Әбілқайыр хандығы (ХҮ ғасыр)

Әбілқайыр хандығы (1428–1468) ғылыми әдебиетте бұл мемлекеттің «Көшпелі өзбек мемлекеті» деген де аты бар. ХҮ ғасырдың 20 жылдарында Дешті Қыпшақтағы Жошы ұрпақтарының арасындағы өзара соғыстарға байланысты Шибан әулетінің саяси басымдыққа қол жеткізіп, Ақ Ордадағы билікті уақытша басып алуы нәтижесінде құрылған. Ақ Орданың ханы Барақтың қазасы және Шайбанилік Дәулет Шайх оғланның ұлы Әбілхайырдың 1428 жылы таққа отыруымен далалық аймақтарда Шайбан әулетінің Мәртебесі жоғарылайды. Әбілқайыр хандығының территориясы батысында Жайықтан, шығысында Балхашқа дейін, оңтүстігінде Арал теңізі және Сырдың төменгі ағысына, солтүстігінде Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерді алып жатты. Хандықтың астанасы алғашқыда Батыс Сібірдегі Тура болып, кейін 1446 жылы Сыр бойындағы Сығанаққа көшірілді. Хандықтың этникалық құрамы көптеген дала тайпаларынан тұрды: қыпшақ, маңғыт, қоңырат, үйсін, найман, қосшы, күрлеуіт, қарлұқ, таңғұт, ұйғыр, бүркіт, қият, т. б.

ХІҮ ғасырдың аяғы мен ХҮ ғасырдың бірінші жартысында осы тайпалар «өзбектер» деген жалпы этникалық –саяси атпен белгілі болды. Хандық құрамындағы Иасы, Отырар, Сығанақ, Үзгент қалаларында қолөнер, сауда-саттық, егіншілік, дәстүрлі мал шаруашылық дамыды. Әбілхайыр хандығы ХҮ ғасырдағы Орта Азия мен Қазақстанның этно-саяси тарихында маңызды орын алды.

Әбілқайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Шайбан әулеті басқарған ұлыстардың өздері қарсылық көрсетті. 1446 жылы Мұстафа ханның әскерлерін талқандады. Сол жылы Әбілқайыр хан Сырдария мен Қаратау бауырындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. Жошы әулетінің ішінде Орда-Ежен хан, Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек Әбілқайырға қарсы шығып отырды.

1456–1457 жылдары ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілқайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. 1457–1459 жылдардан бастап Керей мен Жәнібек Әбілқайыр хандығынан кейін, бөлінгеннен кейін, Әбілқайыр хандығы ыдырай бастады. Әбілхайыр ханның өлімінен соң мемлекет бірнеше ұлыстарға бөлініп кетті. Оны қалпына келтіру әрекетінен нәтиже шықпаған соң, қазақтардан жеңіліс тапқан немересі Мұхаммед Шайбани хан Темір әулетін биліктен тайдырып, Мауераннахрға орнықты. Қазақ хандығы мәртебесін дала көсемдерінің басым көпшілігі мойындайды. Сырдария мен Арал теңізінен Солтүстігіне қарай созылған жерлер қазақ хандығының қолына көшкен. Енді даланы біріктіру идеясын Қазақ хандығы жүзеге асырып отырады.

Қазақ халқының қалыптасуы

ХІҮ-ХҮ ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ пен Солтүстік Моғолстан халқының тұтас этнос ретінде қалыптасуына тарихи жағдай туды. Қазақ этносы қалыптасқан аймақтарды Қазақ хандығы біріктіре бастады. Біресе өзбектер, біресе өзбек-қазақтар, енді бірде қазақтар атанған Ақ Орда тұрғындарының, қазақ ұлыстарымен тығыз араласқан шығыс ноғайлардың, Жетісуда «моғол» деген атаумен аталатын дала көшпелілерінің ортақ этникалық сипаттары басым түсті. Ортақ тіл қалыптасқан этникалық аумақ шекаралары анықталды, мәдени- шаруалық түрі, бірыңғай материалдық және рухани мәдениет қалыптасты. Адамдар санасында біртұтас халық екендігін мойындау сезімі нығая түсті.

«Қазақ» этносы мен Қазақ хандығының пайда болу тарихы ХҮІ ғасыр авторы Мұхамед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» деген еңбегінде баян еткен. Онда қазақтардың жағдайы, даму ерекшелігі, мемлекет билеушілері, оларға бұл атаудың берілу себептері туралы арнайы сөз қозғалады. Мұхамед Хайдар Дулат: «Керей мен Жәнібекпен еріп кеткендер өздерін „қазақтармыз“ деп атады да, осы атау оларға біржолата бекіді» деп жазады. Ұзақ жылдарға созылған қазақ халқының құралу жолындағы этникалық құбылыстың ең жоғарғы сатысы «қазақ» этнонимінің пайда болуы және Керей мен Жәнібек хандар басқарған Қазақ хандығының құрамы 1468 ж. Әбілқайыр хан өлгеннен кейін топ- тобымен ағылып келе бастаған жаңа рулар мен тайпалардың есебінен ұлғая түсті. Қазақстанның кең байтақ даласындағы өз географиялық шептерінде күні бүгінге дейін тұрып жатқан «қазақ» этникалық қауымдастығы біржола орнықты.

«Қазақ» шын мәнінде жалпыхалықтық атау. Оның есептері бар. Әуелі, «қазақ» сөзі ертеден қолданыста еді. Тұрмыс-тіршілігі ұқсас, көшіп-қонып жүрген еркін тайпалар «Қазақ» атанған. Сөз мағанасы –"еркін", басқаша жорамалдауда – жылжымалы, көшпелі, т. б. Белгілі бір саяси билікке байланбаған, «еркін», қарулы адам- «қазақ». Бірлікке ұмтылған халыққа ортақ атау қажет болған. Қазақстанда күшті, ықпалды ру- тайпалар көп, бірқатары ертеде жеке мемлекет, жеке халық болған. Кең мағналы атаулардың өзі ел ынтымағына шақырмады. Бірі- «өзбек», бірі –"моғол". Жетісу «моғолдары», "қазақ " деген ортақ атауды ұстанды. Сол атау бүкіл халықтың атауы, оның мемлекетінің атауы болып қабылданды.

Қазақ хандығының құрылған уақытынан бастап, ХҮ ғ. екінші жартысынан бері қарайжазба әдебиетінде де «Қазақтар» деп жазыла бастады. ХҮІ ғасырда бұл атау өзге атаудың бәрін ығыстырып негізгісіне айналды.

Қазақ хандығының құрылуы

Қазақ хандығы құрылуының этникалық, экономикалық және саяси алғы шарттары. Шығыс Дешті Қыпшақ жерін, қазіргі Қазақстанды ерте замандардан этникалық бірлігі жақын, туыстас тайпалар мен тайпа-халықтар мекендеді. Бір этникалық бірлік болып қалыптасқан қазақ халқының көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына негізделген, егіншілігі мен қолөнері бар, саяси, мәдени, сауда ортадықтары қызметтерін атқарған қалалары, қала мәдениеті дамыған ортақ тұрмыс- тіршілігі болды. ХІІІ-ХҮ ғғ. Қазақстан жеріндегі халықтың шаруашылық байланыстары мен тұтастығы артты.

Қазақстан өлкесінің күрделі саяси дамуы туыс тайпалардың саяси бірігуінің жолын жоққа шығармады. Бұрынғы мемлекеттерге қарағанда іріленген ұлыстық одақтарының құрылуы белгілі дәрежеде, бұрынғы тайпа- халықтардың саяси оқшаулықтарын жоя бастады. Қазіргі тарихнамада алғашқы Қазақ мемлекеті болып таныла бастаған ХІҮ ғасырдағы Ақ Орда Әмір Темір шапқыншылығына тап болып, ыдырап, бөлшектеніп кетті. Алайда, бірнеше мемлекет иеліктерінің құрамында қалған, қазақтар ірілене бірігу мүддесін аңғартты. Бір кезде тайпалардың сенім тізгінін алған Әбілқайыр хан ел мүддесіне сай бірігу саясатын жүргізе алмады. Халықтың көбі даланың заңды билеушісі болып танылған Орыс хан ұрпақтарын қолдап шығады. Саяси бірігу мақсаты Қазақ хандығын құруды күн тәртібіне қояды.

ХҮ ғасыр ортасында жаңа мемлекетті құру үшін тиімді жағдайлар қалыптасты. Әбілқайыр хандығын ішкі тартыстар жайлап, хандық ыдырау алдында тұрды. 1457 жылы Ә. хан әскерлеріне қалмақтар күйрете соққы берді.

Құрамында Жетісу қазақтары бар Моғолыстан хандағы да саяси қиын жағдайда еді. Ондағы Есенбұға ханның орталық билігі әлсіз болатын. Бірқатар тайпа бектері жеке биліктерін сақтаса, басқалары көрші мемлекеттерге кетіп қалды. Жетісу қазақтарының Арқа қазақтарымен бірігуіне жағдай туды.

Керей мен Жәнібек сұлтандардың жаңа саяси орталық құруы. Қазақтардың жаңа саяси орталық құрып, ізінше жаңа хандықты жариялауы ортағасырлық тарихнаманың көрнекті өкілі Мұхаммед Хайдар Дулат жылнамасында толымды баян етіледі. Оқиға маңызын сол кездегі ойшылдардың да жақсы аңғарғандығы айқын.

1457–59 жж. қазақтар қолдаған Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханнан алыстап, Моғолстанның шекаралық аймақтарына ауа көшті. Көшіп кеткендер Шу алқабы және Қордайдағы Қозыбасы жайылымына орналасты. Қалмақтардан жеңілген Әбілқайыр хан мемлекеттік басқаруды қалпына келтіру үшін жаңа, қосымша салықтар мен міндеткерліктерді жариялаған. Бұған наразы болған қатардағы көшпелілер хан саясатына қарсы шыққан Керей мен Жәнібекке қолдау көрсеткен. Керей мен Жәнібек сұлтандар өздерінің батыл қимылымен Қазақ хандығының құрылуын және қазақ халқының бірігуін тездетті. Сол себепті, олардың қазақ тарихынан алатын орны құрметті. Керей мен Жәнібек сұлтандардың қол астындағы халықты «өзбек- қазақ», «қазақ» деп атады.

Керей мен Жәнібек сұлтандарды Есенбұға хан әуелі өзінің қол астына көшіп келген билеушілер ретінде танығысы келді. Алайда, көшіп келушілердің көптігі және олардың Жетісу қазақтарымен ынтымағы жаңадан құрылған саяси ортаны тез арада тәуелсіз бірлікке айналдырды. Хандыққа Керей (ұлы хан) мен Жәнібек (кіші хан) сайланды. Қазақ хандығының жариялану жылын ортағасырлық тарихшы М. Х. Дулат 1465 ж. деп көрсеткен.

Қазақ хандығының құрылуы – қазақ халқының тарихындағы аса маңызды белестің бірі. Небәрі 10 жыл көлемінде (1459–1470ж. ж.) қазақтар Орталық Азия елді біріктіре алған қуатты ұлттық мемлекет құрды.