Әбілғазизұлы Арынғазы

Әбілғазизұлы Арынғазы

Әбілғазизұлы Арынғазы (1785 – 1833) алмағайып аласапыран заманда өмір сүріп, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін арыстандай арпалысып өткен көрнекті мемлекет қайраткері, көреген саясаткер, төре күйлерінің негізін салушылардың бірі болған дәулескер күйші-композитор.

Арынғазы қазақ сахарасына әйгілі болған текті әулеттен. Шежіре тілімен айтқанда, қазақ халқының көтерген Әз Жәнібектің баласы Жәдік сұлтаннан өрбіген әйгілі Батыр сұлтанның шөбересі болып келеді. Батыр сұлтан, одан – Қайып, одан – Әбілғазиз, одан – Арынғазы.

Мемлекет қайраткері, саясаткер ретінде Арынғазы қос бүйірдегі көршілер Ресей мен Хиуаға тең саясат ұстанып, екеуінің де қорқау ниеттеріне тосқауыл болды. Әкесі Әбілғазиз 1815 жылы дүние салған соң, Арынғазы хан болып сайлағанда, Жанкент қаласында Шекті, Шөмекей, Жағалбайлы, Төртқара, Жаппас руларының көсемдері оны ақ киізге отырғызып көтеріп, төбесінен алтын мен күміс теңгелер құйған. Ал, Бұқар әмірі Арынғазының таққа отыру құрметіне арнайы хандық мөр құйдырып, алтын оқалы шапан мен арғымақ ат тарту еткен. Тек, Ресей патшасы ғана, Абылайды, Батырды, Қайыпты хан деп мойындамағаны сияқты, аққаптал саясат ұстанып, Арынғазыны хан ретінде мойындамайды.

Арынғазы хан тағында болған кезеңде ел ішінің береке-бірлігіне айрықша көңіл бөлген. Ол ел басқару ісінде ақыл-парасаты кемел ру басыларына сүйеніп, қазылар сотын құру арқылы қол астындағы халықтың жарастықты өмір сүруіне жағдай жасады. Халық тынышын алған отыз баукеспе барымташыны өлім жазасына кескізуі Арынғазының ел мүддесі үщін бәріне де дайын болғанын көрсетеді.

Арынғазы хандық құрған кезде ру аралық дау-шар тиылып, көрші елдермен сауда-саттық жанданда. Әсіресе, Ресейдің Орта Азия елдерімен арадағы сауда жолдарының қауіпсіздігіне Арынғазы өз тарапынан әрекеттеріне тойтарыс беріп, қанды қақтығыстарға да барып отырды. Мұндай саясатқа іш тартқан Ресей өкіметі Арынғазыны Кіші жүздің хандық кеңесінің төрағалығына сайлап, гаухар тас орнатылған алтын медальмен марапаттайды, 500рубль көлемінде жалақы тағайындайды.

Ел ішіне жарастықты ахуал орнатқаны үшін халық оны «Тыным хан» деп атады. Ол Кіші жүздің ықпалды адамдарымен ақыл тоғыстырып, дербес хандық құру жөнінде тегеурінді кимылдарға мұрындық бола білді.

Алайда, Арынғазы Ел ішіндегі беделі мен ұстанған бағыты Ресей өкіметіне секем алдырады. Орынбордың әскери губернаторы генерал-лейтенант П. К. Эссеннің дем беруімен 1821 жылы Арынғазы Кіші жүздің хандық билігін иемденіп қайту ниетімен Санкт-Петербургке аттанады. Көктен тілегенін жерден бергендей, Ресей саясатының қанды шеңгелі Арынғазыны қайтып уысына шығармайды. Ол 1823 жылы Калугаға жер аударылып, 1833 жылы Шоқан Уәлиханов, Мұхамбет-Салық Бабажанов сиақты, белгісіз жағдайда, белгісіз себептен дүние салады. Елім деп еңіреп өткен есіл елдің сүйегі күні бүгінге дейін Калуга топырағында.

Жомарт табиғат Арынғазының бойына атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарайтындай ғажайып қасиеттер дарытқан. Қатарынан сұлу пішін, аттылы-жаяуға бірдей жауынгерлік шалым, құалайды көзге атқан мергендік, найзағайдай шапшаң қылышкерлік…

Осының бәріне қоса Тәңірі оған халқы үшін жанын ойланбай құрбан ететін асқақ рух, сахара сарбаздарына тән мәрт мінез, жомарт пейіл, сұлулыққа іңкәр нәзік сезім, сол сезімді биік өнертілінде сыртқа шығара алатын бұла дарын берген. Арабша, шағатайша, орысша сауаты кемел болған. Оның беліне таққан қылыш үшін Санкт-Петербургтің сайып қыран офицерлері ойланбастан Ресейдің 6 мың рублін ұсынған.

Арынғазы сахараның сағағынан үзілген төрт аруына үйленген алғаш жар еткен Балым ханым Арынғазының артынан Калугаға іздеп барған. Ал, Мәдина сұлу Арынғазымен Калугада бірге болған. Арынғазы қайтқан соң Мәдина Москвада тұрақтап қалады да, одан туған ұрпақ тағдырдың жазуымен орыстанып кетті.

Арынғазыны көрген замандастары ол туралы небір таңданыс-сүйеніске толы деректер қалдырған. Бұхар әмірі оның парасат-болмысына сүйсініп «мұсылмандар әмірі» («эмир аль – муслимин») деп атаған. Барон Е. К. Мейендорф ол туралы: «Арынғазының бар болмысы, оның арман-аңсары, оның әрекет тірлігі, оны қатарларға пенде аталудан анағұрлым асқақтатып көрсетеді», – деп жазды. Ал, Ресей елшісі А. Б. Негри былай деді: «Бұл сұлтанның тал бойындағы ар-имандық пен қайраткерлік, ақ ниеттілік пен ержүректілік біте қайнасқан». Ресей тарихшылары Арынғазыны бір ауыздан: «қазақ сұлтандарының ішіндегі халқын шын сүйген жалғыз адам, ары кіршіксіз таза адам» деп бағалады.

Арынғазының ерекше жаралған болмыс-бітіміндей болып, оның сұлулық пен азаттыққа іңкәр асқақ рухындай болып артында «Арынғазы» күйі қалды. Ол күй аманат-өсиетіндей болып қазақ халқымен мәңгі бірге жасайды.

Жаңа кезеңдегі тарих (ХІХ — жаңа ХХ ғ.ғ.)
Тарихи тұлғалар
Әбілғазизұлы Арынғазы