Жошы хан (1187-1227 ж.ж)

Жошы- Шыңғыс ханның үлкен ұлы, Алтын Орданың негізін салушы, қазақ хандығының арғы атасы. Шешесі-Бөрте. Шыңғыс хан қоңырат тайпасының қызы Бөртеге үйленгеннен кейін меркіттер шабуыл жасап, Бөрте тұтқынға түсіп қалады. Кейін Шыңғыс хан Керей хандығының билеушісі Тоғырыл ханның көмегімен Бөртені тұтқыннан босатып алады. Осыған байланысты Жошыны Шыңғыс ханның баласы емес деген ел арасында сөз тараған. Бірақ Шыңғыс хан өмір бойы Бөртеге де, Жошыға да құрметпен қараған. Жошы жас кезінен аса көрнекті әскери қолбасшы ретінде көзге түсіп, Шыңғыс хан әскерлерінің жорықтарына белсене араласты. Шыңғыс хан керей, найман, меркіт, т. б. Тайпаларды бір оралыққа біріктіргеннен кейін (1206ж), Жошы хан әкесінің тапсырмасы бойынша жеке жасағымен 1207–12 ж. Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Шығыс Түркістанды қоныстанған көптеген тайпаларды бағындырды және 1211–1215 ж. ж. Солтүстік Қытайға жасалған жорыққа қатысты. 1218ж. Көктемде Жошының жасағы Шыңғыс ханға бағынғысы келмеген меркіттердің бір тобын өкшелей қуа отырып, Ырғыз өзені бойында Хорезм шаһы Мұхаммедтің 60 мыңдық әскерімен бетпе-бет кездесті. Әскерлерінің аз екеніне қарамастан Жошы батыл қимылдап, өзінің қолбасшылық дарыны арқасында шайқасты тең аяқтады. Осы шайқастан кейін Мұхаммед шаһ оның әскерлерімен бетпе-бет шайқасудан үнемі қашқақтап, бекініс қамалдарды пайдалануға мәжбүр болды. Келесі жылы Жошы жасағы Жетісудағы барлық қалаларды бағындырып, 1220–1222 жылдары Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Жаркент, т. б. Қалаларды қоршауға алды. Хорезм мемлекеті толығымен жаулап алынғаннан кейін, ол 1223 жылы әкесінің шақыртуымен Сайрам және Талас аралығындағы Құланбасы жазығында өткен құрылтайға қатынасты. Осы құрылтайда Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін үлкен әйелі Бөртеден туған 4 ұлына бөліп береді. Жошыға Ертістен Орал тауларына дейінгі, одан әрі Батысқа қарай бағынған жерлердің бәрі тиесілі болды. Ордасы Ертіс өзені бойында орналасты (қ. Алтын Орда). Құрылтай аяқталғаннан кейін, Шыңғыс ханның басқа балалары әкелерімен бірге мемлекеттің астанасы Қарақорымға қайтқан кезде, Жошы оларға ілеспей өз ордасында қалып қойды. Жошы ұлысының негізін бұрын Дешті Қыпшаққа кірген біріңғай түркі тілдес тайпалар құрылды. Шешесі Бөрте қоңырат қызы болғандықтан, ол өз қол астындағылармен өте жақын қарым-қатынаста болды, әрі ол түркі тайпаларының басын біріктіріп, тәуелсіз саясат жүргізуге тырысты. Сол заманда өмір сүрген шығыс тарихшыларының айтуынша, Жошы күш- қайраты мол, ержүрек, өткір адам болған. Оның іс-әрекеттерін Шыңғыс хан құрған мемлекетке жауыздық деп түсінген тете інісі Шағатай Жошыны үнемі әкесіне жамандап отырған. Баласының ақылдылығы мен ерекше батылдығынан Шыңғыс ханның өзі де сескенетін. Бұл жағдай әке мен бала арасындағы кикілжіңнің басты себебі болды. Жошы әкесінен алты ай бұрын қазаға ұшырады. Оның өлімі жайында халық арасында түрлі аңыз-әңгімелер тараған. Солардың бірінде «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» десе, бір деректерде «жау жағына шығып кетеді деп қауіптеніп, құпия түрде өз әкесі Шыңғыс хан өлтірткен» деп көрсетеді. Жошы Шығыс Еуропаға жорық жасау жоспарын жүзеге асыра алмай дүние салды. Жошының бірнеше әйелдерініен көптеген балалары болған. Солардың ішінде тарихи деректерде кездесетіндері: Орда- Ежен, Бату, Берке, Шибан, т. б. Мазары Жезқазған қаласынан 45 км. Жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан. Жошының өлімі атты тарихи күй бар. Жошының өлімі жөнінде қазақ халқында «Ақсақ құлан, Жошы хан» атты тарихи күй бар. Жошы қазасына байланысты аңыз оқиғасы негізінде «Ақсақ құлан» мультфильмі түсірілген (1968 ж, суретші-мультипликатор Ә. Қайдаров)

Жошы хан

Жошы хан (1187–1227 жж.) – моңғол шапқыншылығынан кейін Қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет — Жошы ұлысының негізін қалаушы, атақты Шыңғыс ханның қоңырат қызы Бөрте бәйбішесінен туған төрт ұлдың үлкені. Ол ересен күшті, ер жүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар адам болған. Ол, алдымен, моңғолдардың басқыншылық әскери жорықтарының бәріне қатысқан аса ірі әскери басшы ретінде танылады.

Жошы Шыңғыс ханның батысқа қарай бағытталған бірқатар шапқыншылық жорықтарын басқарып, Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаларды бағындырып, Жетісу өңіріне жетеді.

1211–1215 жылдары Қытайды жаулау жорығына қатысады. Содан үш жыл өткен соң, Жошы Қыпшақ даласына басып кіріп, Ырғыз даласына жеткенде Хорезм шахтың 60 мың әскерімен шайқасқа түседі. Күш арасалмағының кемдігіне қарамастан, Жошы қолбасшылық дарынымен ерекше көзге түседі. Хорезм шах әскері ашық шайқаста жеңіліп, қала қорғандарына барып тығылады.

Бұдан кейін Жошы Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Аспас, Жаңакент қалаларын алып, арада жыл өткенде Хорезмді бағындырып, Түркістанды иеленді. Келесі жылдың көктемінде Жошы әкеінің шақыруымен Сайрам мен Таластың арасындағы Құланбасы жазығында өткен құрылтайға қатысады.

Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін бөліске салған кезде Жошының еншісіне Ертістен бастап, Орал тауының аралығы және одан арғы батысқа қарайғы жерлер тиеді. Ордасы Ертіс өзенінің бойына орналасады.

Құрылтайдан кейін Шыңғыс ханның басқа балаларының бәрі кері қайтып кеткенде, Жошы өзінің жаңа иелігінде қалады. Ол осында 1227 жылы қайтыс болады.

Жошының өлімі жөнінде әр түрлі әңгіме бар. Оның бірі — Жошы аң аулап жүргенде, жараланған құланның айғыры шайнап өлтірді десе, екіншісі аттан құлап, мойны үзіліп өлді дейді. Ал енді бір дерек жеке билікке ұмтылып, әке ырқына көнбей, асаулық танытқан ұлын Шыңғыс өзі арнайы адам жіберіп, бел омыртқасын үздіріп өлтіртті дегенді айтады. Қалай болғанда да, Жошы ханның қазақ жерінде, Ұлытауда өлгені анық. Соның куәсіндей болып, Жезқазған қаласынан 45 шақырымдай жерде Кеңгір өзенінің сол жағасында Жошының мазары сол күйі әлі тұр.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Жошы хан (1187-1227 ж.ж)