Биримжанов Ахмет (1871 - 1927 ж.ж)

Биримжанов Ахмет (1871 - 1927 ж.ж)

Бірімжанов Ахмет — Алашорда үкіметінің мүшесі, 1–2 мемлекеттік Дума мүшесі, заңгер.

1871 жылы 7 желтоқсанда Торғай уезінің Тосын болысының № 1 ауылында дүниеге келген. Арғы аталары атақты Арғын-Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батыр және Шеген би. Өз әкесі — Қорғанбек. Шешесі — Қыпшақ Наурызбай бидің қызы Ханша. Ал арғы атасы — Шеген бидің қызы, Айман Ыбырай Алтынсариннің шешесі.

Жастайынан зерек Ахмет Орынбор ерлер гимназиясын 1891 жылы күміс медальмен бітірсе, ал Қазан университетінің заң факультетін 1895 жылы алтын медальмен бітірген. ЖОО бітірісімен Орынбор округтық соттың кандидаты, онан кейін Торғай уезінің бітімші соты болып істеп жүргенде, 1906–1907 жылдары Ресейдің 1–2 мемлекеттік Думасының мүшелігіне қатарынан екі рет Торғай облысы қазақтары атынан сайланады.

1906 жылы 2 шілдеде дума отырысында сөз сөйлеп, аграрлық комиссияға қазақ депутаттарын енгізуді ұсынады. Депутат А. Қалменев екеуі қазақ жерінде қоныс аударушыларды жерге орналастыру комиссияларының заңсыздықтары туралы жоғарғы үкімет билігіне сұрау салады.

А. Бірімжанов 2-Думада әскери дала соттарын жою туралы заң жобасын жасау комиссиясының құрамына енеді. Бұдан басқа өзге де 53 депутатпен бірлесіп, Министрлер Кеңесіне 1906 жылы 4 маусымда қазақ даласында қоныс аударушылар учаскелері мен ормандағы саяжайлардың орналасу заңсыздығы жөнінде сұрау салады.

Қазақ даласына ішкі Ресейден қоныстанушылардың жаппай шұбыруына байланысты жер, қоныс мәселесі қатты ушығып, қазақ халқының тағдырына тікелей әсер еткендіктен, қазақ зиялыларын қатты толғандырып, оны Дума мінбері арқылы жеңілдетіп шешуге әрекеттенген іс-қимылдары еді. Алайда Дума таратылып, бұл іс-әрекеттер нәтижесіз болып, Дума мүшесі ретінде А. Бірімжанов қазақ өлкесінде қызмет істеуіне рұқсат етілмей, 1917 жылға шейін Бузулук қаласында сот тергеушісі болған.

Ақпан төңкерісінен соң алғашында Уақытша өкіметтің Торғай уезінің комиссары, онан кейін Қостанай уезінің комиссары болған. Сол жылдары елде белең алған қоғамдық-саяси және Алаш қозғалысына араласа бастайды.

1917 жылы 2–8 сәуірде Орынборда және сол жылғы 20–25 тамызда Ақтөбеде өткен Торғай облысы қазақтарының сиезіне қатысып, соңғысында жаңа сот жүйесінің жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияның құрамына кіреді. Торғай облыстық біріккен мұжық-қазақ сиезіне де қатысады.

Шілдеде өткен Жалпықазақтық сиезде Торғай облысынан Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады да, желтоқсандағы сиезде Торғай облысынан Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтеді.

Кеңес өкіметі кезінде заң орындарында жауапты қызметтер атқарған. Қазақ АКСР-дің заң комиссариатының алқа мүшесі және өмірінің соңына шейін Қазақстанның Жоғарғы сотының мүшесі болған.

1927 жылы 5 қаңтарда Ленинградта қайтыс болған. Ақтық сапарға Ә. Бөкейханов, Ә. Сейдалин, Ленинградта оқып жүрген қазақ студенттері М. Әуезов, Ә. Марғұлан, ұлы Батырбек және татар зиялылары шығарып салған.

Алаш Орда мүшелері:

Мүшелері Жақып Ақбаев, Садық Аманжолов, Отыншы Әлжанов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бірімжанов, Халел Ғаббасов, Жанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Бақтыкерей Құлманов, Базарбай Мәметов, Уәлитхан Танашев, Айдархан Тұрлыбаев, Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай

Мүшелікке кандидаттары:

Өмір Алмасов, Молданияз Бекімов, Мұқыш Боштаев, Нүсіпбек Жақыпбаев, Сейілбек Жанайдаров, Ережеп Итбаев, Аспандияр Кенжин, Сейдәзім Қадырбаев, Есенғали Қасаболатов, Иса Қашқынбаев, Батырқайыр Ниязов, Сәлімгерей Нұралыханов, Сатылған Сабатаев, Белек Солтоноев, Есен Тұрмағамбетов

Алаш Орданың оқу комиссиясының мүшелері:

Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонанов.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Биримжанов Ахмет (1871 - 1927 ж.ж)