Сәдуақасов Смағұл (1900-1933 )

Сәдуақасов Смағұл- Көкшетау облысы, Ленин ауданы, Жарқын ауылы, көрнекті қоғам қайраткері, жазушы.

Омбыдағы орта ауыл шаруашылығы училищесін (1918 ж.), Мәскеудегі көлік инженерлерінің институтын оқиды. Еңбек жолын 1915 жылы мектепте мұғалімдіктен бастаған. 1918–1920 жылдары "Кедей даусы ", одан кейін «Еңбекші жастар» газетінің редакторы болады.

1920 жылы Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады. Сол жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республикасының үкімет басшылығына қызметке алынады. 1925–1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» газетінің жауапты шығарушысы, әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының редакторы, 1925–1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының төрағасы, 1927–1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарды.

1928–1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті.

Мемлекеттік, қоғамдық қызметпен қоса әдеби-ғылыми шығармашылықпен айналысып, сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарда саясат, шаруашылық, ел ісі, мәде­ниет, әдебиет, өнер, тарих мәселелерін сөз еткен мақалалары жарияланды.

Көркем әңгімелері де жарық көрді. Оның «Жастармен әңгіме» «Ұлт театры туралы» «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» деген үлкенді-кішілі кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ Қазақстандағы ұл-азаттық көтеріліс пен Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірін арқау еткен «Сәрсенбек» атты романы, «Салмақбай, Сағындық» «Күміс қоңырау» әңгімелері бар

С. Сәдуақасов «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазақстан») басылымды екі рет басқарған кісілердің бірі.

Смағұл Сәдуақасовтың бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925–1927 жылдар еді. Бұл кезде ол республика халық ағарту комиссары, әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бұл кезең Ф. И. Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетін басқару кезімен дәлме дәл келеді.

С. Сәдуақасов пен Ф. Голощекиннің арасындағы келіспеушілік, қақтығысты тарихшылар төрт түрлі мәселеден сабақтап жүр. Олар біріншіден, мекемелердегі іс қағаздарын қазақыландыру, екіншіден, қазақтың оқыған, көзі ашық зиялы қауымына деген көзқарас, үшіншіден, байлар мен орташаларға деген көзқарас, төртіншіден, өнеркәсіпті дамыту.

Голощекин билікке келген уақыт­тан бастап-ақ мемлекеттік биліктің әл­еу­мет­тік мазмұнына байланысты ұлт­тық басқарушы топтың да өзара қарсы екі ұстанымға бөлініп кеткендігі бай­қалды. Кеңестік мемлекеттік автоно­мия­ға жал­пы­ұлттық сипат, маз­мұн беруге күш салушы бірінші топ Голощекин ұсын­ған бағдарламаны қа­зақ ауылында жа­санды түрде «азамат соғысын» тудыру әрекеті ретінде ба­ғалады. Ал, келесі екінші ұстаным­да­ғы басшы қызмет­керлер Қазақстан­дағы жағдайға сталиндік орталықтың көзімен қарап, мұн­да да басымдылық ішкі Ресей губер­нияларындағыдай таптық мәселелерді шешуге берілгенін жөн санады.

Уақыт Смағұл Сәдуақасов баста­ған бірінші топтың болжамының дұ­рыс екендігін көрсетті. 20-шы жыл­дар­дың соңына қарай жаңа биліктің эконо­микалық және әлеуметтік саяса­тына қарсылық танытқан бас көте­рулер бүкіл қазақ даласында өріс ал­ды. Қарулы қарсылық сонымен бір мезгілде ауқаттылар мен орташа­лар­дың негізгі байлықтары — малдарын жаппай аяусыз қырып салуға немесе көрші елдерге қоныс аударуға ұласты. Қазақ даласында мал басы күрт кеміп кетті. Бұл ешқандай да асыра айтусыз нағыз «азаматтық соғыстың» көрінісі еді.

Жоғарыда айтылғандай Голощекин Қазақстанға келгенде С. Сәдуақасов Ха­лық ағарту комиссары және «Еңбекші қазақтың» жауапты редакторы қызмет­те­рін қатар атқарып жүрді. Халық ағар­ту комиссариаты бұл кезде республи­ка­дағы ең ірі комиссариаттардың бірі бо­латын. Оған оқу орындары түгелдей, театр және өнер, ғылым мен баспа қа­рады. Республика өмірінде бұл комисса­риаттың рөлінің жоғары болуы, сондай-ақ оның жергілікті қазақ халқының күн­делікті тыныс-тіршілігімен тығыз бай­ланыста болуында еді. Тура сол тарихи кезеңде Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесінің ең өзекті мәселелерін, даму үрдістерін жақсы білетін және қоғам­дық сұранысқа сәйкес тура шешімдер қабылдай алуға даяр басқа қай­раткерді табу қиын еді. Өзінің халком­дық қыз­метінде С. Сәдуақасовтың екі мәселеге аса үлкен назар аударған­ды­ғын бай­қауға болады. Олар жаңа та­лапқа сай мұғалім кадрларын қалыптас­ты­ру және қазақ мектептерін оқулық­тар, оқу құралдарымен қамтамасыз ету еді.

1927 жылы ақпанда С. Сәдуақасов өлкелік комитет бюросына өзін ауыл мектебіне оқулықтар мен кітапшалар даярлау үшін бірнеше айға республика мекемелеріндегі жұмыстан босатуды өтінген арыз береді. Өлкелік коми­тет­тің бюросы 1927 жылғы 9 наурыздағы отырысында С. Сәдуақасовтың арызын қарап қанағаттандырып, үгіт және насихат бөліміне Оқу-ағарту комиссариа­ты­мен бірге жазылмақшы оқулықтар мен кітапшалардың жоспарын даярлап сек­ре­тариатқа өткізуді тапсырады. Оның құра­мында С. Сәдуақасов жоқ еді. Бұл іс жөнінде оның қызметтен біржола алас­татылғандығының көрінісі болатын. «Мен „Кіші Октябрге“ қарсымын», деген Алаш арысының қоғамдық қыз­ме­тінің екі кезеңі осылай аяқталып еді.

Ол өзінің бүкіл жастық жігерін, талант, қабілетін халық білімін көтеруге, жергілікті кадрларды тәрбиелеуге бағыттады. Принципті және жігерлі қайраткер Ф. Голощекиннің көңіліне жақпады. 6-шы партия конференциясында ол оңшыл және «сәдуақасовшылдардың»жетекшісі ретінде айыптап, жұмысынан босатады. Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры болып тағайындалады. Мәскеудегі оқуын бітіргеннен кейін, Қазақстанға қайтармау үшін ел басшылығы оны Мәскеу- Донбасс темір жолы құрылысына инженер- құрылысшы етіп жұмысқа жіберді.

Асыл азамат 33 жыл ғана ғұмыр сүріп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта қайтыс болды.

С. Сәдуақасов өзін мемлекет қайраткері ғана емес, сонымен бірге жастардың жетекшісі, публицист, Қазақстандағы кооперативтік қозғалыстың ұйымдастырушысы, мәдениет қайраткері, қазақ театрын ұйымдастырушы ретінде де көрсете білді.

Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) — кеңестік мемлекет, саяси, мәдениет қайраткер]. Бұрынғы Көкшетау облысы, Ленин ауданы,