Әліби Жангелдин (1884 – 1953 ж.ж)

Әліби Жангелдин (1884–1953 ж.), мемлекет қайраткері. Торғайдағы кәсіптік училищеде, Қостанайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқыған. 1903 ж. Орынбордағы діни училищені бітіріп, Қазандағы мұғалімдер семинариясында екі жыл окыған соң, 1905 жылғы революцияға қатысты деген айыппен оқудан шығарылады. Сол жылы Мәскеудегі діни академияға оқуға түсіп, 1906 ж. «сенімсіз студент» деп танылып, академиядан қуылган. 1909–1912 ж. шет ел халықтарының тұрмыс-салтымен танысуды (кейбір деректерде діни уағыздарды насихаттауды) мақсат еткен Ж. Еуропа, Африка, Таяу Шығыс, Азия елдерін жаяу аралап, 1913 ж.

Жапония арқылы туған жерге оралады. Ел аралап, киноаппаратпен шет ел халықтарының өмірі мен тұрмысына байланысты фильмдер көрсетіп, жергілікті халықтың саяси сауатын көтеруге ыкпал етті. 1915 ж. Ресей большевиктер партиясының қатарына өтіп, Қырымда астыртын революциялық қызмет атқарды. Жангелдин Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығына қарсы Торғай қазақтарының көтерілісін қолдап, Торғай қаласын қоршауға қатысты. 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін 7 наурызда Петроград жұмысшы және солдат депутаттары кеңесіне «Торғай облысында ескі үкіметтің жазалау отрядтары осы уақытка дейін өзінің зорлык-зомбылығын және қырып-жою сияқты сұрқия әрекеттерін әлі де жүргізіп отырғанын» баяндап, бұл жүгенсіздікті тыюды талап етті. РКФСР Халық комиссарлар кеңесінің шешімімен Торғай облысының төтенше соғыс комиссары болып тағайындалды. 1918 ж. 21 наурыз — 3 сәуірде Орынборда өткен Торғай облыстық кеңестерінің 1-съезінде облыс атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.

Жангелдиннің ұсынысымен Торғай облысы атқару комитеті ұлт істері жөніндегі комиссариат кұрылды және Ұлттар халық комиссариаты жанынан тұңғыш ұлттык бөлім ұйымдастырылды. РКФСР Халық комиссарлар кеңесі Қазақстанда ақ гвардияшыларға түпкілікті соққы беріп, Кеңес өкіметін қалпына келтіру мақсатымен қару-жарақ, азық-түлік, әскери көмек беру туралы шешім кабылдады. Осыған байланысты Жангелдин Далалық өлкенің төтенше комиссары болып тағайындалды да, өлкеде алғашқы Ұлттық әскери отрядтар құрып, ақ гвардияшыларға қарсы күресті. Ресейдің орталық аудандарында арнаулы қарулы отрядтар жасақтап, бірнеше қалада Кеңес өкіметін қалпына келтірді. 1918 ж. тамыз-қазан айларында Актөбе майданының әскерлеріне қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізген арнаулы отрядты басқарды. 1920 ж. қазанда өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің құрылтай съезінде алғаш құрылған үкімет мүшесі болып сайланды.

Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті президиумы төрағасының орынбасары және Қазақстан Қамсыздандыру халық комиссары болды. Съезден кейін Қазақ Орталық атқару комитеті Жангелдинді Шығыс халықтарының насихат және іс-кимыл кеңесіндегі қазақ халқының өкілі етіп тағайындады. 1922 ж. 20 мамырда Орынбордан шығып, 9 тамызға дейін Жаманқала, Торғай, Атбасар, Ақмола, Павлодар, Семей бағытында үш мың шақырымдай жол жүріп өткен Жангелдин басқарған қызыл керуен Азамат соғысынан зардап шеккен халық ш-н калпына келтіру, ауылдарда мәдени ошақтар ашу, мектеп, аурухана жұмыстарын жандандыру ісінде бірқатар шаралар атқарды. Жангелдин 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында халықты күреске жұмылдыру, соғыс жүріп жаткан аймақтардан көшіріліп әкелінген кәсіпорындарды орналастырып, іске қосу, соғыс аяқталған соң зардап шеккен аймактарға материалдық көмек көрсету, мал-мүлік жеткізу жұмыстарына белсене араласты.

Жангелдин 1920 жылдан РКП (б) Қырғыз (қазақ) облысы комитетінің және Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің мүшесі, 1938 жылдан ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Қостанай облысының бір ауданы, Қарағанды облысында көшелерге, елді мекен мен мектептерге Жангелдин есімі берілді. Ол туралы бірнеше көркем шығарма жарық көріп, кинофильм түсірілген. Алматы, Ақтөбе, Торғай қалаларында ескерткіштер орнатылған.