Жиренше шешен

Жиренше шешен

Жиренше шешен (XV) – қазақтың ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аңызға айналған ділмәр шешені. Аңыз-әңгімелердің дерегі бойынша ол тарихта болған, әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген кісі, бірақ тарихи шығармаларда Жәнібек ханның төңірегінде ондай адам болды деген дерек кездеспейді. Дегенмен, қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік саяси өміріне жүйрік тарихшысы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» кітабында өзі туралы былай дейді: «Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын. Ата тегім? Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрын, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын». Жиренше шешен есімі, ақыл, парасаттың үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінен берік орын алған. Ол туралы ертегілер, әңгімелер қазақ фольклорында шамамен XV ғасырдан басталады. Онда шешендік сөздіктің үлгілерімен қатар, тұрмыс-салт ертегілері де бар. Жиренше шешен дербес Қазақ хандығын құру үшін ханға көмектескен, оған пайдалы кеңестер айтып, халық бұқарасының атынан сөйлеген. Оның атынан айтылып, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер көп. Олардың көпшілігі 15–16 ғасырлардан басталатын халық шығармасына немесе әлденеше адамның, бірнеше буынның өңдеп, өзгертуімен ортақ мұраға айналып кеткен. Ол туралы өзге халықтардың шығармаларында да сөз болады. Түркі-Моңғол, Үнді-Еуропа, түркі тілдес халықтардың біразының фольклорында оның есімі кездеседі. Мысалы қарақалпақта Жиренше шешен, қырғызда Жээренче чээчэн, түрікменде ақылды да тапқыр, әділ Ийкренче туралы аңыздар бар. Жиренше шешен атымен байланысты әңгімелердің ішінде ең көп тарағаны оның көркіне ақылы сай, дана қыз Қарашашқа үйленгені. Жалпы зерттеулер Жиренше шешеннің атына қатысты аңыз әңгімелерді үш топқа бөледі. Біріншісі — Жиренше шешенді Жәнібек ханның ақылшысы әрі досы етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда Қазақ хандығын құрысуға белсене қатысқан Жәнібек ханға деген ел ілтипатының әсері айқын аңғарылады. Екіншісі — Жиренше шешенді әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресуші етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда ол ханды әшкерелеуші, ханның зорлығына өзінің ақыл-парасатын қарсы қоюшы, тапқыр ақыл иесі ретінде бейнеленеді. Үшіншісі — Жиренше шешеннің көпшілік арасындағы күнделікті қақтығыстарда айтатын тапқыр әзіл-қалжың сөздері. Осы шығармалардың арқасында Жиренше есімі ұмыт болмай, ғасырдан ғасыр асып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Ел ауызындағы Жиренше шешен аңызын қолжазбасына түсірген ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев болды. Ол: «Міне, жігіттер, бір ауызды сөздің түбін, төр¬кінін білемін деп іздегендіктен қалыңсыз бір ханның қызын алды. Өз ха¬нының сатусыз, пұлсыз уәзірлігін алды. „Жігіттікте жаннан кеш те, іс қыласың, өлесің, өлмесең, кісі боласың!“? деп бұрынғының айтқаны осы!»-деп, Жиренше шешен туралы өз пікірін білдіреді.

Жиренше шешен жолаушы келе жатып, бір ауылдың тұсына келсе, ауылмен екі арада өзен суы тұрған соң, өткелін біле алмай сасып тұрғанда, судың ар жағынан су алуға шелекпен бір қыз келді дейді. Жиренше дауыстап сұрады:

- Бұл өзеннің өткелі қайда? — деп.

Қыз айтты:

- Анау жақта бір өткел бар алыс, алыста болса жақын, берірек бір өткел бар жақын, — жақын да болса алыс. Мұның не сөз екенін аңғармай, Жиренше жақын деғен өткелге барып, жүріп кетіп еді, судың орта жеріне барғанда аты омбылап жығылып, үсті-басы былғанып, азар-мазар қайтып шықты. Сонан-соң алыста болса жақын деген өткелге барып, оп-оңай ар жақтағы қыздың үйіне келді. Үйіне кіріп отырған соң, Жиренше қызға қарап:

- Жаным, қарным ашып алыстан келемін, тамағыңның тәттісін бер — деді.

Қыз айтты:

— Бір тамақ бар ащы, ащы да болса тәтті; бір тамақ бар тұщы, тұщы да болса ащы.

Жиренше — ащы да болса тәтті деген тамағыңды келтір — деді. Қыз тұрып шанаштан бір уыс тұз алып, бір аяқшаға салып, Жиреншенің алдына қойды. Жиренше мұны көріп:

- Жаным, құр тұзды қалай жеймін? — деді. Сонда қыз үндемей, тұзы жоқ қара көже құйып берді. Жиренше, өзі де данышпан ақылды кісі, ойлап отырып, бұл сөздерге түсінді; және өзінің үй иесінің берген мәзірін күтпей, тәтті тамағыңды бер деп сұрағанына ұялды. Сол істерінен Жиренше қыздың есті қыз екенін аңғарып, ақырында өзіне қатындыққа айттырып алды дейді. Қыздың аты Қарашаш-сұлу, жұртқа белгілі көркем, данышпан болған соң заманындағы хан күндеп, Жиреншемен қас болды. Бір күні ханның көңілі шапқан соң, асбасшылар алдына бір қаз пісіріп алып келіп қойысты. Жиренше қасында отыр екен, хан оған бұйырды:

- Бұл қазды өзіме, ханымға, екі балама, және өзіңе, біріне артык, бірімізге кем жібермей бөліп бер; егер біреумізге бір мысқал артық-кем болса, өзіңді қатты жазаландырамын — деп. Жиренше қолына пышақ алып, әуелі қаздың басын кесіп ханға берді:

- Тақсыір, сіз біздің басымызсыз, міне сізге бас — деп.

- Екінші-хан ханымсыз болмас, ханым хансыз болмас, құс мұрынсыз болмас; олай болса ханым сіздің мойыныңыз деп, оған қаздың кеңірдегін кесіп алдына қойды.

- Мынау екі балаңыз — сіздің екі қанатыныз, оларға міне қанат деп, қаздың екі қанатын кесіп койды.

- Мен өзім, тақсыр, бас та емес, аяқ та емес, — орташа ғана адаммын, мынау құстың орта денесі маған лайық деп, қаздың қалған денесін өз алдына қойды дейді. Жана бір аз күн өткен соң, хан ақ аулай далаға шығып жүріп, домалап бара жатқан бір қаңбақты көріп, Жиреншеге бұйырды:

- Барып қаңбактың көшу-қонуының қайда болатынын сұрап кел, жауабын дұрыс келтірмесеқ, жасауылдарға ұрдыруға бұйырамын — деп.

Жиренше атын борбайға салып жіберіп шауып кетті де, қаңбақты қуып жетіп найзасымен шаншып тоқтатып, біраз тұрды-тұрды да, қайта ханға келіп айтты дейді:

- Тақсыр, қаңбақтан бұйрығыңызша сұрадым. Қаңбақ айтты:

- Сұрата жіберген хан тентек пе, сұрай келген сен тентек пе, көшерімді жел біледі, қонарымды сай біледі -деп.

Осылайша әуре етіп жүре-жүре, хан Жиреншенің ешбір тұзакқа түспегеніне өшігіп, енді лайығын тапса, тіпті, өлтіріп қатынын алуға ойланды. Бұл ыңғайын таныған соң, Жиренше қайғыда болып жүргенде, бір күні Қарашаш-сұлу байынан сұрады:

- Here қамығасын — деп.

Жиренше мағынасын айтты. Қарашаш айтты:

- Достым, қайғырма, бұған бір ақыл табылар. Екі күннен соң хан, билерді үйге қонаққа шақырыңыз. Жиренше елінен озған алаяқ шешен атанса да, өзі кедей екен дейді. Кедейлігі турасында әлі күнге қазақта қалған бір сөзде бар ғой: ханның сәулетті ордасында күн бойы әдемі төсек үстінде отырып, кеш өзінің қара лашығына келіп, тулаіқ үстіне жатып айтады-мыс: «ай-һай менің өз үйім — кең сарайым боз үйім» деп. Қатынының әлгі айтқан сөзін есітіп, Жиренше айтты:

- Хан-караны шақырып, қай жерге отырғызамыз және немен сыйлаймыз?

Қарашаш айтты:

- Оның ақылын маған қоя беріңіз.

Екі күн өткен соң, Жиренше ханды жан-жаранымен қонакқа шақырды. Хан да, жасауылдары да Жиренше бізді немен сыйлар екен көрейік деп келіпті-міс. Сыйғаны үйге кіріп, сыймағанына далада киіз жайып, тегіс отырып болған соң, Қарашаш-сұлу өзі тұрып ханның алдына бір аяқшаға салған азғана сүт-қаймақты келтіріп қойды. Хан шынашағымен ғана қаймақтан аузына алып салып еді, бұл қаймақ ханның өмірінде жеп көрмеген артықша бір тәтті дәм және сол шынашағымен бір-екі алып жегенде тойып та қалды. Ханнан қалғанын қасындағы жақсыларына беріп, үй ішіндегі жан біткеннің бәрі де не тамақ екен деп аз-аздап алып дәмін татысты. Аттанар уақытта, хан Қарашаш-сұлудан сұрады:

- Сұлу, бұл берген тамағыңыз не тамақ біз көрмеген бір тәтті дәм екен, үйретсең асбасшыларыма бұйырайын, әрдайым осындай тамақ істеуге.

- Сонда Қарашаш айтты дейді:

- Тақсыр, сіз білесіз біздің жарлы екенімізді; ерім сізді жақсыларыңызбен конақ етуге ниет еткен соң, не тамақпен сыйласам болар деп уайымға қалдым; ақырында ойладым: дүниедегі тамақтың асылы — адамның сүті болса керек; не үшін десеңіз — бала бес-алты жасқа келгенше жалғыз емшек сүтімен күн көреді. Соның үшін өз сүтімді сауып: осы қаймақты істедім — деді. Хан «ах»деп санын бір соғып: шыға жөнелді — дейді. Ол заман да бұл заман да белгілі — емшегінің сүтін ішкен әйел шеше есебіне кіріп, қатындыққа алуға болмайтындығы. Мұнансоң бір неше күннен соң, хан Жиреншені шақырып алып, қиянат істерімді кешіңіз деп өтініп, көп мал сыйлапты-мыс.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Жиренше шешен