Мәшһүр Жүсіп Көпеев

Мәшһүр Жүсіп Көпеев қазақтан шыққан көрнекті ақын, тарихшы, этнограф, шежіреші, аудармашы, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы.

Бес жасынан бастап ауыл молдасынан дәріс алған. Жастайынан еті тірі, зерек бала Хамар Хазірет деген үлкен оқымысты молданың алдынан жеті жыл бойы сабақ алады. Молда бір ғана дін сабағын емес араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Кітаптың тек қарасын танытып қоймай, ішкі мазмұн, мән-мағынасына дейін тәптіштеп түсіндіреді. Арабтың, парсының тілін үйтетеді. Мәшһүр бір жыл ішінде хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын жатқа айтқан. Сол себепті де Мәшһүр деген атқа ие болады. Он бес жасында медреседе оқып жүріп өлең жаза бастайды. Он бес жастан кейінгі өмірінің бәрін дерлік өлеңмен сөйлеген деседі. Ол туралы ақынның өзі былай дейді:

Жабысты маған өлең он бес жаста,
Жұрт айтты: «Не қыласың» — деді баста
Дегенмен қоя алмадым үйренген соң,
Мінім жоқ қылған жұртқа мұнан басқа.
Шүкірлік, бергеніңе, құдай патша,
Он бесте шабыттандым жүйрік атша.
Бір күндер ұйықтап жатқан мезгілімде,
Кеудеме өлең толды сызған хатша.

Академик М. Қаратаев та ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақындардың творчествосын саралай келіп: «М. Көпеевтің қазақ әдебиетінде әрі ақын, әрі жинаушы ретінде алатын орны ерекше» — деп бағалапты. («Қайта қарауды қажет ететін мәселе», «Қазақ әдебиеті», 1956)

Мәшһүр Жүсіп 1858, қой жылы, қыс мезгілінде қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде Найзатас деген жерде дүниеге келген. Нәрестеге ата-баба салтымен азан шақырып, атын Жүсіп деп қояды. Бұл жөнінде ақын кейіннен «Өмірбаян» атты өлеңінде:

Жасымда қойылған ат адам Жүсіп,
Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп.
Қолыма қағаз, қалам алған шақта,
Кетемін қара сөзге желдей есіп, — деп еске алады.

Ол есейе келе ел ішіндегі ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды, сонымен қатар бала оқытумен де айналысады. Ел көріп, жер көріп, өз білімін әрі қарай тереңдету мақсатында Ташкент, Бұхар, Түркістан сияқты ірі қалаларға бірнеше рет сапар шегіп, Шығыс мәдениеті, Шығыстың ғұлама ғалымдары мен ақын, ойшылдарының шығармаларымен жақыннан танысады.

Осы сапары жөнінде ақын:
Мәшһүрден келе жатыр өнер қайнап,
Бұлбұлдай қапастағы тұрған сайрап.
Самарқан, Бұхар, Ташкен — бәрін кезген,
Жасында бір кем отыз тәңірім айдап — деп хабар бере кетеді.

1888 жылдан бастап жас ақынның өлеңдері мен мақалалары қазақ тіліндегі тұңғыш баспасөз үні «Дала уәлаятының газетінде» жиі жариянана бастайды.

Мәшһүр Жүсіп 1905 жылғы патша манифесінің жалғандығын әшкерелейді, елдің уақытша көзін бояу үшін шығарылған жалған бұйрық екенін де ешнәрседен тайсалмай қазақ ақындарының ішінде алғашқысы болып толғайды.

1907 жылы Қазандағы Хұсайыновтар баспасынан Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал» деген үш кітабы бірінен соң бірі басылып шығады.

Мәшһүр Жүсіп өлеңдерімен бірге көптеген уытты мысалдар, шығыс үлгісіндегі бірнеше дастан жазып қалдырды. Оның қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинаудағы еңбегі орасан зор. Бұл ретте ел аузынан көптеген батырлық, ғашықтық жырларды, тарихи жырлар ман айтыстарды, шежірелер мен аңыздарды, атақты ақындар мен жыраулар мұраларын жинап, хатқа түсірді. Ұлы Абайды өзіне ұстаз тұтып, оның ағартушылық идеясы мен ақындық дәстүрін жалғастырушылардың бірі болды. Абай өлеңдерін жаттап алып, ел ішінде таратуда, насихаттауда берік ұстаным тұтынды. Ол Абай соқпағымен «тас қияға өрлегендердің» бірі еді. Абайдың тірі кезінде оның өлеңдеріне алғаш рет талдау жасап, баға берген де Мәшһүр Жүсіп болды. «Дала уәлаятының газетінде» 1989 жылы жариялаған «Баянтаудан хабар: Абай творчествосы туралы мәлімет» деген мақаласында Абай шығармашылығы туралы өз ойларын ортаға салады.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларымен орыс тілді оқырмандар алғаш рет «Түркістан уалаятының газеті» арқылы танысты. Бұл газеттің белсенді авторларының қатарында Ш. Құдайдердиев, А. Байменов, С. Шорманов, Б, Сыртановтармен бірге М. Ж. Көпеев те болды. Бұл органды қазақ халқының рухани жетекшісі болды деп есептеуге болмайтын еді, ол негізінен орыс империясының саясатын жүргізуші арқау ретінде де қызмет етті.

Мәшһүр ақын көпшіліктің берекесін алатын, жарастығын бұзатын озбырларға үнемі қарсы тұрып келіпті. Жан-жағын жұтып жіберердей алара қарайтын бай-шонжарлар, қысы-жазы ауыл маңы айғай-шу, бос дүрмек, оқу іздеп, өнер қуып жүрген бірде-бір жастарды көре алмаған ақын халыққа қарап: Қазағым, өнер ізден, ұрлық-зорлық,

Қыласың бір-біріңе неге озбырлық?
Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,

Басыңа келген жоқ па талай қорлық? — деп ел ішінің ауыр жағдайын, береке-бірлігі жоқ жүдеу қалпын ашына айтады. М. Көпеев өлеңдерінің айрықша бір қасиеті — қарапайымдылығында. Ол ерекше бояу, тыңнан жаңалық іздемейді, жұртты таңырқата қояйын деген ой ақында атымен жоқ. Ақынның сөзі — жүрек түбінен шыққан сөз. Ақын сөз өнерін өте жоғары бағалаған. Адам баласы мен адам баласының табыспайтын, жақындаспайтын ұғыспайтын кезі болмайды.

Мәшһүр Жүсіптің бөліп айтуға тұрарлық бір ерекшклігі — өлеңдерін жазып шығарған.

Мәшһүр қазақтың көптеген білікті адамдарымен кездескен, сырлас болған. Солардың ішінде 1925 жылы атақты балуан Қажыымұқанмен таныс-біліс болып, екеуі Баянауылда бірнеше күн бірге жүріпті. Бірі ақын, бірі балуан — өнер адамдары іштей түсінісіп, қыл ажырамас дос болып, қимай-қимай ажырасыпты.

Мәшһүр Жүсіптің игі істеріне қанық қазақтың зиялы қауымы оны ерекше құрметтеп, бағалаған, ақындардың пайғамбарына теңеген, әруағына сиынған.

Жұма күні, қой жылы аштың есік,
Қазақтың кең даласын қылдың бесік.
Дәл сондай жұма күні, қой жылында,
Көз жұмдың жалғаныңа қош бол десіп. (К. М)
Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1931 жылы дүниеден өтті.

Өмірден өзі озса да артына өлмес мұра қалдырған қасиетті Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мұраларының бізге, келер ұрпаққа берері мол екеніне ешкімнің де күмәні жоқ. Ендеше, сол мол мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буын үлгі аларлық кәдеге жарату біздің парызымыз.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Мәшһүр Жүсіп Көпеев