Көркем әдебиет

. Зейін Шашкин. Тоқаш Бокин: Роман. -Алматы: Жазушы баспасы, 1967. -105 бет. Атақты жазушы З. Шашкиннің «Тоқаш Бокин» атты романы Совет өкіметінің 50 жылдығына арналып қайта басылып отыр. Бұл романда Жетісуда Совет өкіметінің орнатуға қатысқан белсенді қайраткер- революционердің бірі Тоқаш Бокиннің өмірін, қызметін, оның революциядағы сенімді серіктерін көрсетеді. Роман совет жастарына зор өнеге бола алады. Роман қызықты оқиғаларға толы. Жұртшылықтан кезінде жақсы баға алған көркем туынды.
Исабаев Қалмұқан. «Айқыз». Роман. Алматы: «Жазушы», 1977. -256 бет. Роман Ұлы Октябрьдің 60 жылдығына арналған. Қазақтың белгілі жазушысы Қалмұқан Исабаев ержүрек революционер Айқыз туралы деректі оқиғаға негізделген, бұл шығармасында ел бостандығы үшін өз өмірін құрбан еткен қаһарман әйелдің образын жасап, революция ерлерінің совет өкіметіне, халқына шексіз берілгендігін шебер суреттейді. Қарапайым қазақ әйелі әділет жолында, ақиқат жолын көп іздейді. Қарапайым қазақ әйелі еге қарсы ашық айқасқа шыққан Айқыз ажал аузында тұрғанда да алған бетінен қайтпайды, әділет жолын іздейді. Қазақ әйелінің жеңіске деген күресі шебер суреттеледі.
Шәріпов Сабыр. Бекболат. Повесть, әңгімелер, очерктер. Құрастырған Е. Өтебаев. — Алматы: «Жазушы», 1970 288 бет. Сабыр Шәріпов- 20- шы, 30-шы жылдары қазақ прозасының қалыптасуына елеулі үлес қосқан қаламгер, Жазушының бұл кітабына белгілі «Бекболат»повесі мен бұрыс ешбір жинаққа кірмеген әңгіме, очерктері еніп отыр. Жинақта әсіресе қазақ даласындағы дүрбелең 1916 жылғы көтерілісті, тарихи оқиғаларды тартымды етіп баяндайды.
Үш алып. — Алматы: "Ана тілі « ЖШС, 2007- 176 бет. Жинаққа қазақ әдебиетінің үш алыбы С. Сефуллиннің „Көкшетау“, І. Жансүгіровтың „Құлагер“, Б. Майлиннің „ Шұғаның белгісі“ шығармалары беріліп отыр. Бұл шығармалар мектепте оқылатын бағдарламалардың ең бір көрнекті сабақтары болғандықтан оқушыларға оңтайлы етіп ұсынып отыр.
Тұрлыбаев Ж. Семсер. Повестер. — Алматы: Жалын, 1982. — 320 бет. Жазушы бұл кітабына 1916 жылғы Қарқара көтерілісінің қаһармандары туралы ерен ерлігі мен күресін баяндайды.
Тоқаев Қ. Таңдамалы. 3- том. — Алматы: „Ана тілі“ 2009. 3 том: Роман. — 312 бет. Қаламгердің таңдамалы шығармаларының үшінші томына кезінде қалың оқырман көңілінен шыққан кесек туындысы Соңғы соққы» романы берілді. Романда Ұлы төңкерістен кейінгі қазақ еліндегі өзгерістер әңгімеленеді.
Дөнентаев Сәбит. Ұрпағыма айтарым: Өлең, әңгіме, очерк, фельетон, мақала, естеліктер. -Алматы: Жазушы, 1989. -304 бет. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебетінің көрнекті өкілі Сәбит Дөнентаев өз дәуірінің шындығын ешкімге ұқсамай сатиралық жанрда дамытты. Октябрь революциясына дейінгі шығармаларында еңбекшілердің құлдыққа, қорлықта өткен өмірін зор өкініш, аянышты күйзеліспен суреттейді. Ал совет дәуіріндегі өлеңдерінде көсеміміз Ленин бейнесін, революция жеңісін, кешегі жалшылардың бақытқа жетіп, қоғам өміріне араласуын жырлайды.
Асылбеков Серік. Қазақ әңгімелері: Құрастырған Серік Асылбеков. -Алматы: «Мектеп», 1984. -332 бет. Бұл жинаққа совет дәуіріндегі қазақ жазушыларының балаларға арнап таңдаулы әңгімелері еніп отыр. Кітап мектеп оқушыларына, сондай-ақ әдебиетті сүйетін көпшілік оқырман қауымға арналған. Соның ішінде Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі сол кездегі совет өкіметіне қарсы болған ақ гвардияшылар туралы сөз болады. Совет өкіметіне қарсы: «тығулы мылтықтарың бар, оқтарың бар, тез тауып беріңдер», «қолына түскен еркекті қып-қызыл ала қылып тепкілеп, қатын-баланы сабайды, үйді талқандайды, милиционерлерді ұстап, қарсы болса өлтіреді». Бұл сол кездегі совет өкіметіне қарсы екендерін осылай көрсетуі. Бұл соғыс ұзаққа бармайды. Совет өкіметінің арқасында Хамит сияқты азаматтар қарапайым халықты қорғайды. Оқиға осылай өрби береді.
Молдағалиев Жұбан. Мен қазақпын! Поэма. -Алматы: «Жалын», 1978. -160 бет. Көрнекті ақын, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйллығының лауреаты Жұбан Молдағалиевтың шығармалары оқушы қауымға кеңінен таныс. Ақынның «Мен қазақпын!» атты әйгілі поэмасы- жастардың сүйіп оқитын шығармасы. Біз осы шығарманы Ұлы Октябрьдің 60 жылдығына орай қазақ және орыс тілдеріне оқушы назарына ұсынып отырмыз.
Мүсірепов Ғабит. «Амангелді». Драма. Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасы. — Алматы: 1950. -122 бет. Ғабит Мүсіреповтың бұл драмасында революция кезеңі суреттелген. Ең басты ролде Амангелді, батыр Кете, «Алаш» адамдары, Торғай облысының генерал-губернаторы, болыс, әскерлер, кадеттер, халық т. б. кейіпкерлер совет өкіметінің қалай орнағанын суреттейді. Халықтың осы жолда өз өмірін жан пида етуі, халық арсындағы түсініспеушіліктер шебер суреттеледі.
Мұқанов Сәбит. Ботагөз: Үш бөлімді роман. -Алматы: Жазушы, 1989. -480 бет. Қазақ совет әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі академик-жазушы Сәбит Мұқановтың бұл кітабында бүкіл Совет Одағына, тіпті Одақтан тыс бірқатар елдерге танымал болған «Ботакөз» романы еніп отыр. Ананың балаға деген махаббаты ерекше суреттеледі. Ботагөздің шын сүйген жігітіне деген махаббаты шебер суреттелген. Елге деген сүйіспеншілігі, еңбегі шынайы суреттеледі.
Мұртазаев Шерхан. Қызыл жебе: Роман. (I-II-кітап). –Алматы: Жазушы, 1980. -512 бет. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйллығының лауреаты, белгілі жазушы Шерхан Мұртазаев едәуір уақыттан бері қалам тербеп жазып жүрген кесек шығармасы- «Қызыл жебе» тарихи көркем романның екі кітабын аяқтады. Оқушы назарына ұсынылып отырған бұл романның алғашқы кітабы кезінде өз бағасын алған, авторына хаттар түсіп, онда ризашылықпен қатар ұсыныс-пікірлер айтылған. «Қызыл жебенің» екі кітабының аумағында ірі мемлекет қайраткері, революционер Тұрар Рысқұловтың балалық шағы мен есею-нығаю шағындағы саяси көзқарасы қалыптасқан, нағыз қайраткерлік мінбесіне көтерілген азамат Тұрардың образдық-тұлғалық бейнесі сомдалып өрілген. Шығарма стилі ұстамды, тілі бейнелі, әлденеше оқиғаны қатар өрбіте отырып автор бүгінгі мәдениетті көркем проза деңгейінен табылатын кесек туынды жасайды.
Мұстафин Ғабиден. Дауылдан кейін: Роман. –Алматы: «Жазушы», 1967. -448 бет. «Дауылдан кейін» атты романда ауыл өмірі шебер бинеленген. Аман деген боз бала арқылы ауылдағы қойшының қасқырмен арпалысынан басталады. Ауылдың көк майса шөбі де бейнеленген. Жайлаудағы мал баққан малшылардың еңбегі, қасқырмен алысқан шопан өмірі де суреттелген. Ең алғашқы совет өкіметінің рухына жастарды тартып тәрбиелеуден басталады. Қазақ жастарының Ақмола, Орынбор, Мәскеуде білім алуы сөз болады. Ең алғашқы қала өмірін бірінші рет көрген біздің кейіпкеріміз арқылы сол қоғамдағы өмір шебер бейнеленеді.
Нұрманов Ақан. Құланның ажалы. Роман. — Алматы: Атамұра, 2006. -208 бет. Өмірден ерте озған дарынды жазушы Ақан Нұрмановтың ерекше қолтаңбасын айқындаған «Құланның ажалы» романы – біздің тарихымыздың бір үзігі. Роман оқиғасы Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі Торғай даласында өтеді. Бас кейіпкер Құлан-атақты батыр Амангелдінің серігі. Төңкерістен кейінгі алмағайып заман: ақ пен қараның тартысы, үрей мен үміт, шиеленіскен тағдырлар… Осының бәрі оқушыны өткен өмірдің қойнау-қатпарына бойлата отырып, сол шындықты тәуелсіздік тұғырынан екшетеді
Рахимов Хажымұрат. Сеңгір сырлары. Роман. –Алматы: «Жазушы», 1976. -272 бет. Хажымұрат Рахимовтың «Сеңгір сырлары» атты романы 1916 жылы «Июнь жарлығына» байланысты патшаға қарсы шыққан көтерлісшілердің тағдырын, сол кездегі қала-дала тұрғындарының көңіл-күйін, тіршілік тауқыметін бейнелеуге арналған. Рахымжан, Қасен, Текей сынды аяулы жандардың образдары көзге елестерліктей мүсінді, айшықты берілген.
Сатыбалдиев Әбен. Беласар: Роман, повесть, әңгімелер. -Алма-Ата: Жазушы, 1979 -272 бет. Белгілі журналист-жазушы, әрі шебер аудармашы Әбен Сатыбалдиевтың бұл кітабына аяқтай алмай кеткен «Беласар» романы, «Ақмарал» повесі мен «Жұбаныш», «Намыс», «Қарттың мақтанышы», «Ескінің жұрнағы» атты әңгімелері еніп отыр. «Беласар» романы 1916 жыл оқиғасының Жетісу өңіріндегі көрінісінен дерек береді. Сол тұстағы қазақ елінің аянышты халін нанымды суреттейді. «Ақмарал» повесінде еңбек озаты жас қазақ әйелінің өндіріс пен семья жағдайын қатар алып, осыған байланысты адамгершілік проблемасын қозғайды.
Сейфуллин Сәкен. Тар жол, тайғақ кешу: Роман-эссе. -Алматы: «Жазушы», 2009. -432 бет. Дәуір ұранына сәйкес қазақ топырағында тарихи-революциялық тақырыпқа барған тұңғыш роман-эссе- «Тар жол тайғақ кешу». Шығарма 1916–1919 жылдардың оқиғаларын қамтиды. Әрине, таптық ұстанымға сүйенген автордың Алашорда арыстары жайындағы қайсы бір пікірлері бүгінгі көзқарасқа көп ретте қайшы келетіні де рас. «Тар жол, тайғақ кешу»- ең алдымен тарихи, әдеби факт және көркем мәтін.
Сәрсекеев Қоғабай. Қызыл жалау. Алматы: «Жалын», 1979. -272 бет. Жазушы Қоғабай Сәрсекеев Амангелді Иманов жайында көлемді шығарма жазып жүр. «Қызыл жалау» деген жалпы атпен берілетін бұл тарихи романның қолыңыздағы алғашқы кітабы «Шырғалаң» деп аталады. «Шырғалаңда» уақиға сонау «Үлкен қоян» жұты аталған атақты 1880 жылдан бастап ел басына түскен ауыртпалық, халық басындағы қилы кезең, Торғай даласында болған нақты тарихи фактілер негізінде өрбиді. Романда автор бала Амангелдінің өзін қоршаған әділетсіз ортаға кектене өсіп келе жатқан сәтін беру арқылы, өмір шындығын шынайы суреттей отырып, шырғалаңы мол өткен дәуір көріністерін алдыңызға тартады.