Қазақстанның егемендік алуы (1989–1992 жж.)

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 25 қазанда республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады.

1990 жылғы желтоқсанда Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан республикаларының жетекшілері өзара төрт жақты шарт жасау жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл келісім бойынша олар өздерінің Одақтық шартқа қарсы қоятын талаптарының бар екендігін ашып айтты. Республикалар бұрынғы федерацияның орнына, енді конфедерация түріндегі одаққа бірігу жөнінде талап қойды. Ол бойынша Орталықтың шешуіне сыртқы саясат, халықаралық мәселелер, сыртқы сауда, мемлекеттік банк және финанс, елдегі қорғаныс мәселелерін шешуді қалдырып, қалған мәселелердің барлығын жергілікті жерлерде шешу дұрыс деп есептелінді.

Бұл талаптар негізінде жаңа Одақтық шартқа қол қояр алдында 1991 жылы 19 тамызда Янаев, Павлов, Крючков, Пуго, Язов, т. б. қатынасқан мемлекеттік төңкерістің болуымен және орталықтың ешқандай ымыраға келмеуімен байланысты одақтас республикалардың жетекшілері бұған дейін жүргізіп келген келіссөз талаптарынан бас тартты.

Қазақстанның атынан Н. Ә. Назарбаев КСРО Жоғары Кеңесінің кезектен тыс сессиясында жаңарған Одақ енді федерация түрінде болуы мүмкін емес, тек конфедеративтік шарт негізінде болуы керек деп ашық айтты, яғни бұл тек тең құқықты республикалардың достық одағы болуы мүмкін деп көрсетті. Республикалардың бұл ұсынысы 1991 жылғы 19 тамыздан кейінгі оқиғаның артынша тәжірибе жүзінде іске асырыла бастады, бұрынғы бірыңғай одақтың орнына тәуелсіз мемлекеттер достастығы қалыптасты. Олар көптеген саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді өздері шешетін болды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бойынша әскери, сыртқы және т. б. аса маңызды халықаралық мәселелерді бірігіп шешу міндеті ғана қалды. Тамыз уақиғасынан кейін Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы, оның құрамдас бөлігі Қазақстан Компартиясы (1991 ж. Қыркүйек) тарихи аренадан кетті.

Өкілеттіктер республика парламентінің 1991 жылы 20 қарашада қабылдаған «Қазақ КСР-да мемлекеттік өкімет билігі мен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» Заңы бойынша берілді. Заң негізінде Республиканың мемлекеттік басқару органдарында өзгерістер жасалды. Прокуратура, Мемлекеттік қауіпсіздік, Ішкі істер, әділет, Сот органдары қайта құрылды. Қазақстанның мемлекеттік Қорғаныс комитеті жаңадан ұйымдастырылып қызметіне кірісті.

1991ж. 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республикада жалпы халықтың қатынасуымен Президент сайлауы өткізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Н. Назарбаев Президент болып сайланды. Сол жылғы 10 желтоқсанда Елбасы жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады.

Республиканың мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық байланыс тілі болып белгіленді. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан республика тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды.

1992 жылы 3 наурызда Қазақстан біріккен Ұлттар Ұйымына кірді.

Өзінің тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасын дүниежүзінің ондаған елі таныды. Біздің елді алғашқылардың бірі болып Түркия, сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және т. б. ірі-ірі мемлекеттер мойындады.

Қоғамдық-саяси қозғалыстар (1985–1992 жж.)

80 жылдардың аяғына қарай демократиялық процестің жандануына байланысты Қазақ КСР-де қоғамдық ұйымдар құрыла бастады.

1989 жылы Қазақстанда алғашқы болып «Невада-Семей» экологиялық қозғалысы құрылды. Қозғалыстың мақсаты – республика жеріндегі Семей және басқа полигондарды жабу, полигон зардабын шеккен халыққа көмек көрсету. Қозғалыс төрағасы – О. Сүлейменов. Ақын, қоғам қайраткері М. Шахановтың бастамасымен Балқаш және Арал проблемалары бойынша комиетет құрылды. Комиеттің негізгі мақсаты Арал төңірегіндегі экологиялық апатқа өкімет назарын аудару болды.

1990 жылы «Азат» азаматтық қозғалысы құрылды. Басты мақсаты Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алу болды.

1991 жылы «Азат» азаматтық қозғалысының партиясы құрылды.

Жастар өздерінің саяси қозғалысы «Алаш» париясын құрды.

1991 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды.

1990 жылы ұлтаралық «Единство» қозғалысы құрылды. Қозғалысқа ғылыми-техникалық интеллигенция өкілдері кірді.

Осы кезде «Желтоқсан» партиясы құрылды. Бұл партияның құрамына 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандар кірді.

1989 жылы «Әділет» қоғамы құрылды. Қоғамның негізгі мақсаты ұжымдастыру кезіндегі ашаршылық, сталиндік репрессия шындығын ашу болды. Бұдан басқа Қазақстанда «Азамат», «Ақиқат», «Қазақ тілі», «Мұсылмандар әйелдер лигасы» сияқты қоғамдық-саяси қозғалыстар құрылды. 1990 жылы Қазақстанда 100-ден аса қоғамдық-саяси қозғалыс болды. Алматыда ғана 40-қа жуық саяси қозғалыс жұмыс істеді. Бұл кезде Қазақстандағы көптеген қоғамдық-саяси қозғалыстар әлсіз және қалыптасу кезінде болды. «Невада-Семей», «Қазақ тілі» сияқты қоғамдық қозғалыстар біршама мықты, көптеген мүшелері мен белгілі дәрежедегі қаржылық қорлары бар ірі қозғалыстар болды.

1990 жылы Қазақстан коммунистік партиясы құрамында 800000-ға жуық мүше болды. Осы кезден бастап компартияға деген халықтың сенімсіздігі күшейді. Бұл жағдай компартия беделінің түсуіне айтарлықтай әсер етті. 1990 жылы компартия мүшелерінің 42%-ы өз еркімен партия қатарынан шықты. Осы жылы партия мүшелерінің қатары 49000-ға кеміді.

90 жылдардың басына қарай Қазақстанда бұрын патша үкіметінің қолшоқпары жазалаушы күші болған казактар ұйымы пайда болды. 1991 жылы 15 қыркүйекте Орал қаласында казактар патша үкіметіне қызмет етуінің 400 жылдығын мерекелеуге шешім қабылдады. Бұл қазақ халқының ұлттық мүддесімен санаспағандықтың дәлелі. «Азат», «Желтоқсан», «Парасат» қозғалыстары бұл әрекетке ашық түрде қарсы шықты. Жаппай қақтығысқа ұласа жаздаған бұл әрекет жоғарыда аталған қозғалыстар мен құқық қорғау органдарының араласуымен тоқтатылды.

Егемендік алудың кезеңдері

1989–1990 жылдары Егемендік туралы Декларацияны КСРО-ның басқа республикалары да қабылдады. Сөйтіп, 74 жыл бойы өмір сүрген Республикалар Одағы ыдырады.

1991 жылдың желтоқсанында Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы «1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде» жарлық шығарды, ол бойынша қылмыстық жауапкершілікке, әкімшілік және тәртіп бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғандар ақталды.

1991 жылғы 8 желтоқсанда Белорусь, РСФСР және Украина республикаларының басшылары Минск қаласында (Беловеж кездесуі) кездесіп, мәлімдеме қабылдады.

1991 жылдың 12 желтоқсанында Ашхабад қаласында Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының кездесуі болып өтті.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыда 11 республика өкілдері қатынасқан кездесу болды. Олар тең құқықтық жағдайдағы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылғандығы жөніндегі шартқа қол қойды.

1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республикада жалпы халықтың қатынасуымен Президент сайлауы өткізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Н. Назарбаев Президент болып сайланды.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Елбасының жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

1992 жылғы қаңтарда Республиканың Мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оның ішкі істер әскері құрылды.

1992 жылы 3 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына кірді.

1992 жылы 25 мамырда Достық, ынтымақтастық және өзра көмек туралы шартқа қол қойды.

1992 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Гимні – дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.

1992 жылы желтоқсанның ортасында қоғам мен халықтар достығын нығайтуда Алматыда Қазақстан халықтарының форумы өтті.

1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев сыртқы саяси бейбітшілік саясатын ұстануды ескере отырып, Лиссабон хаттамасына қол қою арқылы Қазақстан ядролық қарудан еркін аймақ болатындығын мәлімдеді.

1993 жылы 28 қаңтарда Республика Жоғары Кеңесі құқықтық мемлекет құрудың ірге тасы, оның мемлекеттілігінің, тәуелсіздігін қамтамасыз етудің, экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық прогресс жолымен алға баса беруінің кепілі болып табылатын тәуелсіз Қазақстан Конституциясын қабылдады.

1993 жылдың аяғы Қазақстанда кеңестердің жаппай өзін-өзі таратуымен ерекшеленді. Өзін-өзі тарату жайлы алғаш рет Алматыдағы Алатау аудандық кеңестері мәлімдеді. Қараша айының аяғында 100-ге жуық, оның ішінде Алматы қалалық және облыстық кеңестері өздерінің таратылғанын мәлімдеді. Желтоқсанның 8-күні Алматы қаласында Республика Жоғарғы Кеңесі XI сессиясының II кезеңі өз жұмысын бастады.

1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі жаңа кодекске сәйкес Жоғарғы Кеңеске сайлау өтті. Бұл сайлаудың ерекшелігі сол, салыстырмалы көпшіліктің мажоритарлық жүйесі депутаттыққа кандидаттарды Президенттің ұсыну тәжірибесімен бірге қолданылды. 1995 жылғы сәуірдегі Қазақстан Республикасының Конституциялық соты «1994 жылғы 7 наурызда сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің легитимді еместігі (заңсыздығы) жөніндегі» қаулы қабылдады. Осы қаулы бойынша қызметі 1993 жылғы Конституцияға негізделген XIII шақырылымның Жоғарғы Кеңесі өзінің өкілеттігін тоқтатты.

1994 жыл 6 шілде – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезекті жалпы отырысында Президенттің астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысы мақұлданды.

1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Оған қатысқан адамдардың 90%-ы біздің мемлекетіміздің жаңа Ата заңын жақтап дауыс берді.

1997 жыл – Н. Ә. Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысы» атты кітабы жарыққа шықты. Республика Президенті Жарлығымен жалпы ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды. Қазақстан 60тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданған.

1998 жыл – Халық бірлігі мен ұлттық тарихы жылы деп атап өтілді. Тарих жылы тұтастай алғанда 23 ірі-ірі ғылыми форумдардың өткізілуімен ерекшеленді.

1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы деп жарияланды. Осымен байланысты өткен ғасырлардан жеткен орасан зор мәдени-тарихи мұраны сақтап, оны жинақтап жаңа ғасырдың игілігіне айналдыру міндеті қойылды.

1999 жыл 10 қаңтар – Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Президенті болып қайтадан сайланды.

2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы деп жарияланды. Бұл жылы мәдениет мекемелерін дамытуға, олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталған едәуір жұмыстар атқарылды. Мәдениетті қолдау жылының шарықтау шегі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын тойлаумен сабақтас келді.

2002 жыл халықтың денсаулығын сақтау және оның деңгейін көтеру мақсатында Президенттің жарлығымен Денсаулық жылы деп жарияланды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы көптеген медициналық мекемелер ғимараттары жөндеуден өтті. 4,2 миллион ауыл тұрғындары тексеруден өткізіліп, 36 пайызға жуық науқас есепке алынды. Ауруларға қарсы адамдарды егумен қамту 97 пайызға жетті. Денсаулық жылы шеңберінде 12–18 жасқа дейінгі бір миллион 690 мың оқушыға медициналық тексеру жүргізілді. 2002 жылдың ерекшелігі жеке Денсаулық сақтау министрлігі, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Фармация комитеті құрылды.

23 қазанда Түркістан қаласында қазақтардың Бүкілдүниежүзілік екінші құрылтайы болып өтті.

2004 жыл желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Парламент сайлауы өтті.

2005 жылғы 4 желтоқсанда ҚР Президентінің кезекті сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша ең көп дауыс алған Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып жеті жыл мерзімге қайта сайланды.

Қазақстандағы көппартиялық жүйе

Қазақстанның Егемендік алуы, КСРО диктатурасының құлауы қоғамдық дамудың табиғи атрибуты боп саналатын көппартиялықтың өрістеуіне жол ашты.

«Қазақстанның социалистік партиясы» (ҚСП) 1991 жылғы 7 қыркүйекте құрылды (бұрынғы Қазақстанның Коммунистік партиясы). Құрамында 47 мың мүшесі болды. Төрағасы – А. Әлімжанов, кейін П. Своик. Мақсаты:

· Еңбекшілерді әлеуметтік жағынан қорғау.

· Әлеуметтік әділеттік ұстанымдарын орнату.

· Меншік түрлерінің теңдігін қорғау

ҚСП еліміздегі бұқаралық партия болып есептелді.

«Қазақстанның коммунистік париясы» (ҚКП) 1991 жылдың күзінде құрылды. Бұрынғы Компартия мүшелерінің көпшілігі партия атының социалистік болып өзгертілуіне наразылық білдіріп, ҚКП атынан XIX съезд өткізіп, коммунистер атын сақтады. Мүшесі – 55 мың адам. Төрағасы – Б. Төлепбаев, кейін С. Әбділдин. Мақсаты:

· Ғылыми социализм ұстанымдарына негізделген әлеуметтік әділетті қоғам орнату.

· Коммунистік идеяларға адалдық.

«Қазақстанның Республикалық партиясы» (ҚРП) Қазақстанның азаматтық қозғалысы «Азат» негізінде құрылды. Төрайымы – С. Ақатаев. Мақсаты:

· Қазақ ұлтын өркендету.

· Ұлттық-этникалық топтарды жан-жақты дамыту.

· Ұлттық-патриоттық күштерді біріктіру.

«Қазақстанның Халық конгресі партиясы» (ҚХК) 1991 жылғы 5 қазанда құрылды. Мүшесі – 30 мың адам. Төрағалары – О. Сүлейменов және М. Шаханов. Мақсаты:

· Ел өмірінде саяси аяны кеңейту.

· Ұлттық саяси күштер құру.

ҚХК партиясының атқарған жұмыстары:

· Жергілікті мәслихаттарға және Жоғарғы Кеңеске депутаттар сайлауда белсенділік таныту.

· Жоғарғы Кеңестегі саяси партиялардың заң жобасын бекіту мәселесін шешу.

· Жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқару реформасы тұжырымдамасының (концепциясының) заң жобасын талқылау.

«Қазақстанның демократиялық прогресс партиясы» (ҚДПП) 1991 жылғы қарашада құрылды. Төрағасы – А. Докучаева. Мақсаты:

· Экономикалық бостандыққа жету.

· Құқықтық мемлекет құру және адам құқығын қорғау басымдылығына жету.

«Қазақстанның халық бірлігі» одағы 1993 жылғы ақпанда құрылды. Төрағасы – Қ. Сұлтанов. Саяси қозғалыстар арасында бұл одақ беделді болды.

Республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси ұйымдар, 68 әр түрлі қорлар, 11 республикалық ұлттық мәдени топтар тіркелді. 1993 жылдың соңына қарай қоғамдық-саяси қозғалыстар берік саяси күшке айналды.

«Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы» (ҚХКП) 1994 жылғы желтоқсан айында құрылды. Төрағасы – У. Сәрсенов. Әлеуметтік базасы – ауыл еңбеккерлері, кооперативтік қозғалыс жұмыскерлері.

«Қазақстанның өрлеу партиясы» (ҚӨП) 1995 жылғы қаңтарда құрылды. Төрайымы – А. Жағанова, мүшесі – 5 мың адам. Мақсаты:

· Әлеуметтік жағынан қорғалмаған халық топтарының мүддесін қорғау.

· Білім және денсаулық саласын қорғау.

«Қазақстанның аграрлық партиясы» (ҚАП) 1995 жылдың басында құрылды. Мүшесі 42 мыңнан астам адам. Мақсаты: Ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси мүдделерін қорғау.

«Қазақстанның демократиялық партиясы» (ҚДП) 1995 жылы жазда құрылды. Төрағаларының бірі – Т. Жөкеев. Мүшесі – 19 мың адам. Мақсаты:

· Әлеуметтік-нарықтық экономика құруға атсалысу.

· Азаматтық қоғам орнату.

· Демократиялық құқықтық мемлекет құру.

«Ақ жол» қоғамдық қозғалысы 1998 жылы қарашада құрылды. Жетекшісі – Н. Оразалин. Мақсаты:

· Президент Н. Ә. Назарбаевтың саяси бағытын қолдау.

· «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асыру.

· Зиялы өкілдер мүдделерін қорғау.

«Отан» партиясы 1999 жылы қаңтарда құрылды. Төрағасы – С. Терещенко. Бұл партия Н. Ә. Назарбаевтың Президенттікке кандидатурасын қолдау қоғамдық штабы негізінде құрылды.

«Қазақстанның отаншылдар» партиясы 1999 жылы 14 қаңтарда құрылды. Мүшелері қатарында: «Азат» қозғалысының жетекшісі – Хасен Қожа-Ахмет, жазушы – Н. Асышев, «Мемлекеттік тіл» қоғамының төрайымы А. Османова болды. Мақсаты:

· Ұлттық ынтымақтастыққа рухани тәрбиелеу жолымен жету.

· Патриоттық сезімді қалыптастыру және өсіру.

· Қазақстан қоғамы проблемаларына анализ жасау және дағдарыстан шығу жолдарын көрсету.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық саяси бірлестік 2001 жылы қарашада құрылды.

1999 жылы республикада барлығы 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. 2000 жылы республикадағы ресми тіркелген партиялар саны – 15.

Қазақстан және дүниежүзілік қауымдастық. Қазақстанның сыртқы саяси және сыртқы экономикалық байланыстарының дамуы

КСРО тарағаннан кейін ядролық қару негізінен Ресей жерінде шоғырланды. Қазір жер жүзінде 5 ядролық держава бар: АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция.

1996 жылғы 31 қыркүйек – Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа қол қойды.

1996 жыл, 26 сәуір — «Шанхай бестігі» құрылды (Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан).

Қазақстан басшылығы әскери-саяси одақ НАТО-мен ынтымақтастыққа маңызды орын береді. Бұл ынтымақтастық «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы негізінде жүзеге асуда.

Тәуелсіз алғаннан бері халықаралық ұйымдарға мүше болып кіруге жол ашылды. Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше. (1997 ж. басы).

800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойылды.

Бірқатар ірі капиталистік елдер Қазақстанға экономикалық көмек ретінде несие беруде. Ең ірі көлемдегі несиелерді беруші елдер: Германия, Түркия, Австрия, Ұлыбритания. Бұдан басқа Жапония, АҚШ секілді донор елдер үлкен қаржылық көмек көрсетіп отыр. Республика экономикасына шетел инвестициялары көптеп тартылды.

Еліміздегі шетелдік бірлескен кәсіпорындарының жалпы саны – 746 (1996 ж.). Қазақстан-американ бірлескен кәсіпорындары – 325 (1999 ж.). Американ инвестициясының көлемі – 2 млрд. доллар.

1997 жылғы 28 ақпан — «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» Заң қабылданды. Нәтижесінде, Қазақстанға тартылған инвестициялық қаржы көлемі – 10 млрд. долларға жетті.

Соңғы жылдары Қазақстанның өнеркәсібін жандандыруда біраз шаралар іске асырылды. Нәтижесінде, 1999 жылдың соңында жалпы өнім өндіру – 1%-ға, өндіріс көлемін арттыру – 1,8%-ға өсті. Республиканың алтын қоры 2 млрд. долларға жетті.

2000 жылғы 26 сәуір — «Еуразия – 2000» экономикалық саммиті өтті.

2000 жылғы 10 қазан – Астанада кедендік Одақ елдері басшыларының (Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан) мемлекетаралық Кеңесі өткізілді. Нәтижесі: Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы құжат қабылданды.

Халықаралық байланыс нәтижелерінің тарихи маңызы:

· Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

· Қазақстан дүниежүзілік аренада беделді орын иеленді.

Қ. Р. әлеуметтік-экономикалық дамуы (1991–2006 жж.). Нарықтық қатынастардың негізгі белгілері

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшуді таңдап алған болатын. Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы үш кезеңі белгіленді:

1. 1991–1992 жылдар

2. 1993–1995 жылдар, осы мерзімде жүргізілетін іс бағдарламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, Президенттің Жарлығымен бекіді

3. 1996–1998 жылдар

Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т. б.

Мемлекеттің алдында дағдарыстан шығудың жолдары қарастырыла бастады. Оның ең бастысы – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 жылы мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді.

Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс – жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті тезірек жойып, бәрін жеке меншікке айналдырсақ, халық жұмыла жұмыс істеп, өндіріс жанданып, ел байып, бәрі де орнына келеді деп ойлады. Тәжірибе жүзінде олай болмай шықты. Жекешелендіру барысында елімізде үш бағыттағы (шағын, жаппай және жеке жобамен) кәсіпорындар құрылған. Нәтижесінде мемлекеттік меншікті жекешелендіру жарияланған екі кезеңде де (1991–1992 жж. және 1993–1995 жж.) мүліктің үлкен талан-таражға түсуіне жол берілді.

1994 жылдың қаңтарында экономикалық реформаны жүргізуді жандандыру жөніндегі шаралар туралы Президент қаулы қабылдады. Онда дағдарысқа қарсы шаралар мен экономиканы тұрақтандырудың 1994–1995 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді. Бағдарламада Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ерекшеліктері, елдің өндіргіш күштері, өндірістік қатынастар, өндірістік аппарат, игерілетін қазба байлық, елдегі 7 миллиондай еңбекке жарамды адам күші ескерілді. 1993 жылы қараша айының 15-ші жұлдызында мемлекеттің өз ақшасы – теңге енгізілді. 1994 жылы наурызда Президент Жарлығымен ауыл кәсіпорындарының өтей алмаған 2,2 млрд. сомдық несиесінің мерзімі екі жылға ұзартылды.

Реформаның барысында Қазақстанда 1994 жылдың күзінен үкімет макроэкономикалық реттеуді меңгере бастады. Бағаның өсуі тежеліп, инфляцияның өсу қарқыны төмендеді.

Нарықтық экономикаға көшудегі жіберілген қате – ол үкімет басшыларының елдің экономист ғалымдарына сенбеуі. Нарықтық қатынастарға көшу барысында бізде орын алған тағы бір үрдіс бар. Ол сонау Столыпин реформасынан, одан бері Қазақ төңкерісінен кейінгі индустрияландыру, ұжымдастыру науқандары сияқты қоғам өміріндегі өзгерістерге революциялық сипат беру.

1992 жылы өндірістің құлдырауы біршама тұрақты болған 1990 жылмен салыстырғанда 14,6%, 1993 жылы – 28%, 1994 жылы – 48%, ал 1995 жылы – 45% жетті.

Қазақстан үкіметі осыдан кейін 1996–1998 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылдады. Онда реформаның ең күрделі деген мәселелерін шешу маңызды орын алды. 1999 жылы басталған төртінші кезең қазіргі уақытқа дейін жалғасып, мемлекеттік меншікті басқару мен пайдалану мәселелерінде мемлекеттік басқарудың деңгейлері арасында өкілеттіктерді бөлу жөніндегі жаңаша көзқарастармен сипатталады.

1997 жылдың қазан айында Президент Н. Ә. Назарбаев Республика халқына «Қазақстан-2030» деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе «Қазақстан барысын» қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді.

Өнеркәсіп

Кәсіпорындардың көпшілігі бірқатар себептер бойынша: қажетті материалдық ресурстардың жоқтығынан немесе тұрақсыз қаржы жағдайына байланысты өз қуаттарын толық пайдалана алмады. Күрделі құрылыстың қысқаруы экономикаға кері әсерін тигізді Инвестициялық процестің төмендеуі қоғамдық өндірістің тоқырауына соқтырды. Экономиканың тұрақтануына қаржы-ақша жүйесінің терең дағдарысы кесірін тигізді.

1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асыруға күш салды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Осындай мемлекеттік маңызды шараларды жүзеге асыру барысында (2000–2002 жылдары) республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалды.

2005–2006 жылдары Қазақстанның өте мол кен байлығы өнеркәсіп саласында, әсіресе мұнай-газ өндірісін, тау-кен орындарын жедел дамытуға мүмкіндік берді. Республикада газ саласын дамыту шаралары 2004–2010 жылдарға арналған арнайы бағдарлама шеңберінде жүргізілді.

2007 жылы еліміздің экономикасы, соның ішінде өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамуын одан әрі жалғастырды. Үкімет «30 корпоративті көшбасшы» бағдарламасына сәйкес ірі отандық бизнесті дамытуды қолға алды.

Ауыл шаруашылығы

1992–1993 жылдардағы дағдарыс ауыл шаруашылығында басталды. Оның басты себебі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдері бағасының арасындағы үлкен алшақтық еді. Бұл ауыл шаруашылығын қатты күйзеліске әкеп соқтырды.

Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына республикадағы колхоздар мен кеңшарларды жаппай және тез арада жекешелендіру науқанының зардабы тиді. Ауыл шаруашылығының басты саласы – егіншілік. Нарықтық қатынастарға көшуге байланысты алғашқы үш жыл ішінде қалыптасқан саланың берекесі қалмады. 1992–1994 жж. қатарынан жаңбыр болғанына қарамастан астық аз алынды, егіншіліктің байырғы мәдени дәрежесі төмендеп кетті. Ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалық шаралардың нәтижесінде өндірілген өнімдердің 90 пайызы жеке меншік құрылымдардың үлесіне тиді. Мемлекет ауыл шаруашылығына салықты азайтты.

Үкімет 2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жүйелі жұмыстарды жүргізе бастады. Жер, Орман және Су кодекстері жасалды. 2002 жылы 5 маусымда мемлекеттік-аграрлық бағдарлама қабылданды. Ол 2003–2005 жылдарды қамтыды, яғни ауылды қолдау, өркендету жылдары деп аталды.

2003–2004 жылдары еліміздің агрокәсіптік кешені мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. 2005 жылы Қазақстан ауылшаруашылығы салалары, соның ішінде егін шаруашылығы одан әрі дамыды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2006–2008 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданды. 2007 жылы ауыл шаруашылығы одан әрі дами түсті. Ауылшаруашылық дақылдарының барлық түрлері бойынша жақсы өнім алынды.

Нарық жағдайында аграрлық сектордың басты бір саласы – мал шаруашылғының жағдайы төмендеді. Малдың саны жылдан-жылға азайды. Жеке шаруаларға бөлініп берілген малдар өнім берудің орнына сатылып кетті, немесе ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. Мал санының азаюының тағы бір себебі – бұрын Қазақстан бүкіл Кеңес Одағына арнап ет дайындаса, енді оны 15 миллион халыққа ғана есептеп өндіретін болды.

2005–2007 жылдары Үкімет елде мал басын өсірумен қатар мал тұқымын асылдандыру ісіне едәуір назар аударды. Мал шаруашылығын одан әрі дамыту және мал басын қайта көбейту үшін негізгі үш бағытта жұмыс істеу көзделді:

1. Селекциялық – асыл тұқымдандыру жұмыстарының деңгейін қөтеру арқылы қолда бар мал басының генетикалық әулетін арттыру, жоғары сапалы тұқыммен барлық аналық малды қолдан ұрықтандыруды жаппай қолға алу.

2. Перспективалық мал тұқымдарын дамыту үшін жағдай туғызу. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарымен бірлесе отырып, жоғары сапалы өнім беретін мал тұқымдары анықталып, оларға мемлекеттік қаржы көздерін қарастыру.

3. Жоғары сапалы өнім беретін мал тұқымдарын табиғи өсіммен арнайыландырылған орта және ірі тауарлы өндіріске қайта бейімдеуге қол жеткізу.

Егеменді Қазақстан (1986-...)
Тарихи хроника
Қазақстанның егемендік алуы (1989–1992 жж.)