Нұралы хан

Нұралы (1704–1790) — Кіші жүз ханы (1748–1786). Әбілхайыр ханның үлкен ұлы. 1948 жыл әкесінің қайтыс болуына байланысты орнына таққа отырды және хандық дәрежесі Ресей тарапынан бекітілді. Оның хан сайлау рәсіміне Ұлы және Орта жүздердің өкілдері де қатысты.

Бастапқыда шешесі Бопай ханымның ақылымен әрекет жасап, әкесінің саясатын жалғастыруға тырысты. Ол Ресей әкімшілігінің Жайық бойын отарлауына барынша қарсылық көрсетті. Орыс патшайымы Елизавета Петровнаға бірнеше рет елші жіберіп, қазақ даласын отарлаудың негізсіздігін дәлелдеуге, оны тоқтатуға талпынды.

Орынбордың тұңғыш губернаторы Неплюевтің көмегімен Кіші жүздің тұтастығын сақтап қалуға тырысып, Арал бойына өзін «хан» жариялаған Батыр сұлтанмен күресті.

1750 жылы әкесі Әбілхайырға кесене салғызды. Алайда орталық билікті күшейту қамымен қол астындағы халықтың бір бөлігін өзіне қарсы қойып алды. Әсіресе қайшылықты ахуал Сырым Датұлының көтерілісі кезінде тым шиеленісіп кетті. 1773–1775 жылдары шаруалар соғысында Е. Пугачевтің көтерілісіне қолдау көрсеткенімен бірақ оны толық қолдамады.

1783 жылы Жайық казактары Сырым мен Нұралы хан ауылдарын тонау жорықтарын бастады. Нұралы хан Сырымның ел арасында беделі жоғары екенін білгендіктен, оны орыстардың түрмесінен босатып алады.

Сырым темір тордан шыққан соң халық көтерілісінің қарқыны үдей түсті. Бұл уақытта патшаға қарсы бас көтеруден қорыққан Нұралы хан Сырымға қарсы шығып, Ресейді көмек беруге шақырады. Осы кезден бастап Сырым батырға екі жаумен бірдей шайқасуға тура келеді.

1784 жылы Сырым Сағыз өзенінің бойында Нұралы ханға шабуыл жасағанда, ол орыс-казак бекіністеріне қашып құтылды. 1785 жылы Сырымның үзеңгілестері орналасқан аудандарда — Орал бекінісінің төменгі жағында ірі шайқастар болды. 1783–1785 жылдары қазақтың байбақты, табын және тама руларының жайылымдық жерлерін казактар басып алған соң, қиян-кескі ұрыстар болып өтеді. Бұл кезеңде Кіші жүздің батыс аудандарында көтерілістер басталып, олар Жайық пен Ембі өзендері арасында көшіп-қонып жүрген руларды да қамтыды. Қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып, патша өкіметі тікелей ру старшындарымен келіссөздер жүргізе бастады.

Бір жағынан, бұл саясат қазақ даласындағы хандықты жою мақсатында жүргізілді. Нұралы ханның өз ықтиярымен Ресей билігіне көнбейтіндігіне әбден көзі жеткен Екатерина II 1786 жылы маусымда арнайы жарлығымен Нұралы ханды тақтан түсіреді. Алғашында Жайық бекінісіндегі абақтыға қамалып, кейін Уфаға жер аударылды. 1790 жылы көктемде осы қалада дүниеде салды. 1790 жылы күзде қазақтар Есім сұлтанның ұлы Сәмекені хандыққа ұсынады, бірақ патша әкімшілігі бұл ұсынысты қабылдамайды. 1792 жылы Патша үкіметі Нұралы ханның інісі Ералыны хандыққа бекітіп, Ералы хан тағына отырады.

Нұралы хан туралы А. Пушкиннің «Пугачев тарихы» атты мұрағаттық дайындамалары мен қолжазбаларында, П. Рычковтың «Жылнамаларында» аталып өтілген.

Орта ғасырдағы Қазақстан (VII — XVIII ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Нұралы хан