Сейтек Оразалыұлы

Сейтек Оразалыұлы 1861 жылы Орда ауданында дүниеге келген – күйші-композитор, қазақтың төкпе күй әдібінің негізін салушы. Бес жасында әкеден қалып, ағайыны Шошақтың тәрбиесінде болған. Алғаш домбыра тартуды ағасынан үйренген. Ауыл арасында бала домбырашы атанып, сол кездегі Әлікей салауаткерей, Тұрып, мәди сияқты домбырашылардың алдын көреді. Олар арқылы әйгілі Дәулеткерейдің күйлеріне ден қойып, оның күйлеріндегі шеберлік-шалымдарды игереді.

Сейтек мүшел жасқа толғанда ата салтымен нағашылап Атырау бойындағы Дәулетиярдың ауылына аттанады. Өзімен бірге домбырасын ала шығады. Осы сапарында Сейтектің жолы болып, Ұлы күйші Құрманғазының алдын көреді, ықыласына бөленіп, тілеуқор лебізін естиді. Бұл оның өміріндегі елеулі кезеңі еді. Мұнан кейін күй өнерін өмірінің мағынасына балап, күйдің өмір жырлағыш ұлы қасиетіне құныға ден қояды. Ел ішіндегі шет-шегі жоқ небір інжу-маржан күй нөпірін естіген сайын құнығып, енді бірье-бірте өріс ұзартып, өнерді өмірлік мұратына айналдыра бастайды. Әрідегі «Ақсақ құлан», «Ер айрылған», сияқты қарт көкірек күйлерден бастап, берідегі ел өмірінің дыбысқа айналған шежіресі сияқты күйлеріне дейін жаттап тартып, жүрегіне сіңірумен болады. Ел ішін армансыз аралап, Орал, астрахан аймағындағы Еділ мен Жайық бойындағы, нарын алыбындағы күйшілік дәстүрлермен танысады.

Сейтек заман әділетсіздігіне қарсы шыққаны үшін қуғындалып, Орда, Иркутск, Астрахан, Бутырка (Мәскеу) түрмелеріне қамалады. Сібірге жер аударылады (1897). Осы кезеңде «Айдау», «Түңілдім», «Арман» атты күйлерін шығарады. 1905 жылы каторгадан босап, еліне оралады. Мұнда ол анасы мен баласының қайтыс болғанын естіп, өзінің қайғы-қасіретін «Жоқтау», «Ғазиз» атты күйлерінде бейнелейді. «Жігер», «Заман-ай» т. б. терең психологиялық мазмұнға құрылған күйлері Сейтек шығармаларының жан-жақты өріс алғандығын танытады. 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, өнер көрсетеді. Ол түрікпен күйлерінде қолданылатын негізгі бас пернені домбыраға пайдаланады. Бұл перне қазір де «Сейтек перне» деп аталады. Сейтек сонымен бірге ән де шығарған. Оның «Сейтек әнін» А. Затаевич «1000 ән» жинағына енгізген.

Ару қызға деген адал көңіл, ақ тілегінің айғағы «Бұлбұл Айша», қазақ қыздарының ақжарқын, бауырмал қасиетіне тәнті болып «Бес қыз» күйін тарту етсе, азаттықты аңсаған асық көңілдің күйін «Заман-ай» күйімен білдірген. Күй арқылы қайғы мен ащы азапты сыр етіп айтады.

Суреткер Сейтек құлашын кең жайып, алысты шолып, ел қамы, халық тағдыры, уақыт сыйы туралы толғанады.

С. Оразалыұлы туралы мәліметтермен мәдени қауымды алғаш таныстырушы белгілі музыка маманы А. В. Затаевич болатын. Ол өзінің 1925 жылы басылып шыққан белгілі жинағында композитордың «Сейтек» атты әнінің нотасын берді.

Сейтектің күйлері мен өмірі туралы деректерді тұңғыш жинастырушылардың бірі С. Көшекбаев. С. Оразалыұлының туғанына 80 жыл толу мерекесі қарсаңында ол туралы 1941 жылы «Құрманғазының шәкірті» атты «Социалистическая Алма-Ата» газетінде көлемді мақала жариялады.

1937 жылдан бастап Сейтектің «Он алтыншы жыл», «Заман-ай», «Жантаза» атты шығармалары қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің репертуарына еніп, жұртшылық арасына кең тарауға мүмкіндік алды.

З. Жанұзақованың «Қазақ халқының аспап музыкасы» атты жинағында да Сейтек өмірі жайлы қысқаша мәлімет пен оның «Айдау», «Балқаймақ», «Бұлбұл Айша», «Көк ала ат», «Қарашаш» күйлерінің ноталары бірілді.

Бұл күйлерді кезінде Ф. Сұлтановтың орындауынан Ж. Қаламбаев жазып алып, нотаға түсірген. «Жаңа дәуір жаршысы» 1980 жылы Алматы қаласының «Ғылым» баспасынан жарық көрген кітабының авторы Т. Мерғалиев Сейтектің өмірі мен творчествасын зерттеу, оның халық арасында сақталған күйлерін жинау мақсатында, 1965 жылы күйшінің туып өскен жерінде болды. Бұл еңбектерді нотаға түсіріп, «Домбыра сазы» атты еңбегінде жариялаған. Аталған кітапта Сейтектің «Он алтыншы жыл», «Арман», «Ғазиз», «Маржан», «Жантаза», «Бес қыз», «Сексен ер» күйлерінің ноталары, шығу тарихы жайлы әңгімесімен берілген.

Сондай-ақ атақты музыка зерттеушісі, композитор Ахмет Жұбановтың 1962 жылы Алматы қаласының "Қазақ мемлекеттік саяси әдебиет баспасынан «Қазақтың халық композиторлары» атты еңбегінен Сейтек шығармашылығы туралы біраз мәліметтер алуға болады.

Ал 2002 жылы Астана қаласының «Күлтегін» баспасынан жарық көрген белгілі ғалым-зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты үлкен монографиясынан Сейтек өмірі туралы тың деректер алып, оның «Заман-ай» күйінің нотасын табуға болады.

Өзінің шабытты да жігерге толы серпінді күйлерін халық атынан сөйлетіп, домбыра өнерін ту етіп көтерген өнерпаздың жетпіс екі жас өмірінің жиырма бес жылы үстем тап өкілдерімен арпалыста, қуғын мен қамауда өткен Сейтектің күйлері, бастан кешкен ғұмыр шежіресі болғанымен, ханның зердесіндей, уақыт үніндей, замана тынысындай болып жаңғырары сөзсіз.

Жоғарыда аталған әдебиеттерді және Сейтектің өмірі мен шығармашылығы туралы басқа да мағлұмат алғысы келетін оқырмандарды Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының өлкетану бөліміне шақырамыз.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Сейтек Оразалыұлы