Саңырық батыр

Саңырық батыр

Саңырық батыр Тоқтыбайұлы (1691, қазіргі Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылы маңындағы Ағыбай қыстауы – 1740, Арыстанбаб кесенесі маңы) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрестегі атақты батыр, қолбасшы. Ұлы жүздің Ошақты тайпасының тасжүрек руынан. Әкесі – Тоқтабай да батыр болған. Ол кісі кезінде батырлығымен бірге, турашылдығымен, әділдігімен де елге танылып, аты шыққан.

Әкенің осы қасиеті балаларына да беріліп, Саңырық батырдың ағасы Дәнен де, інісі Сарымерген де батыр болған. Саңырық батырдың ереекше қасиеті — құралайды көзге атқан мергендігі. Алғашқыда атағы осы мергендігімен шыққан. Ошақтының атақты бір байы той жасап, сонда мергендер жарысын өткізіп, бас бәйгеге кілем жабылған қара нар бастаған тоғыз және сүйектен жасап, алтынмен аптап, күміспен күптеген садақты тігеді. Осы сайыста 16 жасар Саңырық батыр бас жүлдені жеңіп алады.

Кейін «Саңырақтың сарнауығы» деп аталып кеткен осы садақ Саңырық батырдың жоңғармен соғыстағы бес қаруының бірі болған. Саңырықтың батырлық жолы әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан»кейін басталады. Бұланты – Білеуті шайқасындағы Саңырық Кіші жүздің Тайлақ батырымен тізе қосып жоңғарлардың қалың қолын ойсырата жеңді. Саңырық пен Тайлақ батыр осыдан кейін де жұп жазбай Аңырақай шайқасында да бірге болды.

Саңырық батыр әсіресе, Талас өңірін жаулап алып, Ақкесене мен Көккесенені әскери қосынға айналдырған, жоңғарларға жиі-жиі шабуыл жасап, қолбасылық шеберлігін танытқан. Төле би оған арнайы кісі жіберіп, дарынды қолбасыларға ғана тиесілі сый – кеудеге тағатын айрықша белгі тартып, батасын берген. 1740 жылдың соңына қарай жаумен болған шайқаста Саңырық батыр ауыр жарақат алып, соның салдарынан көз жұмады. Төле бидің жарлығымен Саңырық батырдың денесі Түркістанға жерленген.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Саңырық батыр