Тілепбергенұлы Қазанғап (1854 - 1927 ж.ж)

Тілепбергенұлы Қазанғап (1854–1927) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері – арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері – сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі – Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі — Шанышқылы. Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дархан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады.

Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген. Кіші жүздің Ресейге бодан болуы ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә- бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Әрідегі Сырым батыр, онан соң Исатай мен Махамбет бастаған жойқын көтерілістер, берідегі Бекет батыр бастаған көтеріліс Қазанғаптың жөргектен құлағына сіңісті болған, қала берді көзі көрген заманалық тауқымет айғағы болатын. Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-қ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім – түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке-шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада – Төреш, Бесқалада – Орынбай, Құрманияз, Орынборда – Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегін армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады. Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады.

Алайда, жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уәделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тағдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға келе алмайды. Сонда Балжан: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» — деп, ашық мінезбен ағынан жарылады. Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай Балжан аруды өмір бойы күй арқауы, шабыт тұғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклі қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады. Жалпы, Қазанғап эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазанғап күйлері халық тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы «Ноғайлы босқыны» деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып «Жұртта қалған», «Окоп» деп күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп «Қызыл керуен» деп бебеулейді.

Ал, «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Көкіл» сияқты күйлері өмірдің мәні мен сәні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады. Қазанғаптың күйшілік болмысына ден қойғанда, оны да ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп аныған жөн.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Тілепбергенұлы Қазанғап (1854 - 1927 ж.ж)