Тарихи хроника

Түрік қағанаты (551–603 жж.)

«Түрік» деген ат алғаш рет 542 жылы аталады. Қытайлар түріктерді сюнну-ғұндар деп атаған, мұның өзі түріктердің ғұн тайпаларының жалғасы екенін көрсетеді. 546 жылы тирек (телэ) тайпалары Моңғолияның оңтүстік және орталық аудандарын мекендеген аварларға (жкань-жуань) қарсы жорық жасайды. Осы кезде күтпеген жерден түріктердің қағаны Тумынның (Бумын) басқаруымен түріктер телэ әскерлеріне шабуыл жасап, жеңіп, 50 мың әскерін тұтқынға алады. Осыдан кейін түріктер күшейіп, енді бұрын өздері тәуелді болып келген аварларға (жуань-жуань) қарсы шығады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды жеңеді, авардың қағаны Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Бумын түрік қаған деген атағын алады. Бумын 553 жылы қайтыс болады.

Бумын өлгеннен кейін, таққа оның інісі Қара-Еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескеден кейін, оның мұрагер інісі Еркінді-Мұқан деген атпен қаған болады. Оның ел билеген кезі 553–572 жылдар. Мұқанның тұсында аз уақыт ішінде (553–554 жж) түріктер шығыста қайлар, қидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енесей қырғыздарын, Жетісу жеріндегі түргенттерді өздеріне қаратты. Бұл жылдары түріктердің батысқа қарай жасаған жорықтары күшті болды. Оларды Тумынның басқа бір інісі Естемі жүргізді. Кейін тарихи деректерде оны Батыс түріктерінің түпкі атасы және Батыс Түрік қағанатының негізін қалаушы деп атайды. 563 жылы Түрік қағаны Силзибул (Естемі) Эфталит мемлекетін басып алуға кіріседі.

571 жылы Естемі қаған Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Естемі өлгеннен кейін, 582–593 жылдары Түрік қағанатында билік үшін қырқыс басталды. Өз ішіндегі алауыздық пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Елде мал індеттері, жұттар мен ашаршылық орын алды. Түрік қағанаты шекараларына шығыстан Қытайдың Сүй әулетінің (581–618 жж.) шабуылы күшейді. Бұл жағдайлардың барлығы 603 жылы Түрік мемлекетінің екі дербес қағанатқа – Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталды.

Батыс Түрік қағанаты (603–704 жж.)

Батыс Түрік қағанаты. Аумағы Алтайдан Тянь-Шаньға дейін, Шығыс Түркістаннан Каспийге дейін созылады. Астанасы – Суяб қаласы. Қағанат құрамындағы тайпалар: қаңлы, үйсін, дулат, түркеш, қыпшақ, қарлұқ т. б.

Шаруашылығы. Көшпелі мал шаруашылығымен, суармалы егіншілікпен айналысты. «Ұлы Жібек жолының» Батыс Түрік қағанаты жерінен өткендігі сауда мен қолөнердің дамуына әсер етті.

Басқару жүйесі. Мемлекетті қаған басқарды. Қағанның әулеті жоғары тұрды. Олар янғу, шад, тегін сияқты жоғары лауазымдарға ие болды. Билік мұрагерлікпен беріліп отырды. Қағанат он тайпаға бөлінеді. Ол «он оқ» деп аталады.

Мәдениеті. Халық түрік тілінде сөйлейді. Бізге белгілі Орхон-Енисей жазуы Батыс түрік қағанатының мәдениетінен дерек береді. Моңғолия жерінен табылған Білге қағанның, Күлтегіннің, Тоныкөктің Орхон жазуы бар құлпытастары қағанат мәдениетінің жоғары дәрежеде дамығанын көрсетеді. Бұл ескерткішті 716 жылы жазған. Ескерткішті алғаш рет Данияның ғалымы Томсон оқыған. VII ғасырда Батыс түрік қағанатында жазба әдебиеті дамыған.

Қағанаттың ыдырауы. Батыс Түрік қағанаты 704 жылы құлады.

Басты себептері: феодалдардың ішкі талас-тартысы және Батыс түрік қағанатының Таң патшалығымен соғысы. Қағанат территориясы жаңадан құрылған Түркеш қағанатының құрамына кірді.

Тарихи деректер. Батыс түрік қағанаты жайында көптеген мәліметтер бар. Солардың ішінде Жуңғо кезеңінің деректері ең қомақты деректер болып табылады. 630 жылы будда ғалымы Шуан Заң қағанат астанасы Суяб және тағы басқа қалалар жайында естеліктер қалдырған. Моңғолия жеріндегі Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін құлпытастары Батыс түрік қағанаты туралы заттай деректер болып табылады.

Түргеш қағанаты (704–756 жж.)

Түрік тектес түргеш тайпалары VI-ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарын мекендеген, ал VII-ғасырда Жетісудың орталық аймақтарын қоныс еткен. Түргеш тайпалары жөніндегі алғашқы мәліметтер Күлтегін ескерткішінде және Қытай жазба деректерінде кездеседі. Ал түргештердің жеке қағандық болып құрылуы туралы дерек "Тоныкөк” жазуында айтылған. Түргеш қағанаты халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрған. Шу бойындағы түргештер сары, ал Талас аймағындағы түргештер қара түргештер деп аталған.

Түргеш қағанаты 704–756 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұл кезде Жетісу аймағында араб басқыншыларына қарсы күрес жүріп жатқан болатын. Жетісуда Түргеш қағанаты билеушілерінің негізін қалаушы Үшелік-қаған. Оның билік жүргізген кезі – 699–706 жылдар. Ол Жетісудан Батыс түрік билеушісі Бөрішадты қуып, Ташкенттен Турфанға және Бесбалыққа дейін өзінің өкіметін орнатты. Оның басты саяси орталығы – Шу өзені бойындағы Суяб қаласы. Екінші орталығы – Іле өзені бойындағы Күнгүт қаласы. Үшелік елді 20 ұлысқа бөліп, олардың әрқайсысында 7 мыңнан әскер ұстады.

Түргеш қағанатында Үшелік өлгеннен кейін билік оның баласы Сақал-қағанға көшті. Оның ел билеген кезі 706–711 жылдар. Қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Батыста түргештер соғдылармен бірігіп арабтарға қарсы күрес жүргізді. 711 жылы Шығыс түрік қағаны Қапаған Жоңғария жерінде түргештерге соққы беріп, Сырдариядан өтті. 712–713 жылдары арабтарға қарсы түріктер, соғдылар Шаш (Ташкент) қаласы тұрғындары және ферғаналықтар бірігіп күш көрсетті. Мәуеренахрдағы араб иелігіне төніп отырған қауіпті түсінген Күтеиб Шаш қаласын өртеді, 714 жылы ол Испиджабқа шабуыл ұйымдастырды.

Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетеді, олар қолдаған Сұлу тархан қаған болады. Түргеш қағанаты Сұлу қағанның (715–738 жж.) тұсында қайта күшейе бастады. Бұл кезде өкімет қара түргеш тайпаларының қолына көшіп, мемлекет орталығы Талас (Тараз) қаласына ауысты. Айлалы саясаткер және күшті әскери қолбасшы Сұлу екі майданда: батыста арабтарға қарсы, шығыста Батыс түрік қағандары мирасқорларын қолдаған Тан империясымен күрес жүргізді. 723 жылы түргештер Ферған қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп, арабтарға күйрете соққы берді. Арабтар 732 жылы өз әскерлерін біріктіріп, түргештерді қирата жеңіп, Бұхара қаласын басып алды. 737 жылы Сұлу арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып, Тохарстанға дейін жетті, бірақ кейін жеңіліп қалды. Қайтып келе жатқанда, оны өзінің әскери басшысы Баға-тархан өлтірді. Сұлу қаған қаза болғаннан кейін билік үшін "сары” және "қара” түргештердің арасында ұзаққа созылған күрес жүрді. Түргеш мемлекеті өз ішіндегі күрестің нәтижесінде едәуір әлсіреді, мұны Тан (Қытай) империясы ұтымды пайдаланды. 751 жылы Тараздың қасындағы Атлах қаласы жанында Зияд-ибн-Салых бастаған араб әскерлері мен Гао-Сяньчжи басқарған Қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған қырғын соғыс жүрді. Қытайлықтарға қарсы оның тылындағы қарлұқтар көтерілді. Нәтижесінде Қытай әскерлері жеңіліске ұшырады. Әбден әлсіреген Түргеш мемлекеті 756 жылы құлады.

Түргеш қағандығы бар-жоғы жарты ғасырдай өмір сүрді. Оның көп жылдары сыртқы жаулармен соғыста өтсе, ішкі жағдайында да тыныштық болмады. Тайпалар екі жаққа бөлініп, бір-бірімен талас-тартысқа түсті. Мұндай ұзақ уақытқа созылған саяси күрес қағанаттың экономикалық және мәдени жағынан өсіп өркендеуіне кері әсерін тигізді.

Қарлұқ қағанаты (756–940 жж.)

Қарлұқтар туралы алғашқы мәлімет V ғасырдан бастап белгілі болады. Бұл кезде қарлұқтар Моңғол Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс етіп, көшіп жүрген. VI-VII ғасырларда қарлұқтар Түрік, Батыс түрік және Шығыс түрік қағанаттарының құрамына кіреді. Олар ірі-ірі үш тайпалық – бұлақ, шігіл (себек) және ташли одағына бірікті. Қарлұқ тайпалар одағының билеушісі елтебер деп аталды.

742 жылы Моңғолия даласындағы Шығыс Түрік қағанатын үш тайпаның – қарлұқтардың, ұйғырлар мен басымалдардың біріккен одағы күйретіп жеңеді. Қағанат билігі аз уақыт басымалдардың қолына көшіп, олардың көсемі қаған болады. Қарлұқтар басшысы мен ұйғырлардың жетекшісі жабғы атағын алады. Алайда, бұлардың арасында талас-тартыс басталып, 744 жылы басымалдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күші тас талқан етеді. Сөйтіп, Орталық Азияда жаңа мемлекет Ұйғыр қағанаты (744–840 жж.) құрылады. Ұйғыр тайпаларының басшысы жоғарғы қаған болады да, қарлұқтар көсемі жабғы атағын алады. Бірақ қарлұқтардың дербестікке ұмтылуы, олардың Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығуына жеткізеді. 746 жылы қарлұқ тайпалары Жетісу жеріне қоныс аударады. Сыртқы жаулардың шабуылынан және өзара қырқысқан күрестерден әлсіреген түргеш қағандары қарлұқтарға қарсылық көрсете алмады. 766 жылы түргеш қағанының екі ордасы – Тараз бен Суяб және бүкіл Жетісу жері қарлұқтар жабғуының қолына көшті.

Қарлұқ тайпалары VIII-X ғасырларда Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта бойына дейінгі кең байтақ жерлердің бәрінде қоныстанды. Олар Балқаш пен Ыстықкөлдің арасын, Іле, Шу, Талас аңғарларын, Тянь-Шаньннің баурайларын мекендеді. Қарлұқтардың бір тобы 766–775 жылдары Қашғарды басып алды, ал VIII ғасырдың аяғында олардың екінші бір бөлігі Ферғанаға өзінің үстемдігін жүргізді. IX ғасырдың бас кезінде қарлұқ тайпалары Оңтүстік Қазақстандағы Отырар (Фараб) қаласы маңына барып қоныстанды. Бұл кезде Қарлұқ конфедерациясына түркі тілдес көшпелі және жартылай көшпелі әр түрлі тайпалар: жікілдер, бұлақтар, халаждар, түргештер, азкишлер, тухсилер, шарухтар, аргулар, барсхандар кірген. Қарлұқ жабғуы IX ғасырдың басында арабтарға қарсы Ферғана және Жетісу қарлұқтарының күрестерін қолдап отырды. 810 жылы арабтар қарлұқтарға қарсы шабуыл жасап, Құлан (қазіргі Луговой стансасы) қаласына жетеді. 812 жылы арабтар Отырарға жорыққа шығып, қарлұқтарды жеңеді. Олардың жабғысы Қимақ еліне қашып кетуге мәжбүр болады. Осыдан кейін Оңтүстік Қазақстан жерінің Қарлұқ қағанатына кіретін бір бөлігінде араб билігі орнайды.

791 жылы ұйғырлар Бесбалық түбінде қарлұқтар мен тибеттіктердің біріккен әскерлерін талқандайды. 812 жылы олар қарлұқтарды жеңеді. 840 жылы Енесей қырғыздары Ұйғыр қағанатын талқандап оның халқын Турфан аймағы мен Ганьчжоу ауданына еріксіз көшіреді. 893 жылы Самани билеушісі Исмаил-ибн-Ахмет Таразға жорық жасайды. Қарлұқ қағаны Оғұлшақ Қадырхан қорғанғанымен ақырында қала құлап, халқы ислам дінін қабылдайды.

Қарлұқ феодалдық қоғамы байлар мен кедейлерге бөлінді, одан басқа қауымның ешбір құқы жоқ тобы – құлдар-тын. Көшпелі тайпалардың билеуші ақсүйек топтарының қолында жайылымдар мен құнарлы жер ғана емес қалалар да болатын. Тарихи деректер бойынша қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған. Олар: Тараз, Құлан, Мерке, Атлақ, Тұзын, Балиг, Барысхан, Сыйкөл, Талғар, Тонг, Пенчуль т. б. Қалаларда қолөнер мен зергерлік кеңінен дамыды. X ғасырдың басында Қарлұқ қағанатының жағдайы нашарлай түсті. Оған Орта Азиядағы саманилер әулеті мен арабтардың шабуылы күшейді. Ішкі қырқыс, өкіметті басып алу, қоныс-өрісті иемдену жолындағы талас-тартыс оның береке-құтын қашырды. Міне осындай қиын жағдайда қауіп-қатер Қарлұқ қағанатына Қашғар жағынан келді. 940 жылы олар Баласағұнды басып алды да, Қарлұқ мемлекеті құлады.

Арабтардың жаулап алу жорықтары

VII ғасырдың басында Арабия түбегінде Араб мемлекеті құрылады. Бұл мемлекет ислам дінін басты қағида етіп ұстайды. Араб феодалдары «дін үшін соғыс» жиһад ұранымен басқа халықтарға, елдерге басқыншылық жорықты бастайды.

Арабтар жорығының басталуы. 633 жылы арабтардың «дін үшін соғыс» ұранымен жаулап алу жорықтары басталады. Олар Сирия, Иран, Египет жерлерін басып алады.

Арабтардың Орта Азияға, Қазақстанға шабуылы. Арабтар ең алдымен Мәуереннахрға, 706 жылы Бұхараға шабуыл жасайды. Арабтарды Орта Азияға Қорасан билеушісі Кутейба ибн Муслим бастап келеді. 709 жылы арабтар екінші рет Мәуереннахрға шабуыл жасап, Бұхара қаласын, 714 жылы Шашты басып алады. 753 жылы қарлұқтар мен түріктер арабтарды Самарқанға дейін қуады. 724 жылы арабтар Ферғананың орталығы Қасанның маңында түркештер мен ферғаналықтардан жеңіледі. 737–748 жылдары арабтар Қазақстан жерлеріне бірнеше рет шабуыл жасайды. 451 жылы Тараз қаласының маңында арабтар осы өңірді басып алған қытайларды жеңеді.

Арабтарға қарсы күрестер. 766 жылы қарлұқтардың, содан кейін Ферғана халықтарының арабтарға қарсы күресі басталды. 806 жылы Орта Азияда арабтарға қарсы Мұқанна қозғалысы болды. IX ғасырда Араб халифатының саяси жағдайы күрт нашарлады. Осының салдарынан Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда арабтардың билігі әлсіреді.

Араб басқыншылығының салдары мен маңызы. Оңтүстік Қазақстан, Жетісу өңірлеріндегі халықтар малынан, жерінен айырылды. Арабтардың басқыншылығы Қазақстанның саяси-экономикалық, мәдени өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Ең алдымен Қазақстан аумағында ислам діні, араб мәдениеті, жазуы тарады. Тараз, Отырар, Бұхара т. б. қалаларда араб мәдениетінің, ислам дінінің ірі орталықтары пайда болды.

Оғыз мемлекеті (IX-XI ғғ. басы)

Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта және төменгі бойында, оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларында IX-X ғасырларда Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Оғыздардың ата-бабаларының әуелгі қоныстанған жерлері Ыстықкөлдің маңы. Оғыздар IX ғасырда Сырдария бойына келіп орналасады, бірақ ондағы кангар-печенег бірлестігімен ұзақ уақыт соғысуға тура келеді. Махмұд Қашғари Оғыз елінің 22 кейбір деректерде 24 тайпаға бөлінгенін және әр тайпаның өз белгі таңбасы мен туы болғанын айтады.

IX ғасырдың аяғы мен X ғасырдың бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан кең жерлерді мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдарияның Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегіне дейін жеткен. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, арал өңірі мен шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепті.

X ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы – Янгикент немесе Жаңа Гузия деп аталатын қала болды. Ол Қимақ даласы арқылы Сарысу, Есіл және Нұра бойларына баратын сауда жолының үстінде орналасқан. Оғыз мемлекеті өзінің саяси және әлеуметтік тұрмысы жағынан көне феодалдық мемлекет болды. "Жабғы” атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болып саналды. Оғыз жабғыларының орынбасарларын Көл-еркін деп атаған. Жоғарғы билеушілер орны мұрагерге беріліп отырған. Оғыз хандарын сайлау кеңестерде өткізілген. Жабғудың "инал” деген атағы бар өз мұрагерлері болған. Жас кезінде оларды тәрбиелеу үшін арнайы қамқоршылар (атабектер) тағайындалған. Оғыз жабғыларының әйелдері сарай маңындағы өмірде айтарлықтай рөл атқарған. Оларға "қатын” деген атақ берілген. Сарайда әскери кеңеске сүйенетін оғыз әскерінің бастығы (Сюбашы) маңызды орын алған.

965 жылы Оғыз жабғуы Киев князі Святослав пен одақтасып хазарларды талқандады. 985 жылы оғыздар Орыс князьдарымен бірігіп, Еділ Булғариясын күйрете жеңді. IX-X ғасырларда Оғыз мемлекетінде ескі рулық-тайпалық институттардың тез ыдырауы жағдайында патриархаттық-феодалдық қатынастар дамыды. X ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың бас кезінде Оғыз елінде алым-салықты тиянақты түрде жинап отыру жүйесі орын алды, бұл – мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғанын көрсетеді. Оғыздардың көпшілігінің басты кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Оғыз тайпаларының бір бөлігі Сырдарияның төменгі бойын қыстап, жайлауға Каспий маңындағы далаға көшкен. Оғыздар негізінен жылқы, қой, ешкі, сиыр, өгіз, түйе өсірген. Әсіресе, қой өсіру шаруашылығы маңызды рөл атқарған. Сондай-ақ оғыз бай-феодалдары жер қайыстырған қалың жылқы үйірлерін ұстаған. Көшпелі оғыздар түйе, оның ішінде айыр өркешті ірі түйелер өсірген. Оғыздар аңшылықпен де айналысты. Оғыз кедейлері Арал теңізінен, Сырдариядан, тағы басқа да өзендерден балық аулап кәсіп қылған. Қалалардағы үйлер көбіне тастан, ағаштан, қамыстан тұрғызылды. Оғыздардың Сырдарияның төменгі ағысында Жанкент, Жент, Жуара, ал Сырдарияның орта ағысында Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ және Сауран т. б. қалалары болған. Оларда қолөнер кәсібі, соның ішінде мал өнімдері мен шикізаттарды өңдеу дамыды. Оғыздарда құмырашылық өндірісі де өркендеді. Олар мекендейтін аумақтарда темір, күміс, алтын, мыс және асыл тастар өндірілді.

XI ғасырдың басында Оғыз мемлекеті құлдырай бастады. Оған алым-салықты жыртқыштықпен аяусыз жинауға наразылық білдірген оғыз тайпаларының көтерілісі себеп болды. Бұл жағдай X ғасырдың екінші жартысында өкімет басына келген Әлиханның билік құрған кезіне жатады. Жабғының өкіметіне қарсы халық наразылығын, Жент маңына келіп қоныстанған салжұқтардың көсемдері пайдаланды. Салжұқ көсемдері Янгикенттегі оғыз билеушілеріне қарсы көтерілісті бастап, Жент қаласын басып алды, бірақ оны ұзақ ұстап тұра алмады. Осы кезде ел басына Әлиханның мұрагері Шахмәлік келіп, мемлекет едәуір кұшейді. 1041 жылы оғыздар Хорезмді жаулап алады. Алайда, арада екі жыл өткеннен кейін оғыздардың соңғы жабғысы Шахмәлік салжұқтардың қолына түсіп өлтіріледі. Салжұқтармен жүргізілген ұзақ жылғы соғыстар Оғыз мемлекетін қатты әлсіретті. Аяғында келіп Жабғы мемлекеті қыпшақ тайпаларының соққысынан біржолата құлады. Оғыздардың бірсыпыра топтары осыдан кейін Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға қоныс аударды. Енді біразы Орта Азияға, Оңтүстік Қазақстандағы Қарахан әулетінің және Хорасанның салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Ал XI ғасырдың ортасында қыпшақтар талқандаған оғыздардың кейбір қалдықтары кейін келе Дешті Қыпшақтардың түркі тілдес тайпаларына сіңіп кетті.

Кимек қағанаты (IX-XI ғғ. басы)

Қытай деректемелерінде көрсетілгендей (Кимектер) Қимақтар тарихы VII ғасырдан басталады. Ондағы аталатын яньмо тайпасы зерттеушілердің шамалауы бойынша кимек тайпасы болып саналады. Теле тайпаларының бірі болған яньмолар (кимектер) VII ғасырдың бас кезінде Солтүстік Моңғолияны мекендеген, ал VII ғасырдың ортасына таман кимектер Алтай тауларының солтүстігі мен Ертіс өңіріне көшіп барады. Кимек тайпаларының басшысы "шад татұқ” деп аталған. VIII ғасырдың екінші жартысы – IX ғасырдың басында кимек тайпалары үш бағытта: солтүстік-батыста Оңтүстік Оралға, оңтүстік-батыста Сырдария аңғарымен Оңтүстік Қазақстанға, оңтүстікте Солтүстік Шығыс Жетісу аймағына қарай қоныс аударады.

766 және 840 жылдар аралығында кимектер Батыс Алтай, Тарбағатай мен Алакөл ойпатының жерлерін жайлап, Шығыс Түркістанды мекендейтін тоғыз оғыздардың теріскей шебіне дейін жетеді. Осы кездері жеті тайпадан: эймур, кимек, қыпшақ, татар, баяндүр, ланиказ, ажлардан тұратын кимек федерациясы құрылды. Кимек тайпаларының басшысы "байгу” (жабғы) деп аталады. Бұл атақ өзінің лауазымдық дәрежесі жағынан шадтан жоғары болған.

IX ғасырдың бас кезінде кимектер Сырдарияға қарай жылжиды. Бұл жерде олар қарлұқтармен одақтасып, Сырдария бойындағы және Арал өңіріндегі қаңғар-печенег тайпаларын талқандайды. Печенегтерді бұл жерлерден ығыстырып, осында қоныс аударған оғыз тайпаларына оларды батысқа қарай қуып жіберуге пәрменді көмек береді. Мемлекет ішінде тайпалар ақсүйектерінің өкілдерінен билеушілерді тағайындап отырған.

IX ғасырдың аяғы – X ғасырдың бас кезінде, яғни Кимек қағанатының құрылған уақытынан бастап, олардың ханы түріктердің ең жоғарғы лауазымы хакан деп аталған, немесе хандардың ханы деген мағынаны білдіреді. Хаканнан кейінгі билік Қимақ мемлекетінің құрамына енген тайпалар бірлестігін басқарған жабғулардың қолында болған. Олардан кейінгі жеке-жеке ру-тайпаларды шад-түріктер билеген.

Кимек мемлекетінің қалыптасып өсуіне қарай, олардың тайпаларының құрамы да өзгеріп отырған. Тарихи деректердің көрсетуі бойынша, бұл кезде қағанат құрамына кірген тайпалардың саны 12-ге жеткен. Кимектердің 16 қаласы болыпты, бастылары Кимекия, Қарантия, Дамурия, Шнария, Сараус, Дахлан, Банджар, Астур. Қимақтың ақсүйек байлары киімді қызыл және сары жібектен киетін болған, кедейлері жұпыны киінген. Қимақ қоғамында мал-мүліктің теңсіздігінің нәтижесінде көшпелі ақсүйектер пайда болады. Малы аз қимақтар кедейге айналады. Қимақтар қол өнермен, аң аулау, балық аулаумен шұғылданып, қыстауларды қоныс етіп, шағын мекендерде тұрған, бұл мекендер бірте-бірте қалаға айналған.

Қимақтар жазуды білген. Олар ежелгі көне түрік жазуын пайдаланып, қамыс қаламмен жазған. Қимақтар табиғаттың әр түрлі күштері мен құбылыстарын пір тұтқан, көк тәңірісі ата-бабаларына сиынған. Олар күнге, жұлдыздарға, аруақтарға да табынған. Ертіс өзенін қасиет тұтып, "өзен – адамның тәңірі” деген. Өлгендерді өртеп жіберген. Оларға тас сымбат (мүсін) қойып, оған табыну салты кеңінен тараған.

XI ғасырдың бас кезінде Орталық Азиядан шыққан тайпалардың бірінен соң бірінің шабуыл жасауы Қимақ мемлекетін әлсіретті. Бұдан басқа қағанаттың өз ішінде де билік үшін талас-тартыс күшейді. Сондықтан оның құрамына кірген қыпшақтар өзінің қоныстанған жерлерін тастап, Сырдария бойындағы, Аралдың батысы мен Каспийдің солтүстік өңіріндегі оғыздарды орындарынан қозғап, оларды оңтүстікке және Қара теңіз далаларына көшуге мәжбүр етті. Оғыз жерін басып алғаннан кейін, қыпшақ хандары күшейе түсті.

Осы оқиғалардың барысында қимақтар саяси үстемдігінен айырылып қана қойған жоқ, сонымен қатар қыпшақтарға тәуелді болып шықты. Қимақтардың бір бөлігі Ертісте қалып, екінші бөлігі Түркістан және Орта Азия аймағына қоныс аударды, енді біразы қыпшақ тайпаларымен батысқа, оңтүстік орыс далаларына қарай қозғалды. Сөйтіп, қыпшақтар қимақ мемлекетінің орнын басты.

Қыпшақ хандығы (XI ғ. — 1219 ж.)

Қыпшақтар туралы алғашқы хабар Қытайдың жазба деректерінде кездеседі. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекендеген. VII ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген. VII-X ғасырларда Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу процесі жүрді.

Қазақстан жерінде қыпшақ этникалық қауымдасуын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы: VII ғасырдың екінші жартысы – VIII ғасырдың соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Бұл кезде қыпшақтар Алтай және Ертістен Орал таулары мен Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық Одағына Мұғалжар жеріндегі құмандар және қимақ тайпалары кірді. Қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өздеріне бағындырды. XI ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар қазіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер "Дешті қыпшақ”, яғни қыпшақ даласы деп аталды. Ал қыпшақтардың өзі Батыс Еуропа деректерінде құмандар, орыс жылнамаларында половцылар деп көрсетілді.

XI ғасырдың екінші жартысынан бастап 1219 жылға дейін қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі жүрді. Осы кезде қыпшақ хандарының мәртебесі, күш-қуаты өсті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ертедегі башқұрт, оғыз т. б. тайпалар кірді. Сондай-ақ қыпшақтардың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлылар, ұрандар, Шығыс Түркістаннан келген баяттар, түргештер, қарлұқтар, шігілдер әсерін тигізді.

Бұл кезде қыпшақ хандары өз жерлерін оңтүстікте Тараз қаласына дейін жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы шекара – Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, қаңлылармен, керейттермен шектесті, солтүстікте қырғыздар және хакастармен көрші болды. Қыпшақ тайпаларының басында қаған, одан төмен қарай хан, тархан, басқақа, бек, байлар тұрды. Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға деген жеке меншік еді. Жылқы басты байлық болып саналды. Төменгі тапқа малы аз шаруалар, кедейлер жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретінде пайдаланылды. Мал ұрлау қатаң жазаланды. Жеке меншіктегі малға рулық-тайпалық белгілер салынды. Малынан айырылған, немесе көшу мүмкіндігін жоғалтқан қыпшақ кедей шаруалары отырықшы тұрғындар — жатақтар қатарына көшті. Бірақ олар жеткілікті мөлшерде мал жинап алысымен, қайтадан көшпелі шаруашылыққа ауысып отырды.

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтардың билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабуыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннан кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шығады. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелділікке түсті. 1096 жылы "Құдіретті” хан бастаған қыпшақ бірлестігінің әскерлері Хорезмге қарсы жорық жасады, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

XI ғ. аяғы – XII ғ. бас кезінде Жент, Янгикент, төменгі Сырдарияның тағы басқа қалалары қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Хорезмшах Атсыз (1127–1156 жж.) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ даласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында Хорезмді жақтаушылардың көбеюі, қыпшақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың күшеюі еді.

Бұл жағдайды Хорезм билеушілері, әсіресе Текеш пен Мұхаммед жан-жақты пайдалануға тырысты. Олар қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оның немере інісі Алып-Деректің арасындағы бітіспес тақ үшін таласты пайдаланды. Қыпшақтардың орталығы Сығанақ қаласын басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172–1200 жж.) өз ойын іске асыру үшін Сығанақты басқарып отырған Қадыр-Бүке ханға жорыққа аттанды. Бірақ, шайқас кезінде Хорезм шахының түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздары Қадыр-Бүке ханмен келісіп, соның жағына шығып кетеді. Осыдан кейін талқандалған әскерінің қалдығымен Текеш Хорезмге қайтып оралады. 1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүке ханға қарсы қайта жорық жасады. Соғыс барысында Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі енді Алып-Дерекке көшті. Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүке ханды босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқастың барысында Алып-Дерек әскерлері жеңіліске ұшырады, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке ханның өзі де Хорезмшахқа тәуелді болып шықты. Хорезм билеушілері әйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан әулеттерінен алып отырған.

Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) өз мемлекетінің құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресін жалғастыра берді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл моңғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп моңғол басқыншылығының дәуірі басталады.

Қыпшақтардың басты шаруашылығы мал өсіру болды. Олар жылқы, қой, сиыр, өгіз, түйе өсірді. Жылқы мен қой басым болған. Жылқы басты көлік құралы және қыпшақтар сиыр мен қой етінен жылқы етін артық көрді. Батыс Қазақстан аймақтарында қыпшақтардың жекеленген топтары түйе шаруашылығымен де шұғылданған. Қыпшақтар аңшылықпен де айналысқан. Олар аң аулағанда садақ пен жебеден басқа лашын, бүркіт сияқты құстарды, жүйрік тазыларды пайдаланған. Бағалы аң терілерін қыпшақтар басқа елдерге шығарып, сауда қатынасын жүргізген. Аң аулаумен қатар қыпшақтардың өзен мен көл жағалауларында тұратындары балық аулаумен шұғылданған, олар кішкене қайық, кемелерді пайдаланған. Қыпшақ қоғамында малсыз кедейлер егіншілікпен, соның ішінде өзен бойларында суармалы егіншілікпен айналысқан. Қыпшақтар негізінен тары өсірген. Олар жетіспеген астықты Орта Азияның егіншілерінен мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастап алып отырған. Қыпшақтарда үй кәсібі, қолөнер жақсы дамыған.

Қарахан мемлекеті (942–1210 жж.)

Қарахан қағанаты Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірін құтты қоныс етті. Оның құрылуы 940 жылдан басталады. Қағанаттың орталық астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейінірек Ордакент (Тараз) қаласы. Қарахан мемлекетінің Үзген, Мерке, Құлан сияқты қалаларында ірі алыпсатар алпауыттар мен қолөнершілер мекендеген.

Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан (915–955жж.) болып есептелінеді. Ол Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі – Білге құл Қадырханның немересі. Сатұқ Тараз және Қашқар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Мемлекеттің күшеюіне қарлық, шігіл, ягма тайпалары үлкен үлес қосты. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Оның астана қаласы Қашғар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның ұлы Хасан Боғра-хан мұра етіп алды. Мұса өлген соң, Қарахан жеріндегі жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арсылан ханға көшті. 990 жылы Қарахан билеушілерінің бірі Хасан (Харун) Боғра хан Исфиджабты бағындырды. Ал 992 жылы қарахандықтар шығыста Хотанды, батыста Бұхараны басып алды. 999 жылы Қарахан билеушісі Әли Арсыланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилер мемлекетіне соққы берді. Қарахан хандығы ұзақ соғыстардан кейін 1004–1005 жылдары Мәуеренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті XI-ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінді:

  1. Жетісу және Шығыс Түркістан жері Шығыс қағанатына қарап, оның орталығы әуелі Орда (Баласағұнға жақын), кейін Қашғар қаласы болды.
  2. Мәуеренахр жерлері – Батыс қағанатына қарап, оның орталығы Үзкент, кейінірек Самарқанд болды.

Қарахан мемлекетінде жоғарғы өкімет билігі хаканның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Қарахан феодалдық қоғамының үстем тап өкілдеріне хаканның ұрпақтары тегіндер, ілек хандар, бектер, нәменгерлер, нөкерлер жатқан. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болған. Уәзір жоғарғы билеушінің ең жақын көмекшісі және кеңесшісі болып саналды. Хан сарайы, оның басты ордасы мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы болып есептелді. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Мемлекет бірнеше үлестерге бөлінді. Олардың бастылары: Тараз, Исфиджаб, Баласағұн. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта, ал оны иеленуші мукта деп аталған. Қарахандардағы жер иеленудің тағы бір көп тараған түрі әскери – үлестік жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілген. Қарахан феодалдық қоғамында шаруаларды қанаудың бір түрі – жалға үлестік жер беру орын алған. Араб-парсы деректерінде үлестік жер алған шаруалар мұзарлар немесе барзұгар деп аталған. Үлескер жерден алынған өнімнің денін салық түрінде мемлекетке және жер иелеріне төлеп отырған. Шаруаларды қанаудың екінші бір түрі – коммендация жер иелігі. Оның мәні: әлсіз адам өзінің жер телімін күштінің қамқорлығына береді, ол күшті адам әлсіз адамды басқалардан қорғауға тиіс.

Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарын мекендеген қарахандықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру жетекші орын алды. Қарахан мемлекетінің құрамына енген түркі тайпалары отар-отар қой ұстады, сондай-ақ түйе, ешкі, ірі қара өсірді. Отырықшы, жартылай отырықшы түрік тайпаларының біразы егіншілікпен де айналысты. Олар тары және басқа да дәнді дақылдар өсірді, отырықшылар қала мәдениетімен араласып, қала халқын толықтырды. Қалаларда қолөнер кәсібі, әсіресе көзешілік кеңінен дамыды. Олар аңшылықпен де айналысқан. Сондай-ақ Сырдария, Іле, Шу, Талас өзендерінен балық аулау айтарлықтай рөл атқарды.

XI ғасырдың аяғына қарай Қарахан мемлекеті соғыстармен және феодалдық иеліктердің одан әрі бөлшектенуімен байланысты құлдырай түсті. XII ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Қарахан иелігін, Жетісуды және Қазақстанның оңтүстігін шығыстан келген кидандар жаулап алды.

Найман және керейт ұлыстары

Найман тайпалар одағы (түрікше «сегіз тайпа одағы») VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында пайда болып, Ханғайдан Тарбағатайға дейінгі жерлерді алып жатты.

Найманның батыстағы көршісі Ертіс өзені бойында тұрған қаңлылар, ал солтүстігінде – қырғыздар, шығысында – Тола алқабын, Орхонның орта ағысы және оң жақ бетін алып жатқан меркіттер мен керейттер, Оңтүстігінде ұйғырлар болды. Наймандар мен керейлерде ертедегі феодалдық қатынастардың орнығуы ұлыстардың құрылуымен қатар жүрді. «Ұлыс» деген сөз ол кезде «халық» деген ұғымды білдірді, әрбір ұлыс белгілі бір жерлерді алып жатты. Оны белгілі бір рудың өкілі, хан басқарды. Хан ордасы ұлыстың өздеріне меншікті жазғы жайылымы, қысқы қыстауы болып, әскері – ондық, жүздік, мыңдық, түмендерге бөлінді. Наймандар мен керейлер XII ғасырда іс жүргізуде ұйғыр жазуын пайдаланған. Ханның «алтын мөрі» болып, онымен қажетті құжаттарды куәландырып отырған. Шыңғысханның жаулап алу жорықтарына дейін наймандар Орталық Азия жеріндегі өте күшті ұлыстардың бірі болған. Шыңғысханның әкесі Ясукай батырдың тұсында найман елін Иналых Білгі Бұқа хан билеген. «Иналых» — сенімді, «білгі» — білімді, кемеңгер, «бұқа» — ұлық, мықты деген сөз. Білгі Бұқа хан өлгеннен кейін, оның екі баласы: Таян (Байбұқа) хан мен Бұйрық хан арасында тақ таласы басталып, найман ұлысын екіге бөлген. 1199 жылы Шыңғысхан керейлердің билеушісі Оң ханмен одақтасып, найман Бұйрық ханға шабуыл жасайды. Алтай аймағының Ұлыңгір көлінің маңындағы шайқаста Бұйрық хан жеңіліп, қырғыз еліне қашып кетеді.

1204 жылы Шыңғысхан керейлерді жаулап алғаннан кейін, найман Таянхан мен меркіттердің билеушісі Тоқтабектің біріккен әскерлеріне шабуыл жасап талқандайды. 1206 жылы моңғолдар Бұқтырма өзенінің бойында Бұйрық бастаған наймандарды жеңіп, оның өзін өлтіреді. 1208 жылы Шыңғысхан Алтайдағы Күшлікхан бастаған наймандарға қатты соққы берді. Бұдан кейін наймандардың бір бөлігі Алтайдан Жетісу жеріне ойысты, ал екінші бір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып қойды. 1218 жылы моңғолдар Жетісу жеріндегі наймандарды жеңді. Бүкіл Шығыс Түркістан мен Жетісу жерлері моңғолдардың қол астына көшті.

Керейттер конфедерациясының этникалық құрамы бір текті болмаған. Ол түрік тілді және моңғол тілді жұрттан құралады. Керейттердің батысында – наймандар, солтүстігінде – меркіттер, шығысында – татарлар, оңтүстігінде – таңғұттар мекендеген. Керейт тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы – Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласы, ал оңтүстік ордасы Хуанке өзені бұрылысының теріскейіндегі Қара-Хото қаласы. 1007 жылы керейттер наймандармен бірге христиан дінінің несторияндық тармағын қабылдайды.

XII ғасырдың 50-ші жылдары керейттерде Марғұз хан билік жүргізді. Кейін ол қытайлар қолына түсіп өлтірілген. Одан кейін елді Бұйрық хан биледі. 1171 жылы хан тағы оның баласы Тоғырылға көшті. Оның Оңхан деген екінші лауазым аты болған. Бұл ат «Уаң хан» дегеннен шыққан, мағынасы – бір елдің әміршісі. Тоғырыл хан тұсында Керейттер ұлысы солтүстікте – Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте – Хуанкеге дейінгі, батыста – Хангай тауынан, шығыста – Халкин Голге дейінгі жерлерді еркін жайлаған. Тоғырыл хан Шыңғысханның әкесі Ясукаймен дос болған. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып, Темучин Моңғолиядағы күшті ел болып келген Керей ханы Тоғырылға арқа сүйеген. Тоғырыл екеуі дос болды, одақтасып жорыққа аттанып отырды. Бұл жағдай Тоғырыл ханның балалары мен туыстарына, уәзірлері мен жақындарына ұнамайды. Сондықтан олар екеуінің арасында іріткі салу әрекетін қолданып, бір-біріне айдап салады. Мұның аяғы насырға шауып, керейлер мен моңғолдар арасында соғыс қақтығысына әкеліп соқты. Ақырында Шыңғысхан 1202 жылы Оңханның елін шауып, өзін өлтіріп, жерін жаулап алды. Шыңғысханнан жеңілген соң, Керей ұлысы оған тәуелді елге айналды.

Қарақытай мемлекеті (1128–1213 жж.)

Моңғол тілді кидан тайпалары б. з. IV ғасырында Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури аймағын мекендеген.

X ғ. Басында Солтүстік Маньчжурия мен Моңғолияда Киданның Ляо мемлекеті (907–1125) құрылды. Кидандықтар Сұн (960–1279) империясы жерінің бір бөлігін және Селенгі мен Орхондағы Ұйғыр қағанатының жерлерін басып алып мекен етті. Көрші тайпалардың соғыстарына және ішкі талас-тартыстарға байланысты Ляо империясы әлсірей берді. 1125 жылы ол тұңғыс-маньчжур тайпаларының соққысынан бас көтере алмайтындай жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін Кидан тайпалары Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай көшіп, олардың саяси ықпалы Жетісу жеріне, Сырдарияның оң жағалауына және басқа аймақтарға тарады. Жергілікті жерлердегі түркі тайпалары кидандарды қарақытайлар деп атады.

1128 жылы Қарахан әулетінен шыққан Баласағұнның билеушісі Арыслан өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы күреске қарақытайларды көмекке шақырады. Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Жетісуда өз мемлекетін орнатады. Олар қарлұқтарды бағындырып, Шығыс Түркістанды қосып алды. 1137 жылы қарақытайлар Ходжент қаласы жанында Мәуеренахрдың билеушісі Махмудхан әскерін талқандады.

Қарақытайлар Орта Азияға қарай жылжып, Салжұқ сұлтаны Санжарға соққы беріп, 1141 жылы Самарқанд қаласын басып алды. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін ең жоғарғы лауазымды атақ гурхан (ұлыхан) деп жариялады. XII ғасырдың 30–40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның, Бұқара мен Самарқандты қоса алғанда, Мәуеренахр аймағының жері қарақытай иелігіне кірді. Карахандар әулетін қарақытайлар өз боданына (вассал) айналдырды.

Қарақытайлар Жетісу және Орта Азия жерлерін басып алған кезде, ондағы қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратпады. Өйткені олар бұл жерлердегі қалалармен және егіншілік аймақтармен сауда жүргізуге мүдделі болды. Қарақытай мемлекеттік бірлестігінің қалыптасуымен қатар басқарудың патриархаттық-феодалдық принциптері нығая түсті. Мұнда жоғары билікті мұраға қалдыру жүйесінің өзіндік ерекшелігі болды. Мәселен, гурхан өлген жағдайда оның мұрагері болып әйелдері тағайындалу орын алды. Мұның өзі жергілікті мұсылман халқының түсінбеушілігі мен наразылығын туғызды. Қарақытай билеушілері өзі орналасқан қалаларда хан сарайларын, будда ғибадатханаларын салдырды. Қалаларда қолөнер мен сауда дамыды. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған аймақтарда егіншілік етек алды. Қарақытай мемлекетінде тұратын түркі халықтарының көпшілігі ислам дінін қабылдады, сонымен бірге онда будда дініне сенушілер де, христиандық несториан дінін ұстанушылар да кездесті.

Елюй Дашы 1143 жылы қайтыс болды. Баласы Иле жас болғандықтан хандықты Елюй Дашының әйелі Табұян басқарды. Жеті жылдан соң Дашидың ұлы Иле әкесінің тағына отырып, 1150–1164 жж. гурхан болды. Ол қайтыс болған соң, қарындасы Бұсұған таққа отырып, 1164–1177 жж. билік жүргізді. Оның хандығының соңғы кезінде Бұсұған өлтірілді. Оның орнына Иленің баласы Жилугу гурхан болды. Жилугу өзінің билігін 1213 жылға дейін жүргізді.

Қарақытай шонжарларының басқаруы халықты үлкен ауыртпалыққа ұшыратты, олардың қысым жасауы, салықтар жинау кезіндегі шамадан тыс талаптары бұқараның наразылығын туғызды. Нәтижесінде Қарақытай мемлекеті әлсіреп, Орта Азияда басып алған жерлерінен айырыла бастады. 1198 жылы Ауған аймағынан шыққан гурид билеушілері қарақытайларға күйрете соққы берді. 1210 жылы Хорезмшахы Мұхаммед Тараз қаласының жанында қарақытайларға күйрете соққы берді. Бұл жағдайды Жетісу жеріне көшіп келген наймандар пайдаланды. 1213 жылы қарақытайлардың Жетісудағы иеліктері наймандардың қолбасшысы Күшліктің қолына көшті. Сөйтіп, Қарақытай мемлекеті ыдырап тарады.

Ортағасырдағы Қазақстандағы шаруашылық (VI-XII ғғ.)

Мал шаруашылығы. Мал шаруашылғының 2 түрі:

  1. Көшпелі мал шаруашылығы,
  2. Жартылай көшпелі мал шаруашылығы.

Өсірген негізгі малдары: қой, ешкі, жылқы. Солтүстік Қазақстанда негізгі мал ірі қара (сиыр) болды.

Егін шаруашылығы. VII-VIII ғасырларда Арыс өзенінің жағасында суландыру жүйесі қалыптасты. Ақтөбе су жүйесі мен Весидж суландыру жүйесі осы кезеңге жатады. Егінді суаруға өзен суымен қатар қар суы пайдаланылған. IX-XII ғасырлардағы аса ірі суармалы егіншіліктің орталығы Оңтүстік Қазақстандағы Отырар өңірі болды. Жетісуда Талас өзенінің маңында ұзындығы 100 шақырымға дейін жететін Қалмақ арық деген егіншілікке арналған су арнасы болған. Жалпы егіншілік Оңтүстік Қазақстанда (Сырдария, Арыс), Жетісуда (Іле, Талас) жақсы дамыған. Өсірген дәнді дақылдар: тары, бидай, арпа, сұлы және бау-бақша өнімдері. Егіншілік құралдары: кетпен, орақ, айыр, күрек т. б.

Қолөнер. Орта ғасырларда Қазақстанды мекендеген халықтардың қолөнері жөнінде археологиялық құнды деректер мол. Олар ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу арқылы қолөнер түрлерін дамытқан. Мысалы, тоқымашылық, кілем тоқу, ою-өрнек жасау т. б. Орта ғасырларда ыдыстардан құмыра көп жасалған. X-XII ғасырларда қыш ыдыстар пешке күйдіріліп жасалған. Тараз, Отырар қалаларында шыны бұйымдар өндірілген. Орта ғасырлардағы шеберлер мыс, алтын, күміс, қорғасын, темір сияқты металдарды өңдей білген. Қолөнер шеберлері түрлі әшекей бұйымдар мен диірмен, келсап сияқты тұрмыс заттарын да жасаған. Зергерлік өнер XI-XII ғасырларда жақсы дамыды.

Сауда және ақша айналымы. Орта ғасырларда Қазақстанның сауда ісінде «Ұлы Жібек жолының» орны ерекше болды. Бұл жолдың бойында Тараз, Испиджаб, Шаш, Мерке, Құлан, Суяб сияқты қалалар орналасты. Қазақстанның орта ғасырлардағы аса ірі сауда орталықтары – Тараз, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар. Қазақстан халықтары негізгі сауданы Орта Азия, Иран, Сібір, Кавказ, Шығыс Түркістан елдерімен жасады. Сауда айналымындағы негізгі заттар: кілем, мата, жылқы, әшекей, қару-жарақ т. б. Қытай елінен Жібек жолы арқылы жібек келіп тұрды. Сауданың дамуы ақша айналымын тудырды. VI-VIII ғасырларда әр тайпаның өз теңгелері болған. Сауда айналымында VII ғасырда ежелгі түрік теңгелері мен соғды теңгелері, VIII ғасырда Бұхара теңгелері мен Ташкент (Шаш) теңгелері, Тараз қаласында түркеш теңгелері, IX-X ғасырларда Самани әулетінің мыс теңгелері, күміс дирхемдері жүрді. XI-XII ғасырларда Тараз, Испиджаб, Шаш, Қашғар, Бұхара қалаларында теңге сарайлары болды. XII-XIII ғасырларда Отырар қаласында мыс дирхемдер шығарылды. Жазба деректерде Тараз бен Суяб қалалары ірі сауда орталықтары болғаны айтылды.

VI-XII ғасырлардағы қалалар

Орта ғасырларда әкімшілік, сауда-экономикалық орталық болған қалалар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қалыптасты. Қазақстандағы орта ғасырлардағы қалалардың бірнеше бөліктері болды.

  1. Шахристан – қала билеушілері, ақсүйектер мен діни қызметкерлердің тұрағы.
  2. Рабад – қаланың қолөнершілері мен саудагерлері тұратын бөлігі.
  3. Цитадель – қаланың қорғаныс бөлігі, яғни қамал мен бекіністер.

VI-XII ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі ірі қалалар: Мерке, Аспара, Суяб, Үзкент, Сауран, Құлан, Талкиіз, Қойлық, Тараз, Отырар, Қарнақ, Ашнас, Баршынкент, Сығанақ, Испиджаб, Весидж, Шауғар, Иасы (Түркістан), Баласағұн, Орда т. б. Археологтар Қазақстан жерінен 60-тан астам қала орнын анықтаған.

Қала әкімшілігі. Орта ғасырлардағы қалалардың көбі тәуелсіз өмір сүрген. Әр қаланың жеке билік жүргізетін билеушілері болған. Билеушілердің титулы әр түрлі, мысалы Кермикент билеушісі – кутеген-лабан, Барысханда – манап, Науакентте – ялан-шах, Семекнада билеуші инал-тегін деп аталған.

Қала халқы. Қалаларда халық біршама қоныстанды. Сонымен қатар қала халқы отырықшыға айналған көшпелілер есебінен көбейіп отырған. Испиджабта 40 мың, Отырарда 16 мың, Таразда 10 мың, Баласағұнда 10 мыңдай адам өмір сүрген (IX-XI ғасырлар)

Испиджаб. Қазіргі Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде (Сайрам) орналасқан. Бұл қала V ғасырда аса ірі мәдениет және сауда орталығы болды. Испиджабтың осындай сауда орталығы ретіндегі рөлі X-XII ғасырларда күшейді. XI ғасырда сауда айналымы үшін шығарылатын теңге сарайы Испиджабта орналасқан. Испиджаб IX-X ғасырларда Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің құрамында болды. Сонымен қатар Испиджаб ірі діни орталық болған.

Тараз. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі Тараз болды. Тараз қарахандықтар мен қарлұқтар заманында ерекше гүлденді. Бұл қала Талас деп те аталған. Тараз қаласында Бабаша хатун, Айша бибі, Қарахан кесенелері орналасқан. Тараз қаласы жайында араб саяхатшысы Әл-Макдиси: «Тараз – ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендері бар. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдында үлкен өзен ағады, өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер, өзеннен өтер өткелдері бар. Мешіт базар арасына салынған», — деп жазған.

Түркістан (Иасы). Бұл қала алғашында Шауғар деп аталған. Қалада атақты ойшыл, ислам дінінің білгірі Қожа Ахмет Иассауи өмір сүрген (кейіннен Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темір Ахмет Иассауиге VII ғасырда мазар салдырған.) Қаланың Қазақстан мен Орта Азияның діни орталығы ретіндегі беделі өсе берді.

Сығанақ – Сырдария бойында орналасқан ірі сауда орталығы. VII ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақтардың саяси орталығы болды.

Баласағұн – ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Бұл қала Шу өзенінің бойында орналасқан. Жалпы зерттеулер бойынша Баласағұн қаласы V ғасырда пайда болған. Бір кездері Баласағұн қарлұқтар мен қарақытайлардың астанасы болған. Баласағұнда ұлы ақын, ғалым Махмұд Қашғари еңбек еткен және ақын Жүсіп Баласағұн туған. Баласағұн қаласы Ақтөбе деп аталған.

VI-XII ғғ. Қазақстанның рухани мәдениеті. Ежелгі түрік алфавиті мен жазуы

Ерте орта ғасырларда Қазақстан жерінде түркі тілдес халықтар қалыптасты. Түркі тілдес халықтармен қатар Қазақстан жерінде басқа тілдік топтар да өмір сүрді. Түркі тілдес топтардың ішіндегі ең ірісі – VIII-X ғасырларда Ертіс өңірінде қалыптасқан қимақ-қыпшақ тобы. Сонымен қатар Қазақстан жерінде иран (соғды) тілдес, сирия тілдес, араб тілдес халықтар тобы өмір сүрді. VI ғасырдан бастап түркі тілдес тайпалардың өз жазулары болды. Бұл жазу ғалымдардың пікірінше, соғды жазуына ұқсас. Көне түрік жазуларының ескерткіштері Моңғолия жерінде табылды.

Бугут жазуымен соғды тілінде жазылған құлпытас Орталық Моңғолиядан табылған.

VI-X ғасырларда Қазақстанда соғды жазуы және тілі кең қолданылған. Бұл жазу Тараз, Баласағұн, Испиджаб қалаларында тарады. IX ғасырдан бастап Қазақстанда мекендеген тайпалар арасында ұйғыр жазуы қолданыла бастады. Ғалымдардың пікірінше, бұл жазу – соғды алфавитінің өзгертілген түрі. XII ғасырда соғды жазуына негізделіп жасалған түріктердің жаңа жазуында 38 әріп-таңба болған.

Көне түріктердің негізгі жазуы руна жазуы деп аталған. Бұл жазу скандинавиялық руна жазуына ұқсас. XVIII ғасырдың басында жазуды алғаш рет Д. Миссершмидт пен Ф. Страленберг атты ғалымдар Енисей аңғарынан тапқан. Ал аса бағалы тарихи ескерткіш болып саналатын руна жазуы бар құлпытас XIX ғасырда Солтүстік Моңғолиядағы Орхон өзені маңынан Н. М. Ядринцев тапқан. Құлпытастағы жазуды түркітанушы В. В. Радлов пен дат ғалымы В. Томсон оқыған. Бұл жазу «Орхон-Енисей тас жазуы» деп аталады.

«Орхон-Енисей тас жазуы» Бұл ескерткіш көне түрік руна жазуымен жазылған. Ескерткіш құлпытастар 689–744 жылдардағы Ұйғыр және Түрік қағанаттарының өмір сүрген кезінде орнатылған. Құлпытастар Білге қаған, оның інісі Күлтегін (732–735), кеңесші Тоныкөктің (716 жылы) құрметіне қойылған. Құлпытаста түрік дәуіріндегі батырлар мен ұлы адамдардың ерлігі, өмірі жайында жазылған. Ортағасырлық тарихи әдебиеттің тамаша үлгілері – VIII ғасырда Қазақстандағы руна жазуының ескерткіштері. Олар екі топқа бөлінеді:

  1. Жетісулық жазулар тобы,
  2. Ферғаналық қыштағы жазулар тобы.

XI-XII ғасырлардан кейін түрік мемлекеттерінде көне түрік руна жазуын ұйғыр жазуы мен араб жазуы ығыстырды.

Әдебиет және ғылым VI-VIII ғасырлар – түркі тілдес тайпалар арасында ерте дәуірден басталған ауызша шығармашылық дәстүр дамыды.

VIII-X ғасырлар – Сырдария алқабында қыпшақ-оғыз арасында «Қорқыт ата» эпосы тарады. Қорқыт ата – (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) Сырдария алқабында дүниеге келген атақты жырау, күйші, ойшыл. «Қорқыт ата кітабын» тұңғыш зерттеуші – неміс ғалымы Н. Ф. Диц. «Қорқыт Ата кітабының» екі нұсқасы белгілі:

1999 жыл — «Қорқыт Ата кітабының» 1300 жылдығы дүниежүзілік көлемде атап өтілді.

«Оғыз-нама» эпосы ел арасына кең таралған. YI ғ. парсы тіліне, IX ғ. Араб тіліне аударылған.

XIII ғасыр – Рашид-ад-дин ескі нұсқасын бірінші жазып қалдырған.

XVII ғасыр – Әбілғазы хан толық көшірген.

«Оғыз – нама» жырында Оғыз ханның өмір жолы, күресі баяндалады.

X ғасырда жазба әдебиет қалыптаса бастады. IX-XII ғасырларда ислам дінінің таралуына байланысты әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылды.

Жүсіп Баласағұни XIғ. (1021–1075 жж.) «Құтты білік» дастанын дайындауға 30 жылын арнап, 1 жарым жылда жазып шыққан (1069 ж.). Дастанда өмір сүрген ортаның шындығы, әлеуметтік топтың қоғамдық түсінігі мен саяси тұжырымы берілген. Бақытты болудың негізі – білім деп түйіндейді. Баласағұни еңбегін Сүлеймен Арслан ханға сыйға тартып, Ұлы хас-хажип атанған.

Махмұт Қашғари XIғ. (1030–1090 жж.) 1072–1074 жылдары жазылған «Диуани лұғат ат-түрік» («Түрік тілдерінің сөздігі») атты еңбегі тілтану ғылымына үлкен үлес қосты. Бұл шығарма – түркі тілдес халықтардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрып, тілі туралы тарихи дерек. Түркі тілдес халықтардың энциклопедиясы атанды. Бұл еңбек ғалым А. Егеубайдың аударуымен 1997–1998 жж. қазақ тілінде жарық көрді.

Қожа Ахмет Иассауи XII ғ. (1103–1167 жж.) Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының сопылық бағытын дамытқан тұлға. Ахмет Иассауи XII ғасырда өмір сүрген. Өмірінің көбі Сайрам мен Иасыда (Түркістан) өтеді. Бұхара қаласында діни білім алған ол, Түркістан қаласында ислам дінін уағыздайды. Бұл кез Қазақстан жерін ислам дінінің жаңадан тарала бастаған уақыты болатын. Қожа Ахмет Иассауидың басты шығармасы «Диуани хикмат» (Даналық жайындағы кітап) 4 томнан құралған. Ол 63 жасқа, яғни Пайғамбар жасына жеткеннен кейін өзінше о дүниеде өмір сүреді. Жер асты қапаста қалған өмірін өткізеді. Ахмет Иассауи өзінің ұстазын Арыстан бабты қатты құрметтеген. XIV ғасырда Ақсақ Темір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауидің бейітінің басына үлкен мазар салғызған. Сондықтан бұл жер мұсылмандардың «екінші Меккесі» аталған. «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөз содан қалған.

Сүлеймен Бақырғани XII ғ. (Хакім ата) Ахмет Йассауидің шәкірті, Йасыда 1104 жылы дүниеге келіп, 1186 жылы Бақырған қыстағында қайтыс болған. «Дүниенің ақыры» («Ақыр заман») еңбегінде тәңірге сенуді уағыздап, рухани тазалыққа үндейді. «Диуани хикмет» және «Дүниенің ақыры» еңбектері жүздеген жылдар бойы Орта Азия мен Қазақстанның медреселерінде оқулық ретінде пайдаланылды.

Ахмет Иүгінеки XII ғ. Толық есімі Әдиб Ахмед ибн Махмұд Иүгінеки. Түркістан маңындағы Иүгінек деген жерде дүниеге келген. Араб, парсы сияқты шығыс тілдерін жетік меңгерген. Ахмет Иүгінеки XII ғасырда «Хақиқатта» сияқты шығармалар жазған. Шығармалары ақиқат, адамгершілік сияқты рухани ойларды қамтиды. «Хақиқаттар хадисі» 14 тараудан, 235 беттен құралған. Басты тақырыбы – адамгершілік. Оның кітабы тек 1985 жылы басылып шығады.

Әбу Насыр Әл-Фараби IX-X ғ. (870–950 жж.) Орта ғасырдағы ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби Сырдария өзенінің жағасында орналасқан Отырар (Фараб) қаласында 870 жылы дүниеге келген. Толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Узлағ Тархан. Асқан білімділігімен «Шығыстың Аристотелі» атанған энциклопедист ғалым Әл-Фараби Бұхара, Самарқан, Дамаск, Бағдат, Александрия қалаларында өз білімін жетілдірген. Ол – философ, математик, тарихшы, физик, астроном, асқан дарын иесі. Араб, грек, парсы тілдерін еркін меңгерген. Архимед, Аристотель, Евклид, Пифагор еңбектерін зерттеген. Александрия, Отырар кітапханаларынан нәр алған. Оның әйгілі «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдардың шығуы», «Жұлдыздар бойынша болжаулар», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Вакуш туралы трактат» т. б. еңбектері тамаша ғылыми жетістіктер екені белгілі. Қыпшақ тайпасынан шыққан ұлы ойшыл Әл-Фараби 950 жылы Дамаск (Шам) шаһарында қайтыс болды.

Әбу Райхан әл-Бируни X-XI ғғ. (973–1050 жж.) Әбу Райхан Бируни 973 жылы Хорезм орталығы Қият қаласының маңында туған. Ол – математик, физик, геолог, философ, астроном, этнограф, ақын, энциклопедиялық білімі бар ғалым. Орта ғасырдағы ғылымда араб, парсы, грек тілдерін меңгерген 22 жастағы Бирунидің аты шарықтаған, 150-ден астам кітаптың авторы. Дүниенің гелицентрлік жүйесін, дененің Жерге тартылысын, Жердің күнді айналатынын Бируни Галилей, Коперник, Ньютон сияқты ортағасырлық батыс ғалымдарынан 500–600 жыл бұрын айтқан. Хорезмде билік құрған Ғазнаның қол астына 33 жыл еңбек етеді. 600-ден астам қаланың координаттарын анықтап шығарады және глобус жасайды. «Астрономиялық кілт», «Ежелгі халықтардың хронологиясы», «Минералдардың сыбағалы салмағын табу ережелері» атты еңбектерді жазады.

Орта ғасырлардағы халықтардың діни түсініктері.

Қазақстан аумағын мекендеген көшпелі тайпалардың діни түсініктері әр түрлі болды. Ерте ортағасырлық түріктер пұтқа табынған.

Түріктер Көкке (Тәңір), Жерге, Суға (Иер-Су) табынды. Түрік қағандары Көк тәңірінің желеуімен билік жүргізді. Түріктердің діни түсінігінде Көктен кейін отбасының және балалардың қамқоршысы Ұмай құдай-ана киелі саналған.

IX-XI ғасырларда Қазақстанда мекендеген тайпалар арасында буддизм, христиан, манихейлік, зороастризм діндері таралған. Бұл діндерге тән өлікті жерлеу түркі тілдес тайпалар арасында VI-IX ғасырларда болған.

Буддизм діні – Түрік қағанатының ақсүйектер арасында танымал болған ерте ортағасырлық дін. Жетісудағы Суяб қаласының орнынан будда храмы, Шығыс Қазақстан өңірінен буддалық мола табылған (қимақ әйелі)

Қазақстан жерінде ерте орта ғасырда христиан, манихейлік діндер болғаны анықталып отыр.

Бұл діндердің таралуы VI-IX ғасырларды қамтиды. Аргу-Талас (Тараз) пен Жетісудың 4 қаласында манихейлік дін кең тарағаны жайында VIII ғасырдағы «Қос негіздің қасиетті кітабында» айтылады. Тараз, Мерке, Мервте христиан шіркеулері болған.

Қазақстан аумағындағы осындай діндерді ислам діні ығыстырған. IX-X ғасырларда қазақ жерін мекендеген халықтар арасында ислам діні кең тарай бастады.

Қазақстан жеріндегі Ұлы Жібек жолы

Жібек жолының пайда болуы.

Жібек жолымен ең алғашқы сауда байланысы б. з. б. III-II ғасырларда жасалған. Бұл сауда жолының Жібек жолы атануында үлкен мән бар. Себебі алғашқы негізгі тауары жібек (Қытай) болған. Сонымен қатар VII ғасырда будда ламасы Сюань-Цзянь Ыстықкөл маңындағы Түрік қағанатының Суяб қаласына келеді. Түрік қағанының оған жібекті сыйға бергені айтылады.

Ұлы Жібек жолы Қытайдан басталып, Римге барып аяқталған. Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырып, Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны қақ жарып өтетін керуен жолының жүйесі. Ұзындығы — 7 мың шақырымнан астам. Орта Азия мен Қазақстан территориялары арқылы өтеді.

Қазақстандағы Жібек жолы.

Б. з. б. II ғасырда Ұлы Жібек жолының сауда дипломатиялық басты жолы ретінде аты шығады. Ұлы Жібек жолы Алтай, Памир, Тянь-Шань, Сырдария, Әмудария жерімен өткен. Жібек жолының тармақтары V-VII ғасырларда Жетісу, Оңтүстік Қазақстан жерлерін қамтыған. Жібек жолының бойында Тараз, Баласағұн, Бұхара, Самарқан, Сайрам, Сауран, Отырар, Сығанақ, Мерв, Талхиз, Үргеніш, Испиджаб, Шаш. Весидж, Шауғар т. б. ірі ортағасырлық қалалар орналасқан. Кейіннен XIII-XIV ғасырларда Жібек жолының саяси-экономикалық маңызы артқан.

Жібек жолы бағыты: Хуанхэ өзені – Ұлы Қытай қорғанының батысы – Іле өзені – Ыстықкөл. Бірнеше сауда жолдары қалыптасып, дамыды.

Лазурит жолы: Бадахшан тауы – Иран – Месопатамия – Мысыр – Сирия-Қытай.

Нефрит жолы: Жаркентдария – Шығыс Түркістан – Қытай.

Дала жолы (б. з. б. 1 мыңжылдықтың ортасы).

Жібек жолындағы тауарлар.

Жібек жолының алғашқы негізгі тауары Қытай жібегі болған. Қытай жібегі осы жолмен Батысқа жеткізіліп тұрған. Кейіннен Батыс пен Шығыстың басқа тауарлары тасылған (күміс, алтын, тұлпар, түйе, бүркіт, қаршыға, піл сүйегі, жеміс-жидектер, экзотикалық аңдар т. б.). Жібек алтынмен теңеліп, халықаралық валютаға айналған. Жалақы мен қарызды жібекпен төлеген.

Жібек жолының маңызы.

Жібек жолы Қазақстан мен Орта Азияда мәдени-экономикалық жағдайдың өрлеуіне ықпал етті. Жалпы, Жібек жолымен 2000 жылдан астам уақыт бойы сауда керуендері жүрген. Жібек жолымен шығыстан будда, батыстан христиан діні таралған. Жібек жолы – сауда жолы ғана емес, көшпелі отырықшы халықтар мәдениетінің даму, таралу жолы.

XIII – XVI ғғ. Моңғол империясының құрылуы. Қазақстан моңғол шапқыншылығы кезеңінде.

Татар-моңғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, Моңғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол тарихтағы деректер бойынша 1162 жылы, екінші бір деректер бойынша 1155 жылы ірі ноян Есугай баһадүрдің отбасында туған. Темучин ер жете келе негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірген. 1206 жылдың көктемінде Өнан өзенінің сағасында Темучинді жақтаушы-моңғол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда ол салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен моңғолдардың әміршісі болып жарияланды.

Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алды. Елдің бүкіл жері мен халқы оң қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар), және орталық (гол) атты үш әскери әкімшілік округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер (түмендер) болды. Олар өз кезегінде «мыңдық», «жүздік», «ондықтан» құрылды.

Өте қатал тәртібі, мұқият құрылымы бар әскер басында моңғолдардың феодалдық жоғарғы тобының өкілдері-нойондар, багадурлер, мергендер, сечендер тұрды. 1207–1208 жылдардың қысында Шыңғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да «орман халықтарын» бағындырды. 1208–1209 жылдары Шыңғысхан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, таңғұттық Си Ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар моңғолдарға өз еркімен бағынды. Олардың ел басшысы Баршық өзін Шыңғысханның боданымын деп мойындаған. 1211 жылы Шыңғысханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды, 1215 жылы олар сол кездегі Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) бағындырды.

Шыңғысханның Орта Азия және Қазақстанға шапқыншылығы

Шыңғысхан Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу жорығына жан-жақты әзірленді. Бұл үшін ол мұсылман көпестерінен, моңғолдардың қол астында болған босқындардан мәліметтер алып, Қарақытайлар мемлекетінің, содан кейін Хорезм шахындағы ішкі жағдай мен әскери күштер туралы деректерге қанықты, соның негізінде ойластырылған іс-қимылдың бағдарламасын жасады.

Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлік ханды талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған 1218 жылы Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.

Жетісуды Шыңғысхан әскері қарсылықсыз оңай басып алды. Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғысханның Мәуеренахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорыққа жолы ашылды. 1218 жылы көктемде Шыңғысхан Орта Азияға сауда керуенін жіберді. 500 түйеден тұратын керуенінде моңғол жансыздарын қосып есептегенде барлаығы Көп адамы бар керуен 1218 жылдың жазында Отырарға келіп жетті. Отырардың билеушісі Қайырхан Иналшық көпестерді тыңшылық жасады деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырды. Шыңғысхан Хорезм шахынан Қайырханды ұстап беруді талап етті. Бірақ Хорезм шахы бұл талапты орындамады, Шыңғысхан жіберген елшілерді өлтіруге әмір берді. «Отырар апаты» деп аталатын бұл тарихи оқиға Шыңғысханның Хорезмге қарсы соғысын тездетті.

Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 150 мыңға дейін адамы бар қалың қолды бастап шықты. Хорезмнің шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді.

1219 жылы қыркүйекте Шыңғыс ханның 111 мың әскері Отырар қаласын қоршайды. Бұл қалың қолды Шыңғыс ханның ұлдары Шағатай, Үгедей басқарады. Бір айдың ішінде Шыңғыс хан әскері Отырарды алады. Әйгілі кітапхана өртеніп, халық көптеп қырылады. Қайыр ханның денесіне ерітілген күміс құйып, азаптап өлтіреді. 1219–1220 жылдары Шыңғысханның ұлдары Бұхара, Самарқан, Сығанақ, Сауран, Баршынкент, Жент, Үзгент қалаларын бағындырады.

1221 жылы Шыңғыс хан әскері Хорезмді, Орта Азияны жаулап алады. Осыдан кейін Шыңғыс хан әскерлері парсы, Ауғанстан, орыс, Дешті-Қыпшақ жерлерін жаулап алады. 1224 жылы Ертістегі Шыңғыс хан ордасына қайта оралады. 1219–1224 жылдар аралығында Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алып, өз империясының құрамына қосады.

1238 жылы Бұхарада Махмұд тараби бастаған көтеріліс Шыңғыс хан қол астындағы халықтар көтерілісінің ең ірісі болады.

Ұлыстардың құрылуы

Ұлан-байтақ өңірлерді жаулап алған Шыңғыс хан өлерінің алдында өзінің төрт ұлына ол жерлерді бөліп береді.

Төлеге (кіші ұлы) кіндік Моңғолияны;

Шағатайға Жетісу мен Әмудария маңын (Мәуереннахр), Шығыс Түркістанды;

Үгедейге Алтай, Тарбағатай, Батыс Моңғолия жерлерін береді.

Жошы (үлкен ұлы) үлесіне Ертістен батысқа қарай бүкіл Дешті-Қыпшақ жерін қоса Оралға дейін, Жетісудың солтүстік бөлігі, Арал Каспий маңындағы жерлер тиді.

Бұл бөлінген жерлер ұлыстар деп аталды. Барлық ұлыстардың орталығы Қарақорым болды. Қазақстан аймағы үш ұлысқа (Төледен басқа) қарады. Бұлардың ішінде ең ірісі – Жошы ұлысы, кейінгісі – Шағатай ұлысы.

Шағатай ұлысы. Жетісу, Мәуереннахр сияқты өңірлерді иеленген Шағатай 1241 жылы өлді. Оның орнына Шағатай ұлысына баласы Есу-Мөңке хан болды. Бірақ Ұлы Ордаға билік үшін күрес Шағатай ұлысына да зардабын тигізді. XIV ғасырдың басына қарай ғана шыңғыс хан империясының билігі Шағатай әулетінің қолына тиді. Шағатай ұлысындағы бұл таластар, өзара қырқысулар XIV ғасырдың ортасында ұлыстың ыдырауына себеп болды. Шағатай ұлысының мұрасы ретінде Жетісуда Моғолстан мемлекеті құрылған еді.

Жошы ұлысы. Шыңғыс хан құрған алып империя аумағының басым бөлігі Жошы ұлысына қарады. Алғашқыда ұлыс территориясы Ертістен Еділге дейінгі, Сібірден Сырдарияға дейінгі жерлерді қамтыды. Қазақстан жерінің басым бөлігі осы ұлыстың құрамында болды. Жошы хан өлгеннен кейін мирасқоры Батый жорықтары нәтижесінде ұлыс аумағын Алтайдан Дунайға дейін созды. Бұл ұлы мемлекет Алтын Орда мемлекеті болды.

Алтын Орда

Алтын Орданың құрылуы. 1235 жылы Моңғол империясының астанасы Қарақорымда болған құрылтайды Батысқа (Еуропаға) шапқыншылық жорық жасау ұйғарылды. Бұл жорық 1236 жылы басталады. Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның баласы Батый басқарған әскер Еділ мен Жайықтан өтіп, Орыс, Украина жерлерін бағындырып, Шығыс Еуропа елдерін талқандап, Адриат теңізіне дейін жетеді. Осыдан кейін Еділ бойында Батый Алтын Орда мемлекетін құрады. Алтын Ордаға Ертістен Днестірге дейінгі жерлер кіреді. Орыс княздары Алтын Орда билігін мойындайды. Алтын Орданың астанасы Сарай-Бату, ал кейінірек Сарай-Берке қаласы болады.

Қоғамдық-саяси жағдайы. Алтын Орда әскери мемлекет болды. Ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болды. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі болды. Құрылтай мемлекеттің негізгі ұйымы болып саналды. Алтын Орда әскерлері оң қол, сол қол деп екі қанатқа бөлінді. Мемлекет басындағы нояндар мен бектердің, басқақтар мен тамғашылардың қолында билік көп болды.

Шаруашылық пен мәдениеті. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы егін шаруашылығы Алтын Орда халықтарының басты шаруашылығы болды. Алтын Орда халықтары — мұсылмандар. Алтын Орда мемлекетінің алғашқыда көне ұйғыр жазуы негізгі жазу болып қалыптасса, кейіннен ислам діні ықпалының күшеюіне байланысты араб жазуы да қатар қолданылады. Алтын Орда дәуірі ортағасырлық түрік әдебиетінің дамыған кезеңі болды. Бұл кезеңдегі әдеби шығармалар: 1233 жылы «Қисса Жүсіп» (Әли), 1303 жылы «Кодекс-Куманикус», 1303 жылы «Қыпшақ тілі сөздігі», 1359 жылы «Махаббатнама» (Ахмет Хорезми дастаны), 1391 жылы «Гүлстан бит-түрки» (қыпшақ ақыны Сараи), 1409 жылы «Жүсіп-Зылиқа» (Дүрбек ақын). Осы дәуірде «Қырық батыр» жыры дүниеге келеді. Бұл туындыда қырық қыпшақ батырларының ерлігі туралы баяндалады.

Алтын Орданың ыдырауы.

Ыдырау себептері:

Алтын Орданың тәуелсіз иеліктерге бөлінген кезі – XIV ғасырдың екінші жартысы. Ақ Орда, Хорезм, Еділ бұлғарлары т. б. Дербес мемлекеттер пайда болды. Бұлардың барлығы бұрын Алтын Орданың құрамында, кейіннен Алтын Орданың қазақстандық бөлігінде Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттер билік жүргізген.

Ақ Орда мемлекеті (XIII-XV ғғ.)

XIV-XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол шапқыншылығының зардаптарынан бірте-бірте арыла бастады. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысында қала мәдениеті, егіншілік, қолөнер өндірісі жандана түсті. Өлкенің батыс, орталық, далалық өңірі мен оның оңтүстігі, Жетісу және Орта Азия аймақтарымен сауда байланыстары қалпына келтірілді. Сонымен бірге бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан жерінде алғашқы рет жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет – Ақ Орда хандығы. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Ақ Орданың негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, крейттер, үйсіндер, қарлұқтар және басқалары.

Ақ Орданың негізін қалаған Шыңғыстың немересі Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ежен. Ақ Орда алғашқы құрылған кезде Алтын Ордаға тәуелді иелік болып есептелді, ал іс жүзінде өз алдына тәуелсіз саясат жүргізіп отырды. Ол кезде Алтын Орданың астанасы Еділ бойындағы Сарай қаласы еді. Ал Ақ Орданы билеген Орда Еженнің ордасы алғашында Ертіс алқабында Алакөл маңында, яғни әкесі Жошы ханның алғашқы қоныстарында болды. Ақ Орда хандарының кестесі оларды болған уақытына қарай мынадай ретпен тізеді: Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбарак, Шымтай, Ұрыс хан, Қойыршақ, Барақ, т. б.

Ақ Орданың кемеліне келіп, толысқан шағы XIV ғ. екінші жартысы. Ақ Орда хандары хандықтың астанасы Сығанақ қаласында өз аттарынан металл ақша шығарды. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Ұрыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағына отыруға күш салды. 1374–1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хаджы-Тарханды (Астраханды) қошауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Ұрыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынын кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. Өйткені бұл кезде Орта Азиядағы Мауеренахр жеріндегі билікті өз қолына алып күшейе түскен Әмір Темір Ақ Орданың оңтүстік шекарасына шабуыл қаупін төндірген еді. Ақ Ордаға қарсы шабуылда Әмір Темір Маңғыстау үлесінің билеушісі Түйқожа оғланның баласы Тоқтамысты пайдалануға тырысты. Әмір Темір Ақ Орданы жаулап алу мақсатын жүзеге асыру үшін қару-жарақ, әскери күш беріп, Тоқтамысты Ақ Ордаға қарсы айдап салды.

Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374–1375 жж.) сәтсіз аяқталды. Бұл соғыста Ұрыс ханның баласы Құтылық Бұға қаза тапты. Тоқтамыстың екінші жорығы да Ұрыс ханның баласы Тоқтақия басқарған Ақ Орда әскерлерінен жеңілді. Әмір Темір Ақ Ордаға жорық жасау үшін Тоқтамысты үшінші рет әскермен жасақтады және бұл жорықты өзі бастап шықты. Тек төртінші жорық кезінде Ұрыс ханның және оның баласы Тоқтақияның қайтыс болуы Әмір Темірдің жеңіске жетуіне мүмкіндік берді. 1377 жылы Ұрыс хан қайтыс болғаннан кейін, Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшкен-ді. Осы кезде Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды, сөйтіп 1379 жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялайды. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсірейді. Ол Әмір Темірдің боданына айналды.

1423–1424 жылдары Ұрыс ханның немересі Барақ өзінің бақталастарын жеңіп шығып, Ақ Ордада хандықты өз қолына алады. Бұл кезде, Ақ Орданың басты қаласы Сығанақ, сондай-ақ Сырдың орта ағысындағы қалалар Темір әулетінің қолында еді. 1425–1426 жылдары Барақ Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып, Сығанақты және Сырдария бойындағы басқа да қалаларды босатты. Осы жеңістің нәтижесінде Ақ Орда Темір әулетінің үстемдігінен тәуелсіз болып алды. 1428 жылы Барақ хан жауларының қолынан қаза тапты. Ол Ақ Орданың ең соңғы ханы болды. Барақ хан өлгеннен кейін Ақ Орда ыдырады да, билік Жошының кіші ұлы Шайбан тұқымынан шыққан Әбілхайыр сұлтанның қолына көшті.

1227 жылы Жошы өліп, оның ұлысы екіге жіктелгенде жарыққа шыққан Ақ Орда хандығы екі ғасыр өмір сүрді. Ақ Орданың отырықшы аудандарында жерді шартты түрде иелену мен жеке меншіктің түрлері қалыптасты. Көшпелі аудандарда мал шаруашылығы кеңінен дамыды. Ақ Орданың еңбекші халқы хандар мен ақсүйектер пайдасына күшпір, зекет, тағар тәрізді салықтар төлеп, әртүрлі парыз-қарыздарды да өтеп тұрған. Түркі тілдес тайпалар мекендеген Ақ Орданың ресми тілі – қыпшақ тілі, немесе қазақ тілі болып саналады. Ақ Орданың хандары бұқара халықтың қолдауымен Алтын Ордадан тәуелсіздік алып, оны дербес мемлекетке айналдырды. Сырдария бойындағы шаруашылық, мәдениет орталығы болған маңызды қалалар үшін күресте Мәуеренахрдағы Шағатай хандарын жеңді. Әмір Темірдің Ақ Ордаға қарсы жасаған шапқыншылығына тойтарыс беру үшін аянбай күрес жүргізді. Кейін олар қазақ халқының жеке халық болып қалыптасуында үлкен рөл атқарды.

Моғолстан мемлекеті (XIVғ. ортасы-XVI ғ. басы)

XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы дербес екі иелікке – шығыс және батыс бөліктерге бөлінді. Шағатай ұлысы қоныс еткен Мәуеренахрдың батыс бөлігінде 50–60 жж. феодалдық ыдыраушылық әрекеті жойылып, Әмір Темір мемлекеті құрылды. Ал оның шығыс бөлігінде Моғолстан мемлекеті орнады. «Моғолстан» тарихи-жағрафиялық термині «моңғол» атауынан шыққан. Моғолстан мемлекеті алғашқы құрылған кезде билік Шағатай ханға адал қызмет еткен Дулат тайпасы әмірлерінің бірі – Болаттың қолында болған. Шыңғыс тұқымынан шықпаған, сондықтан хан болуға құқы болмағандықтан, Болат өзінің айтқанына көнетін әрі жас 18 жастағы Шағатай ұрпағы Тоғылық Темірді 1348 жылы хан тағына отырғызды.

Моғолстан мемлекетінің құрамына Шығыс Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір жерлері кірді. Мемлекет шекарасы батыста Ташкент пен Түркістан аймағынан шығыстағы Баркөл мен Хами қаласына дейінгі, солтүстікте Балхаш, Тарбағатай мен Қара Ертістен оңтүстіктегі Ферғана мен Қашғарияның егінді аймақтарына дейін созылып жатты. Моғолстан мемлекетінің орталығы – Алмалық қаласы. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Бұл мемлекеттің негізін қалаған моңғол әмірлерінің бірінің баласы – Тоғылық-Темір хан (1348–1362 жж.). Моғолстан құрамына кіретін тайпалар: дулаттар, қаңлылар, керейлер, арғындар, баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары.

Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы және жер-судың жоғарғы иесі хан болды. Бай-феодалдар жерді шартты иеленудің икта, инджу, сойұрғал сияқты түрлерін пайдаланған. Хандар мен ел билеуші ақ сүйектердің пайдасына қала мен ауыл тұрғындарынан, егінші мен көшпелі халықтан күпшір, зекет, тағар, баж, карадж және тағы басқа да салықтар жиналды. Мемлекетті басқару ісінде ханға Ұлысбек көмектесті. Ол дулат тайпасы әмірлерінен тағайындалған.

Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір өзі билеген түркі тілдес мұсылман халықтары арасында беделін арттырып, үстемдігін нығайту үшін ислам дінін қабылдаған. 1362 жылы Тоғылық Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс-қожаға көшкенде Мәуеренахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп, бір аяғы жаншылды. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған соң, ол содан бастап Темирлан (дұрысы Темирленг, «ленг» парсыша – ақсақ) Ақсақ Темір атанды.

Тоғылық Темірден кейін Моғолстанның ханы болған Ілияс-Қожа 1365 жылы бұрынғы Шағатай иеліктерін біріктіруге әрекет жасады. «Батпақты шайқасында» Әмір Темір жеңіліп қашып құтылды. Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған алғаш жорығы 1371 жылы басталды. 1372 жылы Әмір Темірдің өзі Моғолстанға қайта жорық жасап, Ыстықкөл маңындағы Сегізағашқа дейін барып, сансыз тұтқын, сан жетпейтін олжа түсіріп оралады. Осыдан кейін Әмір Темірдің сол кездегі Моғолстанның ең ірі билеушісі болған әмір Қамар-ад-дин дуғлатқа қарсы 1375–1377 жж. аралығында бірнеше жорықтары жүрді.

1375 жылы Жетісу жеріндегі Шарын өзені бойында болып, Моғол әскерлері талқандалды. 1376 жылдың көктемінде Хорезмді жаулап алумен айналысып жатқан Темір Моғолстанға Камар-ад-динге қарсы 30 мың әскерімен әмір Сасы-Бұға қыпшақты, Әділ-шақты және басқа да әмірлерін аттандырды. 1377 жылы Камар-ад-дин екі рет: біріншісінде – Қаратау етегінде, екіншісінде – Шу бойымен Ыстықкөлге баратын жолдағы Бұғым шатқалында Әмір Темірден жеңіліске ұшырап, өзі қашып құтылды. Ол Моғолстанды біржолата басып алуды көздеді. Оған жету үшін 1380–1390 жж. арасында Темір балаларымен бірігіп, Моғолстан жеріне бірнеше рет жойқын жорықтар ұйымдастырды.

Ақсақ Темір басқан ізінен қан сорғалатып, тек Моғолстанды ғана емес, сонымен бірге тағы басқа да көптеген елдерді жаулап алды. Мәуеренахрдан өзінің қанды жорығын бастаған ол әмірші болған 35 жыл ішінде (1370–1405 жж.) Хорезмді, Персияны, Әзірбайжанды, Гератты, Грузияны, Арменияны, Ақ Орданы, Ауғанстанды, Үндістанды, Египетті, Бағдатты, Сирияны, Кіші Азияны жаулап алып, табан астына салды. Әмір Темір құрған орасан зор мемлекет, 1405 жылы ол өлгеннен кейін бытырап тарап кетті. Моғол билігі Қызыр Қожа ханның немересі Уәйіс оғлан қолына көшті.

1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін, хандық үшін оның екі баласы Жүніс пен Есенбұғы арасында талас басталды. 1434 жылы Есенбұғы хан тағына отырды. 1462 жылы Жүніс Есенбұғы ханның қайтыс болғанын естіп, өзінің Моғолстанға хандық өкіметке заңды мирасқор екендігін жариялап, онда 1487 жылға дейін билігін жүргізді.

XVI ғасырдың басында Жүніс хан ұрпақтары арасындағы алауыздық пен ішкі феодалдық қырқыс Моғолстан хандығының біржолата ыдырауына әкеліп соқты. Нәтижесінде ежелден Жетісу мен Іле өңірін мекендеген үйсін, дулат, қаңлы, жалайыр және тағы басқа қазақ ру-тайпалары Жетісуда құрылған Қазақ хандығының құрамына бірікті.

Ноғай Ордасы (XIV аяғы – XVI ғғ.)

Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі – Ноғай Ордасы еді. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай әмір Едіге тұсында 1396–1411 жылдары жалғасып, оның баласы Нұр ад-дының (1426–1440) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасындағы басты тайпа маңғыттар болды. XIII ғасырдың екінші жартысында маңғыттар Алтын Орданың уақытша басшысы түмен басы Ноғай иелігінің құрамына кіреді. Осыдан барып «Ноғай Ордасы» ұғымы пайда болған.

Ноғай Ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыста – Қазанға, оңтүстік шығыста – Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерде көше-қонып жүріп мекендеді. Сыр бойындағы қалалар мен қамалдардың бірқатары осы Ноғай Ордасына қарады. Оның орталығы – Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы.

Ноғай Ордасының негізін қалаушы Едіге болып саналады. Ол XIV ғасырдың соңы – XV ғасырдың басында 15 жыл Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарды. Едіге 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының біріккен жасақтарына күйрете соққы берді. 1408 жылы Едіге орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жерлерді жеңісті жорықпен жүріп өтті. Алтын Ордадағы феодалдық өзара қырқыс кезінде Ноғай ұлысын нығайтуға тырысқан жаулары Едігені 1419 жылы өлтіреді. Едіге өлгеннен кейін де Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық жағдай оның ұрпағы – маңғыт әмірлерінің қолында болды.

Ноғай Ордасы құрамына Маңғыттармен қатар Қоңырат, Найман, Арғын, Қаңлы, Алшын, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Алаша, Тама және басқа ру тайпалары кірді. Олардың басшылары арасында билік пен жер үшін толассыз тартыстар үнемі орын алды. XV ғасырдың екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауынан өтіп, «Көшпелі өзбектердің» өріс-қонысын басып ала бастайды. Ноғай ру-тайпаларының билеушілері Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы мырза және басқалары Әбілхайыр ханға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға көмектескен. Кейбір кезде ноғайлар қазақ хандығымен соғысса, енді бірде татуласып, олармен одақ құрып отырған.

XIV-XV ғасырларда Ноғай Ордасында ерте феодалдық қатынастар қалыптасқан. Әлеуметтік бай-феодал топтардың қатарында хандар мен мырзалар, сұлтандар мен билер, бектер болды. Мұндағы жер-су, жайылым жерлер сөз жүзінде рулық қауымдастықтың меншігі болып есептелгенімен, шын мәнінде қоныстар, мал өрістері, аң аулайтын жерлер бай топтардың иелігінде болды. Ноғай Ордасында өкімет пен елді басқару ісі саяси ұйымдастырудың ұлыстық жүйесі негізінде қалыптасты. Шыңғыс тұқымынан шыққан хандар мен сұлтандарға Ордадағы өкімет билігі, соның ішінде әскери, елшілік, әкімшілік т. б. билік түрлері мұра ретінде көшіп отырған. Орда бірнеше ұлыстарға бөлінген. XVI ғасырда Ноғай Ордасы өздерінің солтүстіктегі көршісі Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық қатынастар және саяси байланыстар орнатады.

Ноғай Ордасында да сұлтандар мен ақсүйек-феодалдардың арасында хандық билік үшін талас-тартыс тоқтамай үнемі жүріп жатты. Осы алауыздық оның да түбіне жетті. XV ғасырдың бірінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, оның орнына Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары құрылды. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлігі қазақстардың Кіші жүзінің құрамына кірді.

Әбілхайыр хандығы (1428–1468 жж.)

XIV ғасырда Орда-Ежен мен Шайбани ұрпақтары иелігіндегі ұлыстар мен ру-тайпалар Ақ Орда мемлекетінің құрамында болды. Мұнда Орда-Ежен мен Тоқа Темір әулетінен шыққан хандар билік жүргізді. Осыған қарамастан Шайбани ұрпақтары өз иелігіндегі билігін сақтап қалды. Ал XV ғасырдың 20- жылдарының аяғына қарай Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі түрік шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік Орда-Ежен мен Тоқа-Темір мұрагерлерінен Шайбан ұрпақтарына ауысады. Оған Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы, оның соңғы ханы Барақтың 1428 жылы қаза табуы себепші болды. Бұл кезде Ақ Орданың жерінде бір-біріне тәуелсіз екі саяси бірлестік нығайды. Олардың біріншісі – Жайықтан және оның батысына қарай Еділге дейінгі жерлерді қамтыған Ноғай Ордасы. Ал Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Елек, Торғай, Сарысу бойында, Тобыл мен Есілдің жоғарғы ағыстарына Шайбани ұрпақтары иеліктерін жүргізді. Олар: Аралдан солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық ханның ұлысы, Шайбани әулетінің екінші бір тұқымы Мұстафа хан Атбасарда, үшінші бір тұқымы Махмұд Қожа Тобылда. Маңғыт Кепек би мен Адабек Бүркіт Батыс Сібірдегі Тура өңірінде билік еткен. Жазба тарихи дерекетерде бұл феодалдық иеліктер Көшпелі өзбектер хандығы деп те аталған. Бұл ұлыстардың арасында жер үшін, билік үшін ешбір тоқтаусыз, қиян-кескі ұрыстар үнемі болып тұрған. Осы талас-тартыстың барысында Жошының Шайбан ұрпағынан тараған Дәулет-Шайхоғылының баласы 17 жасар Әбілхайыр жеңіске жетті. Ол 1428 жылы Батыс Сібірде Тура (Тюмень) қаласында хан болып жарияланды. Оны Шайбани ұлысына кірген рулар мен тайпалардың 200-ге жуық ірі өкілдері қолдаған.

Халқының құрамына Ақ Ордаға кірген түрік және түріктенген түрік-моңғол тайпалары жатты. Олардың бастылары: қыпшақ, найман, қият, маңғыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, ұйылын, шынбай, күрлеуіт және тағы басқалары. Бұл тайпалар тілі, шаруашылығы, мәдениеті және тұрмысы жағынан туыстас тайпалар. Сондықтан олар «өзбек» деген атпен саяси жағынан бірге аталған. Оның иелігі Ноғай Ордасының шығыс бетін, батыста – Жайыққа, шығыста – Балқашқа дейінгі, оңтүстікте – Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте – Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.

Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428–1468 жж.) елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Жошы әулеті – оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Ұрыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары – Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. Әбілхайыр хан өзінің жаулаушылық әрекетін XV ғасырдың 30-шы жылдарынан бастайды. Ең әуелі ол Тобыл бойында Шайбан ұрпағы Махмұд Қожа ханды талқандайды. Ол Алтын Орданың әлсіреуін пайдаланып, Еділ бойындағы көптеген жерлерді басып алады. Өзінің орталығын Турадан Орда-Базарға көшіреді. 1430 жылы аз уақыт Хорезмді басып алып, Үргеніш қаласын тонайды. 1446 жылы Әбілхайыр өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі – Мұстафа ханның әскерлерін талқандайды. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау баурайындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды.

Әбілхайырдың Сыр бойындағы қалаларды басып алуы ағайындас Шайбани ұлысы мен Ақ Орда ұлысы ру-тайпаларының арасындағы қырғи-қабақ қатынастарды одан әрі шиеленістіре түсті. XV ғасырдың 50-ші жылдары Әбілхайыр Мәуеренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау жорықтарын жүргізді. Соғыстар барысында Әбілхайыр қанша жерлерді қосып алғанымен, хандық ішінде саяси берік бірлік болмады, әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар күшейді. Ірі феодалдық топтар, ру басылары, сұлтандар оны қолдамады, қарсы шығып отырды. Әбілхайыр мемлекетінің ішкі әлсіздігі, Шыңғыс әулеті арасындағы тоқтаусыз қырқыстар, көшпелі рулар мен тайпалар сұлтандарының өз алдына бөлінуге ұмтылуы 1456–1457 жылдардағы Әбілхайырдың Үз-Темір-Тайшы басқарған ойраттармен Сығанақ маңындағы шайқаста күйрете жеңілуіне алып келді. Ол Түркістандағы талан-таражға түскен қалаларын тастап, Дешті-Қыпшақ даласына кетуге мәжбүр болды. Тек 60-жылдардың басында ғана Әбілхайыр Сырдария бойындағы бұрын өзі жаулап алған қалаларына қайта оралды. Осы жерден Әбілхайыр 1468 жылы Моғолстанға қарсы жорыққа кетіп бара жатқанда кенеттен қайтыс болды.

Ішкі және сыртқы қайшылықтардың шиеленісуі, бітпейтін феодалдық соғыстар мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, Әбілхайыр хандығының ыдырап тарауына ұрындырды. Сөйтіп Шайбан әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі тоқтады. Көшпелі өзбек тайпаларының бір бөлігі XVI ғасырдың бас кезінде Мәуеренахрға көшіп кетті. Қазақстан жерінде қалып қойған ру-тайпалар қазақ хандарының қол астына кірді. Темір ұрпақтары өкіметінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін басып алды.

Батыс-Сібір хандығы (XIII-XV ғғ.)

XIII-XV ғасырлардағы Батыс Сібір. Сібірдің жерінде біршама түрік тайпалары мекен етті. Батыс Сібір алдымен Жошы ұлысына, кейіннен Шайбани хандығына қарайды. Батыс Сібірдің орталығы – Тұра қаласы. 1428 жылы Батыс Сібірді Әбілқайыр басып алды.

Көшім тұсындағы Сібір хандығы. Территориясы: Батыс Сібір, Орал өңірі, Ертіс, Тобыл өзендерінің алабы

Құрамындағы тайпалар: керей, қыпшақ, найман, арғын, жалайыр, ханты, мансы т. б.

Астанасы: Искер қаласы.

1563 жылы хан тағына Көшім отырды. Алты ұл тайпасынан шыққан Көшім 1510 жылы Ноғай ордасында дүниеге келген. Ол 1555 жылы Сібірде билік жүргізген Тайбұғанмен соғысып, оны жеңеді.

Экономикасы мен мәдениеті. Көшімнің кезінде Сібір хандығында көптеген қамалдар мен бекіністер, ғимараттар салынады. Көшімнің тұсында Сібір халқы ислам дінін қабылдайды. Сібір хандығында, негізінен, сауда мен аңшылық дамыды.

Саяси құрылысы. Жоғарғы билеуші – хан, хан кеңесі – диван, кеңесшілер – аталықтар, уәзірлер – қараша Сібір-Ресей қатынасы. Сібір ханы Көшім Ресейдің шығысқа қарай ұмтылуына кедергі жасауға тырысты.

1574–1575 жылдары сібірге барлауға жіберілген Иван Грозныйдың отрядын Көшім хан қырып тастайды.

1582 жылы Көшім әскерлері атаман Ермактың отрядынан жеңіледі.

1582 жылдың күзінде атаман Ермак 600-ге жуық казагымен Искер қаласына шабуыл жасайды. Көшім әскері жақсы қаруланған Ермак отрядынан жеңіледі.

1584 жылы Көшімнің адамдары Ермакты өлтіреді.

1598 жылы орыс әскерлеріне қарсы ұйымдастырылған шайқаста Көшім жеңіліп, Шығыс Қазақстан жеріне қашады. Сібір хандығы осылай Ресей империясының құрамына кіреді.

Қазақ халқы қалыптасуының аяқталуы

Этносаяси қауымдастық – белгілі бір тарихи аймақта құрылған хандықтың тұрғындары. Қазақ халқының этникалық жағынан қалыптасуында Ақ Орда тайпалары басты рөл атқарған.

«Өзбек» атауының шығуы Өзбек ханның (1312–1342 жж.) есімімен байланысты. «Өзбектер» құрамы:

шайбанилер – түркіленген моңғол тұқымдары.

Қазақтар – қыпшақтар т. б.

Маңғыттар – қарақалпақтар, ноғайлар

Қазақ халқының қалыптасу процесі XIV-XV ғғ. аяқталды.

Саяси жағынан шашыраңқы этникалық туыстас топтардың басы қосылып, қазақ рулары мен тайпаларының бірігуіне Қазақ хандығының құрылуы әсер етті.

XV ғасырдың екінші жартысы – XVI ғасырда негізгі этникалық топтардың қазақ халқына және олар орналасқан аумақтың Қазақ хандығына бірігуі, тұтас халық болып қалыптасудың аяқталуын тездетті.

XV-XVII ғасырлар – Қазақстанның аумағындағы тұрғындарға іс жүзінде ортақ негізгі белгілер мен қазақ этносының өзіне тән материалдық және рухани мәдениеті бекіп жетілді.

Қазақ хандығының құрылуы және оның нығаюы (XV-XVII ғғ.)

Саяси жағынан бытыраңқылығы басым этникалық топтардың, яғни қазақ тайпаларының бір мемлекетке бірігуі Қазақ хандығының құрылуына әкелді. Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында құрылды.

Қазақ хандығының құрылысы бастапқы кезде (XV-XVI ғасырларда) 7 сатыдан тұрды.

  1. Ауыл. Басшысы – ауылбасы, бірнеше жанұядан тұрады.
  2. Ата-аймақ. Басшысы – ақсақал, жеті атадан қосылатын бірнеше ауылдан тұрады.
  3. Ру. Басшысы – рубасы, 15 аймақтан құрылады.
  4. Арыс. Басшысы – би, бірнеше рудан құралған.
  5. Ұлыс. Басшысы – сұлтан, бірнеше арыстан құрылады.
  6. Жүз. Басшысы – хан, бірнеше ұлыстан құрылады.
  7. Хандық. Басшысы – хан, үш жүзден құралған.

Қазақ хандығының құрылуы. XV ғасырдың 50 жылдарында Дешті-Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығындағы саяси жағдай шиеленісе түседі. Осы кезде Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты халықты бастап, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне қоныс аударады. Моғолстан ханы Есен-Бұға оларды қарсы алып, Шу өңірінен Қозыбасы деген жерді бөліп береді. Бұл Қазақ хандығы құрылуының басы еді. Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды. Бұл фактіні Мұхамммед Хайдар Дулати растайды. Әбілқайыр ханның Қазақ хандығының құрылуына бөгет жасамақ болған әрекеті жүзеге аспады.

Қазақ хандығының нығаюы. XV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының іргесі нығайды. Көрші мемлекеттердің (Әбілқайыр хандығы, Темір және Моғолстан мемлекеттері) құлдырауы Қазақ хандығының күшеюіне себеп болды. Ең алдымен Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сауран қалалары кірді.

1480 жылы Керейдің баласы Мұрындық хан болды.

1486 жылы қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбаниді жеңді.

XV ғасырдың аяғына қарай Қазақ хандығының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы ықпалы күшейді. Қазақ хандығының құрамында Сығанақ, Созақ, Сауран қалалары болды.

XVI ғасырдағы Қазақ хандығы. XVI ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы күшейе түсті.

1511 жылы Жәнібектің баласы Қасым хан болды. Қасым ханның алға қойған басты міндеті – Сырдария бойындағы қалаларды Қазақ хандығының құрамына қосу. Қасым ханның бұл істі орындау жолындағы басты кедергісі Мұхаммед Шайбани болды.

1510 жылы Қасым ханның әскерлері Мұхаммед Шайбанидің әскерін жеңді.

1510 жылы Мұхаммед Шайбани Мервте өледі.

XVI ғасырдың аяғына қарай Қасым хан Қазақ хандығының жерін ұлғайтады.

XVII ғасырдағы Қазақ хандығы. XVI ғасырдың аяғына қарай Жетісу жерлері, Сырдария бойындағы көптеген қалалар, бұрынғы Ноғай Ордасының құрамында болған жерлер Қазақ хандығының қарамағына қосылады. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының халық саны 1 млн-ға жеткен. Қасым хан қазақтың құқықтық тарихының 5 бөлімінен тұратын белгілі «Қасқа жол» заңдар жинағын шығарған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы Ресей патшалығымен, Сібірмен т. б. елдермен байланыс орнатады. Қазақ хандығының Қасымнан кейінгі билігі Мамаштың қолына тиді.

1523 жылы хан тағына Тақыр отырды. Тақырдың кезінде Қазақ хандығы біраз жерлерінен айырылды.

1533 жылы хан тағына Бұйдаш отырғанда да, Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары жақсарған жоқ.

1534 жылы хан тағына Қожа Махмұд, 1535 жылы Тоғым хан отырды.

1537 жылы хан тағына Қасымның баласы Хақназар (1537–1580) отырды. Хақназар ең алдымен Жайық маңын, Түркістан жерлерін басып алды.

1580 жылы хан тағына Шығай отырды.

1582 жылы Шығайдың баласы Тәуекел хан болды. 1586 жылы Тәуекел Түркістанды басып алды. 1598 жылы Тәуекел хан інісі Есім сұлтанмен қазақ қолы Мәуереннахрға кіріп, Самарқанды басып алады. 1598 жылы Ташкентте Тәуекел хан қайтыс болады.

1598 жылы Есім хан болды. Есімнің інісі Тұрсын Есім ханға бағынбай, Түркістанды жеке биледі.

1627 жылы Есім хан Тұрсынды өлтіреді. Есім хан Қазақ хандығының аумағын кеңейту бағытында үлкен үлес қосты. Мемлекет билігін, құқықтық жүйені реттеуде Есім ханның «Ескі жолы» аталған заңдар жинағы елеулі рөл атқарды.

1628 Есім хан қайтыс болады. 1629 жылы хан тағына Есім ханның баласы Жәңгір отырады. Ол қазақ тарихында «Салқам Жәңгір» деген атқа ие болды.

1643 жылы Салқам Жәңгір 600 сарбазбен ойраттың 50000-дық әскеріне қарсы шығып, жеңіске жетеді. Бұл соғыста Жәңгір ханға Жалаңтөс көмекке келеді. 1652 жылы ойраттарға қарсы ұйымдастырылған шайқаста Жәңгір қайтыс болады. Біраз уақыт бойы қазақ хандығының билігі сұлтандардың қолында болады.

1680 жылы хан тағына Әз-Тәуке отырады. Әз-Тәуке хандық билікті билерге сүйеніп жүргізеді. Билердің көмегімен «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарады.

Тәуке хан кезінде Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болады. 1718 жылы Әз-Тәуке қайтыс болады.

Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы (1512–1521 жж.)

Қазақ хандығы ең жоғарғы қуаттылығына XVI ғ. бірінші ширегінде, Қасым хан тұсында жетті. Қасым Әз Жәнібектің ұлы, анасы Жағанбегім – Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмуд сұлтанның анасының сіңлісі.

Қасым хандығына Ақ Орда иеліктері, көшпелі ноғайлықтар, шығыстағы түрік тайпалары, дулат, үйсін, қаңлы және Моғолстанның батысындағы тайпалар енді. Қасым хан ел бірлігі және қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін белсене күресті.

Аумағы: Жайық өзені, Сырдария, Ұлытау, Балқаш көлі, Жетісудың бір бөлігі, Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендері. Астанасы – Түркістан.

Қасым хан тұсындағы хандықтың алғашқы әкімшілік, сауда-экономикалық орталығы – Сығанақ.

Қасым ханның басты мақсаты: Сыр бойындағы қалаларды қайтадан өз иелігіне қосып алу.

Ол бүкіл Дешті Қыпшақтың ханына айналды. Қырғыздарға билігі жүрген жоқ.

Соғыс жорықтары:

1503, 1505, 1506 жылдары – Шайбани хан қазақ жеріне тонаушылық жорықтар жасады.

1509 жыл – Қараталға шабуылдап, тонады.

1510 жыл – Мұхаммед Шайбани Сығанаққа шабуыл жасап, жеңіліп Самарқанға қашты.

1510 ж. аяғы – Мұхаммед Шайбани Мерв түбіндегі Хорасанда Иран шахымен болған шайқаста қаза тапты.

Сырдарияда берік орнығу үшін Қасым хан Орта Азиядағы саяси жағдайды тиімді пайдаланды.

1513 жыл – Қасым хан Сайрамды алды.

1513 жыл – Бабырдың ізбасары Қаттабекпен одақ жасасып, Ташкент билеушісі Сүйініш қожаға соғыс ашты.

Ташкент түбінде қасым хан жараланып, Сайрамға шегінді.

1513 жыл – Моғолстан ханы Сұлтан Сайдпен одақтас болып, Ташкентке бірігіп жорық жасауға келісті. Алайда қыстың таяп қалғандығына байланысты, бұл жорық кейінге қалдырылды.

1514 жыл Сұлтан Саид Шығыс Түркістанға кеткен соң қазақ ханының Жетісудағы билігі нығайды.

Ноғай Ордасындағы саяси дағдарысқа байланысты көптеген ру мен тайпа Қасым хандығына көшіп келді.

Моңғол шапқыншылығынан кейін тұңғыш рет барлық дерлік қазақ рулары мен тайпалары бір мемлекетке бірікті.

Қазақ хандығындағы халық саны 1 млн. жетті. Алғаш рет орыс мемлекетімен (Василий III, 1505–1533 жж.) дипломатиялық қатынас орнатылды.

Қасым хан әдет-ғұрыптарды бір жүйеге келтіріп, алғаш рет заңдар жинағы «Қасым ханның қасқа жолын» шығарды. Заң 5 бөлімнен тұрады:

Қасым билігінің соңғы кезеңдері тыныштық заман болды. Ол халыққа хан билігін мойындата отырып, ел бірлігін сақтай білді. Сауран қаласы сауда орталығына айналды. Орта Азиямен, Еділ бойындағы елдермен, Батыс Сібір хандығымен, Ресеймен сауда, дипломатиялық байланыс жасады.

Қасым хан тұсында қазақтар Орта азия мен Шығыс Еуропаға белгілі болған.

Хақназар хан тұсындағы Қазақ хандығы (1538–1580 жж.)

Қасым ханнан кейінгі тартыстан әлсіреген хандықты қайтадан нығайтып, біріктіруге Хақназар хан (Қасымның баласы, 1538–1580 жж.) әрекет жасады.

Негізгі мақсаты: Қасым хан кезіндегі иелікті қалпына келтіру. Аумағы: Сырдария, Арал маңы, Жетісу, Жайықтың сол жағалауы.

Хақназар сыртқы саясатын Ноғай Ордасынан бастады. Жайықтың сол жағалауындағы ноғайлар Қазақ ханының билігіне өтті.

1550–1560 жж. — Моғол ханы Абдар Рашид Жетісу мен Ыстықкөл маңындағы жерлерді басып алу мақсатымен шабуылдады.

Моғолстанға қарсы қазақ-қырғыз соғыс одағы құрылды. Деректерде Хақназарды «қазақтар мен қырғыздардың ханы» деп атайды.

1560 жыл – моғолдар қазақ-қырғыз соғыс одағын жеңді.

Моғолстанға қарсы соғыстағы сәтсіздік және ойраттардың шапқыншылығы салдарынан Хақназардың Жетісудағы иелігі азая берді.

1570 жылдың аяғы – Жетісудың батысы, Шу, талас өңірі оның билігінде болды.

Хақназар хан тұсында орыс мемлекетімен саяси және сауда қатынастары дамыды. Орыс елшілері:

1569 жылы Семен Мальцев;

1573 жылы Третьяк Чебуков қазақ хандығы туралы көптеген мәліметтер қалдырды (IV Иван тұсында).

Хақназар хан өзін «патша, әрі ұлы князьбен татумын» деп санады.

Сібір хандығын 1563 жылдан бастап билеген шайбан әулетінен шыққан Көшім хан Қазақ хандығына қарсы дұшпандық әрекетте болды.

1573 жыл – Қазақ хандығына жіберілген Мәскеу елшісі Т. Чебуков Көшімнің бұйрығымен ұсталды.

Осы кездегі саяси жағдайдың ауырлығы Хақназар ханды Мәуереннахрдағы Шайбани әулетінен одақтас іздеуге итермеледі.

II Абдаллах (1538–1598 жж.) пен Хақназар хан арасында бейбіт қатынаста болу туралы шарт жасалды.

Бұл қатынас нәтижесі:

Сыр бойындағы қалаларға орнығып алуға ұмтылған Хақназар хан, 1570 жылдың аяғында Абдаллахтың қарамағынан бөлініп шыққысы келген Баба сұлтанның әркетін пайдаланды. Ол қарсыластар арасында шебер жол тауып, бірде бір жағын, бірде екінші жағын қолдап отырды. Нәтижесінде:

Абдаллах хан Түркістан өңіріндегі қалаларды Қазақ хандығына берді.

Баба сұлтан Йасы, Сауранды Хақназарға сыйлады.

1579 ж. II жартысы – қазақ билеушісінің Абдаллах жағында екенін байқаған Баба сұлтан келіссөз жүргізуге келген Жалым сұлтанды, оның балалары мен Хақназардың екі баласын өлтірді (1579 ж.)

1580 жыл – Баба сұлтанның тыңшысы Хақназарды өлтірді.

Хақназар хан саясатының маңызы:

  1. Хандықтың аумағының кеңеюі.
  2. Жеке дербес мемлекет ретінде танымал болуы.
  3. Хан билігінің күшеюі.
  4. Ішкі саяси және шаруашылық өмірдің тұрақтылығы.

Жоңғар мемлекетінің құрылуы және оның қазақ жеріне шапқыншылығы

Қазақ халқына мәңгі жойылып, құрып кету қаупін төндірген жау – жоңғарлар еді.

XVII ғасырдың бірінші жартысында ойраттар мен қазақтардың арасындағы әскери қақтығыстар жиілей түсті. Ойрат феодалдарының Шығыс Моңғолияға қарсы жүргізген соғыстары олардың күшін нығайтты. XVI ғасырдың аяқ шенінде ойраттар төрт тайпалық бірлестіктен құралды. Олар: Тарбағатайдан Шығысқа қарай өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғарғы ағысын бойлай қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының төңірегіндегі хошоуыттар және Іле өзенінің жоғарғы жағындағы шоростар еді.

Қазақ және ойрат әміршілерінің арасында жайылымдық жерлер үшін қақтығыстар XV ғасырда басталған болатын. XVI ғасырдың аяғында ойраттардың шағын бір бөлігі сәтсіз шабуылдан кейін қазақ ханы Тәуекелге бағынышты болып шықты. 1635 жылы қонтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Осыдан соң, егер XVI ғасырдың аяғында XVII ғасырдың басында қазақ хандығына бытыраңқы ойрат тайпалары қарсы болса, XVII ғасырдың екінші ширегінде күштердің ара салмағы жоңғар тайпаларының пайдасына өзгере бастады. Қазақ-жоңғар қатынастары, әсіресе Батур-қонтайшы (1634–1654 жж.) билік құрған кезде ерекше шиеленісе түсті. Одан кейін Ғалдан-Бошакту (1670–1697 жж.) билеген кезде, оның мұрагері Цеван-Рабтан (1697–1727 жж.) өкімет басына келгенде қазақ-қалмақ қатынастары қатты шиеленісіп кетті. 1698 жылы ойраттар мен қазақ хандары арасындағы қарулы қақтығыстардың жаңа кезеңі басталды. Жоңғарлардың әскер басшылары маңызды сауда жолдары өтетін және ірі сауда орталықтары орналасқан Оңтүстік Қазақстан жерін басып алуды көздеді.

1710–1711 жылдары жоңғарлар қазақ жеріне басып кіріп, қырғын соғыс жүргізді. 1717 жылы жазда Аякөз өзенінің жағасында қазақтардың 30 мың жасағын талқандап жеңді.

1718 жылы Тәуке хан өліп, билік оның баласы Болат ханға өткен тұста қалмақтардың қазақ жерлеріне жорығы күшейді. Бұл жорықтардың табысты болуына шведтің артиллерия сержанты Иоганн Густав Ренаттың тигізген әсері үлкен. 1709 жылы Полтава түбінде орыстардың қолына түскен Ренат Тобыл қаласына айдалады, осында Ертістің бойымен жоғары өрлеп бара жатқан Бухгольцтың экспедициясы құрамында Кереку қаласының маңында 1715 жылы қыста ол қалмақтарға тұтқынға түседі. 1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болған ол қалмақтарды темір балқытып, зеңбірек жасауға, оның оғын дайындауға, тіпті баспахана жасап, әріп құюға үйретеді. Ренаттың көмегімен зеңбірек атыс жарақтарын жасап, жүз мыңнан астам әскер құрап, қалмақтар қазақтарға қарсы соғысқа дайындалып жатқанда қазақтар жағы олардан қауіп күтпей, ішкі талас-тартыспен жүрген болатын. Бұл тұста қазақтар мен қалмақтардың шекарасы Ертіс өзені, Балқаш көлі, Шу, Талас өзендерінің аралығымен өтетін.

1723 жылдың көктемінде жоңғарлар шешуші жорыққа шықты. Мол әскер жинап, толық қаруландырып, оның қолбасшылығына Шуно Дабо деген қалмақ баһадүрін тағайындады. Оның тактикалық жоспары бойынша қалмақ әскерлері стратегиялық екі бағытта қимыл жасауға тиісті болды. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен Талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт – қазақтарға ес жиғызбай соққы беріп, Шыршық өзенінің қойнауына жету еді. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды. Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзенінің бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағындағы Кетпен тауының баурайына орналасты.

Сөйтіп, Алатау баурайын жайлаған қаннен-қаперсіз отырған қалың елге шабуылға шыққан қалмақ әскерлері қазақтардың қанын судай ағызды. Еркек кіндікті адамдарды қырып, әйелдерді, қыздарды байлап-матап алып кетті. Бейғам отырған ел басқыншыларға ешқандай қарсылық көрсете алмады. Ұлы жүз бен Орта жүздің қазақтары Самарқанд пен Ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұқараға ағылды. Босқындардың біразы Алакөл маңына келіп паналады. Бұл кезеңді қазақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады. Яғни, қазақтардың табаны ағарғанша шұбырып, Алқакөлге жетіп азап пен аштықтан сұлаған жерлер еді дейді. Осы ауыр жылдарда шыққан қазақтың қаралы ды қайғылы, ән ұраны сияқты «Елім-ай» әні еді. Мұнан үш жүз жылға жуық уақыт бұрын шығарылған осы өлеңмен оның әні қазақтың басына түскен сол бір ауыр күндердің өшпес ескерткіші.

«Жеті жарғы»

Жеті жарғы – Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырдағы кейбір хан, сұлтандардың өз иеліктеріндегі ұлыстарды жеке-дара билеуге ұмтылушылығы Қазақ хандығының ыдырау қаупін тудыруына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдар мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығы қабылданды. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары XX ғ. басына дейін қолданылып келді. Жеті жарғы қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Жеті жарғының толық нұсқасы сақталмаған. Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады.

  1. «Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін». Яғни қарапайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, я болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны одан жеті есе көп;
  2. «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін». Сонымен қатар, қоғамдағы тұрмыстық және адамгершілік қатынастарды құқықтық тұрғыдан жетілдіре түскен.
  3. «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек ат-тон айып тартады»
  4. «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады».
  5. «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, ауылды айналдыру керек»
  6. «Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі»
  7. «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».

Осы соңғы өзгерістермен қатар жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдет-ғұрып заңдары Жеті жарғыда көрініс тапты.

Қазақ халқының қалыптасуы

Қазақ халқының этникалық қалыптасуы алғашқы қауымдық құрылыстың ыдыраған кезінен басталады. Этнос – тарихи жағдайда қалыптасқан тілі, салт-дәстүрі, тұрмысы ортақ, басқалардан бөлектенген адамдар тобы. Кейбір жазба деректерде «қазақ» сөзі ескі түрік тіліндегі «еркін адамдар» ұғымын білдіретінін айтады. Тағы бір деректерде сақ, хазар тайпаларының атынан шыққаны айтылады.

XV ғасырдағы Шайбани Әбілқайыр хандығындағы, яғни Дешті-Қыпшақтағы көшпелі халықтардың этникалық бірігу процесі тез жүрді. XV ғасырдың ортасына қарай Әбілқайыр ықпалы әлсіреді. Оған қарсы шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар артына көп халықты ертіп, Жетісуға көшті. Міне, осы Керей мен Жәнібектің артынан ерген және осы хандардың билігіне қараған бұрынғы Шайбани хандығындағы халықтар қазақтар деп аталды. Қазақ халқының құрамына арғын, найман, дулат, керей, үйсін, қаңлы, қыпшақ, алшын, қоңырат, жалайыр, уақ тайпалары кірді. Бұл тайпалардың тілі қазақ тілі болды. Нәсілдік белгілері – моңғолоидтік.

Қазақ жүздері

Жаңадан қалыптасқан қазақ халқы Қазақстан жеріне түгелдей қоныстанды. Қазақ халқы мекендеген бұл жерлерде 3 түрлі шаруашылық аймақ қалыптасты. Осыған байланысты сол өңірлерде мекендеген халықтар үш жүзге бөлінді:

  1. Ұлы жүз
    Мекендеген өңірлері: Оңтүстік Қазақстан, Жетісу (Іле, Шу, Талас өзендерінің бойы).
    Тайпалар: дулат, албан, үйсін, қаңлы, суан, жалайыр, шапырашты, сіргелі. Ұлы жүзді Ақарыс деп те атайды.
  2. Орта жүз
    Мекендеген өңірлері: Орталық және Шығыс Қазақстан (Ертіс, Есіл, Нұра, Тобыл, Сарысу өзендерінің бойы).
    Тайпалар: арғын, найман, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат.
    Орта жүзді Бекарыс деп те атайды.
  3. Кіші жүз
    Мекендеген өңірлері: Батыс Қазақстан, Сырдарияның төменгі ағысы (Орал, Ырғыз, Торғай, Еділ өзендерінің бойы)
    Тайпалар: табын, адай, шөмекей, жағалбайлы, алшын, шекті, төртқара, тама, серкеш т. б.
    Кіші жүзді кейде Жанарыс деп атайды.

XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының әлеуметтік- экономикалық және мәдени дамуы

Қазақ қоғамын әлуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеуметтік шығу тегі алынды. Жоғары аристократтық топ — ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері: хандар, сұлтандар, оғландар немесе төрелер, билер, бектер сондай-ақ, қожалар жатты. Шыңғыс әулеттері қазақ рулары мен тайпаларының ешқайсысына жатпайтын, олар қоғамның басқарушы тобын құрады. Ал бүкіл өзге халық әл-ауқаттылық жағдайына қарамастан төменгі топқа — қара сүйекке жатқызылды. Қарапайым халық қатарына – шаруалар, малшылар, егіншілер мен қолөнершілер, жатақтар мен қала халықтары, ұсақ саудагерлер мен ауыл адамдары кірді.

Хан өзінің қасынан ұлыс сұлтандары мен көшпелі тайпалар көсемдерінің кеңесін құрды. Олар хандық әмірінің соғыс, дипломатиялық мәселелерін, территориялық дау-жанжалдарды және т. б. шешу үшін жыл бойы құрылтайға жиналып отырды. Мемлекеттік басқару жүйесі әдеттегі құқыққа (адат) негізделді. Адатпен бірге мұсылмандық құқық нормалары XVII ғасырдың соңында, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» деген атпен бірыңғай жинақ түрінде жүйеленіп, толықтырылған болатын.

Саяси-әкімшілік құрылысы

XVII ғасырдың аяғында Қазақстан аймағында бірнеше феодалдық мемлекеттер, яғни хандықтар құрылды. Бұл кезде қазақ қауымы үш жүзге бөлінді. Үш жүздің халқы Қазақ хандығына бағынды. Үш жүзді билеген қазақ ханы «Ұлы хан» болды. Жүздерді кіші хандар, ұлыстарды сұлтандар, ру-тайпаларды билер, ру басылары, ал ауылдарды ауыл ағалары басқарды.

Қазақ хандары мұрагерлік жолмен сайланды. Хан өлсе орнына үлкен ұлы отырды. Ер жеткен баласы болмаған жағдайда аға-інілері, немесе олардың балалары сайланды. Бірақ хан мұрагерлерінің таққа отыруы сұлтандар мен ру-тайпа басшыларының құрылтайында, яғни «хан көтеру» деп аталатын сайлаудан өтуге тиісті болды. Жиында хан болуға лайықты адамды ақ киізге отырғызып, үш рет хан көтеріп, «хан атасы» болған беделді адамның батасын алғаннан кейін, ресми заңды хан тағына отырған.

Шаруашылықтың дамуы.

а) Шаруашылығы

XVI-XVII ғасырларда қазақтарда шаруашылықтың үш саласы анық байқалады:

  1. Көшпелі
  2. Жартылай көшпелі
  3. Отырықшы

Малдың негізгі түлігі – қой, жылқы, түйе. Ірі қара аз болып, негізінен отырықшы аймақтарда өсірілді. Көшпелі шаруашылық малды маусымға қарай жаю тәжірибесін туғызды. Маусымды жайылым 4 кезеңге бөлінді:

Көктеу – көктемгі көш, малдың төлдеу мерзіміне сәйкес келеді.

Жайлау – жазғы көш, мамыр айының басында басталады.

Күзеу – кұзгі көш, суық басталысымен көшеді.

Қыстау – қысқы көш, қарашаның ақырғы күндері қар жауып, мұз қата бастағанда көшеді.

Егіншілік Сырдарияның орта саласы мен Жетісуда, Ертіс бойы мен Зайсан көлі маңында дамыды. Отырар, Түркістан, Сауран алқаптарындағы егістік жерлерді құбырлар арқылы суарып отырған.

Малынан айрылып, көшуге мүмкіншілігі болмаған кедейлер егіншілікпен айналысқан,. Оларды жатақтар деп атаған. Қазақтар аңшылықпен, үй кәсіпшілігімен, қолөнермен айналысқан. Көшпелілер үй кәсібінде мал шаруашылғы шикізаттарын өңдеумен айналысты.

ә) Сауда. Ақша түрлері

Қазақ хандығының Орта Азия, Шығыс Түркістан, Орыс мемлекеттерімен сауда қатынасы дамыған. Ұсақ ақша саудасы қалпына келтіріліп, күміс жалатылған мыс дирхемдер негізгі айналым құралы болды. Отырарда ұсақ тиындар қызметін атқарған мыс фельстер соғылды.

XV ғасырдың екінші ширегі – Ұлықбек ақша реформасын жүргізіп, мыс теңгелерге тыйым салынып, оларды жоғары сапалы мыс динармен ауыстырды.

XVI ғасырдың бірінші жартысы – Оңтүстік Қазақстандағы ақша айналымында Темір мен Шайбан ұрпақтары шығарған мыс теңгелер пайдаланылды.

XVI ғасырдың ортасы – Қазақстан қалаларына ортаазиялық мыс теңгелердің ағыны азайып, Ташкентте, Йассыда соғылған мыс теңгелер келе бастады.

Отырарда ішкі айналымға арналған жазусыз мыс теңгелер шығарылды. Күміс теңгелер ірі халықаралық саудада қолданылды.

XVI-XVII ғасырларда соғылған мыс теңгелерге хандардың есімдері жазылған.

XVII ғасыр – Отырарда ақша шығаруда құлдырау кезеңі басталып, теңгелер Түркістан мен Ташкентте соғылды.

XVII ғасырда Оңтүстік Қазақстан қалаларындағы ақша айналымы теңге емес, жуан сымнан кесіп алу арқылы жасалған шағын мыс кесектер түріндегі ақшаның болуымен ерекшеленеді.

б) Қалалар

XV ғасырдың бірінші жартысы — XVII ғасырдың басында – Қазақстан қалаларының саны 23-ке дейін азайып кетті. Рабадтар бос қалып, қала халқы бекініс қамалы бар орталыққа шоғырланды. XVI-XVII ғасырларда аймақтың саяси және экономикалық өміріндегі басшылық рөлі Сырдарияның солтүстік жағалауындағы Аркөк, Аққорған, Құтжан, Үзгент қалаларына ауысты. Қаратаудың солтүстігіндегі басты қала – Созақ. Түркістан – Оңтүстік Қазақстанның басты қаласы.

XVI-XVII ғасырлар – Қазақстанда 70 мыңдай қала халқы болған.

Сығанақ – Шығыс Дешті-Қыпшақ үшін «сауда аймағы», Қасым хандығының ордасы. XVI-XVII ғғ. қазақ хандығының астанасы, діни орталық. Сырдария бойындағы көшпелі даламен шектесіп жатқан шеткі қала.

Отырар – Оңтүстік Қазақстан жеріндегі ірі сауда-өнеркәсіп орталығы. XVI ғасырда Түркістандағы Шайбан әулетінің мекені. VIII ғасырдың басынан Тарбанд атымен белгілі қала. Деректерде: Тұрарбанд, Тұрар, Фараб. V-XV ғғ. Арал бойындағы көшпелілермен сауда жүргізетін орталық болған. Ерзен хан қалада мешіт-медреселер салдырған.

Сауран – XVI ғасырдағы мұнаралы, биік қамал қабырғалы, терең ор қазылған қорғаныс жүйесі. Оның тербеліп тұратын мұнаралары болған. Сауран қаласы үшін Өзбек пен Қазақ хандығының арасында І ғасырға созылған шайқас болды. XVI ғасырда Қазақ хандығына түпкілікті өтті. Тәуекел хан тұсында – берік қамал, ірі сауда орталығы.

Сайрам – мықты бекініс, ірі сауда-өнеркәсіп орталығы. Мәуереннахрдан Түркістан мен Жетісуға шығатын сауда және әскери жолдардың торабына орналасқан қала. Сайрам XVI-XVII ғғ. Қазақ хандығының қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық өмірінде басты орын алды.

Созақ – ірі бекініс, сауда және өнеркәсіп орталығы. Қазақ хандығы билеушілерінің басты тірегі, әскери бақылау орталығы.

Йасы (Түркістан XIV ғ.) — XVII ғ. екінші жартысында Қазақ хандығына өтті. Есім хан тұсында астана болды. Керуен сауда жолы Түркістанды басып өтті.

XVI-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының мәдениеті

Қазақ халқының тіршілік-тұрмысында қолөнер кәсібі үлкен маңызды орын алды. Өйткені мал шаруашылығы немесе егіншіліктің дамуы қолөнер кәсіпшілігімен тікелей байланысты болды. Мал шаруашылығы үшін ер-тұрман, ат әбзелдері, малды ұстайтын, байлайтын жабдықтар, егіншілік үшін жер жыртатын және тырмалайтын, астықты жинайтын және өңдейтін құралдар т. б. қолөнершілердің еңбегімен дайындалды. Бұл кездегі қазақтың қолөнер кәсіпшілігі қарабайыр шаруашылық еді. Үйде істелетін кәсіп бұйымдардың көпшілігі тауарға айналмайтын, өндірушінің өз отбасын ғана қанағаттандыруға пайдаланылатын. Халық өнері, әсіресе, киіз үйдің жабдықтарын, жиһаздарын жасауда ерекше өрістеді.

Бұл кезде оңтүстік Қазақстан қалаларының, Орта Азиямен, Шығыс Түркістанмен, Орыс мемлекетімен сауда-саттық байланысы жанданды. Осының арқасында көшіп-қонушы және отырықшы халық топтарының экономикалық, мәдени-әлеуметтік қарым-қатынасы кеңейе түсті. XVI-XVIII ғасырларда «Ұлы жібек жолы» бойында орналасқан Сығанақ, Сауран, Отырар, Түркістан, Сайрам, Жент т. б. қалалардың тездеп өркендеуі, қазақ халқының біртұтас ел болуына, жеке хандық құрып нығаюына үлкен әсерін тигізді. Түркістан, Отырар, Тараз, Сайрам және тағы басқа қалалардан табылған күміс теңгелер мен мыс ақшалар Қазақ хандығы тұсында сауда-саттық өркендеп, ақша айналымы дамығандығын көрсетеді.

Сығанақ пен Сауранның, Ясы мен Отырардың архитектуралық комплекстері, Жәнібек пен Қасымның Сарайшықтағы, Қазанғаптың Ұлытау жеріндегі кесенелері, Маңғыстаудағы, Сырдария алқаптарындағы және Қаратау қойнауларындағы мазарлар өзіндік сәулет-сипатымен, архитектуралық формаларының жинақылық әрі айқыншылығымен ерекшеленді.

Ұлан байтақ кең далада мал бағып, күндерін табиғат құшағында мал өрісінде, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, әлемдегі табиғат құбылыстарын үнемі бақылап отырған. Осы бақылаудың нәтижесінде халықтың көпжылдық тәжірибелері қорытылып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен білімдер жинақталған. Және оның негізінде байырғы қазақ күнтізбесі қалыптасты. Қазақ халқы аспан әлемін бақылау арқылы «құс жолы», «құйрықты жұлдыз», «ақпа жұлдыз» және «кемпірқосақ» жайында ұғымын кеңейтті.

XVI-XVII ғасырларда қазақтар арасында ислам діні кеңінен тарады. Оны таратуда Сығанақ, Түркістан, Хорезм, Бұхара, Самарқанд сияқты қалалар айрықша рөл атқарды. Ислам діні көшпелі халық арасында терең тамыр жайған жоқ. Оған себеп қақтығыстар, соғыстар және түрлі саяси қарама-қайшылықтар еді. Сондықтан халықтың әсіресе көшпелі бөлігі ислам дінін көпке дейін қабылдамай, тәңірге, күнге, аспанға, жерге, суға табынуға негізделген нанымды ұстады. Қазақтар өмірінде отты қасиеттеу үлкен рөл атқарды.

XVI-XVIII ғасырларда қазақ халқының арасында тақырыбы мен жанры жағынан алуан түрлі ауыз әдебиеті кең өріс алды. Қазақ халқының поэзиясында жыраулардың орны ерекше бағаланды. Жыр толғауларында қанатты сөздер, ғибратты нақылдар кең орын алды. Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары – Шалкиіз (XV ғ.), Доспамбет (XVI ғ.), Жиембет (XVII), т. б. жыраулар.

Қазақтың батырлар жыры эпосқа тән аңыз сияқтанғанымен, олардың бәрі дерлік тарихи оқиғаларға құрылған. Мәселен, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық дастандары да («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» т. б.) феодалдық-рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді.

Бұл кезде Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы мен халық өмірінің ерекше жағдайларын өзіндік өзгешелігімен қамтитын қоғамдық уклад «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар негізінен XVI-XVIII ғасырларда қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен ғана айналысқан жоқ. Билер хан кеңесінің мүшелері болып, мемлекеттік істерге белсене араласты. Сонымен бірге атақты билер тайпалар мен рулардың басшылары болып, ел басқарды, жиындарда солардың атынан сөз сөйлеп, айтыс-тартыстар кезінде олардың мүдделерін қорғады.

Қазақтың атақты билері поэтикалық таланты зор және суырып салма айту мен шешендік сөз арқылы өзара айтыстың тамаша шеберлері болған. XVI-XVIIIғасырларда би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күшімен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663–1756), Қазыбек Келдібекұлы (1665–1765), және Әйтеке Байбекұлы (1682–1766) ерекше орын алды. Олар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Хиуада, Жоңғария мен Қытай империясында танымал болған.

Бұл кезде қазақ тіліндегі жазба әдебиеттері діни және аңыздық мазмұндағы кітаптар түрінде таралды, сондай-ақ тарихи шығармалар мен рулар тарихы (шежіре) жасалды. Олардың ішінен Захир-ад-дин Бабырдың «Бабырнамасын», Камалад-дин Бинайдың «Шайбани-намесін», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиін», Қожамқұл бек Бахидің «Тарих-и-Қыпшағын», Қадырғали «Жами-ат-таварихын» және басқа да шығармаларды арнайы бөліп көрсетуге болады.

Бұл кезде Қазақ хандығы көршілес мемлекеттермен, Орта және Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз араласып отырды. Мұның өзі араб-мұсылман мәдениеті мен ғылымының таралуына әсерін тигізді. Қазақ жерінде мектептер мен медреселер ашылып, оларда оқу араб-парсы және түрік тілдерінде жүргізілді. Қазақтар жазуда араб әліп-биін тұтынды. Мектептер мен медреселерде ғылымның әр түрлі салалары "дін ілімі, математика, логика, философия) бойынша білім беріліп, Шығыстың ұлы ақындарының классикалық туындыларымен таныстырылды. Мұның бәрі қазақ халқының жалпы дамуына, бүкіл қоғамның рухани өмірі мен мәдениетіне игі ықпал жасады.

Сонымен, XVI-XVIII ғасырларда Қазақ қоғамында шаруашылықтың және мәдениеттің дамуында елеулі ілгерілеушілік орын алды. Оның басты себебі, қазақ халқының біртұтас мемлекетке бірігуімен байланысты еді.

Кіші жүздің Ресей империясының құрамына енуі

Қазақ елінің ауыр сыртқы жағдайын Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының қолдауы арқылы шешпекші болды. Әбілқайыр ханның мақсаттыры:

  1. Қалмақтар мен башқұрттардың Қазақ жерін шабуылдауын тоқтату.
  2. Петербург билеушілеріне арқа сүйеп, аға хандыққа таласта қарсыластарын жеңу.
  3. Жайықтың төменгі ағысы, Есіл, Ертіс, Ор өзендері бойындағы қазақтардың мал жайылымдары үшін бейбіт өмірді сақтау.
  4. Қазақ жері арқылы өтетін керуен жолдарының қауіпсіздігін қалпына келтіру.
  5. Ең басты мақсаты – жоңғарларға қарсы күресте Ресеймен байланыс орнату.

Әбілқайыр хан 1726 жылы Ресей империясының құрамына кіруге өтініш білдіріп, елшілерін жіберген болатын. Бірақ елшілікке күмәнданған патша үкіметі хан ұсынысын жауапсыз қалдырған. Кіші жүз ақсүйектерінің талабы: Ресеймен әскери одақ құру.

Әбілқайыр хан талабы: Ресейдің құрамына кіру.

1730 жылғы қыркүйек – Петербургке аттанған елшілері Сейітқұл Қойдағұлұлы, Құтлымбет Қоштайұлына Ресейдің құрамына кіру туралы құжат тапсырды.

1731 жылғы 19 ақпан – Кіші жүзді империя құрамына қабылдау туралы хан ұсынысын императрица Анна Иоанновна қабылдады.

Кіші жүз ақсүйектері мен Әбілқайырдан ант қабылдау үшін Ресейден сыртқы істер коллегиясының тілмәші, дипломат А. И. Тевкелев бастаған елшілік жіберілді.

1731 жылы қазанда орыс елшілері Ырғыз өзені бойындағы Әбілқайыр ордасына келгенде, қазақ ақсүйектері арасында алауыздық бар екені анықталды. Барақ сұлтан, Бөгенбай батыр топтары Кіші жүзді Ресейге қосу жөніндегі шараларды аяқсыз қалдыруға тырысқанмен, бұл қарсылық сәтсіз аяқталды.

1731 жылғы 10 қазан – Кіші жүздің 29 старшыны Ресейдің қол астына кіруге ант берді.

Кіші жүздің Хиуа хандығымен, қарақалпақтармен шектесіп жатқан аудандары Ресей империясына қосылмады. Орыс үкіметі Қазақ өлкесі жөнінде отаршылдық саясат ұстанып, 1714–1720 жылдары бекіністер тұрғызған болатын: Жәміш, Омбы, Колбасинск, Железинск, Семей, Коряков (Кереку), Өскемен.

Патша үкіметінің мақсаты – қазақ-жоңғар соғысын пайдаланып, бекіністер салу арқылы Қазақ өлкесін біртіндеп жаулап алу.

Патша үкіметі Жайық бойына бекіністер тұрғызып, егін шаруашылығына қолайлы өңірлерді басып алып, орыс помещиктеріне, казак-орыс қоныстанушыларына таратып беру саясатын ашық жүргізе бастады.

Жаңадан қосылған қазақ жерлеріндегі шептерін нығайту мақсатында Ресей үкіметі 1734 жылы мамырда Сенаттың хатшысы И. К. Кириллов басқарған экспедиция жабдықтады:

Саяси жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты экспедиция мақсаттары түгел іске аспады.

1735 жыл – Ор өзені бойында Ор бекінісінің негізі қаланды.

Орынбор шекаралық комиссиясының келесі төрағасы И. И. Неплюев (1742 ж.) Орск қалашығын 1743 жылы жаңа жерге көшірді. 1743 жыл – Орынбор қаласының негізі қаланды.

1735–1737 жылдары болған башқұрттардың көтерілістері кезінде Әбілқайырдың башқұрт билеушілерімен бірігіп кетуінен сескенген патша үкіметі екінші рет ант алуды көздеді.

1738 жылғы тамыз – Орынбор комиссиясының басшысы, тарихшы В. Н. Татищев Орынборда қазақ сұлтандарының съезін өткізді.

Кіші жүз бен Орта жүзден барлығы 60-қа жуық старшын Ресейге берілгендігін қуаттап екінші рет ант берді.

1740 жыл – Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның ант беруі саяси жағдайдан туған айла болды. Ресеймен жақындасып, Орта жүзге жасалатын жоңғар шабуылын әлсіретуді көздеді.

1734 жылғы 10 маусым – императрица Анна Иоанновна Ұлы жүзді Ресей құрамына қабылдауға келісімі жөнінде жарлық шығарды.

Абылай хан және оның ішкі және сыртқы саясаты

Абылай хан – (Әбілмансұр, Сабалақ, Абылай сұлтан, Абылай баһадүр) қазақтың белгілі ұлы хандарының бірі. Ол 1711 жылы, кезінде Орта Азияның бірнеше қаласының билеушісі «қанішер Абылайдың» баласы «Көркем Уәлидің» шаңырағында дүниеге келген. Әбілмансұрдың әкесі Уәли Түркістанды билеген кезінде, шайқастардың бірінде қазаға ұшыраған. Жау қолынан туған-туыс, үй іші бірдей қырылады. Ханның сенімді көмекшілерінің арқасында Әбілмансұр аман қалған екен. Осы қырғыннан жас ханзаданы Ораз аталық дейтін адам алып шығып, көшпелі қазақ ішінде жан сақтайды. Абылай өзінің шыққан тегін, өзінің хан тұқымынан екенін жасырып келген.

Үйсін Төле бидің түйесін бағып жүріп, Сабалақ деген ат алады. Төле би үсті-басының тоз-тозы шыққан, шашы өскен оған осы есімді қойған екен-мыс. 1729 жылы жоңғарлармен болған Аңырақай шайқасында Сабалақтың аты шығып, алғаш көзге түседі. 1733 жылы болған соғыстардың бірінде жеңіске жетеді. Сабалақ ортаға «Абылай» деп ұрандатып шығып, қалмақтың батыры Шарышты жекпе-жекте өлтіреді. Қалмақтың қас батырын жеңген Сабалақтың аты қазақ даласына тарап, енді оны «Абылай» деп атап кетеді. Осы шайқастан кейін Абылайдың шыққан тегі мәлім болып, қазақтың ханы Әбілмәмбет «тақ сенікі» деп тағын ұсынған екен. Абылай ресми түрде 1771 жылы, тек Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін ғана таққа отырады. Абылай өз заманының көреген де ақылды саясаткері, жаужүрек батыры, өткір ойлы, дарынды дипломаты болған. Ол сонымен қатар мұсылмандық білім алған, сауатты да айбынды билеуші болған. 1730 жылы Абылай хан көрші елдермен келісімдерге қатысып, қазақтардың барлық әскери жорықтарын басқарады.

1740–1750 жылдары Абылай жоңғарлармен бейбіт келісімге келіп, жоңғарлар қазақтарға Сырдария маңындағы қалаларды қайтарып береді. 60-жылдары ол Ресей және Қытаймен дипломатиялық байланыстар орнатады. Осылайша Абылай қазақтың жерін көршілерінен қорғап қалу саясатын ұстанды. Абылай ханның көреген және шебер дипломатиялық саясатының нәтижесінде XVIII ғасырдағы көшпелі этностардың ішінде қазақтар алдыңғы орынға шықты.

Абылай хан Қазақстанда және одан тысқары жерде дарынды қолбасшы, зерделі саясаткер ретінде танылды. Ол қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдыруды мақсат етті.

1754–1755 жылдары Қытай Жоңғарияны жаулап алып, Қазақстанның шекарасына жақындайды. Қазақтар Абылайдың бастауымен жеңілген жоңғарларға көмек көрсетеді. Олар қалмақтардың соңғы ханы Әмірсананы Қытайға бермей, қайта Қытай әскерлеріне қарсы соғысады (1756 ж.). Қазақ билеушілері Жоңғар мемлекетін сақтап қалуды көздеді, өйткені ол Қазақстан мен қытай арасында өткел ел (буфер) ретінде еді. XVIII ғасырдың екінші жартысында Абылайдың ішкі саясаты орталық билікті нығайтуға бағытталды. Абылай елді ұлыс жүйесімен басқаруды енгізді.

Орталық билікті күшейтуде Абылай ханның жасаған екінші бір шарасы өз дәуіріндегі беделді, талантты жеке тұлғаларға сүйену болды. Абылай ханды XVIII ғасырдағы ұлы жыраулар Бұқар жырау, Үмбетей, Тәтіқара, батырлардан Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, атақты билер Ұлы жүздегі Төле би және Орта жүздегі Қазыбек би мен Кіші жүздегі Әйтеке билер үнемі қолдап отырды.

Абылай ханның көрегендікпен жүргізген ішкі және сыртқы саясаты барысында Қазақ хандығы қуатты, біртұтас мемлекетке айналды.

1781 жылы Абылай хан Түркістанда қайтыс болып, Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде жерленеді.

Қазақ хандығының жойылуы. Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі (1783–1797 жж.)

Көтерілістің себептері мен алғышарттары. 1773–1775 жылдардағы Е. Пугачев басқарған шаруалар соғысына қатысқан қазақтардың негізгі талаптары қанағаттандырылмады;

Қозғаушы күштері. Басты қозғаушы күштер көшпенді қазақ шаруалары болды. Бұлармен қатар патша үкіметінің саясатымен келіспеген үстем тап өкілдері (батырлар, билер) де қатысты. Көтеріліске қатысқан Кіші жүз рулары: жағалбайлы, шекті, беріш, табын, шөмекей, алаш, серкеш, таз, байбақты, алаш, қаракесек, төртқара т. б. Көтерілісті байбақты руының старшыны батыр Сырым Датұлы басқарған.

Көтерілістің барысы. 1783 жылы Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының казак әскерлеріне қарсы көтерілуі басталды.

1784 жылы Сырым Датұлы казактар тұтқынынан босап, көтеріліске ірі қол жинай бастады. Бұл тұтқынға ол 1783 жылы желтоқсан айында түсті. Көтерілісшілер арасында Жантөре сұлтан, Барақ, Тіленші старшындар сияқты үстем тап өкілдері де болды.

1784 жылы Сырым Датұлының қарамағына 1000-ға жуық адам шоғырланды. Патша үкіметі көтерілістің етек алуынан сескеніп, жазалаушы отрядтарды жібере бастады.

1785 жылы 17 ақпанда генерал-майор Смирнов басқарған, казактар мен башқұрттардан құралған 2670-тей адамы бар жазалаушы отряд қарапайым ауылдарды ойрандап, біраз қазақтарды тұтқындады.

1785 жылы Сырым Датұлы басқарған көтерілісшілердің күресі барынша кеңейді.

1785 жылы наурызда Назаров басқарған Жайық казак отрядтары көтерілісшілерге шабуыл жасады. Мұнда екі жақ та нақты нәтижеге жетпеді.

1787 жылы Колпаков пен Пономарев басқарған, 1250 адамнан құралған жазалаушы отрядтар көтерілісшілерге шабуыл жасауға бата алмай, бейбіт ауылдарды ойрандады. Нұралы ханның патша үкіметін жақтауы көтерілісшілердің алдарына Нұралы ханды тақтан тайдыру мақсатын қоюға себеп болды.

1785 жылы Кіші жүздің ақсүйектер тобы Нұралыны тақтан тайдыру үшін құрылтай өткізді.

1786 жылы Нұралы хан Орал бекінісіне қашып барды.

1790 жылы Нұралы Уфада қайтыс болды. Жайық бойындағы казак әскері жасаған озбырлықтары көтерілістің одан әрі өршуіне себеп болды.

1790 жылы тамызда казак әскерінің басшысы Д. Донсков 1500-ге тарта адам мен бейбіт жатқан қазақ ауылдарын ойрандады. Бұл, әрине, қазақтардың қарсылығын тудырды.

1791 жылы Нұралының орнына Кіші жүздің ханы болып Ералы сұлтан сайланды. Бұл жағдай көтерілістің одан әрі кеңеюіне әсер етті.

1792 жылы Сырым Датұлы Ресейге қарсы күресін ашық түрде кеңейтті. Қазақ феодалдарының біраз бөлігі Сырым Датұлын қолдамады. Ал Жантөре сұлтан, Ералы, Барақ, Ілекбай старшындар Сырым Датұлын қолдады. Бірақ осы уақыттан бастап Сырым Датұлы көтерілісінің қарқыны уақытша бәсеңдеді. Оған көтерілісшілердің Елек пен Красногорск бекіністерін алудағы сәтсіздігі себеп болды.

1794 жылы Ералы хан өлді.

1795 жылы Нұралының ұлы Есім хан болып сайланды. Есімнің хан тағына отыруы Сырымның басқарған көтерілісінің қайтадан өрістеуіне себеп болды.

1797 жылы 17 наурызда Сырым басқарған көтерілісшілер хан сарайына шабуыл жасап, Есім ханды өлтірді.

1797 жылы полковник Скворкин Сырым көтерілісшілерін қудалай бастады, бірақ қудалаушылардың алғашқы әрекеттері сәтсіздікпен аяқталып жатты.

Көтерілістің жеңілуі. Есім ханнның өлімінен кейін Кіші жүзде хан сайлау мәселесі тұрды. Ал патша үкіметі Кіші жүздегі хан сайлау мәселесін жүзеге асырмауға тырысты. Бірақ осыған қарамастан, Кіші жүз феодалдары Нұралының баласы Қаратайды хан орнына сайлады.

Осыдан кейін Сырым Датұлы өзіне қарасты халықты артынан ертіп, Сырдарияға қоныс аударды. Ханға, хан кеңесіне қарсы болған Кіші жүздің ықпалды адамдары Сырымның қасына топтасты.

1797 жылы патша үкіметі хандық кеңесті жойып, Кіші жүздегі хандық билікті қалпына келтірді. Хан болып Айшуақ сұлтан бекітілді.

1797 жылы Сырым Хиуа хандығының жеріне қоныс аударды. Себебі бұл кезде Қаратай сұлтан Сырымның қуғындауын жиілеткен еді.

1797 жылы Сырымның Хиуа жеріне өтуі, оның басшылығымен болған көтеріліс те жеңіліспен аяқталды.

1802 жылы Сырым Датұлы Хиуа жерінде қайтыс болды.

Көтерілістің жеңілу себептері

Көтерілістің тарихи маңызы. 1783–1797 жылдардағы Кіші жүздегі шаруалар көтерілісі – XVIII ғасырдағы Жайық бойындағы ірі халықтық қозғалыс. Бұл көтеріліс белгілі бір мөлшерде халықтың патша үкіметіне қарсы көтеріле алатынын дәлелдеді. Көтерілістің дүмпуі біразға дейін басылмады. Бұл көтеріліс патша үкіметі отарлау саясатын ашық жүргізіп отырғанын дәлелдеді.

1801 жылы патша үкіметі қазақтарға Жайықтың оң жағына жайғасуына рұқсат берді. Бұл – Сырым Датұлы басқарған көтеріліс нәтижелерінің бірі.