге қарсы шыққан. Он бесінші ғасырдың екінші жартысында мемлекеттің ішкі қайшылықтары күшейіп, қазақтың көптеген ру-тайпалары Дешті Қыпшақты тастап кеткен. Жетісуға қоныс аударған оларды Шу өңіріне қазақтың алғашқы хандары саналатын Жәнібек пен Керей бастап барған. Моғолстан ханы Есенбұға көшіп келген қазақтарға негізінен Шу өзені, Қаратау маңайынан қоныс беріп, Жәнібек пен Керей Жетісуда қазақ хандығын құрған. Сөйтіп, Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде қазақтың алғашқы хандары және олардың көрші елдермен қарым-қатынасы кең көлемде сөз болады.

Сондай-ақ мұнда Керей ханның баласы — Бұрындық хан, Жәнібек ханның баласы — Қасым хан, т. б. туралы құнды деректер бар. Хайдар Дулати қазақ халқының этникалық құрамына енген ру-тайпалар жайында егжей-тегжейлі жаза келіп, тайпалық тартыстардың тарихта сан рет қанды қақтығыстарға соқтырғанын, ел ішіндегі алауыздықты сыртқы жаулар қалай пайдаланып кеткенін нақты деректер негізінде әңгімелейді. «Тарих-и Рашиди» қанатты сөздерге, мақал-мәтелдерге, сан қилы әдеби теңеулерге мейлінше бай. Ең бастысы — бұл мемуарлық еңбектің шынайы көркем туындыға тән сюжеттік желісі бар, композициялық құрылысы ширақ жасалған әрі метафора, эпитет, теңеу іспеттес көріктеу құралдары қатар пайдаланылған.

Тағы бір назар аударатын жәйт — автор белілі бір тарихи деректерді тізбектеумен шектеліп қоймай, дәл сол деректер жайында өзінің ой-толғаныстарын дидактикалық философиялық, психологиялық тұрғыдан талдап түсіндіреді. Хайдар Дулати «Тарих-и Рашидиді» жазу үстінде өзін дарынды ақын ретінде де таныта білген. Проза тілімен түсіндіру қиын болған кейбір жәйттерді ол арагідік поэзия тілімен, яғни жырмен жеткізген. Оның ақындық дарынын кезінде «Тарих-и Рашидиді» өзге тілдерге тәржіма жасаған Батыс пен Шығыстың көптеген ғұламалары ерекше атап көрсеткен. Хайдар Дулатидің бұл еңбегін тұңғыш рет Англияның аса көрнекті тарихшысы Денисон Росс (1871–1940) ағылшын тіліне аударып, оны 1895 жылы Лондонда бастырып шығарған. Осы кітап сол күйінде ешбір өзгеріссіз қайтадан 1972 жылы Лондонда жарық көрген.

Шығарманың қазақ тарихына қатысты тұстарын кезінде белгілі шығыстанушы ғалымдар В. Вельяминов-Зернов, В. Вяткин, т. б. тәржіма жасап, өз еңбектерінде ғылыми негізде пайдаланған. Шежіренің кейбір бөлімдерін кезінде қазақтын көрнекті ғалымы С. Асфендияровта аударған. Хайдар Дулати шежіресінің қазақ тарихына қатысты жерлері 1969 жылы орыс тілінде жарық көрген. Өзбек ғалымдары «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен орыс тіліне аударып, 1996 жылы Ташкентте бастырып шығарған. Қорыта айтқанда, Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашид» еңбегі — түркі тектес халықтар тарихынан, соның ішінде қазақ кауымының көне шежіресінен аса құнды деректер беретін бірден-бір туынды.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Мұхаммед Хайдар Дулати