Абылай хан (1711-1781 жж.)

Абылай хан (1711-1781 жж.)

Қазақ Ордасының ханы, Қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері. 1743 жылға дейін Орта жүздің сұлтаны болған. Әбілмәмбет хан қаза болған соң, Абылай Ұлы жүздің ханы болады.

Абылай ханның ата-бабалары Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның ұрпағы болып табылатын – Қазақ Ордасының негізін қалаған Әз Жәнібектен тараған.

Әбілмансұрдың әкесі жау қолынан қаза табады. Абылай жастайынан қиындықты көп көреді және Ораз құлға арқа сүйеп өседі. Ол жас кезінен-ақ отан қорғау жолында ерекше жауынгерлік қасиеттерімен танылады. Ол қашанда қанды шайқастардың бел ортасында жүреді, әсіресе жекпе-жекте ерен ерлік көрсетеді. Қалың халық бұқарасына оны әйгілі еткен ірі жеңіске ол Әбілмәмбет бастаған қазақ жауынгерлерінің жоңғарлармен болған шайқасында қол жеткізді. Бұл ұрыста 20 жасар Әбілмансұр қалмақтардың қоңтайшысы Қалдан Сереннің ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтіреді.

Жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарады. Ол зерделі саясаткер, білімдар дипломат, дарынды қолбасшы болды. Оның көздеген мақсаты мемлекетті нығайту еді. Ол сыртқы жаулардан қорғану үшін үш жүзді біріктіруді жүзеге асыра бастайды.

1743 жылы Түркістан қаласында үш жүздің хандары, сұлтандары, батырлары бір тудың астына бірігіп, Абылайды Ресми түрде Қазақ ханы етіп сайлайды. Абылай қазақ мемлекетін нығайту мен оның тәуелсіздігін сақтау жолында көп еңбек сіңірді. Ол билік құрған жылдары алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды. Ресеймен, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынас орнатылды.

Бұл күшті мемлекеттер білгір қазақ ханымен санасатын болған. Соғыс тәсілдерін жетік білетін қолбасшы орыс және қытай өкіметінің ішкі есебін де біліп отырған. Сондықтан да ол жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенмен болған тоғыз жылдық келісімнен кейін соғыс өртінің тұтанатынын білді. Жоңғар мемлекеті ішіндегі өзара қырқысулар соғыстың басталуын жылдамдатты.

1752 жылы жоңғар басшысы Лама Доржы қазақ жеріне қарақшылық шабуыл жасағанда, Абылай хан бастаған қазақ әскері оларға ойсырата тойтарыс береді. Кезекті шабуылдан соң, соғыстың айла-тәсілдерін жетік білетін Абылай өзінің бес жүз таңдаулы жауынгерлерін жібереді. Қарсыласы жағынан әскер келеді деп күтпеген Лама Доржы тұтқынға түсіп, дарға асылады. Бұл оқиға 1753 жылы 12 қазанда болған еді.

Абылайдың арғы есебі жоңғарларды жеңіп, оларды қазақтардың ықпалына көндіру, Қытаймен және Ресеймен терезесі тең мемлекет орнату еді. Бұл мақсатта 1753–1754 жылдары ол Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Өтеген сынды батырларымен бірге қалмақ ұлыстарына шабуылды үдете түсті. 1755 жылдың көктемінде сарбаздардың жеңісті жорықтары жалғаса берді. Ақыры ойраттар мен қазақтардың арасында 200 жылға созылған сұрапыл соғыста қазақ халқы түпкілікті жеңіске жетті.

Қазақ халқының жеңісі көршілес Қытай мен Ресей үшін қолайсыз болды. 1756 жылы Қазақ хандығы мен Қытай мемлекеті арасында соғыс өрті тұтанып, ол 1757 жылға дейін созылды. Бұл қақтығыс та Абылай ханның арқасында бейбіт жолмен шешілді.

1765–1770 жылдары Абылай хан қырғыз ұлысына қарсы жорық бастайды, нәтижесінде мемлекет шекарасы кеңейеді. 1771 жылы ол Еділ қалмақтарын талқандайды. Мемлекет шекарасы Абылай хан билік құрған кезеңде одан әрі кеңейе түсті. Халықтың рухы көтеріліп, мерейі үстем болды.

Тарихи тұлға Абылай ханның қол жеткізген жетістіктері сол кезеңде Қазақ мемлекеті өте күшті болғанын айғақтайды.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Абылай хан (1711-1781 жж.)