Салқам Жәңгір хан

Салқам Жәңгір — туған жылы белгісіз, 1652 жылы қайтыс болған. Есім ханның ұлы. Ол хан тағына Есім хан өлген соң отырды. Жәңгір хан бойы аласа, бірақ толық денелі кісі болған. Сондықтан да халық оны «Салқам Жәңгір» атап кеткен. Оның тұсында Батыр қонтайшы басқарып тұрған жоңғар-ойраттардың күшеюі байқалды. Олар Қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасап тұрды.

Жәңгір ханның билік еткен жылдары жоңғар феодалдарының қазақ жерін жаулап алуға жасаған үздіксіз жорықтар кезеңіне сай келеді. Кейбір мәліметтерге сәйкес Жәңгір ханның ордасы Түркістанға таяу маңда орналасыпты. Жәңгір хан Бұхар хандығымен одақтастық келісімге келіп, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізді. Сонымен бірге, ол қырғыздармен де осындай қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Мұның бәрі жоңғар шабуылынан қорғану мақсатынан туып еді. Дәл осы кезеңде Қазақ хандығы мен ойрат жоңғарлары арасындағы қарулы қақтығыстар жиілей түсті. Екі жақтың басшылары көшіп-қонуға жайлы жерлер және Сырдария өзені бойындағы сауда орталықтары үшін күрес жүргізді. Сол кезеңдегі тарихи мәліметтер бойынша, Жәңгір хан тұсында қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас болған:

бірінші шайқас — 1635 жылы

екіншісі — 1643-1644 жылдары

үшіншісі — 1652 жылы

1635 жылғы шайқаста қазақ әскерлеріне Батыр қонтайшы бастаған жер қайысқан қалың қол қарсы тұрды. Бұл ұрыстың нақты нәтижелері жөнінде мәліметтер жоқ, бірақ шайқас кезінде Жәңгір ханның тұтқынға түсіп, біраз уақыттан соң қашып құтылғаны туралы деректер кездеседі. Сол кезден бастап Жәңгір хан жоңғарларға үнемі шабуыл жасап тұрады.

Екінші ірі шайқас 1643 жылы қыста Батыр қонтайшының қазақ жеріне шабуыл жасауынан басталады. Жоңғарлар Жетісу өңірінің үлкен бөлігін жаулап алып, он мыңға жуық адамды тұтқынға түсіреді. Жәңгір ханға көмекке 20 мың сарбазымен Самарқан билеушісі Жалаңтөс Баһадүр келеді. Жалаңтөс Баһадүр қолының көмегі арқасында Жәңгір хан бұл шайқаста жеңіске жетеді. Батыр қонтайшы шегінуге мәжбүр болады. Жеңіліске ұшыраған жоңғарлар бұл ұрыста он мыңға жуық адамынан айырылады. Сақталып қалған тарихи мәліметтер бойынша, бұл шайқаста Жәңгір хан зор қолбасшылық дарын мен әскери шеберлік таныта білген.

Жәңгір хан жоңғарларға қарсы күресте моғолдар жағынан көмек алу үшін біраз әрекет етті. Олармен тату көршілік қарым-қатынас орнату үшін екі рет елші жіберді. Бұл дипломатиялық тапсырма Жәңгір ханның ұлдары Тәуке мен Апақ сұлтандарға жүктелді.

1643–1644 жылдардағы шайқаста толық жеңілмеген жоңғарлар болашақта болатын соғысқа мұқият дайындала бастады. Жоңғар қонтайшысы 1643–1644 жылдардағы жеңілістен кейін бытыраған иеліктерін біріктіріп, Сібірдегі орыс қалаларынан қару-жарақтар және оқ-дәрілер сатып алады.

1652 жылы қазақтар мен жоңғарлар арасындағы үшінші ірі шайқаста қазақ әскерлері жеңіліске ұшырап, Жәңгір хан қаза табады. [1][2]

Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы

Жалаңтөс би Сейітқұлұлы (1576–1656) (ертедегі шығыс елдері баһадүр деп атаған) қолбасшы. Сырдарияның саға-жағалауын мекен еткен Төртқара елінде туған. Жалаңтөс бидің ата-тегі қазақ шежіресінде былай таратылады: Жанарыстан Алшын одан Әлім, Байұлы, Жетіру. Әлімнен Түмен, Шөмекей, Төртқара одан Ораз, Оразгелді, Жаншұқыр, Қараш. Қараштан Ақпан, Тоқпан. Тоқпаннан Сейітқұл туған. Сейітқұл бабаның сегіз ұлы болған. Оның бәйбішесі — Сары кемпірден Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша. Акшадан Бәйбек одан атақты Әйтеке би туған. Екінші әйелі — Қара кемпірден — Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Турікмен, Қоян туған. Бұларды «Сегіз Сейітқұл» дейді екен ел. Сонда Әйтеке би мен Жалаңтөс бір әке Сейітқұлдан болып шығады.

Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан өмірі. Жалаңтөс Сейітқұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді. 1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын Бұраты тауына қоныс аударды. Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады. Жас кезінен-ақ зерделілігі және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасына кеңінен танылды. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі — «Аталық» атағы берілді. 1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың өскерді көмек ретінде жіберді, мұның өзі басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты.

Қазақ халқының тәуелсіздікке қол жетіп, жаңа кезеңге аяқ басуы қазіргі ұрпақ алдында үлкен міндеттерді жүктейді. Ол қазақ елінің даму тарихын, тұрмыс-тіршілігін танып білу және біртуар тарихи тұлғаларымыздың ерліктері мен жасаған ерен еңбектерін оқып-білуге ұмтылу. Өйткені бабаларымыздың мұқалмас қолбасшылығы, тұнған ақылы мен жан-жақты ғұламалығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Қазақ елінің ертеңі үшін толарсақтан саз кешіп, кеуделерін оқ пен найзаға төсеген небір айтулы тұлғалар болған. Осындай ұлы бабаларымыздың бірі тек қазаққа ғана емес, бүкіл Орта Азияға ортақ батыр – Сейітқұлұлы Жалаңтөс. Арғы атасы Ораз – Әмір Темірдің бас кеңесшісі болған. Нұрата тауларын жайлаған, көшіп-қонып жүрген 40 мың үйлі алшынға хан болды деп келетін аңыз-әңгімедегі Сейітқұл – Жалаңтөстің әкесі. Сейітқұл 40 мың алшынның басын біріктірген ел басы, ірі бай, ықпалды қажы болған. Өзі сегіз жүйелі қарадан шығып хан болған әрі батыр, әрі отауызды, орақтілді шешен адам екен. Міне, осындай ұлы адамнан дарынды батыр дүниеге келген. Жалаңтөс батыр «Олчин Ялангтуш» баһадүр деген атпен де белгілі. Өзбектердің «Олчин» деп айтатыны, сол кіші жүздің басты руы алшыннан бастау алады.
Атақты әскербасы Жалаңтөстің тарих сахнасына шыққан мерзімі Алтын Орда мен Әмір Темірдің империяларының ыдырап, ежелгі қыпшақ сахарасында алты алаштың ерекше-ленген кезеңі еді. Бұл кезде бір жағынан қызылбастылар билеген Иран, бір жағынан енді күш ала үлкен орыс патшалығы Тұран ойпатына қарай көз сала бастаған. Сондай-ақ, шығыста моңғолдардан қалған Жоңғар мемлекеті де бой көтере бастады. Жер мен байлыққа таласқан сол елдер қазақ халқының келешегіне үлкен қауіп төндірді. Тіпті, қазақтар жер бетінен жойылып кетуі де мүмкін еді. Жалаңтөс батыр осындай қазақ үшін қиын-қыстау кезеңде 1576 жылы Сырдың бойындағы Қазалы топырағында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған есімі Әбдікәрім екен. Кейін оның «Жалаңтөс» деген жанама ат алып кетуіне бірнеше жәйт себеп болған. Мұның бірі анасы Ақтұмардың көкжал қасқырдың етіне жерік болуына байланысты болса, екіншісі, батырдың жауға шапқанда үстіндегі сауытын шешіп тастайтын буырқанған мінезімен шендестіріледі. Жалаңтөс бала кезінде, яғни 1581 жылы әулетімен бірге Бұқара аймағындағы Нұрата тауының етегіне барып қоныстанады. Бұған екі түрлі жағдайдың түрткі болғаны айтылып жүр. Біріншісі, Сейітқұлды Шығай хан Самарқандқа арнайы шақырған. Екіншісі, қызылбастардың шапқыншылығынан қауіптенген Шахрух Сейітқұлға жанында болуды ұсынған.
Сейітқұл баласы 12 жасқа келгенде оны Тамды-Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедтің орда қызметіне береді. Осында жүріп өзінің ақыл-парасатымен және батылдығымен ерекше көзге түскен. Баһадүр өз өмірінде 42 рет жекпе-жекке шығып, соның бәрінде дұшпанын жер жастандырғаны да мәлім.
Екі жүз жылдан астам қалмақтар-дың қанды жорығы Жалаңтөсті де айналып өтпеген. 1643 жылы Есім ханның баласы, әз-Тәукенің әкесі, дарынды қолбасшы Жәңгір хан мен Жоңғар хандығының негізін қалаған Батыр, яғни, Ойраттың Шорос тайпасынан шыққан Эсен ханның баласы, Эсмун Дарханның ұрпағы арасында ұлы шайқас болғаны тарихтан белгілі. Ол тарихқа «Орбұлақ шайқасы» деген атпен енген. Осының алдында 1635 жылы әкесінің Далай тайшы, Ғужи тайшы бастаған қалмақтармен ұрыста қолын басқарған Жәңгір бірнеше жасақтармен қолға түсіп, жеті жылдай тұтқында болған. Байтур қонтайшының Өргесіне келген орыс елшісі Ремезов тұтқындағы Жәңгірді көзбен көріп, ауызба-ауыз сөйлескен. Енді Жәңгір есесін қайыруды ойлаған. «1643 жылы Шақпақ Кеңгір тауының арасында Батурдың елу мың қолын Жәңгір хан 600 жасақпен екі сай арасын ұтымды пайдаланып, оқ-дәрі, қару күшімен және Жалаңтөс батырдың жиырма мың қолының арқасында жеңген», – деп жазады А. И. Левшин.
Жалаңтөс баһадүр мемлекетті басқарумен, соғыс өнерін өркендетумен ғана айналысып қоймай, сәулет өнеріне, оқу-білімге де ерекше назар аударған. Бабамыздың артында қалдырған өшпес мұрасы – Самарқанд шаһарындағы ғажайып ғимараттар. Ол Самарқандты қайта құру жұмысын Орталық Регистан алаңын қалпына келтіруден бастаған. Әмір Темірдің немересі Ұлықбек салдырған медресенің қарсы алдынан Шер-Дор (Арыстан қақпа) медресесінің алғашқы кірпішін 1620 жылы қалаттырған Жалаңтөс құрылысты 1636 жылы тәмамдайды. Оның бастамасымен "Тілла-Қари” медресесі де салынған. Жалаңтөс баһадүрдің салдырған Шер-Дор медресесі қазір мұражай болып жұмыс істеп тұр. Кесене биік кешенді, еңселі, күмбезінің көптігі болмаса, Ахмет Яссауи кесенесін еске түсіреді.
Жалаңтөс бидің тұрғызған тағы бір медресесі Самарқанд қаласының маңындағы Дағбит қышлағында Саид-Ахмет Мақсұм Ағзам әулиенің кешенінде әлі күнге мешіт ретінде жұмыс істеп тұр. Бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, Жалаңтөс батыр салдырған құрылыстан бір ұстын (колонна) сақталған. Ал, батырдың өзі осы ұстазының аяқ жағын ала (өз өсиеті бойынша), Ауғанның, Иранның және т. б. Орта Азия елдерінің шахтарымен қатар жерленген. Жалаңтөс ұстазының қасында жерлейтін жер қалмағандық-тан кешенге кіре-берісте жерленген. Орнын өзі көрсеткен екен. «Келушілер менің үстімді басып өтіп Мақсұт Ағзамға зиярат ете берсін», – деген. Әйтсе де сол жерден кішкене орын табылып Жүсіп Жалаңтөстің баласы Сұлтанбек кіре-берістің оң жағына жерленген.
Бабамыздан тараған әулет өз кезіндегі саяси-әлеуметтік оқиғаларға белсене араласып, белгілі дәрежеде ықпалын жүргізіп отырған. Ол кездің саяси-әлеуметтік жағдайы мейлінше күрделі болатын. Алтын Орда ыдырап, Әмір империясы бөлшектеніп, Орта Азияда ұлттық ордалар жанталасып шаңырақ көтере бастаған. Алыстан айбарымен ықтырған Қытай, Иран, Ресей мемлекеттерін былай қойғанда, әлі де болса этносаяси, әлеуметтік аражігі ажырап үлгермеген Азия халықтары өзара талас-тартыс халінде болатын. Өзгелер сияқты қазақ халқы да ел болып ірге көтеру, жұрт болып бас құрау, ұлт болып еңсе көтеру сияқты тарихи ұлы мұраттар жолында еді. Міне, осындай алмағайып, аласапыран кезінде Жалаңтөс баһадүр әбден жеті-ліп, сол кездің саяси-әлеуметтік жағ-дайына тегеурінді ықпалын жүргізген әйгілі жаһангер, ұлы қолбасшы, көре-ген стратег, білікті мемлекет қайрат-кері ретінде тарих сахнасына шықты.
Ол сол кездің ең шиеленісті оқиғала-ры мен шешуші шайқастарының жуан ортасында болып, ақылымен, ерлігімен төңірегін тәнті етті. Талай рет қан майданда жекпе-жекке шығып, жойқын ерліктер көрсетіп, сахара сарбаздары-ның арасында зор беделге ие болды. Орта Азия халықтарының өміріндегі тарихи шешуші шай-қастарда Жалаңтөс аса көрнекті қолбасшы ретінде танылды. Қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы (1640ж), Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғар әскеріне қарсы (1643), Хорасан мен Балх үшін Иран патшалығына қарсы (1649), Кабул мен Мешхед әскерлеріне қарсы (1649) жүргізілген ірі шайқастардың бәріне Жалаңтөс қолбасшылық жасап, үнемі жеңіс туын желбіретіп отырды. Сөз жоқ, мұндай жеңістердің қай-қайсысы да Қазақ хандығының еңсе көтеруіне, қазақ халқының ұлт болып ұйысуына тікелей ықпалы болды. Хорасан, Балх шаһарларындағы сол соғыста Жалаңтөс ерлікпен қоса әртүрлі айла-тәсілдер де қолданады. «Кімде-кім оқ атпай, қылыш, найза кезенбей өз еркімен қолға түссе, оған жаза қолданбаймын. Жер беремін, үйлі-жайлы болуына жағдай жасаймын. Сарбаз бола ма, сарайда жұмыс істей ме, егіс еге ме, өздерінің қалағанын беремін», – деп барлаушыларды жіберіп отырады. Осындай қантөгіссіз әрекеттердің арқасында Иран, Хорасан жағының жоқ-жұқана, кедей-кемба-ғал сарбаздары лек-легімен Жалаңтөс колына қосылып жатты. «Тарихи Қыпшақи» атты еңбектің авторы Хожамкүлибек Балхидің жазуына қарағанда, қазақ ханы Жәңгір осы шайқасқа жүз мың әскерімен қатысқан.
Жалаңтөс батыр мен Бұхар ханы Абдуләзиз қасында өзбек, қазақ жігіттері бар Алшынбек бимен Жайкүн өзенінен өтіп Гератқа жетеді. Ертеңіне олар Шығанақ көлі жанындағы шағын қалаға тоқтап тыныс алады. Көп кешікпей-ақ ол елдің патшалығының әскерімен Фатхабадта кездеседі. Бұл қыстақ шаһарға жеті шақырымдай жерде болатын. Келесі күні түнделетіп барлаушылар шығады. Ертеңіне таң атқаннан күн батқанша соғысады. Соғыс екі айға созылады. Талай қақтығыс, шайқастар болады. Десе де, шейіт болғандар аз болған. Осы соғыста Жалаңтөс батыр ерекше ерлік жасап, әскерін шебер басқарады. Академик М. Е. Массонның айтуынша, жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпаттардың мөлшері мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Ол осы байлыққа әскер ұстаумен катар, сәулетті сарайлар, медреселер тұрғызған. Сөйтіп, Жалаңтөс қолбасшы Самарқанд шаһарын оның атырабын кырық жылдан астам билеген. Қазақ пен өзбек «өзіміздің қамқор баһадүріміз» деп құрмет көрсеткен. Ресей тарихшысы П. Иванов өзінің «Орта Азия тарихының очерктері» деген кітабында: «Абдуләзиз ханның аталығы Ялантуш би XVII ғасырда Ұлы Моғолдарға (Индия) қарасты болған Кабул каласының төңірегіне және Иранның Хорасан аймағына жойқын шабуылдар жасады. Көптеген тұтқындар алып қайтты. Оның иелігінде 3000-дай құл болды. Сол құлдардың күшімен Самарқандта медреселер тұрғызды», – деп жазды. Жалаңтөстің сол жорықтары негізінен жоғарыда аталған Хожамқүлибек Балхидың 1722–1725 жылдар арасында жазған «Тарихи қыпшақи» деп аталатын еңбегінде де баяндалған. Надримұхаммед ханға наразы болған өзбек феодалдары оны хандықтан түсіріп, оның орнына 1645 жылы оның үлкен ұлы Абдуләзизді хан кояды.
Ұлы моғолдарға қарсы күресуге өз күші жетпейтінін түсінген Абдуләзиз хан және басқа да өзбек шонжарлары Ташкент, Самарқанд айналасындағы қазақ сұлтандарынан көмек сұрайды. Ақырында бір лек (100 мың) қазақ жасағымен толықтырылған үлкен қолмен Абдуләзиз хан мен Жалаңтөс батыр жорыққа шығып, ұлы Моғолдар әскерін қырғынға ұшыратып қуады. Көп тұтқын және олжа қолға түседі. Міне, осы жорықта Жалаңтөс батырдың қолбасшылық қабілеті, ерлігі айрықша көзге түседі. «Жалаңтөс Коқанға барып ханын тақтан түсіріп, Ақша деген ағасын хан қойыпты» деген де сөз бар. Жалаңтөс баһадүр 1656 жылы 80 жасында дүниеден өтті. Денесі Самарқандқа жақын Дағбид қыстағына өзі пір тұтқан Мақсұм Ағзам әулие бейітінің қасына жерленген. Жалаңтөс баһадүрдің әскери қолбасшылық қызметі, ұзақ жылдар Самарқандты билеген кездегі ақыл, нақыл, билік сөздері қазақ арасында көп тарала қоймаған. Ал, Өзбекстан тарихы мен әдебиетінде жиі кездесіп отырады.
Өзбек тарихшысы Комилхан Каттаев былай дейді: «Тарихта үш мәшһүр әкімдер – Әмір-Темір, Ұлықбеқ және Әмір Жалаңтөс баһадүр өздерінің тұрғызған сәулетті ғимараттарымен Самарқандты жер-жүзінің данқты қаласына айналдырады».
Жалаңтөс баһадүрдің өсіп-өнген ұрпақтары қазір Қызылорда, Шымкент облыстарында тұрып жатыр.