Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық

Соңғы жылдары Қазақстан жалпы алғанда барлық беделді және ықпалды халықаралық ұйымдарға кіру үрдісін аяқтады. Қазіргі кезде Қазақстанның халықаралық аренадағы, ең алдымен, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі стратегиялық мүдделерін нақты жүзеге асыру аясына көшіру міндеті тұр.

Қазақстан және БҰҰ. 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Қазақстан Республикасы өзінің мәні жөнінен аса маңызды тарихи құжат болған 46/224 қарарымен БҰҰ-ға мүшелікке бірауыздан қабылданды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы күзде өткен 47-сессиясы Қазақстан делегациясының БҰҰ-ның толық мүшесі ретінде қатысқан бірінші форумы еді. Бұл сессияда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы келелі сөз сөйледі.

Қазақстанның БҰҰ шеңберінде ұсынған халықаралық негізгі бастамалары:

· Азиядағы Өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру;

· БҰҰ қамқорлығымен Орталық Азия бітімгершілік батальонын (ОртАзБат) құру;

· «бір қосу бір» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігері қорын жасақтау: әрбір мемлекет оған қорғаныс бюджетінің 1%-ын аударады, жыл сайын өзінің аударымын 1%-ға көбейтеді;

· Орталық Азияда алдын алу дипломатиясы бойынша өңірлік орталық құру:

· Орталық Азия өңірі үшін экономикалық комиссия құру, бұл комиссия БҰҰ-ның Орталық Азия экономикалары үшін Арнаулы бағдарламасының негізіне алынды (СПЕКА).

· Арал және Семей экологиялық апат аймақтарын сауықтыру;

· Алматы қаласында 2003 жылы теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдер үшін БҰҰ-ның халықаралық министрліктер конференциясын өткізу.

БҰҰ-ға қатысу Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға жәрдемдеседі. Елдің қоғамдық өмірінің әлеуметтік-саяси, экономикалық және басқа салалардағы бұдан былайғы қайта өзгерістерді жүзеге асыру үшін қолайлы халықаралық жағдай жасайды.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннанның Қазақстанға 2002 жылғы 17–18 қазандағы ресми сапары Қазақстан Республикасы мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды белесіне айналды, ол Қазақстан мен БҰҰ арасындағы онжылдық ынтымақтастықтың нәтижелерін баянды етті, сондай-ақ өзара іс-қимыл үшін жаңа келешекті белгіледі.

БҰҰ-да Қазақстанның қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту саласындағы белсенді рөлін, республиканың осы салада жасалған барлық халықаралық келісімдерге адалдығын жалпы жұртшылық таныды.

Қазақстанның БҰҰ-дағы ұстанымы, БҰҰ қарайтын мәселелердің барлық кешені бойынша елдің мүдделерін ескеру негізінде қалыптасады. Бұл орайда ұйыммен экономика, экология, әлеуметтік даму, халықаралық құқықтың ілгерішіл дамуы, адам құқықтарын сақтау саласындағы, лаңкестікке, ұйымдасқан қылмысқа және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.

БҰҰ шеңберінде әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін Семей өңіріндегі жағдайды сауықтыруға жұмылдыру жөнінде айтарлықтай жұмыс тындырылды. Бірқатар жылдар ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының «Қазақстандағы Семей өңірінің халқын және экологиясы мен экономикалық дамуын сауықтыру мақсатында халықаралық ынтымақтастық және қызметті үйлестіру» қарарлары қабылданды, бұл қарарларға сәйкес Семей өңіріне көмек көрсетудің халықаралық бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Қазақстанның АТМЭӘК-пен (БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы) ынтымақтастығы жолға қойылды. Бұл қатынастар өзінің бастауын 1992 жылғы 31 маусымнан алады. АТМЭӘК Азия және Тынық мұхит елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, олардың бір-бірімен және үшінші елдермен ынтымақтастығына жәрдемдесуге тиіс. Көлік, транзит және СПЕКА бағдарламасын іске асыру ынтымақтастықтың түйінді салаларының бірі болып саналады.

АТМЭӘК-тың 2005 жылғы 16–18 мамырда Банкгок қаласында өткен 61-сессиясы өзара қатынастардағы маңызды оқиға болды, оның барысында Қазақстан өкілі – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаев тұңғыш рет төрағалық етті.

Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы Нью-Йорктегі осы ұйымның қабырғасында ғана емес, тіпті республика аумағында да жүзеге асырылуда. 1992 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда БҰҰ жүйесінің бірқатар арнаулы мекемелерінің, қорларының және бағдарламаларының өкілдіктері ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Олардың қызметі Қазақстанға техникалық, кеңес беру және қаржы жөнінен мол көмек көрсетуге бағытталған.

1994 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, онда бағдарламаның Қазақстандағы қызметінің басым бағыттары қамтылды.

Өзінің Қазақстандағы қызметі кезінде БҰҰДБ Қазақстан Республикасының Үкіметіне ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ерекше өткір туындаған түрлі әлеуметтік, экологиялық және өзге проблемаларды шешуде көрсетілген көмектің көлемі бойынша айтарлықтай қолдау көрсетті. Бұл БҰҰДБ-ның және БҰҰ жүйесінің басқа да мамандырылған мекемелерінің Семей мен Арал маңындағы зардап шеккен өңірлерді әлеуметтік-экономикалық сауықтыру жөніндегі, шалғайдағы елді мекендерді сумен жабдықтауға байланысты проблемаларды шешу, Қазақстанның қолайсыз аудандарында тұратын халықтың өсімталдық денсаулығы, ВИЧ/СПИД-ті және басқаларды қоса алғанда вирустық жұқпалы аурулардың таралуы жөніндегі үкіметаралық және донорлық жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруға қатысуы жөнінде болып отыр.

Ұйымның даму саласындағы жетекші мекемесі ретіндегі БҰҰДБ БҰҰ-ның Қазақстандағы «командасын» басқарады, оның бүгінгі таңда 15 ұйымы бар, олар: БҰҰДБ (БҰҰ-ның Даму бағдарламасы), ЮНИСЕФ (БҰҰ-ның Балалар қоры), ЮНФПА (БҰҰ-ның Халық өсімі жөніндегі қоры), ЕҚБ (БҰҰ-ның Есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасы), БҰҰ БЖКБ (БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы), БҰҰЕ (БҰҰ-ның Еріктілері), ЮНИФЕМ (БҰҰ-ның Әйелдерді дамыту қоры), ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы), ЮНЕСКО (БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы), ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы), ЮНИДО (БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму ұйымы), ДБ (Дүниежүзілік банк), ХВҚ (Халықаралық валюта қоры), БҰҰ/СПИД (БҰҰ-ның ВИЧ/СПИД жөніндегі бірлескен бағдарламасы) және ҚАДӨ (Қоғамдық ақпарат департаменті өкілдігі).

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің БҰҰ-мен ынтымақтастығы 2005 жылғы жазда бекітілген БҰҰ-ның дамуға көмек көрсету жөніндегі шектеулі бағдарламасы (ЮНДАФ) шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаның шеңберінде ынтымақтастықтың басым үш саласы айқындалған, атап айтқанда:

· кедейлерді қорғауға бағытталған саясатты әзірлеу;

· барша жанның өмір сапасын жақсарту;

· азаматтардың ұлттық дамуын демократиялық басқару әрі оларды кеңінен тарту үшін қолайлы жағдай жасау және қолдау.

ЮНИСЕФ-пен (БҰҰ-ның Балалар қоры) – Біріккен Ұлттар жүйесінің ұйымымен ынтымақтастықт та Қазақстан Республикасының БҰҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылының маңызды салаларының бірі болып табылады, ол балалардың аман болуын, оларды қорғауды және олардың өсіп-жетілуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді ұзақ мерзімді келешекте шешумен айналысады.

ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық 1992 жылы ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау саласындағы шұғыл көмек көрсетуі бойынша басталды. Қазақстан республикасының үкіметі мен БҰҰ-ның Балалар қоры арасында 1994 жылы 25 қарашада қол қойылған ынтымақтастық туралы негізгі келісім өзара қатынастардың негізі болып табылады.

Қазақстанның ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастығы негізінен елдің бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі кезде қолданылып отырған 2005–2009 жылдарға арналған бағдарлама БҰҰ-ның дамуға көмек көрсету жөніндегі шектеулі бағдарламасына (ЮНДАФ) негізделеді.

Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) ынтымақтастығы ерекше маңызды болып табылады. 1992 жылға дейін Қазақстан ДДСҰ-мен тәуелсіз ынтымақтастықты жүзеге асырған жоқ, алайда республика ДДСҰ/ЮНИСЕФ-тің 1978 жылы Алматы қаласында болған алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі конференциясының арқасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау қоғамдастығында танымал болды және бүкіл дүние жүзінде денсаулық сақтауды дамытуға жаһандық ықпал етті.

1992 жылғы 19 тамызда Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына кіріп, осы ұйымға 180-мүше-мемлекет болды және ДДСҰ-ның еуропалық өңірі кірген 51-елге айналды.

Ынтымақтастықта балалардың денсаулығын сақтау, медициналық қызметкерлердің әлеуетін дамыту, ВИЧ/СПИД-пен, туберкелезбен күрес, сондай-ақ қоршаған ортаның халықтың денсаулығына ықпалы мәселелеріне зор көңіл бөлінеді.

2005 жылғы қаңтарда Женева қаласында болған ДДСҰ Атқару комитетінің 115-сессиясы барысында Леон Бернар қорының ұсынысы бойынша Атқару комитеті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Т. Шармановқа қор сыйлығын табыс етті.

Ынтымақтастықтың басым салаларының бірі ретінде Қазақстан әйелдердің құқықтарын қорғауға және олардың қоғамдағы экономикалық және саяси жағдайын жақсартуға арнаған инновациялық бағдарламаларға қаржылық қолдау және техникалық көмек көрсететін ЮНИФЕМ-мен (БҰҰ-ның Әйелдерді дамыту қоры) өзара іс-қимылды қарастырады. БҰҰ жүйесі шеңберінде ЮНИФЕМ әйелдердің мүдделерін білдіреді және оларды ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейдегі барлық аса маңызды мәселелермен байланыстырады. Қор өзінің жұмысын ел деңгейінде үйлестіреді, гендерлік проблемаларды ел бағдарламаларының негізгі бағыттарына енгізу тұрғысынан үйлестіруші-резидент жүйесіне қолдау көрсетеді.

Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығы ойдағыдай дамып келеді. Қазақстан ЮНЕСКО-ға 1992 жылғы мамырда мүше болды. 1997 жылы республика ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесінің мүшелігіне өтті. 1997 жылы Азия-Тынық мұхит өңірі елдерінен Атқарушы кеңес төрағасының орынбасары болып сайланды.

Қазақстанның ЮНЕСКО-мен белсенді ынтымақтастығына және әлемдік мәдени кеңістікке ықпалдасуына мән бере отырып Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанынан Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы құрылды, ол осы халықаралық ұйыммен өзара қатынастардың басым бағыттарын айқындайды.

Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум (1995жыл) және ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдігін ашу туралы Келісім шеңберінде Қазақстан мен ЮНЕСКО белсенді ынтымақтастық орнатты.

Ынтымақтастық жылдары екі жақты қатынастарды нығайтуға жәрдемдескен бірқатар маңызды сапарлар жасалды. Мәселен, 1995 жылы ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майор Қазақстанға келді. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев 1995 жылғы қарашада ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде ресми сапармен болды. ЮНЕСКО-ның Бас директоры Коичиро Мацуура 1999 жылғы маусымда және 2001 жылғы тамызда Қазақстанға келді.

ЮНЕСКО құзіретінің барлық салалардағы ынтымақтастықты серпінді дамыту Ұйым бас директорының 2001 жылы ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы өкілдігіне Орталық Азиядағы өңірлік өкілдік мәртебесін беру жөнінде шешім қабылдауына септігін тигізді. Өз кезегінде, Қазақстан ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұрақты Өкілдігінің мәртебесін дербес дипломатиялық миссия деңгейіне дейін көтерді.

БҰҰ-2002 Мәдени мұра жылы шеңберінде Қазақстанда мүдделі ұйымдар мен БАҚ-тың қатысуымен түрлі іс-шаралар жүргізілді. Қазақстан ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мәдени мұраны қорғау туралы Халықаралық конвенцияны әзірлеу және қабылдау жөніндегі бастамасын қолдайды және Қазақстанның мәдени құндылықтарға меншік құқығын заңсыз әкелуге, әкетуге және беруге тыйым салуға және олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы Конвенцияға Қазақстан Республикасының қосылуы мәселесін пысықтауда.

2001 жылы ЮНЕСКО Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған «мәдени және табиғи мұра нысандарының алдын ала тізбесін» бекітті. Онда 10 атау қамтылған. Олардың арасында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұрасының тізіміне енгізіліп қойған Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің құжат-номинациясы және Таңбалы археологиялық ландшафт петроглифтері бар. Аталмыш тізімге Қазақстанның Қорғалжын және Наурызым қорықтарында дала және өзеннің бірегей табиғи ландшафтын енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылуда.

Ежелгі Отырар қаласының орнын сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ЮНЕСКО/Жапония және Таңбалы шатқалының петроглифтерін зерделеу, консервациялау және таныстыру жөніндегі мұрасын келешек ұрпақтар үшін сақтауға және әлемдік қоғамдастыққа таныстыру тұрғысынан зор маңызы бар.

ЮНЕСКО-ның атаулы және мерекелік күндерінің күнтізбесіне кірген іс-шаралардың арасында мыналар бар: Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығы, Түркістан қаласының негізі қаланғанына 1500 жыл, Мұхаммед Хайдар Дулатидің 500 жылдығы, Сәбит Мұқанов пен Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуы. 2002–2003 жылдары ЮНЕСКО-ның қатысуымен Тараз қаласының 2000 жылдығы, Махамбет Өтемісовтің 200 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығы атап өтілді. 2003 жылы ЮНЕСКО күнтізбесіне 2004–2005 жылдарға арналып Әлкей Марғұланның туғанына 100 жыл толуы мен Әбілхан Қастеевтің туғанына 100 жыл толуы енгізілді. ЮНЕСКО-ның композитор Ахмет Жұбановтың және ғалым Ақжан Машанидің 100 жылдық мерейтойларын ЮНЕСКО-ның 2006–2007 жылдарға арналған естелік күндері мен оқиғалардың Күнтізбесіне енгізу туралы шешімі (33С/63 қарары) Қазақстанның әлемдік мәдениетке қосқан үлесін ресми түрде тану болды.

ЮНЕСКО-ның тарихи және мәдени мұраны таныстыруы үшін ең жаңа ақпараттық технология пайдаланылуда. Ұлттық кітапхана мен Орталық мемлекеттік мұражай жүзеге асыратын «HeritageNet» жобасы осы саладағы жемісті ынтымақтастықтың үлгісі болып табылады.

Білім берудің ұлттық жүйелерін жаңарту мен нығайтуға қолдау көрсету ЮНЕСКО-мен оқу-білім саласындағы ынтымақтастықта бұрынғысынша басым бағыт болып қала береді.

«Білім барша үшін» (ББҮ) бағдарламасы шеңберінде ынтымақтастықтың елеулі келешегі ашылып отыр, ол Қазақстандағы және Орталық Азиядағы білім берудің жалғасып келе жатқан реформаларын бағалауға мүмкіндік береді. 2003 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі ББҮ бойынша Ұлттық іс-қимылдар жоспарын бекітті.

Мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен іс-қимылда ЮНЕСКО-ның «Арнайы мұқтаждығы бар балаларға базалық білім беруге жәрдемдесу» жобасы шеңберінде арнайы білім беру бағдарламаларын қолдау жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде.

ЮНЕСКО-мен ғылым саласында ынтымақтастық ғаламдық үш бағдарлама — «Адам және биосфера», «Халықаралық гидрологиялық бағдарлама» және «Халықаралық геологиялық арақатынастылық бағдарламасы» тұрғысынан жұмыс істейтін ұлттық үш ғылыми комитет желісі бойынша жүзеге асырылады. 2005 жылы Қазақстан ЮНЕСКО-ның Халықаралық мұхитты графикалау комиссиясына кірді. Бас конференцияның 33-сессиясы барысында Қазақстан 2005–2009 жылдардағы кезеңге арналған халықаралық гидрологиялық бағдарламаның Үкіметаралық кеңесіне және 2005–2007 жылдарға арналған Үкіметаралық биоэтика жөніндегі комитетке сайланды.

Қазақстан ЮНЕСКО-ның Орталық Азия өңірімен Ұйым қызметінің барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бастамаларын толық қолдайды. Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығы – өзара тиімді үрдіс, соның арқасында республика әлемнің XXI ғасырдағы жаһандық дамуына барған сайын таныла түсуге ықпал ететіндей үлес қосып келеді.

Қазақстан және еуропалық ықпалдастық құрылымдары

Еуропалық Одақ, Еуропа Кеңесі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым, Солтүстік Атлантика Шарты Ұйымы, Қазақстан Республикасының еуропалық ықпалдастық институттарымен ынтымақтастығында неғұрлым маңызды орын алады.

Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 2 ақпанда орнады.

Еуропалық Одақпен қатынастардың көкейтестілігі оның аса ірі саяси-экономикалық бірлестік ретіндегі әлемдік аренада ойдағыдай дамуы тәжірибесімен айқындалады. Өңірде бірыңғай еуропалық экономикалық және валюталық кеңістік құру, Еуроодақты кеңейту, ЕО әзірлейтін әлемдік экономикада озық шепке шығу жөніндегі стратегия, қорғаныс пен қауіпсіздіктің ортақ жүйесін жасақтау, ықпалдасу мен жаһандану үрдістерінің құрамдас бөліктері болып табылады және Қазақстанның Еуроодақпен өзара толық ауқымды ықпалдастығының басымдығын айқындайды.

1997 жылы еуропалық энергетикалық хартия жөніндегі базистік шарт күшіне енді.

Еуропалық Одақ – тең құқықты және тәуелсіз мемлекеттер бірлестігі екенін ескере отырып, Қазақстан ынтымақтастықтың екі деңгейлі жүйесін құрады: жалпы алғанда одақпен және екі жақты қатынастар желісі бойынша ынтымақтастық.

Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық 1995 жылғы 23 қаңтарда Брюссельде қол қойылған және 1999 жылғы 1 шілдеде күшіне енгізілген Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (ӘЫК) шеңберінде жүзеге асырылады. Келісім негізінде сауда, инвестиция, жалпы экономикалық қатынастар жөніндегі, сондай-ақ энергетика, көлік, экология және қаржы салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі тиісті пікір алысуларды жолға қою мүмкін болды.

ЕО-ға 2004 жылғы 1 мамырдан бастап жаңадан 10 мүше-елдің (Венгрия, Кипр, Латвия, Литва, Мальта, Польша, Словакия, Словения, Чехия және Эстония) кіруін ескере отырып, 2004 жылғы 30 сәуірде Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге тіркелген Хаттамаға қол қойылды, бұл Хаттама Келісімнің күшін кеңейтілген Еуроодақтың шарттарына қолдануға бейімдеді. 2005 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев осы Хаттаманы бекіту туралы Заңға қол қойды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы Жолдауында Еуропалық Одақ Қазақстанның стратегиялық әріптестерімен – Ресеймен, Америка Құрама Штаттарымен және Қытаймен бір қатарға тұңғыш рет қойылды.

Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы аса ірі сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Еуроодақ елдерінің (ЕО-25) сауда айналымындағы үлесі Қазақстан Республикасының сыртқы саудадағы жалпы көлемінің орта есеппен 34–35% құрайды. Ынтымақтастық жылдары бойына ЕО Қазақстан экономикасына 10 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды.

Қазақстанның өңірдегі старатегиялық рөлі республикада ЕО-ның қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру және нарықтық экономика құру мәселелерін қозғайтын ТАСИС (ЕО тарабынан техникалық және кеңес беру көмегін көрсету) сияқты түрлі бағдарламаларын белсенді түрде іске асыруға жәрдемдеседі.

ТАСИС-тің 1993–2005 жылдардағы бағдарламасы бойынша түрлі салалардағы жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстан 200 миллионға жуық еуро көлемінде тегін көмек алды.

2007 жылы ТАСИС-ті неғұрлым қуатты және икемді «Дамуға және экономикалық ынтымақтастыққа жәрдемдесу құралы» (ДЭЫЖҚ) ауыстырды.

ЕО-мен Қазақстан Республикасының транзиттік-көлік әлеуетін: ТРАСЕКА («Еуропа-Кавказ-Азия» көлік дәлізі) және ИНОГЕЙТ (Орталық Азия өңірінен Еуропаға көмірсутекті шикізат тасымалдаудың қазіргі жүйесін әртараптандыру) іске асыруға бағытталған мемлекетаралық жобалар шеңберіндегі өзара іс-қимылының Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар.

Ынтымақтастықты жандандыру және Қазақстанмен, Орталық Азия өңірінің басқа да мемлекеттерімен көп ауқымды пікір алысуды күшейту мақсатында 2005 жылғы 28 шілдеде ЕО Кеңесі Орталық Азия елдері жөніндегі арнаулы өкіл лауазымын белгілеп, бұл лауазымға ЕҚЫҰ-ның бұрынғы хатшысы Ян Кубишті тағайындады.

Еуропа Кеңесі (ЕК) мен Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) Еуропа континентіндегі демократиялық қауіпсіздіктің түйінді институттарының бірі ретінде қаралады.

ЕКПА Еуропадағы демократиялық құндылықтарды дамыту үшін жауапты беделді еуропалық органдардың бірі болып табылатынын ескере отырып, демократиялық және азаматтық қоғам нормаларын сақтаушы мемлекет ретіндегі Қазақстанның беделін нығайту тұрғысынан онымен ынтымақтасу маңызды болып табылады. ТМД мемлекеттерінің ЕКПА-ға мүшелікке және онымен ынтымақтастыққа көңіл бөліп отырғаны (Ресей, Молдова, Украина, Грузия, Армения, Әзірбайжан) осы ұйымның жоғары саяси беделін айғақтайды.

Қазақстан Республикасы мен Еуропа кеңесінің ынтымақтастығы қазіргі кезде негізінен Қазақстан Республикасы Парламентінің ЕК Парламенттік ассамблеясымен (ЕКПА) өзара қатынастармен шектеліп отыр. Бұл қатынастар 2004 жылғы 28 сәуірде қол қойылған Ынтымақтастық туралы келісімге негізделген. Алайда Қазақстан парламентінің делегациясы ЕКПА-ның сессияларына 2003 жылдан бастап қатысып келеді.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ).

1975 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық кеңесі (ЕҚЫК) – Шығыс пен Батыс арасындағы пікір алысуды жолға қою үшін көп жақты форум құрылды.

1994 жылы Будапешт қаласында Кеңесті ұйым деп қайта атау туралы шешім қабылданды, мұның өзі ЕҚЫҰ кеңістігінде «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуымен сипатталатын жаңа геосаяси жағдайда қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік пен тұрақтылық талаптарына жауабы болды және ұйымның жұмысына қосымша саяси серпіліс берді.

ЕҚЫҰ бүгінгі таңда қауіпсіздік және жанжалдарды болдырмау мәселелерімен айналысушы қазіргі өңірлік ұйымдардың ішіндегі ең ірі ұйым деп заңды түрде есептеледі. ЕҚЫҰ-ға Еуропа континентінің, Кавказ сыртындағы, Орта Азияның және Солтүстік Американың елдері кіреді. Ұйым Жерорта теңізі мен Азия мемлекеттерінің қатарынан өз әріптестерімен тығыз ынтымақтасып отыр. Сөйтіп ЕҚЫҰ Ванкуверден Владивостокқа дейінгі географиялық кеңістіктегі еуроатлантикалық және еуроазиялық қоғамдастықты біріктіреді.

ЕҚЫҰ-ның негізгі принципі – ЕҚЫҰ қызметінің негізгі үш өлшемінің, әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық себеттердің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ететін қауіпсіздікке кең ауқымды және жан-жақты көзқарас. Адамның іргелі құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономика және қоршаған ортаны сақтау саласындағы ынтымақтастық бейбітшілік пен тұрақтылықтың аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде қаралады.

Бүгінгі таңда ЕҚЫҰ жанжалдардың ертерек алдын алудың және оларды реттеудің, сондай-ақ еуразиялық кеңістікте жанжалдан кейінгі сауықтырудың басты құралы ретінде әрекет ететін бірегей және бірден-бір жалпы еуропалық ұйым болып табылады.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылғы қаңтарда қатысушы болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүше болғандағы біздің басты мүддеміз де еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді. Құрамында 55 мемлекет бар осы беделді халықаралық ұйымның 1994 жылдың желтоқсанында Венгрия астанасы Будапештте өткен саммитінде біздің Елбасы сөз сөйлеп, Еуропа және Азия елдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы өз ойларын ортаға салды. Дәл осы басқосуда Қазақстан үшін тарихи шешім қабылданды.

1994 жылдың 6 желтоқсанында Будапешт қаласында 55 мемлекет басшысы қатынасқан саммитте АҚШ Президенті Билл Клинтон, Ресей Президенті Борис Ельцин, Ұлыбритания Премьер-министрі Джон Мэйджер, Украина Президенті Леонид Кучма және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ядролық қарудан қауіпсіздігіне кепілдік келісіміне қол қойды.

1998 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының үкіметі, ЕҚЫҰ және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ/ЕҚЫҰ) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ның орталығы ашылды.

ЕҚЫҰ-ның қатысуымен Қазақстанда адам құқықтары жөніндегі уәкілетті институтты, сайлау заңнамасын жетілдіру, сот жүйесін реформалау, адам саудасы, нашақорлыққа, лаңкестікті қаржыландыруға, қылмысты жолмен табылған табыстың жылыстауына қарсы әрекет ету, БАҚ тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жобалар іске асырылуда.

2003 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 2009 жылы төраға қызметіне өзінің кандидатурасын тұңғыш рет ұсынды.

2005 жылғы 26 тамызда Қазан қаласында ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі бастамасын қолдау туралы шешімі қабылданды.

2010 жылдан бастап біздің ел ЕҚЫҰ-ны басқару абыройына ие болды.

Астана саммиті. Қазақстанда 1–2 желтоқсанда соңғы 11 жылдың ішінде алғаш рет өткен ЕҚЫҰ саммитінің қатысушылар Еуропа континентіндегі қауіпсіздік, ЕҚҚКК мәселелерін, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымдастыру мақсаттары мен міндеттерін талқылады.

Астанаға бұл ұйымның 56 мүше мемлекеттері, ЕҚЫҰ «ынтымақтастық жөніндегі әріптестер» — 12 ел басшыларының өкілдері, атап айтқанда Ресей президенті Д. Медведьев, Германия канцлері Ангела Меркель, Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони, Ауғаныстан президенті Хамид Карзай, сондай-ақ бірнеше ондық халықаралық ұйымдардың өкілдері, оның ішінде БҰҰ, ЕО, НАТО, ЕК, ТМД, ҰҚКҰ бар.

Астанадағы кездесу – Орталық Азияның жүрегінде – Еуропаның географиялық шектерінен тыс өткізіліп жатқан алғашқы саммит.

Солтүстік Атлантика шарты ұйымымен (НАТО) өзара қатынастарды тереңдету Қазақстанның сыртқы саяси қызметінде басты орын алады. Бұл ынтымақтастықтың көкейтестілігі, ең алдымен, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін реформалауды қоса алғанда, Ұлттық қауіпсіздікті қолдау жөніндегі басым сипаттағы бірқатар міндеттерді шешумен, сондай-ақ қазіргі заманның жаңа талаптарға – халықаралық лаңкестікке, есірткі трафигіне т. б. қарсы әрекет ету жөніндегі үйлестірілген кешенді шараларды жүзеге асыру қажеттігіне байланысты туындап отыр.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тәжірибе алмасуы, альянспен әріптестік шеңберінде жүзеге асырылатын офицерлер құрамын оқыту, бірлескен жаттығулар, семинарлар мен конференциялар өткізу Қазақстан Республикасы қорғаныс күштерінің кәсібилігін арттыруға, даярлықтың жалпы деңгейіне, сондай-ақ қорғанысты жоспарлауды жетілдіруге және оларды жалпы жұрт қабылдаған халықаралық стандарттарға келтіруге жәрдемдеседі.

Қазақстанның 1992 жылы Солтүстік Атлантика ынтымақтастық кеңесіне (бұл кеңес кейін Еуроатлантикалық әріптестік кеңесі (ЕАӘК) болып қайта құрылды) кіруі Қазақстанның НАТО-ға мүше-елдермен және Еуразия кеңістігі елдерімен халықаралық қауіпсіздіктің неғұрлым көкейтесті мәселелері бойынша жемісті пікір алысуына мүмкіндік береді. НАТО-мен саяси пікір алысуды және әскери ынтымақтастықты кеңейту мақсатымен 1994 жылы Қазақстан «Бейбітшілік үшін әріптестік» (БҮӘ) бағдарламасына қосылды. Қазақстанның БҮӘ-ге қатысуы азаматтық төтенше жоспарлауды, дағдарысқа қарсы реттеуді, қарулы күштер мен қарулы құрылымдарды демократиялық бақылауды, қорғаныс саясаты мен стратегиясын, әскери жаттығулар мен әскери білім беруді т. б. қоса алғанда, НАТО-мен өзара іс-қимылдың кең ауқымын қамтиды.

Қазақстан Республикасының НАТО-мен Жеке әріптестік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шаралардың саны жыл сайын көбейіп келеді (2000 жылы 100-ден астам бірлескен іс-шаралар жүргізілді).

2005 жылы Қазақстан Солтүстік Атлантика альянсымен ынтымақтастық пішінін кеңейту, оны жаңа деңгейге – Жеке әріптестіктің іс-қимыл жоспары (ЖӘІЖ) пішініне шығару жөніндегі нақты шараларды іске асыруға кірісті. Көп жақты деңгейде де, екі жақты пішінде де кеңес беру мен келіссөздер сериясы аяқталғаннан кейін Қазақстанның НАТО-мен ЖӘІЖ-сі біржолата келісіліп, 2006 жылы 31 қаңтарда қабылданды. ЖӘІЖ-де ғылым, төтенше азаматтық жоспарлау, лаңкестікке қарсы күрес саласындағы жедел үйлестікті, ынтымақтастықты арттыру мақсатымен өзара іс-қимылдың нақты қырларына баса ден қойылды.

Қазақстан парламентарийлерінің НАТО-ның Парламенттік ассамблеясының (НАТО ПА) сессиялық отырыстарының жұмысына тұрақты түрде қатысуы Альянспен үнқатысуды нығайту үрдісінің екінші бір маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. 2004 жылғы қарашада ҚР Парламентінің екі палатасы төрағаларының тиісті өтінішінен кейін НАТО Қазақстанның Жоғары заң шығарушы органына ПА-дағы бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.

Қазақстан және Азия өңірлік құрылымдары.

Әлемде болып жатқан халықаралық экономиканың жаһандануы, сауда-экономикалық ықпалдастықтың кеңейтілуі және капиталдың, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, жұмыс күшінің, технологиялардың және ақпараттың бірыңғай нарығы қалыптасуының серпінді үрдістері Қазақстанның өңір аралық ынтымақтастықтың көп атқарымды құрылымының қызметіне белсенді және сындарлы түрде қатысуға ұмтылысын айқындайды.

1995 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымына (ИКҰ) толық құқықты мүше ретінде кіруі елдің сыртқы саяси өміріндегі елеулі оқиға болды.

Қазақстан Республикасының БҰҰ мүшелерінің үштен бірін құрайтын бүкіл араб және түркі тілдес елдерді қоса алғанда, 57 мұсылман мемлекетін біріктіретін осы халықаралық ұйымға мүшелігін рәсімдеу Қазақстанның мұсылман қоғамдастығына ықпалдасуы мақсатын көздеді. Бұл орайда ИКҰ-ның саяси-экономикалық және қаржылық-инвестициялық әлеуеті ескерілді. ИКҰ Жарғысында баянды етілген мақсаттар мен міндеттер БҰҰ-ның және халықаралық құқықтың принциптеріне сай келеді. Ұйым теңгерімділігімен, ұстамдылығымен және өз саясатының бекемдігімен әлемдік қоғамдастық тарабынан өзіне құрметпен қарауға лайық.

Бұл ұйым мұсылман елдерінің қазіргі заманғы халықаралық қатынастар жүйесінде дербес күш ретінде орнығуы жөніндегі байсалды әрекетін паш етуде. Мұсылман әлемінің де, Батыс әлемінің де қоғамдық санасына мұсылмандық ынтымақтың принципі елеулі насихаттық нәтиже көрсетіп отыр. ИКҰ-ға қатысу көптеген мұсылман мемлекеттерінің өздерінің нақты экономикалық, ішкі саяси және сыртқы саяси міндеттерін шешуіне мүмкіндік береді.

Ислам әлемімен өзара белсенді іс-қимыл Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Өз тарабынан Ислам әлемі Қазақстанды мұсылман қоғамдастығының ажырағысыз бөлігі ретінде қарайды.

Қазақстанның ИКҰ жұмысына қатысуы және республиканың мұсылман қоғамдастығындағы оң беделі өз кезегінде Ислам әлемінің жетекші елдерімен: Түркиямен, Сауд Арабиясымен, Иранмен, Пәкістанмен, Малайзиямен, Индонезиямен, Египетпен, Парсы шығанағы елдерімен екі жақты қатынастарды одан әрі нығайту үшін алғышарт болып табылады.

ИКҰ-ға мүшелік Қазақстан Республикасының халықаралық өмірдің Таяу Шығыстағы жағдай, Ирак төңірегіндегі ахуал, Ауғанстанды жанжалдан кейінгі қалпына келтіру мәселелері, лаңкестікпен, экстремизммен және есірткі заттардың заңсыз айналымымен күрес сияқты түйінді мәселелер бойынша ұстанымын салғастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Ислам даму банкімен (ИДБ) ынтымақтастығы айтарлықтай артықшылық береді. ИДБ және араб қорлары желісі бойынша қаржылық көмек – мұсылман елдерінің республика экономикасына қосқан маңызды үлесі және шетелдік қаржылық көмектің неғұрлым елеулі буындарының бірі болып табылады.

Қазақстан дипломатиясының күш-жігері арқасында мынадай келісімдерге қол қойылды:

· Қарағанды – Астана автомобиль жолын 20 миллион АҚШ доллары көлемінде қайта құру жобасын банктің қаржыландыруы туралы келісім;

· Қазақстанның жеке меншік секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясына кіруі туралы келісім. Бұл құжат республикада екінші қолдау үшін жеңілдікті несие алуға мүмкіндік береді.

Сауд даму қоры (СДҚ), Кувейт араб экономикалық даму қоры (КАЭДҚ) т. б. сияқты ИКҰ-ға мүше елдердің түрлі инвестициялық қорларымен ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның ұлттық экономикаға инвестиция тарту жөніндегі қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

ИКҰ шеңберінде сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмыс Қазақстанның Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитет (СОМСЕС), Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитет (СОМSTECH), Ақпарат және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комитет (`COMIAC), Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы (ISESCO) сияқты ИКҰ-ның мамандандырылған құрылымдарына қатысуы арқылы жүргізілуде.

Қазақстанның ИКҰ-дағы қызметінің саяси қырларына қатысты ұйым шеңберіндегі белсенділіктің неғұрлым жоғары дәрежеге шығуы қажет екенін атап көрсеткен жөн, өз кезегінде республиканың ИКҰ форумдарында қабылданатын қарарлары бойынша өзіне міндеттемелер алуы мүмкіндіктерімен мұқият саралануға тиіс.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2000 жылғы қарашада Доха қаласында болған ИКҰ саммитінің жұмысына қатысуы маңызды сыртқы саяси оқиға ретінде қаралды.

2005 жылғы 7–8 желтоқсанда Мекке қаласында ИКҰ-ның 3-Төтенше саммиті болды, оның барысында «ИКҰ іс-қимылдарының 10 жылдық бағдарламасы» қабылданды. Бұл саммит Ислам әлемінің қазіргі заманғы талаптар мен қатерлерге қарсы тұру жөнінде бірлескен тиімді шешімдер қабылдауына жәрдемдесті.

Жалпы алғанда Қазақстанның ИКҰ-мен ынтымақтастығы жеткілікті дәрежеде ойдағыдай дамып келеді. Қазақстан соңғы жылдары ИКҰ-ның іс жүзінде барлық іс-шараларына, соның ішінде сыртқы істер министрлерінің, туризм министрлерінің саммиттеріне, конференцияларына, ИСЕСКО-ның ұлттық комиссияларының бас хатшыларының кеңестеріне, Ислам елдерінің жеке меншік секторлары өкілдерінің кеңестеріне өкіл болды.

Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) форум, Азия-Еуропа саммиті (АСЕМ), Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің қауымдастығы (АСЕАН), АСЕАН-ның қауіпсіздік жөніндегі өңірлік форумы (АӨФ) және басқалар сияқты өңірлік құрылымдардың қызметіне қосылу Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің бүгінгі таңдағы басым бағыттарының бірі болып табылады, олар өзара тиімді экономикалық ынтымақтастыққа және өңірдегі қауіпсіздік проблемаларын шешуге нақты жәрдемдесіп отыр.

Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Қауымдастығы қызметінің 1998 жылғы қарашада АСЕАН-ның 6-саммитінде қабылданған Ханой іс-қимылдар жоспарын іске асыру Қазақстанның мүдделеріне сай келеді.

Азиядағы өзара -іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясының бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде әрекет ете отырып Қазақстан АСЕАН өңірлік форумымен қауіпсіздік жөніндегі байланыстарды жолға қоюға мүдделі. Бұл форумның негізгі мақсаты Азия-Тынық мұхит өңіріндегі әскери жанжалдарға жол бермеу және болжап білуге мүмкіндік тудыратын, сындарлы мемлекетаралық қатынастарды орнықтыру жөніндегі тетікті жасауда болып отыр. АӨФ-ті дамыту үрдісі үш кезеңнен тұрады, олар: сенім шараларын әзірлеп, ілгері жылжыту; алдын ала дипломатияның тетіктерін дамыту; жанжалдарды реттеу.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүшелік Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыты болып табылады, оның қатарына республика 1992 жылғы қарашада кірді.

Қазіргі кезде ұйымның құрамына Әзірбайжан, Ауғанстан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан мүшелікке өтті.

ЭЫҰ өңірдің экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдай жасау, мүше-елдердің ішкі реттеушілік экономикалық өзара іс-қимылды және дамудың түрлі қырлары бойынша өзара көмекті жолға қою жолымен шаруашылық қатынастардың әлемдік жүйесіне кіруі үшін қолайлы жағдай жасау мақсатын көздейді.

Қазақстан Республикасының өкілдері ЭҰЫ-ның түрлі деңгейлердегі іс-шараларына тұрақты түрде қатысып келеді. Көлік және коммуникация, сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, энергетика Қазақстан Республикасының ЭҰЫ-мен ынтымақтастығындағы басым бағыттары болып табылады. Қазақстан өңірдің транзиттік-көлік мүмкіндіктерін дамытуға – өздерінің шикізат ресурстарын экспорттаудың басты құрамдас бөлігі ретінде бірінші дәрежелі мән береді.

1993 жылғы қазанда Алматы қаласында ЭЫҰ-ға мүше елдердің көлік және коммуникация министрлерінің 1-кеңесі барысында ЭЫҰ өңірінің көлік инфрақұрылымын дамытудың Алматы негізгі жоспары қабылданды, оны іске асырудың нәтижесінде өңір автомобиль жолдарымен және теміржолдармен, әуе желілерімен және осы заманғы телекоммуникацияларымен өзара байланыста болады.

1995 жылы Парсы шығанағы жағалауындағы Оңтүстік Иран порттарын елдің солтүстік бөлігімен бірыңғай теміржол торабы арқылы жалғастырған жол құрылысы аяқталды. 1997 жылы Мешхед-Серахс-Теджент учаскесіндегі Трансазия магистраль теміржолдары түйісті. Ол 700 километрлік Бафа-Бандар-Аббас теміржолымен жалғастырды. Соның нәтижесінде Қытайдың Шығыс жағалауындағы Ляньюньган теңіз порты теміржол арқылы Парсы шығанағындағы Иранның Бандар-Аббас портымен Үрімші, Алматы, Ташкент және Тегеран арқылы жалғасты, сөйтіп Қазақстанның, бір жағынан, Стамбұл арқылы Еуропаға шығуына жол ашты, екінші жағынан, жүктер тасымалдау мерзімін 25–30%-ға қысқартуды қамтамасыз етті.

1998 жылғы наурызда Ашхабад қаласында Көлік және коммуникация министрлерінің 2-кездесуі барысында көлік және коммуникация саласындағы 10 жылға арналған (1998–2007 жылдар) іс-қимылдар бағдарламасы қабылданды.

Өңірдің бірқатар мемлекеттерін байланыстыратын Ұлы Жібек жолы бойынша көлік магистралын дамыту үшін 1995 жылғы мамырда Серахс (Түрікменстан) – Серахс (Иран) шекаралық теміржол өткелінде жүк қозғалысы ашылды, бұдан кейін туристер мен кәсіпкерлерді тарту үшін Трансазия теміржол магистралы бойынша халықаралық жолаушылар қозғалысы да ашылды.

ЭЫҰ-ға мүше елдердің теміржол басшыларының 4-кеңесінде (1999 жылғы қазан, Лахор, Пәкістан) қабылданған Алматы-Ташкент-Түрікменабад-Тегеран-Стамбұл бағыты бойынша халықаралық жолаушылар қатынасын ашу жөніндегі іс-қимылдар жоспарына сәйкес 2002 жылғы 14 наурыздан 21 наурызға дейінгі кезеңде осы бағыт бойынша пойыздың алғашқы пилоттық (техникалық) сапары жүзеге асырылды.

Қазақстан аса ірі өңірлік жобаның еуропалық теміржол табанымен тартылатын Трансқазақстан теміржол құрылысының бастамашысы болып табылады, ол Қазақстан, Түрікменстан, Иран, Түркия аумағы арқылы және одан әрі Еуропаға өтеді.

Автомобиль көлігі саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан ЭЫҰ-ға мүше елдердің бәрімен халықаралық автомобиль жолаушылар тасымалы жөнінде екі жақты келісімдер жасасты.

Қазақстан сондай-ақ ЭЫҰ елдерімен ынтымақтастық шеңберінде әуе қатынасын дамыту жөнінде тиісті жұмыс жүргізуде. Республика ұйымға мүше елдердің бәрімен әуе қатынасы туралы мемлекетаралық келісімдер жасасты. Коммуникациялар саласындағы ынтымақтастық, атап айтқанда Трансазия-Еуропа оптикалық-талшықты кабельдік жүйе (ТАЕФОС) ерекше назар аударуға лайық.

ЭЫҰ-ның Сауда және даму банкін тезірек құру өңірлік сауданы ұлғайтудың маңызды элементі болуға тиіс, ол түрлі өңірлік жобаларды қаржыландыратын болады. Экономикалық зерттеулер және статистикалық орталығын құру да ЭЫҰ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және ақпаратты жүйелі түрде әрі оралымды алмасуға жәрдемдесуге тиіс. Айтарлықтай мұнай және және газ қорлары бар Қазақстан үшін оларды халықаралық нарыққа тасымалдау, болашақ экспорттық құбыр желілерінің оңтайлы бағыттарын айқындау проблемасының зор маңызы бар.

Қазақстанның ЭЫҰ шеңберіндегі қызметі республиканың қазіргі заманғы ырықты нарықтық экономикаға жеткізетін жолмен ілгері жылжуына жәрдемдеседі. Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы ЭЫҰ шеңберінде мүше елдердің өзара іс-қимылын қарқындандыру тұрғысынан тұрақты әрекет етеді.

Қазақстанның әлемдік экономикалық байланыстар жүйесінен орын алуы

Мемлекеттілікті орнатудың алғашқы кезеңінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев тұжырымдаған Қазақстанның сыртқы саясатын «экономикаландыру» міндеті ерекше өзекті сипатқа ие болды. Дипломаттардың алдына негізгі күш-жігерді Қазақстан экономикасының дамуына барынша жәрдемдесуге, ең алдымен, банкроттық шегінде тұрған кәсіпорындардың қызметін қалпына келтіру, жаңа жұмыс орындарын құру, ең жаңа технологияларды енгізу үшін қажетті шетелдік инвестицияларды тартуға шоғырландыру міндеті қойылды.

Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын «экономикаландыру» жөніндегі нұсқауларын басшылыққа ала отырып, Сыртқы істер министрлігі инвестициялық саясатты түзету жөнінде бірқатар шаралар қолдана білді және осы бағыттағы бұдан былайғы іс-қимылдарға айқындық енгізе алды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің – ЕҚДБ, Дойче Банк, АБН-Амро, Шелл, Мобил, Эни, Тоталь, ЛукОйл т. б. сиқты жетекші шетелдік банктермен және инвестор компанияларымен ашық пікір алысуға мүмкіндік беретін аса маңызды кеңес беру, кеңесу органының жұмысы жандандырылды.

2000–2002 жылдары Алматыда тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орта Азия үшін бұрын-соңды болып көрмеген оқиғалар – ДЭФ-ның қамқорлығымен бірінші және екінші еуроазиялық экономикалық саммиттер өтті.

Әлемде болып жатқан ықпалдасу үрдістерінің нәтижесінде ел бірте-бірте Еуропаның Азиямен арадағы өңірлік көлік «көпіріне» айналды. Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың көкейтестілігі республиканың ұлттық мүдделерін іске асыру, саяси және экономикалық өзіндік артықшылықтарын одан әрі еселей түсу қажеттілігінен туындады.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда транзиттік әлеует жасақталды, оның негізін бірқатар көлік бағыттары құрайды. Бұл орайда республика маңызды екі стратегиялық міндетті шешті, олар: Қазақстанның әлемдік теңіз порттарына шығуы және теміржол, автомобиль және әуе көлігінің негізгі үш бағыт: Ресей, Еуропа мен Балтық елдері: Қытай, Жапония, Оңтүстік Шығыс Азия елдері; Оңтүстік Азия, Кавказ елдері, Иран және Түркия бойынша транзиттік қатынас.

1993 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан темір жолдары Теміржолдар ынтымақтастығы ұйымының (ТЖЫҰ) құрамына кірді. Беделді Ұйымға қатысу елдің халықаралық көлік нарығына шығуын қамтамасыз етті.

1994 жылғы 31 қаңтарда Қазақстан БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясына (БҰҰ ЕЭК) мүше болды. БҰҰ ЕЭК-мен ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан кейбір халықаралық шарттарға қосылды, олардың арасында БҰҰ-ның жол қозғалысы туралы конвенциясын (1968 жыл), жол көрсеткіш таңбалары мен белгі берулер (сигнал) туралы конвенцияны (1968 жыл), Халықаралық автокүрежолдар туралы еуропалық келісімді (ХАК; 1975 жыл) атап айтуға болады.

2004 жылғы сәуірден Қазақстан «Азия күре жол желісі туралы» үкіметаралық шартқа қатысады, мұның өзі халықаралық көлік жүйесіне толығырақ ықпалдасуға мүмкіндік берді.

1998 жылғы 26 наурызда Қазақстан СПЕКА (теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдер мен дамушы транзит елдер, донор-елдер министрлерінің, қаржыландыру және даму мәселелерімен айналысатын халықаралық мекемелер өкілдерінің транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық туралы мәселе жөніндегі халықаралық конференциясы) туралы декларацияға қосылды. Қазақстан Республикасы аталмыш Келісімге қатысуы шеңберінде 2003 жылғы 28–29 тамызда Алматы декларациясы және Алматы іс-қимылдар бағдарламасы қабылданды.

2003 жылғы 29 мамырда Қазақстан Катовицада (Польша) қабылданған Теміржол контейнерлік тасымалды қарқындандыру туралы Декларацияға қол қойды, мұның өзі «Жаңа жібек жолы» Еуразиялық көлік дәлізін құру жөніндегі жобаға қосылуға мүмкіндік берді.

Су жолы қатынасы көлігін, атап айтқанда Ақтау темір портын дамыту мақсатында «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі келісіміне қосылу туралы 2003 жылғы 4 шілдедегі №467-II ҚР Заңы қабылданды.

2004 жылғы 24 қыркүйекте Құлжа қаласында ҚР үкіметі мен ҚХР үкіметі арасында «Хоргос» халықаралық шекара маңындағы ынтымақтастық орталығын құру туралы (ХШЫО) келісімге қол қойылды. Бұл келісімнің қабылдануы шекара маңындағы өңірлердің саудасын дамытуға ынталандырды.

Қазақстанның әуежайлары Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы ұшу сапарларын жүзеге асыратын шетелдік авиакомпаниялар үшін тиімді транзиттік бекеттер болып табылады.

Әлемдік экономикалық байланыстар жүйесінде экспорттық мұнай құбырлары төңірегіндегі жағдай ерекше рөл атқарып отыр.

Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешені «Стратегия-2030» атты әзірленген мемлекеттік бағдарламаға орай республиканың дамуын қамтамасыз ететін басым секторлардың бірі ретінде айқындалды.

Каспий мұнайын игеру мұнай машинасын құрастыруға инвестиция салу базасын жасауға, сервистік компанияларды, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды, мұнай өңдеу мен мұнай химиясын дамытуға мүмкіндік береді, мұның өзі өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құрады және мемлекеттің бюджетіне салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Қазақстан жаңа кеніштер ашуға және тиісінше ірі қаржы ағынын тартуға мүмкіндігі бар ұлан-байтақ аумаққа ие болып отыр.

Каспий көміртекті шикізатын әлемдік нарыққа экспорттау проблемасы да Каспий өңірінің барлық елдері үшін мұнай-газ жобаларын дамыту кезінде неғұрлым көкейтесті мәселе болып табылады.

Соңғы жылдар бойына мұнай бағасының ауытқуы салдарынан әлем мұнай нарығын негізгі реттеушілердің бірі ретіндегі ОПЕК-тің (Мұнайды сыртқа шығарушы елдер ұйымы) рөлін қалпына келтірудің куәсі болып отыр. Мұнайдың экспортшы және импортшы елдері әділ «баға дәлізін» орнату қажеттігімен келіседі. Энергия тасымалдаушылар нарығын одан әрі тұрақтандыру қажеттігі, дәстүрлі және болжалды тұрақсыздандырғыш факторлар мен үрдістерді біркелкі ету үшін мұнай өндірудің келешегі зор жаңа өңірлерін мұнай өндіруге тарту қажеттігі туындады.

Каспий теңізі өңірінің осы тұрғыдан алғанда зор мүмкіндігі бар. Каспийдің жер қойнауында көмірсутекті шикізаттың үлкен қоры бар екенін айтпауға болмайды. Мысалы, Қазақстан Ресаубликасының зерттелінген қорлары 20 миллиард баррельге бағаланып отыр, ал Каспий теңізі қайраңының болжалды қоры 100 миллиард баррелден астам мұнайды құрайды. Ұзақ мерзімді келешекте әлемдік нарыққа энергия тасымалдауды басты жеткізушілердің біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.

Қазақстан Ресаубликасының энергетикалық секторының дамуы – сыртқы және ішкі мұнай саясатының аса маңызды мәселелерінің бірі болып табылады және республика экономикасын дамытудың басым секторы ретінде орнықтырылды.

Қазақстан ең алдымен елде іске асырылатын мұнай мен газ өндіру және тасымалдау жөніндегі жобалардың экономикалық тиімділігіне қол жеткізуді жақтайды. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан Каспий өңірінің барлық мемлекеттерімен, сондай-ақ, АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемдік державалармен ынтымақтастықты дамытып отыр.

Қазақстан Республикасы көмірсутектердің стратегиялық қорлары бар мемлекеттер тобына кіреді, олар әлемдік энергетикалық нарықтың қалыптасуына және жай-күйіне тікелей ықпал етеді. Каспий өңірінде өндірілетін мұнайдың барлық көлемінің үштен екісі Қазақстанға тиесілі. Қазақстанда барланған мұнай қорларының шамасы 9 миллиард баррельден 17,6 миллиард баррельге дейінгі мұнайды құрайды.

Қазіргі кезде Қазақстан өз мұнайын Атырау-Самара және КҚК (Каспий құбыр желісі консорциумы) сияқты бірқатар аса маңызды мұнай құбырлары экспортқа шығарады, сондай-ақ таяудағы болашақта мұнайды Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырымен тасымалдау туралы келісімге қосылуды жоспарлап отыр.

Атырау-Самара мұнай құбыры Қазақстан мұнайын Ресей Федерациясының аумағы арқылы экспортқа шығарудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Одан әрі мұнай негізгі екі бағыт бойынша тасымалданды, олар: Новороссийск пен Одесса. Едәуір көлемдегі мұнай, сондай-ақ Украинаның мұнай өңдеу зауыттарына да жеткізіледі.

«Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы отын-энергетикалық кешендер ынтымақтастығы және оларды дамыту туралы» 2001 жылғы 12 желтоқсандағы келісімге тіркелген хаттамаға сәйкес Ресей тарабы Ресей Федерациясының аумағы арқылы «Транснефть» ААҚ-ның мұнай құбыры жүйесімен, соның ішінде:

· Атырау-Самара мұнай құбырымен – кемінде жылына 15 миллион тонна

· «Махачкала-Тихорецк-Новороссийск» мұнай құбыры жүйесімен – кемінде жылына 2,5 миллион тонна Қазақстан мұнайының транзитін жүзеге асыру мүмкіндігін беруге кепілдік жасады.

«Каспий құбыр желісі консорциумы» (КҚК). «Каспий құбыр желісі Консорциумы Лимитет» жауапкершілігі шектеулі компаниясы Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы үкіметтері арасындағы келісім негізінде 1992 жылғы 17 маусымда Бермуд аралдарында тіркелді. 1992 жылғы 23 шілдеде келісімге Ресей Федерациясы қосылды. 1996 жылғы 27 сәуірде КҚК-ны қайта ұйымдастыру туралы хаттамаға қол қойылды, ал 1996 жылғы 6 желтоқсанда Каспий Құбыр желісі Консорциумын қайта ұйымдастыру туралы акционерлердің шартына қол қойылды.

Баку-Тбилиси-Жейхан (БТЖ) экспорттық мұнай құбыры. 1998 жылғы Анкара және 1999 жылғы Стамбұл Декларацияларына қол қою БТЖ ОЭТ жобасын іске асырудың негізін қалады. 2002 жылғы 18 қыркүйекте Әзірбайжан, Грузия және Түркия Президенттерінің қатысуымен Сангачальск терминалының аумағында Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының құрылысын бастаудың ресми рәсімі өткізілді.

Батыс Қазақстан – Қытай мұнай құбыры. 1997 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында «Мұнай мен газ саласындағы ынтымақтастық келісімге» қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының МЭМР мен Қытай ұлттық мұнай-газ компаниясы (ҚҰМК) арасында «Кеніштерден кен өндіру және мұнай құбырларын салу жобалары туралы бас келісім» жасалды.

1998 жылғы 13 маусымда «ҚазТрансОйл» МТҰК (Мұнай тасымалдау ұлттық компаниясы) ЖАҚ-пен «Мұнай мен газды барлау және өндіру жөніндегі Қытай Ұлттық корпорациясы» (МГБӨҚҰК) «Батыс Қазақстан -Қытай» мұнай құбыры құрылысының ТЭН-ін (техникалық-экономикалық негзідеме) бірлесіп әзірлеу туралы келісімге" қол қойды, бұл келісімге сәйкес Қытай және Қазақстан жобалау институттарының мамандары жобаның ТЭН-ін әзірледі.

2003 жылғы маусымда «ҚазМұнайГаз» ҰҚ" ЖАҚ пен ҚҰМҚ арасында Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кезең-кезеңмен салуға жұмсалатын инвестицияны негіздеу жөніндегі бірлескен зерттеулер туралы келісім жасалды. 2003 жылы тамызда МГБӨҚҰК мен «ҚазМұнайГаз» ҰҚ" ЖАҚ арасында Қазақстан-Қытай мұнай құбыры бірінші кезеңінің құрылысын жеделдету туралы меморандумға" қол қойылды.

Батыс Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кезең-кезеңмен салуға жұмсалатын инвестицияны негіздеу жөніндегі бірлескен зерттеулер туралы келісімге" сәйкес мұнай құбырын 2 кезеңде салу көзделеді:

1-кезең (2004–2006) – қуаты жылына 10 миллион тонналық Атасу-Алашанькоу мұнай құбырының құрылысы, кейіннен бұл қуат жылына 20–30 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады.

2-кезең (2009–2010) – Кеңқияқ-Құмкөл-Атасу мұнай құбырының құрылысы және Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін көбейту.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі ҚР Президентінің Жолдауындағы экономикалық жаңғыртудың және Қазақстанның халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың қосымша құралы ретіндегі алғашқы кезектегі міндеттердің бірі болып табылады.

Қазақстан 1996 жылы бақылаушы мәртебесін алған сәттен бастап ДСҰ-ға кіру жөніндегі белсенді келіссөз жүргізілуде.

Келіссөз Женевадағы ДСҰ хатшылығында көп жақты деңгейде де (жүйелік мәселелер, ауыл шаруашылығы жөнінде), екіжақты деңгейде де (тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығына қолжеткізім жөнінде) жүргізіледі.

Қазіргі кезде Қазақстан делегациясы негізгі төрт бағыт бойынша келіссөздер жүргізуде, олар: тауарлар нарығына қол жеткізу жөніндегі келіссөз; қызмет көрсету нарығына қол жеткізу жөніндегі келіссөз; ауыл шаруашылығы жөніндегі көп жақты арнайы келіссөз; жүйелік мәселелер жөніндегі келіссөз, оның негізгі мақсаты – республиканың заң шығару саласында қабылдауға тиіс шараларды айқындауы болып табылады.

Қазақстан көптеген нарықтық реформаларды жүзеге асырды. Экономикалық дамудың негізгі өлшемдері бойынша республика өзара шектеулер болмайтын халықаралық саудаға қосылуға дайын.

Қазақстанға ДСҰ-ның бас директоры С. Паничпакдидің 2004 жылғы шілдеде келу сапары Қазақстан Республикасы мен ДСҰ ынтымақтастығындағы маңызды оқиға болды. Сапардың қорытындысы бойынша Қазақстанның ДСҰ келісімдерінің міндеттемелерін қабылдау жөніндегі жалпы ұстанымын түсінуге қол жеткізілді.

Егеменді Қазақстан (1986-...)
Тарихи хроника
Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық