Шара Баймолдақызы Жиенқұлова (1912 — 1991 жж.)

Жиенкулова Шара (1912–1991 гг.)

Жиенқұлова Шара (Гүлшара) Баймолдақызы (18.8. 1912, Алматы — 5.1991, Алматы) — биші, педагог. Қазақстанның халық артисі (1938; 1936 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі). 1929 — 30 ж. ҚазПИ-дің тарих факультетінде оқыды. Өнер жолын Қазақ драма театрынан бастады.

Тұңғыш ойнаған рөлі — Б. Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш. Бұдан кейін Еңлік, Қарагөз (М. Әуезовтің «Еңлік — Кебек» пен «Қарагөзінде»), т. б. рөлдерді сомдады. 1934 ж. Музыкалық драма театрына (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ауысты. Мұнда Әуезовтің «Айман — Шолпан» музыкалық драмасында, Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында ұлттық билерді орындады.

1936 ж. Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, ұлттық би өнеріміздің әсемдігіне өзге халық өкілдерін тәнті етті. Қазақтың тұңғыш ұлттық балеті — «Қалқаман — Мамырда» (1938) Мамырдың партиясын орындады. 1938 ж. «Амангелді» фильмінде Балымның рөлін экранға шығарды. Балетмейстер Л. А. Жуковпен бірлесіп И. Н. Надировтың «Көктем» балетін қойды. 1940 — 1962 ж. Қазақ филармониясында қызмет етіп, 1962 — 66 ж. Қазақтың ән-би ансамблін басқарды. 1966 — 75 ж. Алматы хореографиялық училищесінің директоры болды. Қазақстанның халық артисі Г. Талпақова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Қ. Қарабалина, Б. Байжұманова, т. б. Жиенқұлованың шәкірттері. Осы жылдары ұлттық би өнерін дамыту үшін ел аралап, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халық билерін зерттеді. Соның нәтижесінде «Тәттімбет», «Айжан қыз», «Қара жорға», «Қырық қыз» билері дүниеге келді. Жиенқұлова — сахналық образдардың ішкі жан сұлулығын бидегі пластикалық шешіммен шебер шендестіре білді. Гастрольдік сапармен көптеген шет елдерде болды. 1958 ж. Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.

Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1968). Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдермен марапатталған.

Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946 — 1980 ж.ж.)
Тарихи тұлғалар
Шара Баймолдақызы Жиенқұлова (1912 — 1991 жж.)