М. С. Горбачев реформасы тұсындағы Қазақстан (1985–1991 жж.)

1985 жылғы наурызда К. У. Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы қызметіне М. С. Горбачев сайланды. КОКП Орталық комитетінің сәуір айында болған пленумында әлеуметтік-экономикалық өмірдің мәселелеріне жаңаша қарауға әрекет жасалынды. Пленумда әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету бағыты жарияланды. Бұл серпілісті саяси басшылық дамудың экономикалық қарқынының бәсеңдеуіне жол бермеу және негізгі күштерді осы бағытқа жұмылдыру арқылы жүзеге асығуға тырысты.

Ғылыми-техникалық прогресс негізінде экономиканың құрылымдық қайта құру проблемаларын КОКП Орталық Комитетінің ірі мәжілісінде талқылау жаңа басшылықтың алғашқы қадамы болды. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП-ның XXVII съезінде бұл бағыт қолдау тауып, дамытылды.

Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардағы түпкілікті өзгерістер социализмді жетілдірудің құралы, социалистік құрылыстың орасан зор артықшылықтары мен мүмкіндіктерін ашудың шарты деп қаралды.

Сәуір (1985 ж.) пленумы, одан кейінгі пленумдар да, КОКП-ның XXVII съезі де КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді.

Жеделдету бағыты терең ұғынылған ғылыми концепциясыз, айқын да, анық бағдарламасыз жүргізілді. Жеделдету бағытының сәтсіздікке ұшырауының негізгі кінәлілері жекелеген басшы коммунистер болып жариялануы белгілі бір заңдылық тәрізді. Мысалы, Мәскеуде В. В. Гришин, Ленинградта Г. В. Романов, ұлттық республикаларда Д. Қонаев пен Г. Алиев.

Жаңарудағы тежеудің ұшығы әміршіл-әкімшіл жүйенің бұрынғыша сақталуында, оның саяси институттарының тиімсіздігіне, халыққа жаттығында, адамға жақсы еңбек ету негізінен тиімсіз болған, оның экономикалық құрылымдарының өміршең еместігінде жатты. Қоғам дамуының қажеттерінен ғылым да қалып қойды.

Алғашқыда жарияланған мақсаттар мен нақты өмірдің арасындағы күрделі қайшылықтардың нәтижесі 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларына жеткізді.

Егеменді Қазақстан (1986-...)
Тарихи хроника
М. С. Горбачев реформасы тұсындағы Қазақстан (1985–1991 жж.)