Степлагтағы Кеңгір көтерілісі

СТЕПЛАГ — «халық жауларына» арналған ерекше лагерь. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында бұрынғы пионер лагерінің орнынан КСРО ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) ірі лагерь «Жезқазған лагері және КСРО НКВД ГУЛАГ-ның комбинаты» құрылды. 1943 жылы Үлкен Жезқазғанның іске қосылған және салынып жатқан бөлімдерінің бәрі НКВД-ның қарауына беріліп, ол «НКВД Жезқазған еңбекпен түзеу лагерь-комбинаты» деп аталды. 1947 жылы №4 Ерекше лагерь немесе СТЕПЛАГ деп аталды. СТЕПЛАГ-тың басты міндеті — Жезқазған мыс комбинатын тез арада салып бітіру. Лагер 1940 жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс істеді.

1942 жылдың 1 қаңтарында лагерьде 120–140 тұтқын ұсталды. Бұлардың ішінде 1830-ы төңкеріске қарсы қылмыстылар, 548-і бандитизм және кісі өлтіргені, 108-і шекараны рұқсатсыз өткені, армиядан қашқан және әскери қылмыстары, 9050-і өзге де қылмыстары үшін сотталғандар. Сотталғандар негізінен кінәсіз жұмысшылар, колхозшылар, инженерлер, дәрігерлер және НКВД тізімі мен құрылысқа, шахталарға еңбек күші керек болғандықтан қамалған адамдар болды. Соғыстан кейін лагерьге 12 мың Кеңес тұтқындарына 8 мыңға жуық соғыста қолға түскен немістер мен жапондықтар келіп қосылды. Лагерь үш негізгі бөлімшеден тұрды: Кеңгір, Жезқазған және Қарсақбай бөлімшесі.

Жұмысының ауырлығы, лагерь ішіндегі қатаң тәртіп жағынан Степлаг басқа лагерьлерден де асып кетті. Бірақ адам төзгісіз ауыр каторгалық еңбек, аштық, жалаңаштық, ауру, мыңдаған адамдардың өлімі тұтқындардың еңсесін басып, рухын жасыта алмады. КСРО-ның барлық лагерьлеріндегідей, мұнда да зорлық-зомбылыққа, қатал тәртіпке қарсы наразылық үздіксіз бой көрсетіп отырды. Лагерьлер жүйесінде ең көлемді, әрі ұзаққа созылған тұтқындар көтерілісі осы СТЕПЛАГ-та болды.

1953 жылдың 27 наурызында Кеңес өкіметінің кең ауқымды амнистиясы жарияланды. Амнистия бес жыл мерзімге дейін сотталғандарды тегіс босатты. Саяси тұтқындардың көпшілігінің сотталу мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейінгі аралықты қамтығандықтан, бұл жеңілдікке түскен жоқ. Күткен үміттері ақталмаған соң, тұтқындардың арасындағы наразылық толқулары толастамай, тіпті өршіп кетті.

1954 жылдың 16 мамырында Кеңгірде орналасқан 3 лагерь бөлімшесінің 60-қа жуық тұтқындары күзетшіге бағынбай, басқа лагерь территориясына кіріп кетті. Қосымша шақырылған әскери күзетінің көмегімен тәртіп бұзушыларды ұстап, абақтыға жапты. Бірақ тұтқындар наразылығын енді тоқтату қиын еді. Тіпті, 17 мамырда лагерь басқармасы бастығының лагерь пункттері арасында атыс топтарын орналастыру жайлы бұйрығы да тұтқындарды тоқтата алмады. 18 мамырда тұтқындар көтерілісі қарулы қарсылыққа ұласып, лагерь бөлімшелерінде баррикадалар, бекіністер құрыла бастады. Көтерілісті ұйымдасқан түрде басқару үшін арнайы басқарма құрылып, оның бастығы болып Қызыл Армияның бұрынғы офицері К. Кузнецов тағайындалды.

1954 жылдың 16 мамырында Кеңгірде орналасқан 3 лагерь бөлімшесінің 60-қа жуық тұтқындары күзетшіге бағынбай, басқа лагерь территориясына кіріп кетті. Қосымша шақырылған әскери күзетінің көмегімен тәртіп бұзушыларды ұстап, абақтыға жапты. Бірақ тұтқындар наразылығын енді тоқтату қиын еді. Тіпті, 17 мамырда лагерь басқармасы бастығының лагерь пункттері арасында атыс топтарын орналастыру жайлы бұйрығы да тұтқындарды тоқтата алмады. 18 мамырда тұтқындар көтерілісі қарулы қарсылыққа ұласып, лагерь бөлімшелерінде баррикадалар, бекіністер құрыла бастады. Көтерілісті ұйымдасқан түрде басқару үшін арнайы басқарма құрылып, оның бастығы болып Қызыл Армияның бұрынғы офицері К. Кузнецов тағайындалды.

Лагерьде болған жалпы жиналыста көтерілісшілер Ішкі істер министрлігіне және лагерьлер Бас басқармасына арнайы хат жазып, арнаулы комиссияның лагерьде орын алған заңсыздықтарды келіп тексеруін талап етті. Көп кешікпей құрамында КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор С. Егоров, лагерьлер Бас басқармасының бастығы, генерал-лейтенант И. Долгих. КСРО Бас прокуратурасының жауапты қызметкері Н. Вавилов бар жоғары дәрежелі комиссия да келді. Көтерілісшілер мен ресми басшылықтың арасындағы шиеленіс 40 күнге созылды. Кеңгір көтерілісі кезінде Жезқазғанға Мемлекеттік қауіпсіздік министрі Серов, Ішкі істер министрі Круглов, КСРО Бас прокуроры Руденко, КОКП Орталық Комитеті Төралқасының мүшесі Фурцева келіп кетті.

Көтерілістің 40-шы күні, яғни 26 маусымда лагерьдің үш қақпасы және 8 қосалқы жол арқылы жалпы саны 1600 адамнан тұратын әскери күзеттің екі дивизионы мен ішкі күзеттің бір дивизионы, 98 арнайы үйретілген иттері бар топ, үш өрт сөндіргіш мәшине көтерілісшілер бекініп жатқан жерге басып кірді. Оларға жол салып, баррикадаларды талқандау үшін бес Т-34 танктері қолданылды. Қарулы қақтығыста қарсылық көрсеткен тұтқындарға офицерлер мен бөлімше командирлері қару қолданды.

Көтерілісті басу кезінде, тірі қалған куәлардың айтуынша, құрбандардың саны бірнеше жүзге жеткен. Ал ресми құжатқа сүйенсек, қарулы қақтығыс кезінде тұтқындардаң 46 адам өлген, 5 адамды тұтқындардың өздері өлтірген, 61 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Әскерилердің ішінен 40 адам жаралы болған. Көтеріліс барысында материалдық шығын 36 908 сомға, жұмысқа шықпаудан болған зардап 4 708 621 сомға бағаланды.

Көтеріліске қатысқан 5200 тұтқынның тағдыры оңай болған жоқ. Белсенділік көрсеткен 400 адам түрмеге жабылды, көтерілісті қолдаған 1 мың адам (500 әйел, 500 еркек) Магаданға, Озерлагқа жер аударылды.

Көтеріліс текке кеткен жоқ. Ресми басшылық саяси тұтқындардың көпшілігінің ісін қайта қарауға мәжбүр болды. Соның нәтижесінде СТЕПЛАГ бойынша 8 мың тұтқын ақталып, бостандық алды.

Бүкіл лагерьлер жүйесін дүр сілкінткен Кеңгір көтерілісі СТЕПЛАГ-тың күйреуінің басы болды. 1955 жылдан бастап лагерьдің басқару әкімшілігі қысқара бастады. Талай мың адамның тағдырына тауқымет әкелген СТЕПЛАГ 1957 жылы мүлдем жабылды.

Көтеріліс басшыларының істері Қазақ КСР Жоғарғы сотының көшпелі сессиясында 1955 жылдың 21 шілдесі мен 8 тамызы аралығында қаралып, көтерілісті ұйымдастыру ұйымына кірген 6 адам өлім жазасына кесілді.

Көтеріліс басшысы К. И. Кузнецовқа кесілген өлім жазасы 25 жыл мерзіммен алмастырылды.

1954 жылдың маусым айындағы мәлімет бойынша СТЕПЛАГ-та 2660 орыс, 9596 украин, 2690 литван, 1074 латыш, 290 қазақ және басқа сол кезде Кеңес Одағының құрамына кірген ұлттар мен ұлыстардың перзенттері болған екен. Ал 1945–1947 жылдары әскери тұтқындар лагерінде болған шетелдік әскери тұтқындардың жалпы саны 4446 болса, соның 2369-ы – немістер, 1012-сі – жапондар, 103-і – австриялықтар, 630-ы – венгрлер, 145-і – румындар, 58-і – қытайлар т. б. ұлттардың өкілдері.

Жезқазған жерінде азап лагерін еске түсіретін оның кейбір құрылыстары әлі де сақталған.