Жамал Омарова (1912 — 1977 жж.)

Омарова Жамал (1912 — 1977 гг.)

Мында өту: шарлау, іздеу

Жамал Омарова

Дүниеге келгені: 1912

Оңтүстік Қазақстан облысы

Қайтыс болғаны: 1977

Жамал Омарова 1912 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Жаңажол ауданының Қауыншы деген жерінде туып өскен. Қазақстан халық әртісі. Өмір жолын көркеменерпаздар үйірмесінен бастады. Мектеп қабырғасында-ақ тамылжыта ән салып, көзге түсе бастаған жас Жамал 1925 жылы Ташкентте өткен Орта Азиялық балалар олимпиадасында әншілік өнерімен көзге түсіп, бірінші жүлдеге ие болған.

1925–27 жылы Ташкенттегі қазақ, қырғыз, өзбек жастарына арналған педагогикалық училищеде оқыды. Жамал Алматыға Мәскеуде өткен қазақ өнері онкүндігінің аз-ақ алдында келген. Келген бетте 1934 жылы Қазақтың музыка драма театрының (қазіргі Қазақтың опера және балет театры) құрамына қабылданды. Ол Мақпал («Шұғада»), Қамқа («Қыз Жібекте»), Айман («Айман-Шолпанда») образдарын жасады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің тұңғыш онкүндігі біздің халқымыздың болашақ өнеріне ашылған алтын қақпа іспеттес болды.

Сонда көзге түсіп, көп көңілінен шыққандардың ішінде атақты әншіміз Жамал Омарова да бар еді. Мұнда Жамал Омарова үш ән шырқаған: «Ертіс», «Қараторғай», «Ләтипа». Бұрын мұндай әдемі дауысты қазақ әнін тыңдамаған, талап-талғамы жоғары Мәскеу жұртшылығының риза болғаны соншалық, әр әнді әдеттен тыс екі реттен орындатып, үсті-үстіне қол соғып отырғанда, ложаға М. И. Калинин келген екен. Осыдан бір жыл бұрын ғана Қазақстанның 15 жылдық тойында Алматыға келіп, мерекелік концертте болып, әнші өнерін тыңдаған Михаил Иванович: «Ән салған қараторғай ма? Олай болса, қайта тыңдайық» деген. Сөйтіп «Қараторғай» әнін мәскеуліктер үш дүркін тыңдаған екен.

Осы кезде Жамал Омарова 24 жаста ғана еді. Ол кісі сахнаға келерде ешқандай да музыка мектебінде немесе арнаулы оқу орнында оқып, даярлықтан өтпеген. Тумысында табиғаттың өзі қазақтың кең даласындай кең тынысты үн сыйлаған. Құлаққа жағымдылығы, жүрекке қонымды, жұмсақтығына қарай, халық ондай дауысты «мақпал дауыс» деп атайды. 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әртістерінің конкурсына қатысқан. 1937 жылы қазақ филармониясының әнші-солисі болды. Осы жылдары жоғарыда аталған атақты үш әнді және «Екі жирен», «Ой-гөк», «Ақ дариға», «Жалғыз арша», «Қорлан», «Кәмила» сияқты әндерді орындап жүрген. Қилы замандардан халық жадында ұмытылмай сақталып келе жатқан бүл әндер әншінің орындауында қайта жанданып, ауылдан ауылға, ауыздан ауызға тарайды. Әнші халық әндерін орындағанда дауысын әдейі құбылтып, боямалап, кейбір әншілерде кездесетін жасандылыққа салынып әуреленбейтін. Әндерді халықтың өзі білетін мәнерінен шығармай-ақ, үнінің назды, сазды, қоңыржайлығымен жүректерге жеткізе орындаған. Осы қасиеті Жамал Омарованы қазақ халқының сүйікті әншісі еткен. Тағы бір ерекшелігі әндерін көп тілде шырқауында болатын. Репертуарын орыс, украин, беларус, тәжік, өзбек, татар, қырғыз, грузин, армян, басқа да халықтар әндерімен байытқан.

1941–1945 ж. Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы жауынгерлерге концерт беріп, патриоттық сезімдегі әндерді орындады. Солтүстік Батыстағы майдан шептеріне дейін барып, жауған оқ пен жанған оттың арасында жүрген жауынгерлерге ойын-сауық көрсеткен, оларды жауды жеңуге жігерлендірген.

Кейінгі жылдардағы репертуарында казақтың халық әндері: «Ақ дариға», «Бипыл», «Ләтипа», қазақ кеңес композиторларының шығармалары: «Менің елім», «Алтай», «Оңтүстікте ақ алтын», «Гүлденген Қазақстан», «Ұстазым» т. б. әндері болған. Әнші еңбегі жоғары бағаланып, 1942 жылы Қазақ КСР-нің халық әртісі деген қүрметті атақ берілген. Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және ондаған медальдармен марапатталған. КСРО Мәдениет министрлігінің «Мәдениеттің озық қызметкері» значогымен үш дүркін наградталуының өзі оның өнер өрінде ерекше орын алғанын сипаттайды. Жамал апайдың артында әнін сүйетін халқы, ұрпақтары, төрт баласы мен сегіз немересі, шәкірттері бар.

Жамал Омарова атына берілген Шымкент қаласында музыка мектебі, Алматы қаласында көше бар.

Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946 — 1980 ж.ж.)
Тарихи тұлғалар
Жамал Омарова (1912 — 1977 жж.)