Егемен Қазақстанның мәдениеті (1991–2006 жж.)

Қазақстан егемендік алуымен байланысты қазақ халқының рухани өмірінде мәдени жаңа процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының кең жолына шықты. Олар бұрынғы Кеңес Одағы кезеңіндегі партиялық идеология мен саяси қағидалардың қыспағынан құтылды.

Білім жүйесі. Қазақстанда білім жүйесінде көптеген оң өзгерістер орын алды. Ең бастысы, оқу мазмұны өзгерді. Білім стандарттары жасалды, оқытудың жаңа әдістемесі енгізілді. Қазақстан Республикасындағы білім берудің жай-күйі алғаш рет 1995 жылы көктемде оқу саласы қызметкерлерінің республикалық кеңесінде талқыланды. Гимназиялар, лицейлер, жеке және авторлық мектептер ашылды. Тарих, ана тілі 1–5 сыныптар үшін оқу пәндері бойынша оқулықтар шығарылды. Егер соңғы кезге дейін Қазақстан мектептерінде тек бұрынғы КСРО тарихы оқытылса, енді қазақ халқының өз тарихын терең талдап оқытуға көңіл бөлінді.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 2000/2001 оқу жылында елде жалпы білім беретін мектептердің саны 8 109 болды. Олардың 3545-і (44,2%) қазақ, 2356-сы (29,4%) орыс, 13-і ұйғыр, 81-і өзбек, 3 тәжік, 1 украин, ал 2008 мектеп аралас, қазақ-орыс тілдерінде сабақ жүргізген

2001 жылы елде орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың бірінші кезеңі негізінен аяқталды, нәтижесінде 58 оқушыға бір компьютерден келді. «Интернет – мектепте» бағдарламасы аясында 1 414 оқу орны, оның ішінде 868 ауыл мектебі ақпарат желісіне қосылды.

Үкіметтің 2002–2004 жылдарға арналған Іс-қимыл бағдарламасында барлық деңгейдегі білім беру, оқытудың мемлекеттік жүйесін жетілдірді, оқу-әдістемелік кешенді қалыптастыру, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің санын арттыру көзделді.

2003/2004 оқу жылында Қазақстанда жұмыс істейтін мектептердің саны – 8260-қа жетіп, онда 3 026,2 мың оқушы білім алды. Мектептердің 3 687 (44,6%) қазақ тілінде оқытатын, 2 069 (26,1%) қазақ және орыс тілдерінде оқытатын жалпы білім беретін мектептер жұмыс істеді. Мектептерде 270 мыңнан астам педагог жұмыс істеді, оның ішінде 195,8 мыңының жоғары білімі, 60 мыңнан астамының кәсіптік орта білімі болды.

2005/2006 оқу жылында Қазақстан білім және ғылым министрлігіне қарайтын 8 222 мектеп жұмыс істеді, онда 3 млн. оқушы білім алды. Оларға 300 мыңдай мұғалім сабақ берді.

2006 жылы жалпы білім беретін мектептерде 31 оқушыға 1 компьютерден келді. Мектептердің 89 пайызы интернетке қосылды.

2007 жылғы тамыз айында Қазақстанда «Білім туралы» жаңа Заң қабылданды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005–2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» 12 жылдық орта білім беру жүйесіне көшу белгіленді. Оның негізгі мақсаты – жаңа кезеңнің талаптарына сай жастарды өмірге баулу үшін оларға бұрынғыдан да жоғары деңгейде білім беру.

Қазақстан мектептерінде сапалы білім алуды қамтамасыз ету мақсатында 2004 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) енгізілді.

Ғылым. Егемендік алған жылдары еліміздің ғылымын дамыту салаларында үрдіс өзгерістер байқалды. Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының құрылымы мен ғылыми ізденістерінің тақырыптары жаңа талаптарға сай қайтадан қарастырылды. Ә. Х. Марғұлан атындағы Археологиялық институт, Ғарыштық зерттеу, Механика және машина, Информатика және басқару, Физика-техникалық проблемаларды зерттеу т. б. институттары ұйымдастырылды. Салалық ғылым академияларының жүйесі кеңейтілді. Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясы құрылып, жұмыс істейді, ал Ауыл шаруашылық академиясы Қазақстан Ұлттық академиясының құрамына енгізілді. Ғылыми дәрежелер тағайындау және ғылыми атақтар беру, диссертациялық жұмыстардың сапасын бақылап бекіту үшін республика Жоғары аттестациялық комитеті құрылды.

2000 жылы Республика бойынша 400-ден аса ғылыми институттар мен ғылыми орталықтарында 17 мыңнан астам ғалымдар қызмет етті. Бұлардың 1000-ы ғылым докторлары болса, 2800 ғылым кандидаттары еді. Ғылыми мекемелердің 42 пайызы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, 21 пайызы – білім және ғылым министрлігінің, 10 пайызы денсаулық сақтау министрлігінің қарауында болды.

2003 жылғы 22 қазанда бұрынғы ҚР Ұлттық ғылым академиясының 109 мүшесі қатысқан құрылтай жиналысы өткізіліп, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігінің Жарғысы бекітілді.

Егемендік алған уақыттан бері ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде 5 мың авторлық куәлік, 1354 шетелдік патенттер және 13 лицензиялық келісім куәландырылып бекітілді.

Республика ғалымдарының белсене қатысуымен Алматыда – ақпараттық технологиялар, Оралда – машина жасау, Қарағандыда – металлургия жөніндегі парктер ашылды. Астанада биотехнологиялық кешен салынды. Курчатовта және Астанадағы Еуразия университетінің жанында ядролық технологияларды зерттеу қолға алынды. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып космосқа өзінің жер серігін ұшырды.

Қазақстанның егемендік алған уақыт ішінде халыққа білім беру, ғылымды дамытуда біршама табыстарға қолы жетті. Ғылым мен білім экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекет әуелетін арттыруға өзінің тиісті үлесін қосты.

Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаев еңбектері

«Қазақстанның Егемен мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» (1992 ж.)

Бұл еңбектің маңызы: тәуелсіздік жолына түсудегі басты бағыттар көрсетілді. Ел дамуының түбегейлі концепциясы алғаш рет анықталды. Ішкі және сыртқы саясат саласындағы, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі міндеттер сараланды. Қазақ халқының тарихи миссиясына тоқталып, жергілікті ұлт мүддесі ерекше ескерілетіні қажеттігі айтылды.

«Ұлт өзінің мемлекетінсіз ұлт болып өмір сүре алмақ емес…. Біздің мемлекетімізде тұрғылықты ұлттың – қазақтардың мүдделері жекелеген мәселелерде ерекше атап айтылатыны әбден орынды, мұның өзі мемлекеттердің бірқатарында тап осылай етіледі де».

«Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» (1993 ж.)

Бұл еңбегінде Қазақстанға жаңа үлгідегі идеологияның қажеттігі бар ма, жоқ па деген талас төңірегінде нақты пікір айтты: Идеология – адамдардың қоғамдастығын саяси және экономикалық міндеттерді шешуге топтастыру тәсілі. Идеология – әлеуметтік мінез-құлықты қалыптастыру механизмі. Идеология мемлекеттің және оның тұғырнамасын қолдайтын партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі. Өмір алға озып отырған кезде әр түрлі идеологиялық ағымдар болады. Маңызы: Қазақстанның қазіргі кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайына баға беріліп, ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтау бағыттары көрсетілді.

«Ғасырлар тоғысында» (1996 ж.)

Кеңестік жүйе мен демократиялық кезең аралығын суреттейді. Маңызы: Екі кезең тоғысындағы саяси мәселелерге айқын түсініктеме берілген.

«Тарих толқынында» (1999 ж.)

«Тарихтың шеңберлері және ұлттық зерде» бөлімінде ел тарихын 12 кезеңге бөледі. Маңызы: Тарих қойнауын зерделей отырып, ұлттық қасиетті сақтауға тәрбиелеу қажеттігі баса айтылады.

«Сындарлы он жыл» (2003 ж.)

Еңбекте қазіргі таңдағы әлемдік проблемалар көтерілді. Ең бастысы – есірткіге қарсы күрес мәселесіне тоқталды.

«Қазақстан – 2030» стратегиясы

1997 жылғы қазан – Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» жолдауы жарияланды. Қаралған мәселелер:

· Экономикалық дағдарыстан шығу жолдары.

· Реформаларды аяқтау.

· Алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу.

· «Қазақстан барысын» қалыптастыру

Жолдауда болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары, республиканың дамуының ерекшеліктері айтылды.

Бұл бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары көрсетілген. Ұзақ мерзімдегі 7 басымдық:

1. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау

Ұлттық қауіпсіздік басымдықтарының деңгейіне мықты демографиялық және көш-қон саясаты шығарылуға тиіс.

XXI ғасыр қарсаңында Қазақстан Ресейдің артынан адам саны сыртқы көші-қон процестерінен ғана емес, табиғи жолмен кеми беретін «демографиялық апатқа» ұшырайды.

2. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту

Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын жүзеге асырудың міндеттері:

o Теңдікке негізделген бірыңғай азаматтықты дамыту.

o Этникалық түсініспеушілік себептерінің жойылуы және этникалық топтар құқықтарының тең болуын қамтамасыз ету.

o Дәулеттілер мен жарлылар арасындағы айырмашылықты азайту. Ауыл проблемасына үнемі ерекше көңіл бөлу.

o Әлеуметтік проблемаларды ұдайы шешіп отыру.

o Саяси тұрақтылықты және қоғамның топтасуын қамтамасыз ететін бай Қазақстанды қалыптастыру.

o Адамдар арасындағы қарым-қатынас пен коммуникациялық байланыстардың барлық нысандарын дамыту.

o Әртүрлі конфессиялар арасындағы өзара құрмет, төзімділік пен сенімді қарым-қатынасты нығайту.

Қазіргі кезеңде қазақ дәстүрлері мен тілінің қайта өрлеуі табиғи құбылыс деп қабылданатын болды.

Мемлекет ең алдымен орта таптың мүддесін білдіруге тиіс. Қала мен село арасындағы жіктелудің терең процесі жүріп жатыр.

Қазақстан – өзінің белгілі тарихы мен өзіндік болашағы бар еуразиялық ел. Сондықтан оның моделі басқа ешкімнің моделіне ұқсамайтын болады, ол өз бойына әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңіреді.

3. Нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу.

Қазақстанның салауатты экономикалық өрлеу стратегиясы нарықты экономикаға, мемлекеттің белсенді рөліне және шетел инвестицияларын тартуға негізделген.

Мемлекет белсенді рөл атқара отырып, экономикаға араласуы шектеулі болады. Бұл проблеманы шешудің стратегиясы:

o Үкіметтің сауда мен өндіріске әкімгершілік араласуын жою.

o Жекешелендіру процесін аяқтау.

o Орталық Үкіметті және жергілікті өкімет орындарын парасатты орындастыру.

o Сот билігі мен құқық қорғау органдарын реформалауды жандандыру.

o Заңның шексіз үстемдігін белгілеу және заңды орындайтын азаматтарды қылмыстан қорғау.

o Билік пен заңның бар күшін заңсыз жолмен, шалқып өмір сүретіндерге қарсы қолдану.

Тұрақты өрлеуді қамтамасыз ету үшін өндірісті диверсификациялау қажет. Алдағы міндет:

o Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастық алдында инвестициялар үшін тартымды жер ретінде көрсету.

o Инвестицияларды тарту.

2010 жылға дейінгі бастапқы кезеңде мына салаларға көңіл бөлу қажеттігі баса көрсетілді:

o Ауыл шаруашылығы;

o Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі;

o Жеңіл және тамақ өнеркәсібі;

o Туризм;

o Тұрғын үй құрылысы;

o Инфрақұрылым жасау.

4. Қазақстан азаматтарының денсаулығын, білімі мен әл-ауқатын көтеру.

Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын көтерудегі стратегия:

o Ауруды болдырмау және салауатты өмір салтына ынталандыру.

o Әйел мен бала денсаулығын жақсарту және қорғау.

o Тамақтануды, қоршаған орта мен экологияның тазалығын жақсарту.

Көркеюші және саяси тұрақтанған Қазақстанға қажет үш белгі – ұлттық бірлік, әлеуметтік шындық, азаматтардың әл-ауқатының артуы.

Ұлттық қауіпсіздіктің бір тірегі – миграциялық саясат. Ол – халықтың бір елден басқа бір елге қоныс аударуы.

5. Энергетика ресурстарын жете пайдалану.

Қазақстандағы табиғи ресурстарды, әсіресе энергетикалық ресурстарды пайдалану стратегиясы:

o Халықаралық шарттар жасағанда Қазақстанның мүддесін, экологиясын, өз адамдарымыздың жұмыспен қамтылуы мен даярлануын, әлеуметтік міндеттерді шешу қажеттігін көздеу.

o Мұнай мен газ экспорты үшін құбыр арналарының жүйесін құру.

o Әлемдік қауымдастықтың ірі елдерінің мүддесін Қазақстанның әлемдік отын өндіруші ретіндегі рөліне бағыттау.

o Ішкі энергетика инфрақұрылымын құру мен дамыту, ішкі қажеттілік пен тәуелсіз бәсекелестік проблемаларын шешу үшін шетел инвестицияларын тарту.

o Ресурстардан түсетін кірістерді үнемшілдікпен пайдалану.

6. Инфрақұрылым, көлік, байланысты дамыту.

Инфрақұрылым, көлік пен байланыс саласындағы Қазақстанның міндеті – отандық көлік-коммуникация кешенінің бәсекелестік қабілетін және Қазақстан аумағы арқылы өтетін сауда легінің ұлғайтылуын қамтамасыз ету.

Теміржол

Қазақстандағы жүк тасымалының негізі – теміржол. Осы саланың алдында тұрған стратегиялық міндеттер:

o Халықаралық көлік және сауда байланыстарын, Транспорт магистралі бойынша транзиттік жүк тасуды қамтамасыз ететін негізгі темір жол бағыттарын жаңарту.

o Достық станциясын дамыту, Достық-Ақтоғай участкесін нығайтуды аяқтау.

o Барлық көліктік-коммуникациялық монополияларды батыл қайта құрылымдауды жүзеге асыру.

Автомобиль жолдары

Жеке меншік магистаральдар салу, қазіргі барларын жекешелендіру мен концессияға беру жөніндегі жұмыстарды бастау.

Әуе көлігі

o Авиацияда тәртіп орнату және ұшақтар паркін лизинг пен жоғары деңгейді ұшақтардың белгілі бір көлемін сатып алу есебінен толықтыру.

o Әуежайларды қайта жаңарту, қызмет көрсету мен сервисті қамтамасыз ету деңгейін халықаралық стандартқа жеткізу.

Су көлігі

«Ақтау» айлағын қайта жаңарту және флотты кемелермен толықтыру үшін шетел инвестицияларын тарту.

Байланыс және телекоммуникациялар желілері

- Шалғайдағы әлсіз дамыған аудандарға кем дегенде, байланыс қызметінің ең төмен деңгейін беру (балаларға арналған аймақтық оқыту бағдарламаларын тарату).

- Болашақта әлемнің дамыған елдерінің инфрақұрылымдарымен бәсекелесуге қабілетті дербес және тиімді телекоммуникациялық қызмет көрсету жүйесін құру.

7. Демократиялық кәсіби мемлекет құру.

Қазақстан қоғамын басқарудағы негізгі міндеттер:

· Мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы тиімді жүйесін жасау.

· Басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру.

· Ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру.

Үкімет пен жергілікті өкіметті түпкілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін 7 негізгі стратегия ұстанымдары:

1. Ықшам әрі кәсіпқой Үкімет.

2. Стратегиялар негізіндегі іс-қимыл бағдарламалары бойынша атқарылатын жұмыс.

3. Ведомствоаралық үйлестіру.

4. Министрлердің өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін, есептілігін және олардың қызметіне стратегиялық бақылауды арттыру.

5. Орталыққа тәуелділікті жою.

6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.

7. Кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйелерін жақсарту.

Қазақстан елінің 8 артықшылығы баса көрсетілді.

1. Тәуелсіз, егемен мемлекеттің негізі қаланды.

2. Ескі саяси және экономикалық жүйеден түбегейлі бөлектенді.

3. Қоғамдағы өзгерістер ықпалымен адамдар да түгел өзгерді.

4. Орасан зор байлық – табиғи ресурстар.

5. Жетекші фактор – адамдардың өзі, олардың ерік-жігері, күш қуаты, табандылығы, білім-білігі.

6. Ауыл шаруашылық жерлері.

7. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігі.

8. Қазақстандықтардың байсалдылығы мен төзімділігі, кеңпейілділігі мен ақжарқындығы.

Қазақстанның сыртқы сипаттағы бірқатар мүмкіндіктері:

1. Еуразия аймағындағы жолдардың түйіскен торабында орналасқан географиялық жағдайы.

2. Шетелдік мемлекеттер мен донорлық ұйымдар тарапынан қолдау көрсетілуі.

3. Ауқымдану және ғылыми-техникалық прогресс прцесі.

Қазақстан қоғамы дамуындағы келеңсіз сипаттар:

1. Коммунистік ұстанымдар рухында тәрбиеленген адамдардың бірнеше ұрпақтары қалыптастырған – діл. Сондықтан бұқаралық сананы төзімділікпен жаңғырту қажет.

2. Өндіріс көлемдері төмендеуі әсерінен әлеуметтік ахуалдың төмендеуі.

3. Азаматтардың көпшілігінің табысы мен өмір сүру деңгейінің нашарлауы.

4. Ұлттық жинақтардың ұлғаюы мен капитал қорлануының баяулауы.

5. Кедейлік пен жұмыссыздық проблемалары.

6. Демографиялық өнімсіздіктің ұлғаюы.

7. Жете даярланбаған және нашар ұйымдастырылған мемлекеттік басқару.

8. Заңдардың жартыкештігі және тұрлаусыздығы.

2030 жылы Қазақстан жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың – Қытайдың. Ресейдің және Мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады.

2030 жыл – Қазақстан күрделі жолдан ойдағыдай өткен және дамудың келесі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ел болады.

Егеменді Қазақстан (1986-...)
Тарихи хроника
Егемен Қазақстанның мәдениеті (1991–2006 жж.)